Қазақ болмысының қалыптасуы – Абай ілімі аясында

0
18 қаралды

Қазақ болмысының бастауы көшпенді өмірі. Көшпенді өмір – әлемдік қозғалыстың бір бөлігі. Көшпенділер табиғатты толық сезініп, оған мойын ұсынып, өзгермейтін көк аспанды Тәңір ретінде қабылдады, оған сиынды. Ежелгі түркілердің өмірін табиғатпен үйлестіретін тәңіризм діні осылай қалыптасты. Қазақ халқының діні ғана емес, бүкіл ұлттық болмысына, яғни ұлттық кодының қалыптасуына көшпенді өмір салты үлкен ықпал етті. Бұған Абай ілімінен көптеген дәлелдер табуға болады.

Қазақ өмірінің табиғатпен үйлесімділігін Абай өзінің «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» тәрізді өлеңдерінде жақсы бейнелейді.
Жазғытұрының жер бетіндегі тіршілікке ықпалын баяндай келіп, оның адамдарға әсерін әрі қарай Абай былай деп суреттейді:

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай
кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың
мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып,
мауқын басып –
деп табиғат пен адам мінезінің бай­ланысын көрсетсе, «Жазға жақ­сы киінер қыз-келіншек, Жер жү­зіне өң берер гүл-бәйшешек» деп әрі қарай табиғат пен адам өмі­­рі­нің үйлесімділігін, ұқсасты­ғын суреттейді.

Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,
Мейірмандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер, –
деп жер бетіндегі барлық тіршілік ие­лерінің бір шебер Тәңірдің шек­сіз мейірімділігімен безен­діріл­ге­нін және Оның шапағаты аясында үйлесімді өмірін суреттейді. «Та­ма­шалап қарасаң Тәңірі ісіне, Бойың балқып, ериді іште жігер» деп әрі қарай Абай Тәңірі ісінің адам үшін махаббат көзі екенін біл­діреді. Көшпенді қазақ халқы осы­лай мейірімділік, сүйіспен­ші­лік, бауырмалдық тәрізді адами қа­сиеттердің өшпес көзін тауып, рухани болмысын жоғары дең­гей­де ұстай білген. Себебі көшпен­ді­лердің мінез-құлқы табиғаттың мінезімен үйлесіп, тұрақты болған. Ондай халықта ешуақытта рухани жаңғыру мәселесі тумайды. Руха­ни болмысы үнемі жоғары дең­гей­де, табиғи өмірдің ықпалымен қа­лыптасқан.
Үйлесімді өмір қазақ халқына та­биғат заңдылықтарын жақсы бі­ліп, барлық тіршілігін соған ба­ғыттаудан шығады. Қазақтың та­биғат өзгерістерін жақсы біліп, оны мұқият ескеріп отырғанын Абай былай деп суреттейді:
Қараша, желтоқсан мен сол
бір-екі ай –
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Қазақ жаз жайлауға, қыс қыс­тауға қашан көшу керек екенін жақ­сы біліп, оны мұқият ескеріп отырған. Бұған табиғат заңдылығы мәж­бүр етті. Көшпенді қазақ өмірі та­биғат өзгерістеріне тәуелді бол­ғандықтан, ол өз өмірін үнемі та­биғатпен үйлестіріп отыруға мәж­бүр болды. Қоршаған ортаға сүйіс­пеншілік және үздіксіз жо­рық­тар адамды адалдыққа бау­лиды. Ойы дұрыс емес адамды та­биғат өзі жазалап, дұрыс бағыт бе­ріп отырады. Қуыс кеуде, өзім­шіл адам табиғатпен біріге ал­май­ды. Осылай көшпенді өмір салты қа­зақ халқының адалдығы, кең­пейіл­дігі, жомарттығы және ерлігі тә­різді қасиеттерін қалыптас­тыр­ды.
Қазақтың ұлттық құндылығы осындай үйлесімді табиғи өмірде қалыпта­сып, шыныққан еді.
Болмыс өмірі сырттан ештеңе­ні қажет етпейді. Көшпенді өмір де өзіне өзі жеткілікті, осы бір­тұ­тас­тың бір бөлігі. Адам баласы көш­пенді өмірде толық табиғат ая­сында болғандықтан, ол өзінің қа­рабас қамын көп ойламайды. Та­биғат күштеріне, Тәңірге толық се­ніп, өмір не берсе – соған қа­нағат. Оның бақытты өміріне көп дүниенің қажеті жоқ. Ол дүние-мү­лікке көп тәуелді емес. Бұл оның өміріне еркіндік береді. Сол себептен көшпенділер затқа көп байланбаған. Олар табиғат құбы­лыстарына өте төзімді, қиындық­тан тайсалмайтын, өзіне керегін еркін тауып алатын ер мінезді, қай­ратты болған. Бірақ табиғи апат­тар болса, онда отырған жерін тез ауыстырып, көшіп жүре береді. Ежелгі Ғұндардың Алтайдың арғы бетінен көшіп, Еуропаға дейін жеткендері осының бір көрінісі болса керек.
Көшпенділер отырықшы ел­дер­ді оңай жаулап алып, олардың іріп-шіріген ортасын жойып, жаңа қоғам орнатуға мәжбүрлеп отыр­ған. Адамзат өмірінің құлдырауына мүм­кіндік бермей, оған үнемі осын­­дай серпіліс, жаңа тыныс бе­ріп отыру өте қажет еді. ХІІ ғасыр­да Вильгелм Руйсбрукский деген саяхатшы көшпенділер туралы «бұл өмірдің дүниесіне аз көңіл бө­ле­ді, олар жер өңдемейді, үй сал­майды, олардың өзіндік ішкі бол­­мысы жер кезіп, ұзақ жол жү­ру­ге мүмкіндік жасайды» деп жа­за­ды.
Қазақ халқының өзіндік ру­хани болмысы, ұлттық ерекшелігі осы­лай пайда болды. Көшпенді өмір салты қазақтың алыс-беріс дәс­түрін қалыптастырды. Мұның ұлт­тық кодқа үлкен әсері болды.
Алыс-беріс дәстүрі. Заман мен тіршілік жағдайлары адамның дү­ниетанымын, мінез-құлқын, тағ­дырын қалыптастырып, әрбір ұлт­тың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тілі мен діліне әсер етеді. Абай «То­ты құс түсті көбелек» атты өлеңін­де заманның адамға әсерін бы­лай деп суреттейді:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Заманға байланысты қоғам өмі­рі қарапайым адамның бол­мы­сын қалыптастырады. Қоғам өмірі адам­ның қалыптасып, жетілуінің не­гізгі себебі. Адамзат өмірі – же­ке адамдардың қарым-қатынасы. Бұл қарым-қатынас адамдар ара­сын­да алыс-беріс арқылы болады. «Адамның күні адаммен» деген ха­­лық даналығы бар. Алыс-беріс – мал-мүлік тәрізді заттық құнды­лық­тар ғана емес, сонымен бірге, ол жақсы сөз, сүйіспеншілік, қам­қор-мейірімділік тәрізді рухани құндылықтармен алмасу көрінісі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қа­зақ адамның көңілін жақсы сөз­бен аулауды ұмытпаған. Ел ара­сын­да осылай өзара сыйластық, жан тыныштығы, жақсы көңіл-күй мен бейбіт өмір орныққан.
Қоғамдағы алыс-беріс дәстүрі табиғи құбылыс болып табылады. Әлем­дік тепе-теңдік заңы бойын­ша босаған орын бос қалмайды, бас­қа жолдармен қайтадан толып отырады, яғни бір нәрсе ауысып, оның орны босағанда – оны басқа нәрсе басады. Егер орын ауыс­тыруды беру дейтін болсақ, онда босаған орынды қайта толтыру – бұл алу болып табылады. Әрбір адамның алуы үшін де әуелі беруі керек екені белгілі. Берген нәрсе әлемдік тартылыс заңдылығы бойын­ша түрлі жолдармен қайта келіп, адам өзіне керегін әрқашан да таба алады. «Береген қолым алаған» деген сөз тегін айтылмаған. Осындай табиғи заңдылықты өмірден жиі көруге болады. Берген адамға оның керегі өмір ағымымен өздігінен келіп жатады. «Ұқсастар бір-біріне тартылады» деген әлем­дік тартылыс заңы бар. Адамның қасиеті қандай болса, соған сәйкес байлық келеді. Яғни адам өмірі оның ниет-қалауына көп байла­нысты.
Алыс-беріс дәстүрі қазақ хал­қының көшпенді өмірінде оның ұлттық кодын қалыптастыруда үлкен орын алған. Оның қонақ­жайлық, ашық мінезділік, сыйлас­тық, адамды құрметтей білу тәрізді өзіндік ұлттық мінез-құлықтары осы алыс-беріс дәстүрі арқылы қа­лыптасты. Түрлі жорықтарға қа­ты­сып, алыстан қыз алып, не болмаса қыз беріп, құда-құдан­далы болып, не болмаса мал бағу барысындағы көшіп-қону тәрізді әрекеттер кезінде халық үлкен қозғалыста болды. Алыс сапарда жолшыбай біреудің үйіне түсіп, қонақ болу, яғни сый-құрмет көру жиі кездеседі. Қонақ күткен адам сый-құрметті өзінің барын беру арқылы көрсетеді. Осындай ашық сый-құрмет көрген адам енді өз кезегінде де үйіне келген қонаққа сондай сый көрсетуге ұмтылады. Бұл табиғи қасиет. Алыс жолдан келген күтпеген қонақты қазақ «құдайы қонақ» деп аса зор іл­типатпен қарсы алған. «Біреу келіп қалар» деп асының құнды­сын сақтап отырған. Осылай мейі­рімділік, адалдық, береген­ді­лік тәрізді адами қасиеттер қалыптас­ты. Әсіресе, қазақ халқының қо­нақ­жайлық қасиетін осымен түсін­діруге болады. Келген қонақ­тан жөн сұрасып, оның көрген-білгенін естіп, өзі де қонаққа біл­ге­нін айтып, осылай білуге құш­тар­лық пайда болып, ой-өрісі да­мыған. Адамдар барыс-келіс ар­қылы біте қайнасқан. Нәти­жесінде көшпелі елдерде түрлі халықтардың әдет-ғұрпы, дүние танымы, тілі бір-біріне әсер етіп, ара­ласа сіңісіп, өзара байыта оты­рып, ұқсас және жалпыға бірдей мәдени орта пайда болған. Осылай көшпенділердің ұлттық коды қа­лыптасты.
Барыс-келіс қозғалысымен бол­ған алыс-беріс дәстүрі қазақ хал­қының тілі және дінін қа­лып­тастыруда да үлкен орын алған. Түркі халықтары қазіргі уақытқа дейін бір-бірін тілмашсыз-ақ тү­сіне береді. Ал көлемі қазақ же­рінен көп кішкене Германияда бір аймақтың немісі екінші аймақтың адамын түсіне алмай жатады. Олар­да әрбір аймақтың өз диалек­тісі бар. Қазақтың кең байтақ да­ла­сында диалект деген жоқ, сон­дықтан, қазақ тілі еліміздің барлық түкпірінде де бірдей.
Алыс-беріс дәстүрін қазақтың көп­теген салт-дәстүрінен де көру­ге болады. Мысалы, соғым сой­ғанда, түрлі той-томалақ кезінде, тіпті адам өлімінде де қазақтар елді жинап қолындағы барын беріп, халықты риза етуге ұмтылады. Нау­рыз мейрамында бір-бірін жеті тағамнан құралатын «наурыз кө­же­мен» сыйлайтын салт бар. Алыс-беріс барысында қонақжай­лық қасиет нығайып, ол әдет-ғұрыпқа айналды.
Қазақ халқының ойлау жүйесі, мінез-құлқы мен салт-дәстүрлері тәрізді негізгі ұлттық кодының қа­лыптасу себебі – алыс-беріс дәс­түрі. Бүкіл көшпенді өмірге ортақ, қазақтың ұлттық болмы­сының құпиясы да осы алыс-берісте жа­тыр.

Досым Омаров,
профессор, абайтанушы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.