АҚ КӨКЕ

0
98 қаралды

Ғалым Қалибекұлы


Нағашымның азан шақырып қойған аты – Тоқтар, неге екенін білмеймін ол кісінің өңі қайыстай қара болса да, біз ес білгелі бері «Ақ көке» деп атайтынбыз. Оның құрдастары болса ауыз толтырып «Ақ Тоқтар» десетін.Ондайда «Ақ көкем» тәмпіш танауын көкке көтеріп, құдды бәкене бойы көк тіреп тұрғандай-ақ жатып кеп шіренетін.
Ауылдың елі күн көре алмай қалаға ағылған әнеу бір жылдары Ақ көкеме құдайдың зарын қыл­дым қалаға таман кел деп. «Кет­пеймін ауылдан! Ата-бабамның сүйегі жатқан атажұртын тастап ешқайда бармаймын!» деген. Не­сіне қызығатынын ит білсін, суы борсыған, топырағынан сор ұш­қан, не тоғайы, не өзені жоқ күн қақтаған қу медиен даланы да кісі өстіп қимайды екен-ау! Тау түгілі төбесі жоқ сортаңды қы­зы­л­-
а­сықтан кешіп жүрген Ақ көкем жөбішөңкі кісіге кеудесін бас­тыр­майды. Аттан түссе де үзең­гіден түспейтін өзіне жетерлік қияс мінезі бар. Оны да қойдық, құданың құдыреті – іштен оқып туғандай техниканың тіліне жетік бәле, дөңгелегімен жүре­тін не бауырымен жорғалайтын сынған темір-терсекке емші-тәуіп болатын. Шарапқа сылқия тойып алғанда болмаса «әу» де­генді білмейтін, домбыра тың­қылдатып көрмеген Ақ көкемді жұрттан қадірлі көрсететін өнері жансыз темірдің тілін суырып алатындығы. Содан біреуден бір қап ұн, біреуден тышқақ лақ ақы алып жүріп, ел қоңыз теріп кеткенде бұл күн көріске жетерлік дәулеттің басын құрап алған. Құярға бензин таппай, бұтартарға жарата алмай есік көзіне қаңта­рып қойған Шәңгерейдің көк мәскеуішіне құда түсіп, бір ісек қой беріп алды да, қанттай ғып қатырып, мерседес айдағандай жүйткіп жүрді. Оқта-текте есік алдынан шаңдатып өткен Ақ Тоқтарды көргенде Шәңгерейдің іші қыз-қыз қайнап, көк мәс­кеу­іші­нің қарасы үзілгенше соңынан қарап тұрар еді. Көк мәскеуіш те Ақ көкемді қайда сүйремеді дейсің, тауға да, тасқа да, ойға да, қырға да апарған. Күндердің күнінде көк Мәскеуіштің түбіне бұл да жеткен, мұның түбіне де көк мәскеуіш талай жете жазда­ған. Өмір де жансебіл мәскеуіш секілді екен бірде зымырап, бірде тоңқалаң асатын. Күтпеген жер­ден Ақ көкемнің қоңырқай өмірі күрт өзгерген…
Нағашы жеңгем Күлпан ауыр­­май, сырқамай аяқасты қай­тыс болды. Ақ көкем қабырғасы қақырап, жүнжіп кетер деп ой­ла­ғанбыз. Өйтпеді. Тіпті көзінен бір тамшы жас шығармады. Шиеттей бес баланың алдында үнжырғамды түсірмейін деді ме екен, бойын тіктеп, үй тірлігінің тізгінін өз қолына алды. Екі сөзі­нің бірінде: «Сыболыш қатыннан осылай оп-оңай құтыламын деп ойладым ба! Ақ Тоқтар енді айы­на бір қатын алады» деп отыра­тын. Бос сөз екен, содан қайтып үй­ленбеді. Келін түсірді, қыз ұзат­ты. Ешкімнің қолына қараған жоқ, қолғанатсыз бір өзі тұрып жатты. Әнеу жылы үлкен ұлы Амангелді бір жолыққанда жөн сұрадым «Ақ көкем қалай?» деп. Үнсіз басын изеген.
– «Сыболыш қатыннан құ­тыл­дым» деп бөркін аспанға атып отыру­шы еді нағашым, бас құра­май ма? – дедім әзілдеп. Аман­гел­ді терең күрсінді.
– Аға, мен білсем Ақ көкең енді қайтып үйленбес…
– Қой-ей!
– Шын айтам. Бұрынғыдай емес, «Күлпан түсімнен шықпай­ды» дегенді жиі айтатынды шығарды. Бір күні кеште үйіне барсам, есік шалқасынан ашық жатыр, үй іші тас қараңғы, әкей жоқ. Зәрем ұшып шегіне бергенім сол еді, бір бұрышта әкемнің жүрелеп отырғанын байқадым. «Сыболыш, Күлпан, мені тастап кетіп о дүниеде не қызық көріп жүрсің! Қу молада қу тіземді құшақтап қашанғы жатайын. Балаларды жеткіздім, аяқтан­дыр­дым, не сен кел мұнда, не мен барайын анда…» деп түгесі­ліп, күйініп отыр екен… Аяғым­ның ұшымен басып тысқа шық­тым. Көзімнен аққан жасты тия алсам­шы! Әкемді, қу томардай қара шалды қатты аядым. Ше­шемді әлі күнге есінен шығармай жүр­ген кісің қалай үйленсін, аға!?
Одан бері де талай заман өткен.
Бұрнағы жылы көктемде ауыл­ға жол түсті. Астымдағы қара волганы тебітіп Ақ көкемнің жұ­пыны лашығын сүзе келіп тоқ­тадым. Үйдің есігін бастырық­пен тіреп кетіпті, тірі жан жоқ. Көрші үйдегі Зада апа шығып, амандық сұрастық.
– Ақ көкең қайда кетеді дейсің, моланың басында жүрген шығар! – деді Зада сұрақтан бұрын жауап беріп.
Бойым мұздап кетті.
– Онда не істейді? – дедім жорта.
– Менің шалым мен Ақ Тоқ­тардың Күлпаны қатар жатқан соң кемпірін қызғанады да…
Зада апа өз сөзіне өзі разы. Әң­­гімені арыдан бастайтын ың­ғай танытты.
– Әй, мына нағашың, Ақ көкең бар ғой, нағыз Қожанасыр, құтырық! Былтыр жаздың бір күні тағы өстіп аяқасты жоқ бо­лып кетті. «Бұған не болды? Ауырып қалған жоқ па екен» деп есігін ұрсам, адам жоқ. Қайдан адам болсын, ол үйде Ақ көкең, бұл үйде мен ғанамыз ғой. «Бір­еулердікіне қыдырып кеткен шы­ғар» деп отырғам. Бір кезде кеп тұр, қабақ деген салбырап, өңі қашып, үнжырғасы түсіп кеткен. «Саған не жетті-ей!?» демеймін бе.
– Ойбай, Зада, бір сұмдықты көрдім…Масқара! Масқара!!!
– Не дейсің, шал!
– Бағана кемпірімнің мола­сы­ның басына барғам. Барсам, бейіттің жартысы ашық, іші үңірейіп бос тұр. «Ой, Алла, бұған не болды?» деп таңданып, аят оқып отырғам. Біреу иығымнан қағады. Қарасам, былтыр күзде қайтыс болған «Соқыр Мақан». Ана көшенің басындағы оң көзі соқыр, сол аяғы ақсақ, таз бар ғой… шаш дегенің көмірдей қап-қара,бұп-бұйра болып өсіп ке­тіпті, аяқ сап-сау , көз жайнап тұр…Үстінде аппақ кебін. Тоба!
– Не істеп отырсың, құрдас? – дейді маған.
– Не істегені несі, кемпіріме бағыштап құран оқып отырмын.
– Құран тыңдайтын кемпірің жоқ мұнда, әнеу «Соркөлшікте» шомылып жүр.
– Өлген адам суда шомылады дегенді естісем керең болайын!
– Керең болғанша, өз көзің­мен көр, – деп мені жетелей жөнел­сін.
«Соркөлшікке» барғанда, Құ­дай-ау, өз көзіме өзім сенсем­ші! Анадан жаңа туғандай тыр жа­лаңаш менің кемпірім мен сенің шалың тізеден келетін шалшық суда жүзіп жүр. Кемпіріме қара­сам жап-жас қыз баяғы, лақша ойнақтайды. Сенің шалың да жас жігіттей өзгеріп кетіпті, біздің кем­пірді балаша көтеріп, суға ал­ып ұрады. Анау келіп сенің ша­лыңның мойнына асылады…Ит жыным ұстап айқай салайын: «әй, қатын, әй, есек!» деп бақы­райын. Естімейді. Екеуін қосақ­тап тұрып өлтірейін деп қасым­дағы көрдің жеңдібілектей аға­шын жұлып ап, тұра ұмтыл­дым. Маңдайым бірдемеге тарс етіп соғылып, көзімнен от жарқ ете түсті. Ортада әйнек пе, қаңыл­тыр ма, көзге көрінбейтін бір қабырға бар. Олар мені көріп те, ес­тіп те тұрған жоқ. Ары ай­қай­ладым, бері айқайладым, боқ­та­дым, қарғап-сіледім, әй, қорлық-ай, итсің бе, кісісің бе, елеп те қоймайды, кәпірлер!.. «Соқыр Ма­қан» ішегі қатқанша күліп тұр,табалаған түрі де. Бұдан асқан не мазақ болсын, талтүсте лы­пасыз тыр жалаңаш сайран салған екеуін көргенде жарылып кете жаздап, жылап жібердім. Зығырым қайнады.Не дейін, не істейін, өле қалайын ба!?… Сол ашумен саған келген бетім, За­да…Біз жүрміз жұма сайын жеті шелпек пісіріп, құран оқып, осылар разы болсын деп. Бұлар көрдің түбінде әлдеқашан топыраққа айналған шығар деп ойлаушы ем, шыққыр көзім не көрмеді бүгін! Сен жүрсің маң­қиып, аузың ашылып. Біз ғой тірі пәндеміз, о дүниедегілердің си­қын көрдің, Қой! Екі жарты қосылып бір қарекет жасамасақ, мына қорлықтарына шыдамай жазым боп кетерміз…
Қатты састым. Шынымды айтсам айтқанына сеніп қаппын.
– Әй, Ақ Тоқтар, Құдайы тап­сын оларды! Құдайы тапсын! –деппін.
Қарасам, Ақ көкең ішек-сіле­сі қатып күліп отыр. Әзіл ек­е­нін біліп, жыным қозып «жо­ғал ал­бас­ты,көзіме көрінбей!» деп қо­лы­ма ілінген затты лақты­райын кеп, Ақ көкең қораны ай­налып, қа­расын көрсетпей кетті, тү-үйт жынды!..
Зада апаның әңгімесіне ішек-сілем қатып отырғанда Ақ көкем ана­дайда келе жатты. Бұрынғыға қарағанда бәкене бойы шөгіп, жауы­­рыны қушиып, қартайып қал­­­ғандай көрінді маған. Биік тау­дың да аласаратын кезі болады екен.
Түнімен әңгіме-дүкен құрып, сырласып таң атырдық. «Бас құра» дедім. «Атама!» деді. «Бала­лар­дың бірінің қолында тұр» дедім. «Келінге жаутаңдатпа!» деді. «Тым болмаса іргеңде тұрған Заданы кіргізіп ал». «Қақпасқа күнім түспесін!» деді. «Қалаға көш» дедім. «Сүйегім осы үйден шы­ғады!» деді. Осымен сөз тә­мам.
Ертесі кетіп бара жатып «ой­лан, Ақ көке, менікі шын жана­шырлық» дедім ағымнан жары­лып. «Менен де жамандық күт­пе!» деп қолын бір сілтеді.Не деген қырсық, қияңқы адам! Жалғыздық кімге жарассын, иен үйде арам өліп қала ма деген қорқыныш қой біздікі. Машина­ның айнасынан артыма қарап келем, Ақ көкем бұрылған да жоқ, есік алдындағы жалпақ орын­дыққа құйрығын басып, те­мекісін тұтатып жатты…
Кеңес заманында картада ор­ны жоқ «Ақтөбе» дейтін кішкен­тай ауыл өз алдына шағын мемле­кет секілді болатын. Осы өлкенің асты шылқыған мұнай десетін. Ол кезде еңбекке жарайтын­дар­дан жұмыссыз адам болмайтын. Таң ата домалақ сары автобусқа ер-әйел тізерлесе отыратын. Екі сағатта мұнай құдығының басына жеткен жұрт тиесілі шаруаларын тындырып, қараңғы түспей үйлеріне оралатын. Содан кейін әйтеуір бір үйде отырыс-той болады: туған күн бе, шілдехана ма, тұсаукесер ме… сылтаудың сан түрі табылатын. Түн ортасы ауғанша той тарқамайтын. Ақ көкем ақсақалдардың қатарынан орын алатын, сары автобустың иесі, шопыр деген дардай аты бар, үлкен беделдің адамы. Күнде осындай қызық-думан жалғаса беретін еді аяқасты Сәбет үкіметі жалп етіп құламағанда. Сары автобус та кетті, сайран да бітті. Қарап отырса, Ақ көкемнің өмі­рінің көбі сары автобус пен көк мәскеуіштің рөлінде өткен екен.
Арада үш-төрт ай өткенде, то­сыннан мынадай бір ой келді: Ақ көкем жетім шал боп жүре беретін секілді. Жасында қаң­ғыбас, Құдайдан несін жасыра­йын, жындысуға әуес болып еді, жасы келді, сәждеге бас қоятын мезгіл жетті. Жағдайым барда алдымдағы жалғыз нағашымды Меккеге бір апарып келейін. Бұл да бір Ақ көкем алдындағы пары­зым болсын, қалған өмірінде құл­шылық қып өтер дедім. Осы­ны Ақ көкеме айтып едім, шор­шып түсті: «кәрі орыс мұсылман болмайды» дегенді білесің бе, менен тақуа жасап шаршамай-ақ қой. Ақшаңды шығындама. Басы сәждеге тимеді деп, мен өлгенде жаназасыз-ақ көме салыңдар. Ана дүниеде жауабын өзім бере­мін. Өмірі орысшаға келме­ген тіл арабшаға сынады дейсің бе, қал­таңа симай жүрген ақшаңа бала­ларыңды оқыт, қатыныңды киін­дір онан да…
Мен де айтқанынан қайта қоя­тын кісі емеспін. Ақ көкеме төл­құжат жасаттым, виза аш­тырт­тым ту сыртынан. Жолға шығардан бір күн бұрын ауылға құйындатып бардым да, Ақ көкемді қоярда қой­май киіндіріп, дедектетіп машина­ға мінгіздім. Есікті бастырықпен жауып жат­қан Ақ көкем:
– Иттің күшігі! Кімге тартып қырсық болған немесің!? – деді шадырайып.
– Нағашыма!
… Қағыбаның қара тасын айналып жүрміз. Милиондаған адам Ақ көкем екеуімізді қақпа­қыл ғып қағып, киелі тасқа жа­қын­датар түрі жоқ. Ақ көкемді қолынан тас қып ұстап дедектетіп қайта сүйреймін, адамдар тол­қыны бір табан жақындатса, екі табан артқа лақтырады… Өліп кет­сем де қасиетті тасқа қол тигіз­бей кетпеспін деп іштей қаса­рысамын. Өстіп жүргенде Ақ көкем қолымнан шығып кетсін, кимелеген жұрт мені алға сүйреп әкетті. Қарға бойлы қайран кө­кем өзеннің көк иіріміне шым батқандай жоқ. Зәрем ұшып жанұшыра артқа қайттым, Ақ көкем сең соққан балықтай анда бір, мында бір теңселіп жүр екен, әзер дегенде жеттім-ау. Өң-сиық жоқ, беті-жүзін тер басып кетіпті, өкпесі қабынып, салған жерден айғайға бассын:
– Әй, Уақит, кеттік бұл жер­ден! Бүйткен қажылығың бар болсын! Меккең де құрысын, әне тұрған қара тасың да құрысын!!!
– Ойбай, Ақ көке, аузыңа ие бол!…
Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бір тәуірі төңіре­гімізде біздің тілімізді түсінетін бір кісі жоқ,қазақшаны құлаққа қыстырмай, қара тасқа қарай омыраулай ұмтылып барады ел.
– Кеттік, Ақ көке!
Қолынан жетелеп қайта сүй­ре­дім… Ес кетіп, жан шыққанда Қағыбаның қара тасына иек ар­тып, саусағымыздың ұшын тигіз­дік, әйтеуір. «Иә, Алла! Осы көр­сет­кеніңе де мың шүкір!» деп мен тұрмын жүрегім өрекпіп. «Мүйізің шықты ма?!» деп Ақ көкем тұр. Мұндайда не күлерің­ді, не жыларыңды білмейді екен­сің…
Қажылыққа аттанарда Насі­ри­дин деген өзбек көршім Меккеде тұратын туысының аты-жөнін, мекен-жайын жазып, сәлем-сауқат беріп жіберген. Ым­дап жүріп қаланың жартысын кезіп, жарты күнде әзер таптық. Қарама-қарсы есіктес , бөлмелері көп жер үй, ауласы шағын болғанымен,жап-жасыл бақ екен барған үйіміз. Отағасы бала күнінде біздің елден кеткен Ни­зами атты жігіт екен, орашолақ орысшасы бар, бірдеме ғып түсі­ністік. Бес қызы, әйелі, жесір ене­сі барын айтты. Салттары қы­зық : өзі шәй құйып отыр, әлгі айтқан көп әйелдің бірі дастарқан басына жақындамайды. Низа­мимен шүлдірлесіп отырғанымда Ақ көкем темекі тартатын болып тысқа шығып кеткен, шәй қайна­тым уақыттан соң бір-ақ оралды. Бетіне барлай қарасам, ақырын ғана көзін қысады. Дәуде болса бірдемені бүлдірген шығарсың деп топшыладым іштей.
Низамимен қоштасып, былай шыға:
– Ал, Ақ көке,сөйле! – дедім.
– Әлгінде темекі тартайын деп шығып кеттім ғой, кіреберіс күңгірт екен, сыртқы есікті таба алмай, ана есікті бір ашам,қап-қара киінген бір қатын отырады, мына есікті бір ашам, онда да бір қап-қара қатын…үшіншісін, одан төртіншісін ашам… тағы сол қап-қара киінген қатындар… Көзім күңгірттікке үйірлескендей болған соң бір есіктің тұтқасына жармаса бергенім сол, босағада қап-қара киінген жастау бір кемпір отыр екен, әлгінің енесі болу керек. Екі көзі ғана жылты­райды. «Есік қайда?» десем, қайдан түсінсін, төмен қарап, жа­на­рын менен тайдырып әкетеді. Бір есікті көрсетіп осы ма дегендей ымдасам, көзімен «сол ғой» дегендей ишара жасай­ды. «Қайдан шықса одан шық­сын» дедім де кемпірге көзімді қысып, ернімді шүршитіп, «сүйісейік» дегендей белгі беріп едім, кемпір баж ете түскені. Далаға атып шықтым. «Өлген жерім осы-ау» деп тыста ары тұр­дым, бері тұрдым, сен шықпаған соң қайта кірсем, кемпір де жоқ, сайтан да жоқ. «Үһ!» дедім…
Қажылық сапарға келген кісінің сиқы. «Мынауыңыз ұят емес пе!» дедім өңімді суытып. «Қатыны жоқ адамға несі ұят» дейді міз бақпай.
Мекке шәрісін шыр айналып, әбден діңкелеппіз. Басым жас­тық­қа тиер-тиместен шұр ете түс­тім. Қанша ұйықтағаным есімде жоқ, күбірлеген, қыстығып жылаған оқыс дауыс естілгендей болды. Өңім екенін, түсім екенін айыра алмай көзімді аштым. Бақсам, Ақ көкем төсек басын­дағы жұмыртқадай шырақты жағып қойып бір суретке телміріп жылап отыр, сөйлеп отыр.
Мойнымды созып ақырын қарасам апамның суреті! Ақ кимешек киген, көзі шүңірейген, жағы суалған апам отыр суретте. Апам дегенім Ақ көкемнің шешесі. Ой, Алла-ай, мұндайда болады екен-ау! Баяғыда сүйегіне қына біткен шешесінің жалғыз суретін Меккеге алып келіпті Ақ көкем! «Тірі кезіңде өзіңді Құдайдың үйіне арқалап апара алмасам да, суретіңді апарайын» деп ниет етіп сапарға шыққан екен ғой менің Ақ көкем.
– Мен саған не көрсеттім, апа?! Өмір бойы ренжіттім сені, тым құрығанда үстіңе ілетін жібі түзу бір көйлек алып беруге жарамаған мен сорлыны кешір, апа… Өзің көрмесең де суретің көрсін, рухың сезсін деген ой ғой менікі…
Бұдан арғы сөзді естуге жүре­гім дауаламады, көзімнен аққан жас жастығымды жуып, теріс қараған беті өтірік ұйықтаған болып жата бердім. О,асыл көк­ем-ай! Қай қазақтың баласы қай ғасырда шешесінің суретін Мек­кеге көтеріп әкелді дейсің! Анаға деген құрметті дәл сендей жаса­ған кісіде арман бар ма, дәл осы тірлігің үшін қандай бір ауыр күнәң болса да мейірімді Алла қалайда кешетін шығар! Жасы жетпістен асса да жындылығын қоймаған алжыған қара шал деп мен сені ішімнен болса да бекер күстәналап жүріппін. Үйде ома­лып, қитығып Меккеңе бармай­мын дегенің бер жағың екен-ау. Жүрегіңе иман ұялап, қыбылаға бетіңді бұрып, исі мұсылманның астанасына текке келмеген екен­сің, Ақ көке…
Жұрт қатарлы парызымызды өтеп, артынып-тартынып аман-есен елге де жеттік.
– Осы сапарға разысыз ба, Ақ көке? – дедім біздің үйдің босағасын аттай бере сөз тартып.
– О не дегенің, Уақит… екі дүниеде де разымын саған, менен қайтпағаны Алладан қайтсын! Түбі бір өтермін қарызыңды…
– Бұл қарыз емес, жиеніңіздің парызы.
– Солай ма? Ендеше, қа­жы­лы­­ғымызды жақсылап бір жуайық та…
– Кет, ары! – деппін.
Ақ көкем екі көзін сығырай­тып күліп тұр. Мені мазақ қыл­ғаны.
– Ауылға жеткесін жесір кемпірлеріңізге жуарсыз.
– Тапқан екенсің жуатын кісі­леріңді. Мен ғой қажыдан келген кісімін, ол кемпірлердің бәрі харам…
…Қаладағы күйкі күйбіңмен жанұшырып жүріп Ақ көкеме ха­бар­ласпағаныма да жылдың жүзі болыпты. Түс әлетінде шәйім­ді алдыма ала бергенім сол еді, телефон шыр ете түсті. Аман-сәлем жоқ, телефонның арғы жа­ғынан Ақ көкем дүрсе қоя берсін:
– Сен менің жаназама келейін деп жүрсің бе?!
Жөпелдемеде аузыма жөнді сөз түспей «жұмыс қой…тірлік қой…» деп міңгірлей беріппін.
– Сенен басқа кісіде жұмыс, сенен басқа кісіде тірлік жоқ па!?
Оңбай сүріндім.
– Осы жексенбіде ауылға келетін бол!
Себебін сұрай алмай, «не боп қалды екен-ә?…» деп берекем қашсын. Енді шегінетін жер жоқ.
Айтқан күні Ақ көкемнің ауы­лына түске таман жеттім. Үйдің маңы қарақорым адам, жеро­шақ­тың түтіні аспанға шапшып, көліктер қаптап кетіпті. Жүрегім тас төбеме шықты: «Ақ көкем алай-былай боп кетпесін!»…
Жоқ, мына жиынның беті басқа көрінеді. Есік алдында Ақ көкем тұр байқасам. Сақал-мұртты басқан. Үстінде әппақ костюм-шалбар, аяқта ақ туфли, басында ақ тақия. Он-он бес жас­қа жасарып кеткендей көрінді маған. Қасында тура Ақ көкемдей әппақ киінген жас әйел. Ақ кө­кем келген қонақтарды бауырына басып, бәйек болып амандық-саулық сұрасып, қонақтар жағы «құсыңыз құтты болсын, бәре­келді!» айтысып жатыр. Мәсса­ған! Дәл тойдың үстінен түсіп­пін…
… Осындайда қайдағы еске түседі. Ақ көкем Күлпан жеңгем­мен үйленетін жылы, той күнін белгілеп қойғанбыз. Тойға үш күн қалғанша көкем жоқ. Екі күн қалды, және жоқ. Бір күн қалды, тағы жоқ. Қойшы, қонақ шақы­рылып, мал сойылып, алыс-жа­қындағылар түгел түсел түсіп жат­қан. Күйеу жоқ, күйеуден хабар жоқ. Сөйтсе, Ақ көкемнің қаладан бір топ достары келеді, Ақ көкем оларды ертіп жайлауға тартады. Ес-ақылдан айырыл­ғанша дүрілдейді, қысқасы , той болатын күнді ұмытады бұлар. Той көкемсіз өтті. Иманды болғыр Күлпан жеңгем осы үшін бір де бір рет шу шығармады, қайта Ақ көкем болса «кешір, кешір» деумен жарты өмірін өткізді… Ондайының қай бірін айтайын, бес бала туылғанда да көкеміз көрші ауылда, қалада, жайлауда, күзеуде… тойлап жүрді. Көкеміз думандатып, сауық-сайран құрып түзде жүргенде, балалар рет-ретімен өмірге келіп жататын. Қабақ шытқан жеңгейді көрмейсің, күйеуінің жаманын жасырып, жақсысын асырып: «ойбай-ау, бала-шағаны асырау оңай дейсің бе, еркектің тірлігі түзде ғой» деп жайбарақат оты­ратын. «Күлпанның мінезінің кеңін-ай» десетін білетіндер.
Той дүркіреп өтті. Ақ көкем­нің үйленгеніне нақ бір өзім үйленіп жатқандай қабағат қуан­дым. Жеңгей де мінезді, ақылына келбеті сай жандай көрінді. Әйел адам келген соң үйдің өңі кіріп қалды. Қазан көтеріліп, ошақтан шәйнек түспейтін, босағадан қонақ үзілмейтін болды…
Қырық жылды қалада өткіз­ген­де шыққан мүйіз, жиған дүние болмапты. Жасым зейнетке тол­ған күні қызметтен біржола қыс­қарт­ты. Не үйге, не қалаға симай­мын. Дені сау, тамағы тоқ адамға таң атса, кеш батпайды екен, сенделдім де қалдым. Бала-шаға демесем, ауылға кетіп-ақ қалар едім, ауылға барғанда кімге ке­рек­пін?!… өстіп сандалып жүр­генде бір күні Әбіл деген сынып­тасым кездесе кетсін. Мектепте жүргенде қой аузынан шөп алмас момын еді. Үйінде он ба, он екі ме, бір қора бала бар еді. Қашан көрсең жамау-жыртық киініп жүретін Әбіл… Мектептен кейін көріп тұрғаным осы. Киген киімін, астындағы машинасын көрсең, өзің ұяласың… Жақын маңдағы мейрамханаға кіріп сөйлестік. Жасап жатқан тірлігін сұрама, қысқасы, шіріген бай. «Мамандығың заңгер ғой деді. Әр облыста компаниям бар, әр компаниядан жалақы төлеймін, маған сен сияқты сенімді адам керек» деді. Іштей бармақты бүгіп есептеп көрсем жалақыдан милионның құлағы қылтиып тұр, жығыла жабыстым.
Сөйтіп басы бар да, аяғы жоқ шытырман тірлікке қайтадан күп бердім. Баяғы бос күндерім көз­ден бұлбұл ұшқан. Нағашыма бар­мақ түгілі, хабарласуға мұрша таппаймын. «Ауылға апаршы» деп немерелерім жылайды, «ке­лер жылы апаларың бар, аға-тәтелерің, мен бар, түгел бара­мыз» деп алдай салам. Одан бері де талай «келер жыл» өтті, не­ме­ре­лер де өсіп келеді, ұят-ай деші…
Ауылдан келген ұзынқ­ұлақ­тардан Ақ көкемнің амандығын сұрап тұрамын. Қазір атағынан ат үркетін үлкен молда дейді. Жамағаттан пітір-садақа жинап, шағын мешіт салдырыпты дейді. Өзі сол мешіттің имамы дейді. Таң атқаннан күн батқанша мешіт пен үйдің арасында шауып жүреді дейді…

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.