Сиқырлы қобдишаның құпиясы
10.10.2018
1487
0

Асылдың сынығы, тектінің тұяғы – аяулы аға, абзал жанды ақсақал, қарымды қаламгер Бақытжан Момышұлы туралы сыр


Ол Ата даңқына лайық адал ғұмыр кешті

Өмірден көптің бірі емес, көп­ке үлгі, ізгі істерімен де, азаматтық бол­мысымен де, кісілік келбеті­мен де ел жадында сақтарлық аяу­лы сағыныш, асыл мұра, ай­қын із қалдыра білген тұлғалар өткен кезде, «олардың екінші ғұмыры басталды» десіп жатады. Мұндағы «екінші ғұмыр» – мар­құм­ның жақсы қасиеттері жайын­дағы жарқын естеліктер, артында қалған мол мұрасы туралы сүбелі зерттеулер, оның бағасын безбен­дер жан-жақты талдаулар шығар, сірә. «Дүние салған адам туралы сағынышты сөз ел арасында қан­ша уақыт айтылып, санадан шық­пай жүрсе – оның өмірінің де сон­ша жыл ұзара түскені…» деген уәжге де құлақ қойған жөн дер едік. Иісі қазақ үшін қадірлі қара шаңырақ – Момышұлы әулетінің түтінін түзу шығарып, туын тік көтере ұстап, Ата даңқына лайық, Алаш аманатына адал ғұмыр кешкен ақсақал Бақытжан Мо­мыш­­ұлының да екінші өмірінің басталғанына алты жылдан асып­ты. 2013 жылдың күзінде болған жылдық асының қарсаңында асыл жары Зейнеп Ахметова жазу­шының «…айналасына шуақ ша­ша күлдіретін сәттерін көз ал­дыңыз­ға елестетіп, көтеріңкі көңіл­мен еске алсын деп, оның та­бан астында тауып айтқан әзіл-қалжың, шымшымаларының қазірше қағазға түсіріп үлгерген бір парасын…» – «Әзіліңді сағындық» деген атпен жинақтап, оқыр­ман қауымның назарына ұсынған-ды. Бұл кітап кейін толық­тырылып, қайта басылды.

Бақытжан Момышұлы туралы жазылар кітап, айтылар әңгіме, шертер сыр да әлі алда деп сенеміз. Ал бүгінгі сөзді – оны негізінен жазушы ретінде ғана таныған, онша көп сұхбаттас бола қоймаған қарапайым қаламдасының інілік ізеті деп қана қабылдасаңыздар болады.

Жазуы – орысша, жан-дүниесі – қазақы

Әлдебір газет тілшісінің: «Сіз­ді жазушылар жиналатын жерден, жалпы қаламдастарыңыздың арасынан көре бермейміз, мұның себебі неде?» – деген сауалына Бақытжан Момышұлы: «Қазақша жазатын жазушылар мені «орыс­ша жазады, орыс» деп қатарына қоспайды. Ал орыс жазушылары «қазақтың жазушысы ғой, қазақ» деп көзге ілмей, шеттетеді. Сөй­тіп, ортада оңаша қалған­мын», – деп жауап берген екен. Мұны, бір есептен, өмірдің ащы шындығы десек, екінші жағынан, Бақытжан ағамызды негізінен қазақ тілінде оқитын бүгінгі қалың оқырман қауыммен етене жақындастыра түсудің қажеттілігі туындайды.
Рас, Бақытжан аға шығар­мала­рын орыс тілінде жазды. Олардың біразы қазақ тіліне аударылды, ал кейінгі жылдары жазылған кітаптары, қателес­песем, ана тілімізге әлі тәржі­мелен­ген жоқ. Мықты аударма­шы-әдебиет­шілері­міз алдағы уақытта бұл шаруаны қолға алар деген үміт бар.
Алайда, жазу тілі орысша бол­ға­нымен, Бәкеңнің қалам сілте­сінде де, айтар ойында да, келтірер мысалдарында да, кейіпкерлерінің бітіс-болмысында да, бейнелеу-көркемдеу тәсілдерінде де қайран қазақы табиғаттың жанға жақын жылы лебі есіп-ақ тұрады. Ол кісі өз шығармасына қажет кейіпкерді алыстан іздеп, оқиғалардың қи­сынын қиыннан ойлап тауып, ой-идеяны қиялдан құрастырып әуре болмайды. Кейіпкерді қа­шанда қасынан табады – дәмдес-тұздас, аралас-құралас, пікірлес-ниеттес қарапайым адамдарды таңдап алады. Бірақ олар – қан­шама қарапайым болғанымен, құр күйкі тіршіліктің соңында күй­беңдеп жүрген қуыс кеуде біреу­лер емес. Ата-әже, әке-шеше тәлімімен тәрбиеленген, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білетін, ақылды, парасатты адамдар. Оларды көп оқығанын көрінген жерде байқатып қалуға барын салатын, кеудесін мақта­ныш нәпсісі буған даңғойлармен де салыстыра алмайсыз. Салиқалы сұхбат құруға лайықты адаммен ғана, сондай әңгімеге оңтайлы сәттің ыңғайы келгенде ғана, сан түрлі тақырыпта пікір алмасуға құштар жандар десек, дәл келетін сияқты.

Қаламға айналған алтын жебе

Бұл жағынан келгенде, Бақыт­жан ағамыздың 2011 жылы, яғни, өзі дүние саларынан небәрі бір-ақ жыл бұрын, ізгі ниетті азаматтар­дың қолдауымен жарық көрген үш романының орны ерекше. «Явле­ние синего таутеке» («Көк тауте­кенің келуі»), «Предания князей времени» («Уақыт әміршілерінің әфсанасы») және «След птицы в небе» («Аспандағы құс ізі») деп аталатын үш кітап – жанры жөні­нен деректі романға ұқсағанымен, оқырманын өмірдің мәнін іздеуге жетелейтін өте ойлы туындылар. Бұл кітаптарды оқып отырған кез­де әркім-ақ өзінің бұл ғұмырдағы орны, мақсат-мұраты, атқарар ісі туралы толғанады. Тамақ ішу, ұйықтау, көңіл көтеру секілді пен­деуи қажеттіліктер өз алдына, әр адам баласы өзіне «Мен өмірге не үшін келдім?», «Алла-Тағала жаратқанда маған не міндет жүк­теді?», «Мен өзіме аманат етілген сол миссияны атқара алып жүрмін бе?», «Алла берген нығметті кә­деге асырмаса, оның ертең сұрауы болады, сонда қайтпекпін?» деген тәрізді маңызды сауалдар қойып, соған жауап іздеп, тыным таппауы керек. Сонда ғана оның санасы биіктейді, өресі өседі, қалың топтан суырылып шығып, Нағыз Адам деңгейіне көтеріледі.
Міне, үш кітаптың өзегінде де осындай ойлар мен ұмтылыстар сезіледі. Тұла бойы тұнып тұрған философиялық тәмсілдерге бай романның бірінен шағын үзінді келтірелік:
« – Скажите, ага, как далеко во времени может залететь эта ст­рела?
– Если жебе будет выпущен из крылатого лука книги, то она может улететь в вечность. Но если стрела будет пущена неумелой рукой из холодного сердца, то она упадет через час где-нибудь рядом с болотом забвения. Надеюсь, ты понял мое иносказание. Если ты справишься с этой задачей, я пойму, что ты начинаешь учиться слышать голос Великого Без­молвия, в котором хранится вся музыка Божественных сфер, – почти прошептал он и дал лошади шенкеля, трогая ее с места.
– Подождите немного, ага. Скажите, зачем мне нужно учи­ться слышать голос молчания? – бросился я к его стремени.
– Затем, что она может откры­ть для тебя немало Божественных тайн, ведь все мироздание стоит на великих секретах Создателя – пояснил он…» («Предания князей времени», 6-бет).
Бұл – роман эпилогынан алын­ған үзінді. Биік таудың етегінде авторға астына ақбоз ат мінген, қолына алмас қылыш ұс­таған ғажайып бір адам жолығып, бұған арқасындағы қорамсағынан алтын жебе алып, ұсынады. Екеуінің арасында біршама диа­лог болады. Жұмбақ салт аттының «Бұл жебе кітаптай ұшқыр қанат­ты садақтан атылса, мәңгілікке ұшады» деген сөзі автордың кө­кейіне ұялап қалады. Ол жебені оң қолына қыса ұстап, үйіне келген соң, аңғарса, жаңағы жебе қыс­қа­ра-қысқара… қаламға айналыпты.

Оқырман өресін өсіретін суреткер

Бәкең өз шығармаларында көнеден келе жатқан аңыз-әфса­наларды, дәруіштер мен тақуалар туралы танымдық тәмсілдерді, ұлы адамдар өмірінен алынған нақты мысалдарды өз ойларына шебер қиюластырып, сәтімен пайдаланып отырады. Бұдан туындының мазмұндық құны арта түспесе, еш кемімейді. Кейіпкер­лер әлдебір тақырыпты бірінен соң бірі іліп ала жалғастырып, әлгі мәселені жан-жақты, егжей-тегжейлі талдайды. Олардың өзара әңімесіне, қызу пікірталас­тарына елти отырып, оқырман ақырында өзінің де дүниетаны­мының толысқанын, білім көк­жиегінің кеңейе түскенін, сана­сында сапалық өзгерістердің бо­лып өткенін бір-ақ біледі.
Бақытжан ағаның жары Зей­неп апай Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы арқылы біз Бауыржан Момышұлы бабамыз­дың тек ел қорғаған ерен батыр, ұр­пақ жігерін жаныр намыс қай­рағы ғана емес, керемет парасат иесі, терең білімді тұлға екенін толығырақ біле түскеніміз рас. Ал жоғарыда аталған кітаптарының және басқа да шығармаларының арқасында біз Баукеңнің ұлы – Бақытжан Момышұлының да нағыз интеллектуал, өресі биік, аса бай білім иесі екеніне көзіміз жете түсті.
Бірақ, білуімізше, Бәкең ешқа­шан, ешқандай ортада өзінің білімін, таным көкжиегінің кеңдігін көрсетіп, мақтануды ойламаған. Жаратылысында кеуде керуді білмеген жазушы өзін қай жерде де, қашан болсын өте қара­пайым ұстайтын.
Бірде композитор Қалдыбек Құрманәлі жаңа үй алып, соның қуанышына кішігірім дастархан жасап, сыйлы кісілерді қонаққа шақырды. Бақытжан аға мен Зейнеп апайды әуелде өзі келіп, көлікпен алып кететін болған, бірақ аяқ астынан бір проблема туындап, үлгермейтін болды да: «Көкем мен жеңешемді сен алып кел», – деп маған тапсырды. Ал менде көлік – жоқ! «Ештеңе ет­пейді, такси ұстайсың, бірақ ал­дың­ғы орындығы кеңдеуін таңдап ұста, Бәкең аяғын созыңқырап, еркін отыратын болсын», – деді. Келісілген уақытта барып, әлгін­дей іші кеңірек, алдыңғы орын­ды­ғын артқа жылжытуға болатын қолайлы көлік тауып, Қалдыбек­тің үйіне алып барғаным бар. Сондағы Бәкеңнің қарапайым­дығы таң қалдырды. «Немене, бізге бір дайын көлікті қарастыру мүмкін болмады ма? Момышұлы басыммен, таяққа сүйеніп жүріп, көшеде такси күтіп тұруым керек пе? Айда, марш отсюда!» десе қайтемін деп қысылып, ыңғай­сыз­данып, жағдайды түсіндір­генім­де, бір ауыз сөзге келмегені-ай! «Е, жарайды» деді де, қойды…

* * *

Әр көрген сайын бұрын аңғарылмаған қызықты қырлары ашыла түсетін кинолар болады. Әр оқығанда әуелде маңызына бойламаған тосын астарлы ойлары біліне бастайтын кітаптар болады. Көзі тірісінде лайықты бағасын алса да, алмаса да, қайтыс болғаннан кейін барып нағыз қадірі арта бастайтын, өзінің бұл өмірдегі, өз ортасындағы орны қаншалықты бөлек екені сезілетін әулие сипатты, шынайы болмыс­ты адамдар болады. Бақытжан аға Момышұлы нақ осындай бітімдегі адам, дәл осындай қалыптағы қаламгер еді.
Ол кісінің шығармалары – арнайы кілті бар сиқырлы алтын қобдиша сияқты. Ол қобдишаны кез келген оқырман аша алмауы мүмкін. Ашса да, ондағы алтынды екінің бірінің қолға түсіре бермеуі де ықтимал. Бақытжан Момыш­ұлы кітаптарының терең сырла­рын ашып, талдап-таразылау – алдағы күндердің еншісіндегі іс. Жазушының өзі арамыздан алыс­тағанымен, оның өрелі ойлары, жарқын идеялары – жанымызға мәңгілік рухани азық болады әлі…

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір