МӘДІМЕН БІРГЕ КӨНЕ ДӘУІР КӨШІП КЕЛДІ

0
52 қаралды

Дәулескер күйші Мәді Шәутіұлының көзін көрген, төгілте шерткен ежелгі күй аңыздары мен қисса-дастандарды таспаға түсіріп алған, 1980 жылдары «Домбыра үйренейік» атты бағдарламада Мәді есімін көпшілікке паш етіп, дүйім жұрттың алдында көне күйді насихаттаған Абдулхамит Райымбергеновпен әңгіме күй мен күйші, дала үні мен домбыра күйі жайлы өрбитіні айдан анық еді.
Райымбергеновті әдеттегідей «Көкіл» мектебінен таптық…


– Қазақтың дәулескер күйшісі Қазанғап шығармашылығын жан-жақты зерттеп, көптеген еңбектер жаздыңыз. Сіздің орындауыңызда Қа­занғап күйлері Қазақ теледи­да­ры мен радиосының қорына енгені белгілі. Күйші Мәдінің де бірталай шығармаларын сіз таспалапсыз. Мәді Шәутіұлы туралы бұрыннан хабарыңыз бар ма еді?
– 1983 жылы, Құрманғазы атын­­дағы консерваторияны тә­мам­дап, жас маман ретінде, фоль­к­лор экспедициясы құра­мында Жамбыл облысын ара­ладым. Кез келген жаққа шы­ғар­дың алдында ол жақта қандай өнер­паздар бар, қай өңірді ара­лаймын деп, жобалап маршрут сы­засың ғой. Мен де солай із са­лып, жол жасадым. Кімдердің бар екенін сұрастырдым, кім­дер­ден күй, кімдерден ән жазып алу­ға болатынын зерттедім. Қазір Тараз деп атап жүрміз ғой, сол шаһардың дәл өзінде тұратын Тұраш Абуов дейтін ағамызды кез­дестіргенім үлкен олжа болды. Жақ­сылық Сәтібеков дейтін ақын бар екен. Жақсылық мен кел­ді дегенді естіп, телефон ар­қылы тауып алып, Тұраш аға­мыз­дың үйіне алып барды. Тұраш аға­мыз – отставкадағы полков­ник, Екінші дүниежүзілік со­ғыс­ты бастан өткізген, Мәншүк, Әлия, Рамазан Елебаевтарды көр­ген, Әзілхан Нұршайықовпен бірге от кешкен майдангер. Өнер­ден құралақан емес. Дом­быра тартады екен. Өзінің шы­ғарған күйлері де бар. «Осы күй­лерім қалай екен» деп тартып бер­ді. Сол сапарымда Тұраш аға­­мыздың күйлерін нотаға түсір­дім. «Арнау», «Қазақстан ком­со­молы» деген күйлерін тартты. «Ұлы Отан соғысында Қазақстан жастарының танкі бригадасы қы­рылып қалды, соған бір жоқ­тауым» деп жүрек сыздатар күйін тартты. Сол күйдің бір ұшығын, ара-тұра құлағым шалып қалады. Оранжировка жасап қойған, ұшақтарда музыкалық фон ре­тінде беріп жатқанын да естіп қалдым…
Осылайша, ән мен күйді таң­дап, талғап таспаға түсіру қыз­ме­тін бастау үшін ел аралап кеттік. Аудан-аудандарға шықтық. Өнерге деген қызығушылығымыз бір орында байыз тапқызбайды. Қай жерде, қандай домбырашы, күйші бар деп елеңдеп тұрамыз. Байқадам жақта керемет өнер­паздар бар дегенді естідік. Ол жақ­та Қабыл және Дабыл Ажы­қаев деген ағайынды күйшілер бар екен. Негізгі мамандықтары бас­қа, біреуі – бухгалтер, екіншісі – халық бақылауында істейді. Олар туралы «Күй қайнары» деген бағ­дарлама жазып, күйлерін но­таға түсірдім.
Ал Мәді ақсақал туралы жоба-мар­шрутымды сызғанда естіген болатынмын. Мәді дейтін зағип өнерп­аз бар, елден-елге бір кіш­ке­не бала жетектеп жүреді, күй тар­тады, ән айтады деген әңгімелерді құла­ғым шалған. Бірақ, бұрын-соң­ды көрген емеспін. Таразға ке­ле сала, Мәді күйші жайлы сұ­рас­тырдым. «Бар, жүретін» еді дей­ді көпшілігі. Содан не керек, облыстық Мәдениет бөліміне қол­қа салдым. «Соқыр шалды қай­те­сің, жазсаң, мыналарды жаз» деп, екі жігітті әкелді. Олар маған екі дауыста ән айтып тұр. Облыстағы шенді-шекпенділерден сұрасты­рып, діттеген адамыма жете ал­май­тынымды түсіндім.
«Байқадамның ар жағында Ком­мунар дейтін совхоз бар, күй­ші сол жақта тұрады екен» деген ха­бар жетегімен сол жаққа тарт­тым. Ол уақытта жеке көлік жоқ. «Сатурн» деген күй жазатын құ­рыл­ғымыз зілдей ауыр. Одан бө­лек, үлкен-үлкен кассеталар бар. Ол кассеталар көпке жетпейді, сондықтан, бір дорбасын арқалап ала­сың. Артынып-тартынып «Ком­мунар» жаққа жолға шықтық. Бал­табай Дәуірбеков дейтін жігіт бар екен. Өнерге адал. Аспап жа­сайды. Әртүрлі кеселерді қойып, бекітіп, клавиш жасап, ұрған кезде неше түрлі үн шығарады. Өте өнер­паз жігіт. Соның үйіне түстік. Мә­ді ақсақалды сұрадым. Тауып алып келді. Бұл – 1983 жылдары еді.
Мәді күйші үйге кіріп келгенде қайран қалдым. Сырттан басқа дәуір кіріп келгендей болды. Не бол­маса біз өткен ғасырға өтіп кет­кендейміз. Атамыздың басында – түлкі тымақ. Үстінде – шекпен. Шек­пен болғанда да, сырып тігіл­ген, ғажап. Аяғында – мәсі. Кітап­тар­да жазатындай, киіз қапқа салған домбырасын бір иығына, тағы да киіз қапқа салған гармо­нын келесі иығына асып алған. Бір бала қолынан жетектеп әкелді. Ақ­сақал асықпай жайғасып оты­рып, бізді өткен ғасырдың қой­науы­на жетелеп әкете жөнелді…
Балтабайдың үйінде отырып, Мәді күйшінің шығармаларын маг­нитофонға түсірдік. Бұрын-соңды көп орындала бермейтін, аңыз күйлер деген болады. Ақса­қал сондай аңыз күйлердің он шақ­тысын тартып берді. Көне аңыз­дарды әңгімелеп отырып, іле күйін тартып әкетіп, жалғастырып аңызын айтып отырды. Еш жерде жа­зылмаған, естімеген «Ақсақ қыз», «Бозайғыр», т.б. күйлерді шер­тіп отырып, «Мынау – аттың кі­сінегені» дейді де, аттың кісі­негенін шертеді, «Мынау – шауып келе жатқаны» дейді де, аттың шауып келе жатқан дыбысын орын­дайды, «Мынау – көк өгіздің мөңіреп тұрғаны» дейді де, дом­быра көк өгіз болып мөңірей жө­неледі, «Мынау – айдалада қалып қойып, кемпірдің жылағаны» деп, кем­пір болып жылайды…
– Ол кездің домбыралары да басқашалау шығар?
– Әрине. Домбырасы – қол­дан ша­былған. Қақпағын – шеге­мен жап­қан, көне домбыра. Пер­не­­лері­нің өзі жылжып отырады. Тура ХІХ ғасыр ақсақалдарындай, күйі де, сыйы да бөлек. Әңгімесі де ерек­ше. Сүгірді көргенін айтты. «Сүгір­ден естіп қалған күйім» деп са­зы ерек күй тартты. Қызып ал­ған­нан кейін сырнайын алып, арасында өлеңдер шығарып қояды екен, соны орындап берді. Одан кейін ескі қисса-дастандарға көш­ті. Кәдімгі «бір актердің театры», бір өзі – бір театр, бір өзі – бір әлем.
«Домбыра үйренейік» деген бағ­дарламам бар еді, Алматыға ке­ле сала, сол хабарда Мәді тура­лы айтып, көрсетіп, бір бала же­тек­теп жүрген, өнерді кие тұтқан, зағип болғанымен көкірегі ояу, көкірек көзі ашық осындай ғажап адамның өз арамызда жүргенін көпшілікке жеткіздім.
Бағдарлама шыққан соң, сол жақта басшылық қызмет атқара­тын бір тұлға Мәді атамызға кол­хоз­дың атынан үй салып, күйшіні сол үйге кіргізіп, қасына шәйін қойып беретін адамдарды белгілеп беріп, қамқорлық көрсеткені бар. Жақ­сылық жасаған адамға сол жақ­сылық қайта айналып келеді емес пе, қамқорлық көрсеткен аға­мызға да жақсылықтар үйіліп-төгіл­іп, қызметтік лауазымы да жоғарылағанын естідік.
– Мәді Шәутіұлын көрген 1983 жыл­дардан бері көп заман өтті. Ол кісінің көзін көргендер де сиреп қал­ған болар?..
– Дұрыс айтасың. 1983 жыл­дар­­дан бері уақыт қана емес, тұтас қо­ғам алмасты. Ол кезде біздер жас­пыз. Жас маманбыз. Айнала­мыз­да, әсіресе, елге шыққанда, кө­­­ненің күйін қозғайтын ақса­қал­дарымыз көп еді. Олардың бар­лығы сол қалпында жүре беретін сияқты болып көрінетін. Мәді, Қабыл мен Дабыл, Сиқымбай дей­тін ақсақалды іздеп бардық. Ха­лық­тық аспаптарды жасай алатын ше­берлерді көрдік. Қолын алдық, сө­зін тыңдадық. Жамбыл облы­сы­на шеккен бір ғана сапар бары­сын­да көптеген әнші-күйшілер­мен таныстық, шығармаларын жа­зып алдық. Сол үлкендердің кө­зін көрген, әні мен күйін тың­да­ған, әңгімесін естігендердің өзі қа­зір сиреп барады. Олардың да ес­теліктерін жазып, хаттап, құжат­тайтындар табылса, болашақ үшін сауап іс жасаған болар еді.
– Мәді Шәутіұлының өзі тарт­қан күйлері қай мектепке жатады деп есептейсіз?
– Қаратау өңірінде үлкен мек­теп бар. Қаратау өңірінің шертпе күй мектебі деп аталады. Бәлкім, Же­тісу мектебі десе де болар. Жал­пы, ол кезде күйшілер шекараға бө­ленбейді, руымен айтылатын. Та­малардың, қоңыраттың, үйсін­нің күйшісі дейтін. Сондықтан, ол уақыттың күйшілерін, байырғы адам­дар айтқан атымен де атай бер­ген дұрыс шығар деген ойда­мын.
– Мәді Шәутіұлының күйшілік ерек­шелігі неде?
– Мәді ақсақалдың көне күй­лер­ді тартуы мен үшін үлкен жаңа­лық болды. Бұндай қалпында, күй­лерді аңызымен, әңгімесімен ай­та және шерте алу – үлкен өнер.
– Мәді күйшінің пернелерді жыл­жытып күй шертетіні жайлы айт­тыңыз. Пернелерді ауыстырып күй шерту әр күйшілік мектептің өз ерекшелігін білдіре ме?
– Жалпы, музыка тілінде жар­ты тон деген болады. Ал, ауыс­тырған пернелер жарты тонның тағы жартысын береді.
Қазір домбыраны он тоғыз пер­неге алып бардық. Перненің бар­лығын байлап тастадық, ол енді өзгермейді. Қай мектептің де күйін бір домбырамен тарта беруге мүмкіндік бар. Ол кезде олай емес, кей­бір күйлерді жеті, кейбірін то­ғыз пернемен, енді келесілерін он үш пернемен тартты. Сейтек пер­не, сарыарқа перне, қашаған пер­не деген бар. Оны жастардың көбі бі­ле бермейді. Ол кездегі дом­бы­раларда әр перне бөлек байлаулы бо­лады. Сол байлауын шешіп, жыл­жытып отыратын.
Дәулескер күйші туралы: «Күй­ші пышақпен пернені тіліп жі­беріп, бар перне сөгіліп түскен кез­де пернесіз күй төгілтті» десіп жа­тады. Бұл – күйшінің мық­тылы­ғын көрсетеді. Мәді күйші де пер­нелерді солай сөгіп жіберіп, жыл­жытып тастап төгілтіп шер­тетін.
Көне күйлердің көпшілігі теріс бұраумен тартылады. Күйдің фор­масының әлі дамымаған­ды­ғының, яғни көнелігінің белгісі. Онда диапазон, бәрі шектеулі. Көне күйлердің барлығын Мәді Шәуті­ұлы теріс бұраумен тартты. «Ерке атанды» да, «Бозайғырды» да, «Жау­қарғаны» да, барлығын да теріс бұраумен төгілтті. Әңгімесін ай­тып отырады да, арасында тоқ­тап, «Міне, атпен шауып келеді», «міне, ат кісінеп жатыр», «міне, «қа­лай күн көреміз» деп қызы жы­лап отыр» деп, әр оқиғаны айта отырып, күйін төгілтеді.
– Жалпы, аңыз күйлер неліктен фольклортанушылардың назарынан тыс қалды деп ойлайсыз?
– Себебі, аңыз күйлері сахна­лар­ға лайықты емес деген көзқарас бар. Кез келген шығарма музыка­лық формада болу керек. Өзі ша­ғын ғана күйлерді сахнада қалай ойнайсың? Көне күйлердің көбі эпизодтық түрде орындалады. Сондықтан олардың көбі жазыл­мады, фольклортанушылардың назарынан тысқары қалып кетті. Олардың көбі таптырмайтын құнды деректер еді. Кешегі қобыз күйлерімен, бақсы сарындарымен үндесіп жататын…
– Мәді Шәутіұлы шығарма­шы­лығын арнайы зерттеген мамандар бар ма?
Жалпы, менің негізгі зерттеу нысанам – Қазанғап күйші ғой. Сон­дықтан, көбіне батыс өңірін араладым. Үсіртке, Түркіменстан­ға, Қарақалпақ жаққа шығып кетіп, сол жақтың ақсақалдарымен көбірек әңгімелестім. Жетісуды да солай егжей-тегжей зерттеген ма­ман­дар бар. Ербол Үсенбаев дейтін шәкіртіміз Жетісу күйшілік мек­тебі туралы диссертация жазды. Мәді күйшіге арнайы барып жо­лы­ғып, қасында қона жатып әңгі­месін тыңдады, күйін жазып алды. Уәли Бекенов ағамыз да Мәді күй­ші жайлы терең зерттеулер жа­сады…
– Мәді Шәутіұлының өзі шы­ғар­ған әндері бар дедіңіз. Ол қандай әндер?
– Мәді ақсақал үйге кіріп кел­генде, он тоғызыншы ғасыр кел­гендей болды дедім ғой, оның әндерінен де, күйінің сазынан да байырғы дала үні сезілетін. Тыңдар құлақ болса, ол ән мен күйді тың­дауға болады. Себебі, Мәді Шәу­тіұлының айтқаны мен шерткенін түгел таспаға бастырып, Консерва­торияның фольклор кабинетіне өткізіп, хаттап берген болатын­мын. Студенттер тақырып алып, ғылыми дүние жазғысы келсе, үнтаспасын тыңдап, керегін алып пайдаланады…
– Ол құжаттар әлі де қорда сақ­таулы тұр ма?
– Сақтаулы тұруы керек. Қазір өнер құнсызданды ғой. Түсінбеген адамға, әрине. Түсінген адам оны қадірлеп, қастерлеп, сандық қа­лып­қа түсіріп, бабалар үнін сақтау үшін барлық жағдайды жасауы керек. Ең өкініштісі, қазір дәстүрлі ән мен күйді тек жобалар бары­сын­да ғана іздейді. Сол уақытта ғана, үлкен орындарға есеп тап­сыру үшін өнерімізге көз тастаған кейіп танытамыз.
– Мәді Шәутіұлы күйлері «Қа­зақ­тың мың күйіне» енді ме?
– Енген болар, нақтысын айта алмаймын.
– Мәді тартқан болсын, басқа­ларының жанынан шыққан болсын, байырғы күй, ән тілінен, табиғаты­нан айрылып қалу қаншалықты қауіп­ті?
– Ол – үлкен трагедия. Қазақ­тың музыкасы мен қазақтың тілі – біте қайнасып тұрған дүние. Осы күні қазақтың кейбір әндерін тыңдап отырғанда, әннің фонети­ка­лық құрылысы мен музыкалық құрылымы бір-бірімен үндеспей­тінін байқайсыз. Жалпы, ұлттық музыкалық интонация деген бола­ды. Мысалы, жапонның музыкасы бар, «дың-дыыың» дейді, өздері рахаттанып тыңдайды. Оны алып тастасаңыз, жапон – жапон бол­май­ды. Кәрісте де, әр ұлттың әрқай­сысында ұлттық музыкалық интонациясы бар. Жапондардың қаласының қақ ортасында Кабуки деген театры тұр. Мемлекет қор­ғау­ға алған. Жағдай жасаған. Ішіне кірсеңіз, сізге қалай әсер етті, сіз түсініп жатырсыз ба – ешкімнің шаруасы жоқ. Себебі, олар ұлттық өнерді өздері үшін деп біледі. Біз болсақ, шетел түсінбей қалады, анау ұқпай тұр деп қуыстанамыз.
Біз көнеден жеткен күй күмбірі мен ән сазының тұтас қазақы дү­ние­танымды құрайтынын ұмыт­пауы­мыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.


АҚЫН КҮЙШІНІҢ МҮСІНІН ТҰРҒЫЗДЫ

Қарт Қаратаудың бауырындағы Сарысуда, кешегі Сәбет өкіметінің тұсында «Коммунар» аталған ауылда зағип жан өмір сүрді. Ол адамды білетін жұрт: «Соқыр күйші», кейде мұқатып: «Соқыр шал» атаған екен. 18 жасында ұлы денесін шешек алып, жанары әз болып қалған кәрі күйші бір күні немересін алдына алып отырады. Қол-аяғы шығып, жүруге талпынған тынымсыз неме шалт қимылдап, шалдың көзіне тиіп өтеді. Міне, сол кезде…о, құдірет, қарттың су қараңғы жанары қайта ашылып, нұр жарық дүниемен табысса керек. 1909 жылы жарық дүние есігін ашып, 1995 жылы, 86 жасында фәниден озған Мәді Шәутіұлы өз заманында өнер сүйер қауымға, өнер зерттеушілеріне белгілі адам болған екен. Оның көне күйлерін Абдулхамит Раймбергенов, Ербол Үсенбаевтар таспаға түсіріп қалдырыпты. Ол туралы Ілия Жақанов та, Мырзатай Жолдасбеков те уағында жазыпты, насихаттапты, радиохабарлар жасапты. Әуелде алған жары, кейін қызы Тұрсынгүл жетелеп жүріп ел аралатқан Мәді қарттың бүгінде мәртебесі асып, мерейі тасып жатыр. Қарт күйші өмір сүрген Игілік ауылында (Жамбыл облысы, Сарсу ауданы) бюст мүсіні бой көтерді. Бюсттің авторы, мүсінші – Алтай Бисенов. Ал, Мәді күйшінің бюстіне демеушілік жасап, бар қаражатын көтерген осы Игілік ауылының тумасы, ақын Маралтай Райымбекұлы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.