Қос жақсының ғибраты мен қамқорлығы

0
19 қаралды
Оразақын Асқар мен Кеңес Нұрпейісұлының Қазақ ССР Ғылым Академиясы тарих, археология және этнография институтының Ақтөбе облысындағы далалық экспедициясында түскен суреттері. 1962 жылдың тамыз айы

Өткен ғасырдың 80 жылдары…
Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтсе де, бәрі бүге-шігесіне дейін есімізде. Ауылдан әсем қала Ал­матыға білім іздеп келіп, Кеңес­тер Одағында ең беделді жоғары оқу орнының бірі болған С.М.Ки­ров атындағы (қазіргі әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ) Қазақ Мемле­кет­тік университетінен білім алған біз – бақытты жандармыз!
Университетте білім мен тәр­бие ғана алмадық, ең бақытты сәт­­­терді бастан кешірдік, адал дос­тар таптық. Болашақ жарларын тауып, сүйіп қосылған, қазір не­мере­лі-шөберелі болып, бақытты ғұ­мыр кешіп жатқан жандар қан­шама. Сондай бақытты жанның бірі – біздерміз!
Аяулы жарым – Гүлнәр Нұ­ра­қын­қызы екеуміз де сол кездегі жас­тардың махаббат қалашығына ай­налған ҚазМУ-де танысқан едік.
Қазақстандағы университет статусы бар алғашқы жоғары оқу ор­ны – ҚазМУ-ге оқуға түсу қиын­ның қиыны еді. Қабылдау ко­миссиясы өте қатал сараптаудан өткізіп, конкурс арқылы сұрыптап алатын.
Мен көп балалы отбасынан шыққам. Мектепті жақсы бітірсем де, 11 баланы жалғыз өзі асырап жүр­ген әкемізге көмекші болып, ауылда қалдым. Денешынықтыру институтына оқуға түсіп, спортшы болам деген асыл арманым кейінге шегеріліп, колхоздың қара жұмы­сына жегілдім. Бір ағам Алматыда студент, екіншісі әскери борышын өтеп жүр. Өзімнен кейінгі іні-қа­рын­дастарымның алтауы әлі мек­тепте оқиды, мектепке бар­ма­ғаны да бар. Оқуға түсіп кеткен достарға қызыға қараумен жүріп, бір жыл­дың қалай зыр ете түскенін сезбей де қалдым. Содан Хабаровск өл­ке­сіндегі Комсомольск қаласына әс­керге аттандым. Әскери бөлім­ше­нің комсомол жұмыстарына аз­дап араласқан соң, спортшы болу­ды кейінге қалдырып, өмірім­ді партия, комсомол қызметіне ар­нағым келді. Әскери борышым­ды үздік атқарғаным үшін сол жақ­та жүріп коммунистік партия қа­тарына өттім. Қазақ Мемле­кет­тік университетінің тарих факуль­тетінің дайындық бөліміне әскери бөлімшенің жолдамасымен оқуға түс­тім. Дайындық бөлімінің ашылуы өндірісте біраз жыл еңбек еткен, әскери борышын өтеген жас­тар үшін сол кездегі үкіметтің жа­саған ең зор жеңілдігі еді. Мен де, жарым Гүлнәр да осындай жол­дан өтіп, тарих факультетінің студенті атандық. Мен үшінші курс оқып жүргенде ол дайындық бөліміне түскен екен. Ол да мен сияқты колхоздың озат жылқышы­сы, қойшысы болған ата-анасына көмекші шопан болып, жақсы еңбегі үшін партия қатарына қа­былданып, партия ұйымы мен колхоз басқармасының жолдама­сы­мен дайындық бөліміне қабыл­даныпты.
Факультетте біз сияқты партия мүшесі болған он шақты студент бар еді. Екі ауысымда кезекпен оқи­мыз. Сабақ кешкі 18.30-да аяқ­талатын, сондықтан түрлі жиын­дар сабақтан кейін өтетін. Бесінші курс оқып жүргенде, сондай бір жиналыс кезінде шашы беліне түс­кен, ақсары әдемі қыз көзіме от­тай басылды. Сол мезеттен бас­тап тағдырымның осы қызға мәңгі байланғанын іштей сездім. Ағалы-қарындастай сыйластығымыз ма­хаббатқа ұласты.

Менің аспирантурада, Гүлнәрдің бесінші курста оқып жүріп, ағаларымыздан бата алған сәтіміз

Танысқанымызға бір жылдан асқанда Гүлнәр мені нағашы аға­сы, қазақтың белгілі ақыны Ора­за­қын Асқар ағаның отбасымен та­ныстырды. Ол кісі менің ағам да, әкем болып жүрген Кеңес Нұр­пейісұлымен жақсы сыйлас, Ғы­лым Академиясының тарих инс­титутында біраз жыл қызметтес бол­ған жан. Кеңес ағаның інісі еке­німді білген сәтте-ақ жары Ажар тәте екеуі бізге бақыт тілеп, ақ батасын берді.
Болашақ жарымның Оразақын ағаның жақын туысы екенін есті­ген­де Кеңес аға балаша мәз болды. «Ооо, Ораздың туысы болса, жа­ман келін болмайды. Ораздың қа­рындасы болса, менің қызым бо­лады!» – деп, жақын туыстар мен әріптестерін, үлкен ғалымдар­ды шақырып, келін түсіру рәсімін жасады.
Құдайға шүкір, үш ұлымызды өсіріп ер жеткіздік. Немереміздің алды мектепке барып жүр. Тәубә дейміз.
Мен алпысты алқымдап қал­дым. Білім мен ғылым саласында біраз қызметтер істедім. Абырой мен құрметтен де кенде болмадық. Біз қандай нәтижеге жетсек те барлық жақсылықтың бастауында ақ тілеумен жол сілтеген екі үлкен ағамыздың әкелік ақ баталары тұрады.
Қазақ халқының басына түс­кен алапат зобалаңды біздің аға­ларымыз да тартты. Бірінің әкесін қатігез үкімет «халық жауы» деген жаламен атып тастап, тұл жетім етсе, екіншісінің отбасын туған жер­ге сыйғызбай, елден жырақтау­ға мәжбүрледі. Олар балалықтың бақытты шағын көрген жоқ. Ерте есейді, тағдырдың ауыртпалығына шыдады. Мұқағали ағамыз:
«Шыда, шыда! Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Бақыттың құлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады…» – деп жырлағанындай екі ағамыз да асылдың сынығы екенін дәлелдеді! Мықты екендерін көрсетті! «Алмас қылыш жатпайды қап түбінде!» демекші алмастай жарқылдап қайта шықты.
Кеңес Нұрпейісұлы, ауылдың ал­ты жасында жетім қалған баласы мық­тылығы мен шыдамдылы­ғы­ның арқасында Алаштың дана­сы­на айналды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА ака­демигі, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері, білім мен ғылым са­ла­сындағы барлық марапаттардың иесі атанған ғұлама ғалым болды. Тәуелсіз Қазақстанның Алаштану ғылымының негізін қалап, бұл са­лада өз мектебін қалыптастырды. Оннан аса ғылым докторын, қы­рыққа жуық ғылым кандидатын дайындаған ұлағатты ұстаз!
Оразақын Асқар, өткен ғасыр­дың елуінші жылдарындағы бала ақын, Құдай берген таланты мен да­рынының арқасында өлеңдері мен дастандарынан құралған 40-тан аса кітабын шығарып, қазір ау­зы дуалы, батагөй ақын болып отыр. Ақиық ақын Мұқағали Ма­қатаевтың мұрасын зерттеп, көптомдықтарын шығаруда, қа­зақтың қара өлеңін жи­настырып, Мұқағали ағамыз айтқандай, «шекпен жауып өзімізге қайтарып бергендегі» еңбектері ұшан-теңіз. Оразақын аға да елдің құрметіне бөленуден, мемлекет тарапынан марапат алудан кенде емес. Ақын ағаның өмірдегі алған ең үлкен сыйлығы, сүйікті жары Ажар тәте мен ұл-қыздары, немерелері. Сек­сеннің сеңгірінен асса да, ор­та­сы­ның ұйытқысы болып отырған Ажар тәте екеуінің амандығы қуан­тады. Алла ол кісілерге зор ден­саулық берсін!
Екі ағамыз да өмірден көрген қиын­дықтары көп болғандықтан аса мейірімді, төңірегіне шуағын шашып жүретін адамгершілігі зор жан­дар. Бұл кісілердің жанында жү­ріп біз қазақтың көптеген игі жа­қсыларымен таныстық, аралас­тық, сыйластық, оларды құрметтеу бақытына ие болдық.
Бұл екі отбасы да өте қонақжай еді. Біз туысқан ретінде қонақ кү­тісуге баратын едік. Әсіресе, Гүл­нәр келіні болғандықтан Мәриям Жү­нісқызы бізді қонақ күтісуге жиі шақыратын. Кей кездері күн сайын қонақ күтетін едік. Қо­нақ­тар қайтқан соң Кеңес аға кө­терің­кі көңіл күймен: «Ал енді, өзімізше бір шәй ішейік, Гүлнәр шаршады. Мәриям, шәйді сен құйсаңшы!» – дейтін.
Алтын ағамыздың өмірден оз­ға­нына он жылдан асты. Елу жыл­дан аса бірге тұрған қосағынан айы­рылған Мәриям тәтеміздің ден­саулығы сыр беріп, бірте-бірте нашарлап кетті. Бес жылдан аса қатты ауырып, кейінгі екі жарым жылдай уақытта төсек тартып жа­тып қалды. Бізді бірге тұруға ша­қырып, алты жылдай, ол кісі өмір­ден озғанша бірге тұрдық. Сол бір қиын кездерде, қуыршақтай ғана жарымның бойынан бұрын байқай бермейтін керемет адам­гершіліктің, шыдамдылық­тың, сабырдың, күш-қуаттың қайнар көзі табылғанына таң қалдым. Мә­риям тәте өмірден озарынан бі­раз күн бұрын бізді ымдап шақы­рып: «Бала тумадым, балам жоқ деп налып жүруші едім, қызым да, ұлым да бар екен! Сендерге разы­мын!» – деп келінінің бетінен сүйіп еді.
Кеңес ағалар тұрған қасиетті қа­ра шаңырақтың түтіні түзу шы­ғуына барымызды салдық. Гүлнәр келіні атасынан қалған бай мұра­ны, төрт мыңнан астам құнды жә­не сирек кездесетін кітаптарды шаң жұқтырмай таза ұстады. Астанадағы ҚР Ұлттық Академия­лық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңал­баевадан ғалымның жеке кітапха­на­сын Ұлттық кітапхана қорына өткізу туралы ұсыныс түскенде 3500 дана кітаптың межелі жерге аман-есен жеткізілуіне жағдай жасаған да Гүлнәр Нұрақынқызы.
Қазір Астанадағы сол кітап­ха­нада заманауи компьютерлермен жабдықталған «Академик Кеңес Нұрпейісұлы атындағы ғылым за­лы» жұмыс істеп тұр.
Өмірдің қиыншылығын көріп, барлық ауыртпалықты жеңіп, бі­лім жолында жүріп жолдас болған, бірі ғылымның биік шыңына жет­се, екіншісі поэзия асқарын ба­ғын­дырған екі жақсының біздерге жа­саған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз. Сөзімнің соңын Кеңес ағамыз дүниеден озғанда Ора­зақын аға жазған өлеңмен аяқ­та­ғым келеді!

Талдыбек Нұрпейіс,
тарихшы, профессор


КЕЗДЕР ЕСТЕ

Құдай қосқан құдам, досым, Кеңесім,
Суық хабар боп барады неге шын.
Кеше өзің өмір сүрген ортада,
Қалғаны ма көрініп тек елесің.

Кездер есте бірге қызмет атқарған,
Кездер есте бірге мұрағат ақтарған.
Есте шарлап байтақ Қазақстанды,
Жинаған кез, тарих, шежіре қарттардан.

Ғылымға шын берілгенді қолдадың,
Ұрпаққа үлгі, шындыққа адал болғаның.
Мінбе қалды сені күтіп аңырап,
Тоқсан жылдық тойында Алашорданың.

Аялдай ма ажал ашса құшағын,
Қайғырды елмен қарлатып тұл тұта күн.
Қаңтарылып қалды өзіңді таба алмай,
Сәл кешігіп шыққан жаңа кітабың.

Не шығады қайғырудан, кейістен,
Деп тұрғандай еңбектерің ең үстем.
Жарқын бейнең жасар пәни жадында,
Бақидағы орның болсын пейіштен.

Оразақын Асқар

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.