Тамсандыра түсетін талант
03.09.2015
1553
0
741074_595437672__________________________Бір күні кезекті жиынға келсем, әлгі жігіт орнында жоқ екен. Келесі жолы да солай болды. Үшінші жолы да көрінбеді. Жолдас­тарынан сұрап едім: «Ұзақбай Мекебаевты айтасыз ба? Отбасы­ның жағдайымен еліне кетті», – деді.
Арада қанша уақыт өткенін білмеймін. Бір дуылдақ жиынның ішінде отыр едім. Есіктен Дүйсенбек Қанатбаев көрінді. Көзілдірігін сәл көтеріп қойып: «Кешіріңіздер!», – деп, бос тұрған орындарға қарай аяңдады. Қасында екі-үш жігіт бар. Ортасындағы ең ұзынын танитын сияқтымын. Қайта-қайта көз тіктеп қарай беремін. Ау­ма­ған өзі. Отырысы, жүріс-тұрысы, сөйлеп жатқандарға іштей сынап қарағаны – бәрі ұқсайды. Тек бұрынғысынан есейе түскен. Ат жағы онан сайын ұзарып, қою қасы одан сайын түйіле түскен. Көз тас­та­сында да кез келген адамды тіксінтіп тастайтын суық жылт бар.
Қасымда отырған жігіттен: «Бұл кім?» – деп сұрап едім: «Кімді айтасыз? Ә, ол Адам Мекебаев қой. Қызылордадан жақында келді. Баспада істейді», – деді.
Сүйтсем, бір күні әлгі жігіт қызметтесім Марал Ысқақбаевтың бөлмесінен шығып келеді. Жылы амандастық. Ол жүріп кетті. Мен Маралдан: «Бұл жігітті танисың ба?», – деп сұрадым.
«Адам ғой. Әп-әдемі повестер жазады. Маған әкеліп көрсетіп тұрады», – деді Марал.
Көп ұзамай, демалыс күні «Жазушы» баспасынан редактор келетін болды. Сағат он бірде есік қағылды. Күлімсіреп Адам Меке­баев көрінді, қолында портфелі бар. Орындық алып жайғасты. Портфелін алып бір бума қағаз суырды. Тани кеттім, менің жуырда апарып тапсырған қолжазбам. Бетін ашты. Екі бетінен күлкі тамып кетердей ырсия қарады. Бұрын-соңды бұнысын байқамап едім. Өзіне күлкі жарасады екен. Солай ойлағанымды аңғарып қалды ма, дереу тыйыла қойды.
Қолына жазған қағаздарын алып, түсінбеген жерлерін сұрай бастады. Жауап беріп отырмын. Үнсіз тыңдайды да келесісіне көшеді. Тағы да солай. Сүйтіп біраз отырдық. Кенет ойда жоқта тағы да күлімсіреді. «Өзім де солай ойлап едім», – деді.
Мен едәуір жайбарақаттанып, құлақ тостым. Кітапқа енген әңгіме, повестердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, өз пайымдарын айта бастады. Айтқандары құлағыма жағып барады, сондай байсалды, егжей-тегжейіне дейін тәптіштеп түсіндіреді. Оқтын-оқтын менен жауап күтіп кідіріп қалады. Жауабымды тыңдап алып, күлімсірей түсіп, қайтадан іске кіріседі. Маған мынадай тыңғылықты редактормен жұмыс істесу барған сайын қызық болып көрінеді. Бұрынғылары не ыңғайыңа иіле салатын, не жоқтан өзгеге тістесіп отырып алатын. Мынау олардың екеуіне де ұқсамайды. Қарап отыр­ған қолжазбасының өзіне де, саған да еш қатысы жоқтай. Бей­тарап, бейтаныс мәселеге жолыққандайсың, барынша байыптап сөйлесіп, байыптап сұрайды. Сенің не айтпақшы болғаныңды біліп алып, өзі ақылына салғандай, бір уақыт ойланып қалады. Сосын тағы да ұтырын тауып, сен күтпеген жерден төтен сауал қояды. Сүйтіп, үш-төрт сағаттай «емтихан» алған соң: «Жә, кішкене демалайық!», – деп, орнынан тұрып, жиюлы кітаптарға қарай ойысады.
«Алып көруге бола ма?», – деп сұрайды.
Сүйтіп, жаңа келіскен демалысымыз кітап сөрелері жанындағы емтиханға ұласады. Бәрін де тауып сөйлеп тұр. Талай нәрсені оқып тастапты. Талай жерден хабары бар. Мен бұрын-соңды сыр алыспаған жігітке енді-енді шындап ынтам ауа бастағанда, ол тағы да әңгімесін үзді. «Жә, қолжазбаның қарай алмаған тұстарын көріп шығайық!», – деп, үстелге аяңдады.
Екі бейтаныстың алғашқы жүздесуі осылай өтті. Жұмысын аяқтап болып, енді қайтқалы жатқанда, мен оқыс сұрақ қойдым: «Әуелі осы Ұзақбай емес пе едің? Кейін қалай Адам атандың?», – дедім.
Сәл кідіріп барып: «Адам деген ағам болған. Тым ерте дүние салды. Мен оған іштей көне алмадым. Әлі тірі жүре тұрсын деп, Ұзақбай атымды ұмытып, Адам деген атын алдым», – деді.
Тұла бойым тітіреп кетті. Ол үй ішіндегілермен қоштасып, шығып кетті. Сосын оның жазған-сызғандарын оқи бастадым. Марал дұрыс айтады екен. Төгілдіріп жазады екен. Қай шығармасын оқысаң да, адамдар туралы сарқылмас шындықтарды ұғып алуды аңсаған ашқарақ оқырманның мейірін әбден қандырып жазады екен. Оның шығармалары не туралы жазылған деп айта алмайсың! Өмір туралы жазылыпты. Бітпейтін де қоймайтын, ескірмейтін де тозбайтын, сарқылмайтын да таусылмайтын тіршілік туралы сыр шертеді. Сол туралы үзбей ойланып, үзбей толғанып жүретіндіктен де, маған ол үнемі тұнжырап жүретін тұңғиықтау жан болып көрінді.
Қазақтың оқыған сайын ойландырып, ойланған сайын тол­ғандыратын ең салиқалы жазушыларының біреуі дүниеден өтті.
Оны сағына түсеріміз, сағынған сайын жазғандарына қайта-қайта үңіле түсеріміз хақ.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір