Ғаламда жоқ рапсодия тыңдатып…
10.10.2018
1266
0

Дәурен Берікқажыұлы

Ауыл барып көрген сайын ескі адам
Марқұм болған жақсыларды еске алам.
Мейіріне бөлеп-бөлеп, бұл күнде
Мені жалғыз жетім етіп тастаған.

Шешем айтса күлуші едім «ескі» деп,
Одан бері нелер заман көшті көп.
Оқта-текте көріп қалсам ескі адам
Енді өзім де отырамын бес түлеп.

Ескі шопыр болса дағы, ескі дөй,
Ескі адамдар ғана қалған естідей —
Кездескенде есім шығып қуанып,
Өзге ештеңе қалам мүлде естімей.

Ескі адамның бойындағы тазалық,
Ескі адамның ойындағы тазалық.
Жан-дүниеме талай жарық түсірді
Жалғандықтан кеткен әбден қажалып.

Ауыл барып көрген сайын ескі адам
Марқұм болған жайсаңдарды еске алам.
Жақсылығын бізге әбден өткізіп
Жамандықпен күресуге тастаған.

* * *

Бір ерлік жетпей қалады әйтеу бәріне..
Бір өрлік жетпей қинайды жас та, кәрі де.
Түңіліп сосын ішеміз түнде ішірткі,
Жүгіріп сосын жүреміз күнде дәріге!

Бір ерлік жетпей қалады неге үнемі..?
Күңірентіп кетті көк астын көптің тілегі.
Адамның осы ең қажет сәтте адамға
Селт етпей неге қалады екен жүрегі?

Бір ерлік жетпей ұжымға, ұлға, ұлыққа,
Ұлыс та әбден батып бір болды былыққа.
Өзімен-өзі — орда бұзғандар отызда,
Өзімен-өзі — қамал алғандар қырықта!

Сенгендер сонша көрсете алмай бір ерлік
Түңілдік қанша, бүгілдік қанша, түнердік!
Сонда да қоймай жаңалықтардан лепіріп,
Сонда да қоймай сахнадан тағы күлер қырт!

Оңаша қалып күлейін десем қосыла,
Бір ерлік жетпей қалады кейде досыма.
Шараппен бірге жұтамын сосын аямай
Көзімнен аққан жаңбырдың суын жосыла.

Долихисте*. Блюз

Бізден кейін не қалады…
мұң қалар,
Жолаушыны,
тонаушыны тыңдап әр
Су астында күрсінеді көшелер,
Су астында сыңғырлайды сырғалар!

Бізден кейін не қалады…
тас қалар —
Тағдыры жоқ
түсінбейтін басқалар.
Баспалдақтар жалғызсырап жылайды
Кеме біткен өткен сайын асқақ әр.

Бізден кейін не қалады…
су қалар —
Сыр айтатын екі көзің суланар.
Бала орнына тербетеді балдырды
Фреска толы
жетім үйлер шуға зар.

Бізден кейін не қалады..
құм қалар —
Сәуле түскен тұсы баяу сырғанар.
Аркаларды айналады балықтар,
Тас мүсін боп ойланады тұлғалар.

Түніменен ақырады ақ теңіз,
Тұңғиыққа шақырады тұл жанар.

*б.д. ІІ ғасырда су астына батып кеткен қала.

* * *

…көп сөйлеп қойған сияқтымын осы мен
жынды адам сынды терезеге ұзақ тесілем
өзіме бірақ ғұмырым осы ұнайды
шығып кеткен тұтас телефондардың есінен…

…көп сөйлеп қойған сияқтымын соншама
ештеңе айтқым келмейді жаным тоңса да
үндемей ғана атырсам деймін ақ таңды
үндемей ғана отырсам деймін моншада…

…көп сөйлеп ығыр еткен сияқтымын барлығын
сөйлемен енді қалса да сөзде бар құным
бақытты болыңыздар сәл ертең
бақытты болыңыздар сәл бүгін…

Мадрид

Бала күннен тіл ұшында жатталған,
Айдан да алыс көрінетін тәтті арман —
Мадридке алғаш тиген кезде табаным
Лорканы іздеп тұрдым әйтеу бақтардан.

Неге екенін өз жұртыма келгендей
Жүрдім басып көшесінде кердеңдей.
Нарқы бөлек бояуындай Гойяның
Бұрқ етті бір сезімдерім өлген кей.

Сәулеті бар —
көрсетпейтін Сорыңды,
Дәулеті бар,
әулеті бар өр, үлгі —
Қияндағы Сервантестің отаны
Қиялымда өлең болып өрілді!

Төбемізді көрген сайын даңғылы
Тыным таппай бебеуледі жан қылы.
Алып-ұшқан көңілімді ақпанда
Баса алмады жауған тіпті жаңбыры!

Көктем кешіп кеткендей-ақ бір демде
Тал-шыбықтай жарды дейсің бүр кеуде.
Мадрид солай мән бітірді өмірге
Веласкестей жан бітірген гүлдерге!

* * *

Үлгерем деп анаған да, мынаған
Сен де елуді еңсердің бе, Жұмағам?!
Бәрін ойлап өлі менен тірінің,
Өзін ғана ойламайтын бір адам.

Өзін ғана ойламайтын бір адам
Тек осылар болсыншы деп дін-аман
Ауылдасқа жүгіреді ауырған,
Қарындасқа жүгіреді жылаған.

Маңайына сосын шаша салады
Бар ырысын маңдай термен құраған.
Шаршағанда ала менен құладан
Қулығы жоқ өзіңді ойлап жұбанам.
Кешегі өткен жақсылардың сарқыты —
Жұмағам-ай, Жұмағам-ай, Жұмағам!

Сенің жүйкең жүйке емес, темір-ау
Небір шіркін қиянатқа шыдаған.
Қолқасы мен жұлып берер жүрегін
Біреу көмек болса егер сұраған.

Сенің жүрген жолыңменен бұралаң
Жүріп өтсе не болар ед тірі адам?!
Жақсыларға танылмай һәм табылмай
Жарты ғасыр өмір сүрген ғұламам!

Медаль алмай, атақ алмай, ат алмай
Жарты ғасыр өмір сүрген ұлы адам!
Жынды әлемге айтпадың не, айттың не,
Сенің орның зау биікте тұр әмән!

* * *

Көсем де өзі, есер де өзі, кесел де
Неме жетісіп өлең жазамын осы елде?
Атып кетсе де – көнетін сұмдық әкімге,
Шатып кетсе де – сенетін сұмдық шешенге!

Жеті атасын атқан ақтап алатын жауызды
Бола қалатынын қайтерсің тағы жаны ізгі!
Ақыл айтпаса басы ауыратын осы елге
Данышпан болу ұнайтын сұмдық тәрізді?!

Әншіні көрсе ақыл мен естен танатын
Осы елдің тіптен таппай-ақ қойдым дәл атын.
Алаңға шықпай қалғаны болмаса – хас батыр,
Кітабы шықпай қалғаны болмаса – сән ақын.

Көсем де өзі, есер де өзі, кесел де
Неме жетісіп өлең жазамын осы елде?
Сыбайтын келіп, сынайтын келіп өлердей,
Жылайтын келіп бақиға сосын көшерде.

Мединасели қонақ үйінде

Аңсатқандай арай бір
Қайта-қайта терезеден қараймын.
Герцогиня атып шығып балконға,
Герцог мінген кісінердей қара айғыр.

Көкке ілінген баспалдақ,
Адмиралды адақтаған мосқал бақ.
Террасада тербеледі тыныштық…
Екі көзден кетер ме екен жас парлап?

Көшкенімен нелер дүр,
Көркемдігі көшпей қалған сарай бұл:
Әрбір бояу, әрбір нақыш, әр таста
Өткен күннен өшпей қалған арай жүр!

Анфилада,
айта берсе, арка да,
Аспалы шам асқақтаған ортада,
Ғасырларды ілмеймін дейді көзіме,
Білмеймін дейді базарыңды тарқаған.

Елең етіп дыбысқа әр
Аң-таң кейіп тұрмын әлі, ауыш хәл.
Құрқылдайды атағы көп скверде
Еш дәуірде шатағы жоқ тауыстар.

* * *

Стадионның шаңы бұрқ-бұрқ етеді,
Шылым сорған Роман күрк-күрк етеді.
Допты қуып есейеді балалар,
Жоқты қуып өмір шіркін өтеді!

Айтақырға айналдырған алаңды
Талай бала есейді де, жоғалды.
Пәтшағарлар барғаннан соң қалаға
Бұл араға жоламайтын боп алды.

Барлық бәле осы ауылда тұрғандай
Бауырым да кетті осында бір қонбай.
Жер-дүниені қуырып бір тұр тамыз,
Шаң аралас шып-шып терлеп тұр маңдай.

Стадионның шаңы бұрқ-бұрқ етеді,
Шылым сорған Роман күрк-күрк етеді.
Дір-дір еткен естеліктер тұсынан
Дыр-дыр еткен МТЗ-лар өтеді.

Ұшқан шаңға, жанған күнге қарамай,
Доп ойнап жүр сол Никита, сол Абай.
Стадионды он айналып мен жүрмін
Бірдеңесі ұмыт қалған баладай.

* * *

Ғаламда жоқ рапсодия тыңдатып
Аспендада бара жатты күн батып.
Аркалардан көз ала алмай тұрдым мен
Аңсарына жеткен ұлдай түн қатып.

Қара қошқыл тақта тастар төселген
Қиялыңды оятады кеше өлген.
Егілесің өзің сынды, басқа емес
Римдіктермен көшіп кеткен осы елден.

Аренаға көзің тастап биіктен
Өлең оқып бергің келер сүйікті ең!
Дүниеге сыймай әйтеу тұрдым мен
Өліп кеткен патшалардай күйіктен.

Ғасыр көрген баспалдақтар, бағандар
Қасіретті еске салды, қағанды әр.
Қайран менің өркениетім ежелгі
Ақындардай сәл бұзақы һәм аңғал!

Ғаламда жоқ рапсодия тыңдатып
Аспанда да бара жатты күн батып.
Солқ-солқ етіп кеуде тұсым, көзімнен
Мөлт-мөлт етіп бұйырмаған бір бақыт…

* * *

Аңғал жұрт жақсы көрген алабөтен
Аярлар аяр болып қалады екен,
Солардың азғындығын көре-көре
Жүрегім болып кетті жара, көкем.
Адасса адасқандай бақтың құсы
Өздері періштедей болады екен.
Біз таппаған бақыт та, байлық тағы
Тек солардың басына қонады екен.
Тамсанып мына мекен, ана мекен,
Жақсылар жанын жайып салады екен.
Соларды үлгі тұтып жылайды қыз,
Соларды үлгі қылып қалады әкең.
Мың құбылған бейнесін көрген сайын
Адам да біртүрлі өзі болады екен.
Біртүрлі бола бермей біражола
Шіркін-ай, қашан шіріп қалады екем…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір