Есенберлиннің қолтаңбасы
10.10.2018
1150
0

Адам өмірінде естен кетпес сәттер көп болады. Менің өмірімдегі сондай қуанышты сәттің бірі – жазушы Ілияс Есенберлинмен кездескен күндерім. Сол жылы ол КСРО-ның ең жоғары марапаты – Лениндік сыйлыққа үміткер еді.

Маған «Горизонт» құрылыс­шылар жатақханасының тәрбиешісі Әуезхан Асанова апай:
– Сен мұнда көптен бері тұрасың ғой, жатақханадағы жігіттердің кө­бін жақсы танисың. Жазушы Ілияс Есен­берлинді шақырып жатақха­на­дағы жастармен кездесу өткізсеңдер қа­лай болады? Жастар жинала ма? Жи­налмай қалып, жазушыдан ұят бол­май ма? – деді.
– Апай, бұл жақсы жаңалық екен, мұнда қазақ жастары аз емес. Кез­десу ұйымдастырайық, жастар мін­детті түрде келеді. Бәріміз ол кі­сінің кітабын оқып өстік. Жатақхана кеңесінің мүшелерін шақырып ақыл­дасайық, – дедім.
Ол кезде мен КазГУ-дің (Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жур­на­листика факультетінде сырттай оқи­тынмын. Журналистика, фило­ло­гия, тарих факультетінің студент­те­рімен етене араласып, түрлі тақы­рыпта әңгімелесетінбіз. Жатақхана кеңе­сінің мүшелері де сайдың та­сын­дай, алға қойған мақсаты мығым жі­гіттер еді. Күндіз құрылыста жұ­мыс істеп, кешке қарай сабаққа дайын­далатын. Жатақхана кеңесінің мүшелері Төребек Жылкелдиев, Асқар Оспанов, Мұхтар Қасымбеков есімді үш жігіт те КазГУ-дің заң фа­куль­тетінің кешкі және сырттай бөлі­мінде оқитын. Білімге құштар, өнер­ге жақын жігіттер қазақ тари­хының қатпарына үңіліп, қайта­лан­бас шығарма тудырған жазушы Ілияс Есенберлинмен кездесу өткізу ту­ралы ұсынысты естігенде қатты қуан­ды. Ел ауызында жүрген «Қа­һар», «Жанталас», «Алмас қылыш­ты» айтып, шығарманы жан-жақтан тал­дай жөнелді. Тіптен «Айқас», «Ға­шықтар», «Қатерлі өткел», «Ал­тын құс», тағы басқа жаңа шы­ғып жатқан туындыларын айтып, енді осы шағармалардың авторымен кез­десудің орайы келгеніне қуа­нып, «Қаладағы «Снежинка», «Иск­ра», «Восход» сынды қыздар жа­тақ­ха­насына, жігіттердің «Жастар», «Го­ризонт» және «Нұрлан» жатақ­ха­на­ларына хабарландыру ілейік», – деп тарқастық. Әрқайсымыз өзіміз­ге тие­сілі тапсырма алып, кездесу кү­нін де белгіледік. Әуезхан апай үйі­нен Есенберлиннің үш кітабын әке­­ліп, маған жазушының «Көш­пен­ділер» трилогиясы бойынша баян­дама жасауды тапсырды. Төре­бек Жылкелдиев кешті жүргізетін болды. Дайындыққа бір апта ғана уақыт берілді.
Ілияс Есенберлинмен кездесуге са­наулы күн қалғанда ол кісімен бір­ге белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев та келетінін білдік. Осы жаңалықты айтқан соң Әуезхан апай: «Жазу­шы­ның «Көшпенділер» трилогиясы Ле­ниндік сыйлыққа ұсынылып жа­тыр екен. Кездесу соңында «Құры­лыс­шы жастар бұл шығарманы Ле­ниндік сыйлыққа лайық деп ба­ға­лайды, бірауыздан қолдаймыз» деп айтарсың, осыны ұмытпа», – деді.
Жазушымен кездесуді асыға күт­тік. Бұрын-соңды мұндай атақты жазу­шымен жүздесіп, кездесу өткіз­беген соң қуану мен қобалжу қатар жүреді екен. Есенберлиннің еңбегі әрине ерекше ғой. Көкейде жүрген көп сұрақты қойып, шығар­ма­ла­ры­ның қалай жазылғанын білу біз үшін бір ғанибет.
Кездесуге адам көп жиналды, көбі жастар. Мен Ілияс ағалардың жо­лын күтіп, клубтың алдында тұр­дым. Ілияс аға мен Қалмұқан ағаны тек кітаптарын оқып, теледидардан көр­генім болмаса өмірде жолық­тыр­ған емеспін. Көрсем, жазбай тани­ты­ным анық. Бір кезде үстінде боз­ғылт ақ плащы бар, бурыл шашын артқа қайырған Ілияс аға жалғыз өзі жатақхана бұрышынан шыға келді. Мен жүгіре басып, алдынан шық­тым. Амандасып, өзімді таныс­тыр­ғанда «Әлгі Қалмұқан келмеді ме?» деді. Ол кісінің келмегенін, әлі де уақыт барын айтқанымда «Қалмұқан ағаңды күтелік» деп, «Горизонт» пен «Нұрлан» жатақханасын бойлай жүріп, әңгімелестік.
– Бұл жерде құрылысшылар тұра ма?
– Иә. Мұнда жігіттерге арналған үш, қыздарға арналған бес және үш отбасылық жатақхана бар.
– Қара көздеріміз қанша?
– Жетпісінші жылдардан кейін Алматыға ауыл жастары көп келе бастады. Қазір мұндағы жастардың 70-80 пайызы қара көздер.
Бұл жауабымды естіген соң аға, біздің айлық жалақымыз бен пәтер алу кезегіміз жайлы сұрап «Жұ­мыс­тарың ауыр, еңбекақыларың аз, пә­тердің кезегі 10-15 жылда келсе, өте ұзақ екен. Алматыдан үй алып жат­қандардың көбі басқа ұлттың өкіл­дері, олардың арасында бір ба­сында бірнеше үйі бар азаматтар да аз емес. Сендердің жағдайларың тым қиын­дау екен», – деп біраз үнсіз қал­ды.
Жатақхананы бір айналып, клубтың алдына келгенімізде Қал­мұқан ағамыздың қасына бір шоғыр жас жиналып тұр екен. Бізді көріп Қалмұқан аға: «Ілеке, ерте келіпсіз, сізді ел-жұрт күтіп қалды, ішке кі­рейік», – деді.
Жиылған жұрт жазушыны тік тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Ілияс аға басын иіп, амандасты. Ба­сын игенінен халыққа деген ыстық ықыласы мен халықтың ортасынан шыққан төл перзенті ретіндегі шек­сіз ізеті аңғарылады.
Қадірлі қонақты төрге шығарған соң, Төребек баяндама оқуға мені шақырды, баяндамам шағын еді. Кездесу жазушымен өтетін болғасын Ілияс ағаға көп уақыт берілуі керек деп шешкенмін. Баяндамада көбіне оқыр­манның аузында жүрген «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қы­лыш» кітабындағы қазақ хандары, он­дағы батырлар мен билер, ше­шен­дер, жыраулар туралы тұсына аз-кем тоқталдым.
Одан соң Ілияс аға мінбеге көте­ріліп, Алматы құрылысшыларымен бірінші рет кездесіп отырғанын, ша­қыруға риза екенін айтып сөз бас­тады. Тарихи шығарманың қалай жа­зылғаны, қалай ізденгені, оқыр­ман­ға қалай жеткені жайлы айтты. Шығармаға материал жинау бары­сында біраз тер төккенін тілге тиек етті. Осы шығармаға дайындық ба­ры­сында көптеген архив құжаттарын ақтарып, 300-дей кітап оқыпты. Алғаш жарық көрген «Қаһар» жазу­шының жолын ашқан екен. Жи­налғандар жазушыға көп сұрақ қой­ды, тұшымды жауап та алды.
Кеш аяқталған тұста мен қайта сөз сұрап, бүгінгі кездесудің маңызы мен мәніне тоқтала келе, жазушы­ның «Көшпенділер» трилогиясы биылғы жылы КСРО-ның ең үлкен марапаты – Лениндік сыйлыққа ұсынылып отырғанын, шығарма осыған әбден лайық екенін және бұл шығарманы құрылысшылар да бір ауыздан қолдайтынын айтқанымда залдағы жұрт дүр ете қалып талмай қол соқты. Кеш аяқталған соң жи­нал­ғандар құрметті қонақты қау­малап, біраз бөгеді. Бірі қолтаңба алса, бірі әлдебір сұрақтар қойып жатты. Қалмұқан аға жаныма келіп: «Шырағым Жексен, жарадың, әлгі жасаған баяндамаңды маған бер, бұл құжат қой» деп сұрап алды. Әуезхан апай кездесудің жақсы өткенін айтып риза болып: «Айтпақшы, ағаңнан қолтаңба алмайсың ба, мә мына кітапқа жаздырып ал» деп өзі берген «Көшпенділері» мен «Жан­та­ласын» қолыма ұстатты. Ілияс ағаны қаумалаған жастардан өте алмай, қолымды созып «Аға, қол­таң­баңызды» дегенімде, ол кісі риза кейіппен жылы жымиып, кітабын байыппен ашып, «Құрметті Жексен! Бақытты бол, шын жүректен І.Есен­берлин» деп қолтаңба қойып берді. Естелік болсын деп сыйлас-жол­дасымыз Юрий Пак есімді дәне­керлеуші бізді суретке түсірді. Ілияс ағаға ақ жол тілеп, қоштастық. Кез­десу көпке дейін елдің аузында жүр­ді.
Арада бір ай уақыт өткенде «Қа­зақ әдебиеті» газеті атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің мұражай үйіндегі Халық университетінде Ілияс Есен­берлиннің шығармашылық ше­бер­лігі туралы кезекті сабақ өтетінін жа­зыпты. Мен ол жерге үнемі барып жүретінмін. Онда қыркүйек айынан мамыр айының аяғына дейін лекция өтетін. Алуан тақырыпты қамтитын дәріске сол кездегі жастар жиі қа­ты­са­тын. Белгілі ғалым Рахманқұл Бер­­дібаевтың бастамасымен өтетін әр сабақтың мәні мен мазмұны өзгеше, әр сабақ сайын тың ойларға, тың деректерге қанығып қайта­тын­быз. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан, композитор Шәмші Қалдаяқов, күй­шілер – Уәли Бекенов, Төлеген Мом­беков, ғалым-зерттеуші Ақсе­леу Сейдімбек пен әнші Жәнібек Кәр­менов және басқа да тұлғалар ме­нің замандастарыма көп білім бер­гені анық. Әр сабақ таспаға ж­а­зылып, тіпті кейбірі теледидардан көр­сетілетін.
Ілияс ағамен кездесу сабағына ер­терек бардым. Ол кісінің дәрісіне ха­лықтың көп жиналатыны күмән­сіз. Ойым дәл келді. Өзім танитын ға­лымдар мен әдебиетшілердің кө­бін осында жолықтырдым. Қал­мұ­қан аға да келіпті, қал-жағдайымды сұрап жатыр. Сәлден соң Ілияс аға да келді. Қалмұқан аға: «Ілеке, мына қара баланы танисыз ғой» деп мені көрсетті. Мен бірден екі қолымды ұсы­нып амандасқанымда «Танимын, өзіміздің құрылысшы жігіт қой, қал жақсы ма?» деп жылы шыраймен қолымды алды.
Университет дәрісін әдеттегідей Рах­манқұл аға ашып, «Тамаша шы­ғар­маларымен елге танылған жазу­шы ортамызда» дей келе, ол кісінің қа­ламгерлік шеберлігі жайлы өзі әңгі­мелеп бергенін жөн санап, Іле­кеңе сөз берді. Жазушы өмір жолын айта келіп, әр кітабын қалай жазған­дығына тоқталды. Соңғы жылдары тарихи туынды жазуда көп еңбектен­генін сөз етті. Бұл менің атақты жазу­шымен екінші рет кездесуім еді.
Жыл аяғына таман әдебиет сала­сында Лениндік сыйлыққа ұсы­нылған жазушылар белгілі болғанын естідік. Ілияс ағамыз сыйлыққа ілін­беп­ті. КСРО-ның ең үлкен сый­лы­ғын грузиндік Нодар Думбадзе «Мәңгілік заңы» деген кітабы үшін алыпты.
Бір жолы КазГУ-дың бас кор­пусына барып, Үкімет үйі алдындағы саябақта қыдырып жүргенмін. «Аққу» кафесінің жанындағы тро­туармен Панфилов көшесіне қарай бет алған едім, алдымнан Ілияс аға кезікті. Үстінде өзім көрген бозғылт плащ, еңсесі тік. Ағаның не күйде жүр­генін білмедім, өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезіндім. Айтулы сыйлық ол кісіге бұйырмағаны жаныма қат­ты батып жүрген. Қолын алып аман­дасып: «Аға, сыйлық бұйырмады, қамықпаңыз. Сіздің кітабыңыздың сан мыңдаған оқырманы бар, көп тіл­ге аударылды. Осының өзі үлкен сыйлық, жазарыңыз көбейсін. Сіздің шығармаларыңыз мәңгілік!» деп ойымды айттым. Аға, қолымды қысып тұрып «Рақмет, айналайын! Мәскеуге бүкіл грузин көшіп барып, жазушысын қолдады. Қолдаудың арқасында қол жеткізді. Амал не, бәрі өзімізге байланысты ғой?..» де­ді. Мен үндемедім, екеуміз екі жақ­қа кеттік. Бірақ ойымнан Ілекең кетпеді. Бұл – жазушымен үшінші кез­десуім еді. Үш кездесу де ыстық, үш кездесу де бағалы. Алғашқы кез­десудегі сурет пен қолтаңба менің өмірімдегі бағалы сәтті еске салар бір белгі болып қалды. Ол мен үшін өте қымбат!

Жексен АЛПАРТЕГІ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір