«Салтанаттың» сахнаға шығуы
10.10.2018
1203
0

(Дәулескер күйші Төлеген Момбектің жүз жылдығына байланысты шағын естелік)

Осыдан шамамен отыз жылдай бұрын, Созақ ауданына, Сызған ауылындағы Төлеген Момбектің шаңырағына Алматыдан суретші-дизайнер ағам Аманжол Найманбаев, абайтанушы Жабал Шойынбет, үшеуміз жолға шықтық. Біз келген уақытта Төкең бәкідей бүктеліп теріс қарап, терезе жаққа телміріп, қалың ойдың құрсауына үнсіз бодау беріп жатыр екен. Біздерді көргенде қуанышын жасыра алмай: «Мен өз көзіме өзім сенер емеспін! Ал, келіңдер, төрлетіңдер, жоғарылатыңдар, жайғасыңдар» – деп, ұлық басымен құрақ ұшып, жаны қалмай бәйек болғанына біз, шыны керек, іштей қысылған едік. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, бірден үйдегі балалардың бірін дүкенге жүгіртіп, бірін мал сойдыруға жұмсады да, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін қызы Салтанатқа мойын бұрып:

– Салтанат, қарағым, сен бү­гін сабағыңды қоя ғой, ор­ны­ңа біреуді алмастыра тұр, – деп қысқа қайырды. Сонымен, әбден жайғасып алған соң, Төкең менің домбырамды қо­ра­бынан алдырып қол жалғатты да, бірер сәт шертіп болып:
– Домбыраңның үні жақсы, қол­ға жағымды, қоңыр үнді екен. Бір әттеген-айы – қо­сал­қы қашаған пернелеріңнен саусағым сүрініп жатқаны. Өзімнің домбырамды алып беріңдерші, – деді. Төкең бірден ауылдың ал­ты аузына салып жыр тол­ғау­лардан толғай жөнелді. Төкеңнің мұндай өнерінен бейхабар едім:
– Бұл менің алғашқы естуім екен, Төке, сірә, біз сіздің күй­ші­­лі­гіңізді ғана біледі екенбіз. Бұл қы­рыңызды бұрын біл­меу­ші едім, – деп сұраулы жүз­бен қара­ға­ным сол еді: – Кезінде мәдениет үйінде ав­токлуб меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде жаз жайлауға, тау бөктеріндегі шопандарға барып өнер көрсетіп, көңілдерін бір серпілтіп қайтушы едік. Сол сәтте бір қарияның: «Дом­бы­раң­ды тыңқылдата бермей, ән-жыр, термелеріңнен де бір тол­ғасаңшы» – деп қолқалағаны бар. Содан, амалдың жоқты­ғы­нан жыр-толғау, термелерді қол­ға алдым. Ол маған қайта ол­жа болды, – деп сөзін аяқтады.
Ұлы күйшінің өз күйін өз орын­дауында тыңдауға ниет­тен­­дім де, күйдің шығу тарихын да өз ауы­зынан естігім келіп:
– Төлеген аға, «Салтанат» күйі­нің шығу тарихын айтып, өзіңіз тартып берсеңіз, – деп өтін­дім.
– Ол кезде қызым Салтанат үш-төрт жаста болатын, – деп сөз бастады Төкең: – Анасының өмір­ден озғанына да он бес күн­дей уақыт болған. Бірде есік ал­дында малды жайғап жүр­ге­нім сол еді, Салтанат анадайдан ботадай боздап, «Қазір шешеме айтамын» деп, көз жасын тоқта­та алмай үйге қарай шалынып-сү­рініп жүгіріп келе жатыр екен. Алдынан шығып қызым­ды бауырыма басып жатып:
– Жылама, ботам, жылама, – деп, алдыма отырғыздым да: – Шешең енді бізде жоқ, ақы­лың бар емес пе? Сенің ендігі кез­де көз жасыңды көру әкеңе ауыр, – деп жұбатпақ болдым. Бірақ, баланың санасында әлі күнге шешесі есік алдынан көл­бең ететіндей көрінсе керек. Со­дан тағы бірде Салтанатты жо­ғалтып алып ұзақ іздедім. Бар­маған жерім, баспаған тауым жоқ. Көп іздеп тап­паған соң, үйге қайтып ора­лып ауланы бір шолып шығып ем, қызым көзінің жасын маған көрсеткісі келмегендіктен бе әй­теуір үйдің артына тығылып алып шешесін жоқтап, сағы­нып, қыстығып жылап отыр екен. Жүрегім қан жылап қа­сы­на бардым да, көз жасын сүртіп жа­тып, «Ех, әке ананың орнын баса алмас деген осы екен ғой» дедім. Өзегім өртеніп, күйзеліп оты­рып сол сәтте іштегі шерді күй­мен толқытып осы күйді дү­ниеге әкелген едім. Атауын «Сал­танат» деп қойғаным сон­дықтан, – деп сөзін сабақтады да, кенет домбыраны қоп-қоңыр үнімен сөйлете жөнелді.

Салтанат Момбекова – Түркістан облысы Созақ ауданы Таукент ауылындағы С.Кеңесбаев атындағы мектепте директордың орынбасары

Салтанат күйін Төкең өз дом­бырасымен орындағанда, жаңа­ғы айтқан сөздері көз ал­дымда кино кадрындай тізбек­теліп өте берді. Және одан әлде­қайда әсер­лі болды. Көзге жас келді. Аз кем ауыр үнсіздікті бұзған Тө­кең:
– Секен, сен бұл күйді үлкен сах­наға алып шықсаң, күйді сөз­сіз тірілтіп жіберетініңе еш күмәнім жоқ. Өзгертіп ойн­ай­мын десең, оған да мақұлмын, – деді де, маған батасын берді. Осы тұста әлденені қазбаламақ болып, бала-шаға, отбасың бар ма деп сұрады. Әрине деп жауап бер­генім сол еді, ақсақал ақеділ қалжыңына басып:
– Салтанат, сен шырағым, не­ғылса, сабағынан қалмай бара бер, – деп, езуімізге ақ­жарма күл­кі үйірді…
Әңгіменің ауанына шамалы қысылып, сөзді әрмен жалғамақ болып:
– Ақсақал, сіздің «Қос­ба­сар» атты күйіңізді жұрт талан-таражға салып жүргенін білесіз ғой? – дей бергенім сол-ақ еді, Тө­кең: – Маған десең, Құрман­ға­зынікі десін! – деп, нарау қыс­­­қа қайырды.
– «Бозінген» күйіңізді жұрт жақ­сы біледі. Нұрғиса әлі күнге «Отырар сазы» бағдарламасында Төлегеннің күйі деп жұртқа та­ра­тып та жүр, бұған өзіңіз не дей­­сіз? – деп едім, әнтек басын изе­­ді де жауап қатпады… Біраз­дан соң үнсіздігін үркітпек бол­ды ма:
– Осыдан он-он бес күн бұ­рын «Отырар сазы» оркестрін Нұр­ғиса Сызғанға алып келіп кон­церт берді. Сонда алдында отыр­ған оркестрдің белді бір дом­бырашысы «Салтанатты» орын­дады. Арқасынан қақтым. Ке­нет Нұрғиса орнынан тұрып, «Күй­ші мен емес, күйші Төле­ген» деп, ағайынның алдында мерейімді бір тасытып тастады. Онысына мың рақмет. «Ұлық бол­саң, кішік бол» деген, айна­лайын, Секен балам, аудан ме­нің жетпіс жылдығымды той­лап, атап өтпек, сен бір жеті ме­­нің қасымда қалсаң қайтеді?» – деп қолқа салды.
– Ақсақал, менің екі-үш кон­­церт, кездесулерім бар еді, мен айналып келейін? Тойыңыз­ға да келем, – деп едім, – Секен­­жан, сен келмейсің, жақын жерде емессің. Білем. Болмаса, сен домбыраңды қалдырып кет, тойға келмесең де, домбыраңды іздеп бір келетін шығарсың? – деген еді. Айтқанындай болды, бара алмадым. Ол – маған мәңгі өкініш болып қалды.
Ендігі бір өкінішім – өмірде өз өрнегі бар ұлы суреткер ал­ты-жеті жылдан кейін, жетпіс се­гізден жетпіс тоғызға қараған ша­ғында бұл пәниден қош ай­ты­сып кете барды. Сол тұста біз – әнші Мадина Ералиева екеу­міз, Тараз қаласының «Фосфор» мәдениет үйінде концерт беріп жатқан болатынбыз. Сол күні Тө­леген Момбек ағамыздың жам­басы жерге тиген қаралы күн­нің суық хабарын естіп көңі­лімізді орасан өкініш қап­тады. Кешкісін концертте Тө­леген туралы күйзеле отырып ес­телік айтып, біраз жыл бұрын ба­та алғанымды, аманат арқа­лап «Салтанат» күйін сахнаға шығару керек екенін жұртқа жет­кізіп, ортаға салған ойлары­мыз­ды, күйдің тарихын қозғай ке­ліп, Төлегеннің «Салта­на­тын» тұңғыш орындадым. Жұрт­ты жылатып, өзім де көз жа­сыма ерік бердім…

Секен Тұрысбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір