Ләйлі–Мәжін
02.10.2018
3858
1

«Ләйлі–Мәжнүн» дастаны – әлемге таралған көлемді дастандардың бірі. Поэманың ең көп таралған нұсқасы – Гәнжәуи Низами жазған нұсқасы. Кейіннен Физули, Жәми, Дехлеви, Науаи сынды Шығыс жұлдыздары өзінше көркейтіп, жырға қосты. Поэманың желісі бойынша Ләйліге ғашық болып, ғашықтың дертінен «жынды», яғни Мәжнүн атанған араб ақыны Қаис ибн Муадтың жан емірентер махаббаты шығармада көрініс табады. Алайда соңғы деректер бойынша «Ләйл» деген Жаратқанның образы, ал, Мәжнүн Жаратушыға ғашық болып жынданған жан деген де жаңа түсініктер қалыптасуда. Расында, түбінде маржандар жасырынып жататын Шығыс поэзиясы сонысымен қызық, сонысымен мәңгілік. Соңғы уақытта елімізде өтіп жатқан әдеби жиындарда да аударма мәселесі кеңінен талқылануда. Соның бір дәлелі – күні кеше Астанада өткен әлем ақын-жазушыларының «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» еуразиялық форумы. Бүгін біз белгілі ақын Несіпбек Айтұлы аудармасындағы өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науаидың «Ләйлі – Мәжін» шығармасының ықшамдалған нұсқасын назарлары­ңызға ұсынып отырмыз.

Бірінші тарау

Қайыстың дүниеге келуі,
оның кәмелетке толуы және жұрттың жүрегін жаулауы хақында.

Зынданда бұғауланған қол-аяғы,
Тұтқынын махаббаттың ел аяды.

Жайылған атақ-даңқы бұл ғаламға,
Арабта әмір өткен бір заманда.

Билепті қол астында қалың көпті,
Қақ жарған қара қылды әділ бопты.

Көтеріп төбесіне әрбір жанды,
Меймандай қарсы алыпты қаңғырғанды.

Ошақтың оты сөнбей айлап жаққан,
Қазаны күндіз-түні қайнап жатқан.

Көңілі дүниеге тарылмаған,
Қонақтан дастарханы арылмаған.

Өзіне жолаушыны тартып айқын,
Жұлдыздай жеті түнде жарқырайтын.

Салса да тіршіліктің қай қырына,
Асыпты ақылы да, байлығы да.

Дәулетті дарытыпты Қызыр оған,
Қойлары құмырсқадай құжынаған.

Өзі де білген емес иесінің,
Жылқы мен қанша екенін түйесінің.

Жалғанда жан болғанмен байлығы асқан,
Көңілін бірақ оның қайғы басқан.

Тәңірі бір балаға зар қылыпты,
Өзегін үзілердей талдырыпты.

Ұрпақсыз өтіп кетсе не болғаны,
Судай боп құмға құйған жоғалғаны.

Әзірге көрінгенмен құламастай,
Тамыры солмай ма ертең қу ағаштай.

Көктер ме бүршік жарып қу бұтағы,
Соны ойлап жатса-тұрса мұң жұтады.

Не керек енді қалған өмір оған,
Шуласа жапырағы жамыраған.

Сынғанда сыртындағы қауашағы,
Жарқырап жақұт шықса жарасады.

Артында ізін басар ұл қалмаса,
Сопайып сүрген өмір – құр далбаса.

Пендеге бермес шексіз байлық опа,
Тартқызар түбінде бір қайғы-қапа.

Армансыз, ажал қазір алса-дағы,
Тілегі орындалып, жанса бағы.

Өлем деп ұрпақ қалса қайтеді ойлап,
Шықпай ма батқан күні қайта жайнап?!

Атадан тұяқ болса туған ерек,
Шалқытар ел аспанын нұрға бөлеп.

Тоналған жапырағынан тұлдыр болып,
Сайрамас кәрі ағашқа бұлбұл қонып.

Көбелек шыр айналып жарқ-жұрқ еткен,
Жылт етпес, шырақ сөнсе сәуле төккен.

Үмітін келешектен кім үзбесе,
Жетеді мұратына шын іздесе.

Құдайды қарғамады, сілемеді,
Болар деп түбінде бір тілегені.

Жаратқан жарылқаса, бәрі де оңай,
Ұл тапты бәйбішесі көп ұзамай.

Жүзінен иман нұры тамған ұлды,
Алланың бергеніне тәуба қылды.

Емес пе халықтан сөз артылмаған,
Асылдан асыл туар жарқылдаған.

Гүліндей Иранбақтың жұпар аңқып,
Гауһардай нұр шашады көзді тартып.

Маңдайы кере қарыс, балпанақтай,
Жас сәби талпынады тыным таппай.

Ұлына той жасады шах қуанып,
Ағылып алыс-жақын жетті халық.

Байлықта судай шашқан шек болмады,
Тірі жан бұл қызықтан шет қалмады.

Шапқылап даяшылар тыныстамай,
Қалың жұрт қайнап жатты құмырсқадай.

Алаңдап сәбиінің өміріне,
Әкенің уайым кірді көңіліне.

Күтіп тұр қандай тағдыр, кім біледі,
Қуаныш жүрген жерде мұң жүреді.

Айырылса жалғызынан не болады,
Жас емес, жанарынан қан ағады.

Қиналып соны ойласа жаны қатты,
Аһ ұрып, көкірегі жалын атты.

Аймалап перзентін өліп-өшіп,
Біресе масаттанды көңілі өсіп.

Қайысқа тимесін деп жаттың қолы,
Айырым күтушіге бақтырды оны.

Тастаған үлде менен бүлдеге орап,
Бөбекті мәпеледі гүлге балап.

Бесігі жұпар шашқан гүлбақшадай,
Немесе кіп-кішкентай ұжмақ сарай.

Етіне шаң қонбайды, күн тимейді,
Үкідей үлбіреген үлпілдейді.

Бүлдіршін көз жасындай мөлдірейді,
Еміреніп ата-анасы елжірейді.

Баладан еш нәрсесін аямады,
Қорғаштап күтушілер аялады.

Көтерер пенде тағдыр артқан істі,
Балаға ойда жоқта дерт жабысты.

Әп-сәтте сұрқы кетті баласының,
Қан татып емшек сүті анасының.

Сонда да ұлы өмірге талпынады,
Үміттің жанып алдан шамшырағы.

Медет боп әулиелер жер-көктегі,
Балдырған ақырындап еңбектеді.

Алайда сырқатынан айықпады,
Есейді бунап бір күш ғайыптағы.

Жыласа, зарлы даусы жан тербеді,
Көрмесе бұл ғажапқа ел сенбеді.

Сайрады тілі шыға салысымен,
Шешендей суырылып топ ішінен.

Жас бала сөйлеп кетсе тақылдаған,
Бас шұлғып данышпандар мақұлдаған.

Барлығын ынтықтырып тыңдағанның,
Сырына қанықтырды бұл ғаламның.

Сөзінің тамсандырды дәмі көпті,
Талайға ақыл-ойдың дәнін екті.

Жылытып лебізімен жаурағанды,
Жүрегін ел-жұртының баурап алды.

Ұланның атақ-даңқы асты кемел,
Құмартты бір көруге естіген ел.

Ағылып шартараптан келген халық,
Қарады көзі тоймай көргенде анық.

Баланың баурап асыл заты мына,
Таң қалды көркіне сай ақылына.

Сүймеген, сүйсінбеген жан қалмады,
Патшаның, пақырдың да болды арманы.

Әңгіме одан басқа ұмытылып,
Сайрады мылқаудың да тілі шығып.

Шаттанып ата-ананың көңілі өсті,
Баланы сүйіп-құшып, өліп-өшті.

Тәңірдің тәуба етісті пәрменіне,
Ерекше туған ұрпақ бергеніне.

Заманда жүз құбылып күнде өзгерген,
Тіледі сақтасын деп тіл мен көзден.

Пәленің жоғалсын деп жанасқаны,
Бесігін дәру шөппен аластады.

Әкенің көңілін арман енді кернеп,
Оқуға бес жасында болды бермек.

Ұйытып әміріне көпті барлық,
Табуға білікті ұстаз етті жарлық.

Жасынан деді жинап білім нәрін,
Дүниенің танып-білсін ұлым бәрін.

Ақылы жұмыр басты жұрттан асып,
Мерейі аспандасын шалқып-тасып.

Жаратқан бағын ашып, жолын қылған,
Жер жүзін дана болсын табындырған.

Қолдай гөр зейінді ұлды, Пірім* менің,
Ақтарсын тереңдегі ғылым кенін.

Бір парақ қағазды оның қолына ұстат,
Маған да даналықтың жолын нұсқап.

*Пірі – Әбдірахман Жәми.

Екінші тарау

Қайыстың мектепке баруы, Ләйліні көріп, махаббат
дертіне шалдығуы хақында.

Ғылымнан дәріс берген мына маған,
Тыңдаған әңгіме бұл ғұламадан:

Білімнен жарқыратып шам жандырған,
Қайысқа іздеді ұстаз ой мен қырдан.

Болатын кемел ұстаз нағыз оған,
Бар еді сол елде бір абыз адам.

Оқытып бар баласын ел-жұртының,
Алмаған өмір бойы ол бір тыным.

Көргендер басын иіп құрмет еткен,
Жан екен жүрегінен сәуле төккен.

Ешқашан мақтанбаған кеуде керіп,
Ақылға, парасатқа берген ерік.

Болыпты қатал әрі қызуқанды,
Түзеткен тезге салып бұзылғанды.

Наданды, нақұрысты аямаған,
Алайда гүлді көрсе аялаған.

Күндіз-түн еңбек еткен, ерінбеген,
Көппенен жалғыз дәнін бөліп жеген.

Қара түн қараңғысы қалыңдаған,
Үңірейген ат қорадай көрінді оған.

Қымбатты күзеткендей қазынасын,
Қорғады оттан, судан өз ұясын.

Қасірет, қайғы батса ел жанына,
Қамалдай пана болды жел жағына.

Маржанға бай дегенмен өзін тіпті,
Тек қана біреуіне көзін тікті.

Құлпырған бақшасында бүрін жара,
Гүлдердің аялады бірін ғана.

Бір шамды шырайналып көбелектей,
Өртенді күйіп-жанып кереметтей.

Үйінде алаулайтын майшам жанып,
Сәулесі аспандағы айдан жарық.

Жарқ етіп көрінгенде оттай жанып,
Дүлей де қарай алмай кетті айналып.

Шам емес, кипарис ол жарқыраған,
Ынтығар бір көруге әркім оған.

Ай да емес, жұлдыз да емес кейде мүлдем,
Аумайды жалын атқан бейне күннен.

Көргендер құрақ ұшар жаны қалмай,
Құрмадай көз тартады дәмі балдай.

Таппаған ешкім теңеу осы бір жан,
Ай дерсің бұлт астына жасырынған.

Нұр жүзі, қара шашы толқын атқан,
Күн дерсің түнгі аспанды жарқыратқан.

Жарқырап түнде шыққан күнді көріп,
Пенделер таңды ұмытты, жынды болып.

Қара түн! Шын есімің Ләйлі сенің,
Кездірген ғашықтарға қайғы шөлін.

Екі қас ақ маңдайдың нұрын ашып,
Жарысар біреуінен-біреуі асып.

Түскен соң ортасына қап-қара мең,
Тұрғандай сабыр сақтап тоқтап әрең.

Ақ жүзі қара қаспен құп жарасып,
Толқиды толған айдай түнге ғашық.

Жел иген кипаристей қиылған қас,
Кім оны көрген сәтте күйіп-жанбас.

Екі көз сиқыршыдай жанды арбайды,
Дертіне ұшырасаң ем қонбайды.

Шарпиды өн-бойыңды қызу демде,
Жауһардай сұлу жанар сүзілгенде.

Тұрғандай көзін қоршап қарауылда,
Ұқсаған кірпіктері қара құлға.

Қас қақса зыр жүгіріп күндіз-түні,
Ерінбей қызмет етер құл – кірпігі.

Кірпігін құл деп қалма, бірақ ойла,
Мен өзін ұқсатамын құралайға.

Болмаса, өн-бойыңда толған айлаң,
Шіркінді түсіресің қолға қайдан?

Көргенді көркі ғажап шырғалаған,
Меңіне байланады бірден адам.

Түскен жан арбауына таңдай қағар,
Махаббат тұтқынына мәңгі айналар.

Аузына жұрт қарайды көзін алмай,
Аңқыған демі жұпар, сөзі балдай.

Ернінен білінеді үлбіреген,
Жүректің тазалығы мөлдіреген.

Тең келмес таңның алтын арайы да,
Лағылдай нұр шашқанда маңайына.

Шебер де мін таба алмас тас қашаған,
Жүзім де мөлдіреген аспас одан.

Аруға ақ қайыңдай таң қалғанда,
Тіріліп қайта тұрар өлген жан да.

Құтылып бұл пәниден бүгін көшер,
Өлмейтін өзгеше бір ғұмыр кешер.

Сөзіме сенбегеннің көзі көрсін,
Пәктігі періштенің өзі дерсің.

Түн түстес қос бұрымы бұлаң қағып,
Жайнайды түн қойнына шырақ жағып.

Тудырған атыңды Түн қойып әсем,
Құдіреттің түні де сен, айы да сен!

Жер жүзі сені мақтап жырлағанда,
Сөз таппас Ләйліге тең бұл ғаламда.

Түндердің ішіндегі ғажайыбы,
Мұндай қыз әкесінің көзайымы.

Байлыққа батқан әке белшесінен,
Дүние аясын ба еркесінен?!.

Ұстазы жолды нұсқап ғаділетті,
Білімнің шәкірттерге дәнін екті.

Ғылымның сусындатып құдығынан,
Ішкізді ізгіліктің тұнығынан.

Атағы кемеңгердің әйгілі еді:
Пейіштің періштесі Ләйлі деді.

***

Сұлуды көріп танды елдің есі,
Тарады айналаға әңгімесі.

Халықтан естіп осы кереметті,
Қайыстың ата-анасы елең етті.

Әкесі көп мақтаған елге сеніп,
Қайысты сол мектепке берді әкеліп.

Сүңгіді тұңғиыққа жастай келіп,
Мұхитқа түскен асыл тастай болып.

Білімнің нұрын шашып зердесінен,
Толқынды жарқыратты сәулесімен.

Сүрінбей қойған қатал сұрағынан,
Ұстаздың өтті барлық сынағынан.

Ұлы ұстаз ойы терең, жаны нұрлы,
Жұлдызы жанып туған таныды ұлды.

Жаһанда жан біткеннен асқан Қайыс,
Өмірге енді қадам басқан Қайыс, –

Ләйліге ынтық болып жаны өртеніп,
Сарғайды сағынышты көлеңке ғып.

Күн ғой ол қызып тұрған шашып жалын,
Күйдірер жақындаса ғашық жанын.

Май құйсаң жанған шамға алып келіп,
Маздайды одан сайын жарық беріп.

Ыстық құм бет шарпыған аптаптарда,
Қызбай ма одан бетер от жаққанда.

Дертің бар, уа, Махаббат, жанға батқан,
Сөнбейсің, жаралғансың жанған оттан.

Шарпыса бал мен шарап мұзды еріткен,
Күймейді қызуыңа қыз неліктен!?

Шарап, бал, сезім, ләззат қосылғанда,
Өртенген оңай тимес ғашық жанға.

Жауладың жанын, міне, Ләйлінің де,
Жүрегін жегідей жеп қайғы күнде.

Дірілдеп қалтырады, қалшылдады,
Шынардай дауыл ұрған солқылдады.

Жатқандай жер сілкініп қалмады есі,
Кетердей быт-шыт болып бар денесі.

Алаулап нарттай жүзі бозаңданып,
Сарғайды солған гүлдей тозаң қауып.

Жиналып айналасы бәрі келді,
Шақырды дәрігерді, бәлігерді.

Бар ма бұл топырлаған көпке сенім,
Табиғат кенеттен бір таппаса емін?

Пайғамбар Исаның да дәрмені жоқ,
Жазбаса Жаратқанның пәрмені кеп.

Түк шықпас тәуіптердің ем-домынан,
Ғайыптан көмек келмей демде бұған.

Тілегін тілеген соң уа, құдайлап,
Қайтадан шырай кірді өңі жайнап.

Қайғының қабағында қалмады ізі,
Жақұттай жарқылдады алма жүзі.

Сағынып құрбыларын бірге жүрген,
Асықты мектебіне күнде кірген.

Көз салып жұрттың бәрі көреді деп,
Өргізді сүмбіл шашын әдемілеп.

Жан болмай сұлулықта сәулеті асқан,
Жұлдыз да былай қалды сәуле шашқан.

Ғажайып қос бұрымы бұлаңдайды,
Дүние таңырқамай тұра алмайды.

Ернінің үстіндегі қара меңі,
Ноқаттай көз тартады ең әдемі.

Албырап нәзік үні үлбірейді,
Жүрегін бозбаланың тілгілейді.

Аузынан інжу-маржан төгілгендей,
Жібектен тәтті сөзі өрілгендей.

Жауһардай екі беті нұр таратқан,
Секілді саф алтыннан ұлпа жаққан.

Сүрмеге қара көзі жарасады,
Тұңғиық қара түнмен таласады.

Ажары найзағайдай жарқ-жұрқ еткен,
Жарқылдап, жасын атып бұлтты сөккен.

Найзағай шамырқанса нөсерді күт,
Нұр шашып жадыраса көшер бұлт.

Жайнаған мойындағы меруерт моншақ,
Жұлдыздай жыпырлаған айды қоршап.

Ұқсаған шашбауына ай нұрына,
Тең келмес бұл дүниенің байлығы да.

Сүюге жаралғандай бар бітімі,
Періште дерсің жүрер мәңгі тірі.

Көркіне үйден шықса елден асқан,
Тамсанып, таңырқады жер мен аспан.

Құлпырған қызғалдақтай оны көріп,
Шұбырды жеткіншектер соңына еріп.

Шаттықтың шарықтатып көкке құсын,
Қуаныш кернеп кетті мектеп ішін.

Ұстазы көріп нұрға толы көркін,
Ойнауға ерік берді емін-еркін.

Ұқсады сұлу көркі көкте күнге,
Сәуле боп жарқырады мектебінде.

Ләйліге ел көңілі шын құлады,
Бәйек боп зыр жүгірді құрбылары.

Бейне бір жұлдыздардай күн қоршаған,
Бақшадай не көктемгі гүлді аңсаған.

Көктем кеп басталғанда жаз ғұмыры,
Кенеттен бір ағаштың солды бүрі.

Күз келіп күйзелгендей атырабы,
Сарғайып жүдеу тартты жапырағы.

Көктемнің шаруасы жоқ шаттығында,
Жабырқап жалғыз өзі батты мұңға.

Махаббат дерті меңдеп қасіретті,
Қайыстың Ләйлі десе есі кетті.

Ғашықтық таптыра ма тағат ерге,
Қалжырап, түсті, міне, қара терге.

Танардай ақыл-естен қас-қағымда,
Шағылып ай мен күні аспанында.

Кім ұғар басқа өзінен мына халді,
Дірілдеп, бір қуарып, бір ағарды.

Тамшысын махаббаттың алғаш татты,
Масайды, одан өткен болмас тәтті.

Болған соң азат басы ләззатқа құл,
Төзбеске амалы жоқ азапқа бұл.

Қайыстың бірден сезіп ғашықтығын,
Ләйлінің тұман басты ашық күнін.

Жаулады нәзік жанын ғашық дерті,
Оның да Қайыста боп есіл-дерті.

Сезімнің тұнығынан шәрбат ішті,
Қайыстың азабына ол да түсті.

Тәккәппар басын төмен иді, міне,
Бағынып махаббаттың билігіне!

Тұра ма ұшқындамай от қызғанда,
Еппенен іңкәрлігін жеткізді ол да.

Сырт көзден әдеп сақтап абайлады:
«Табайын бір амалын, – деп ойлады.

Қайыстың тайынбасы айдан анық,
Баспасаң байқап қадам ойлап алып.

Кім білсін шын пәлеге қаламыз ба,
Өткізбес бөгет түсіп арамызға?

Еңіреп ол да жалғыз, мен де жалғыз,
Мектепте кездесуге зар болармыз».

Мұңайған ойлы көзбен ымдап қана,
Шақырды құрбыларын гүл бақшаға.

Жылына бақшада бір ғұмыр кешіп,
Шәкірттер серуендейтін гуілдесіп.

Маужырап, мүлгіп үнсіз тұрған бақты,
Шаттанып кірген жастар думандатты.

Лүпілдеп кеудесінде ғашық жүрек,
Қайыс та бір бүйірден қысылды кеп.

Жақын кел, Махабаттың бағыбаны,
Жасымнан жаным гүлге табынады.

Көзімді жарық дүние бүркемесін,
Танимын бір көргеннен гүл төресін!..

 

 

Несіпбек Айтов

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.05.2021 | 14:45

Шәкәрәмнің нұсқасынан сәұйықтау келген, бір кештік сйран сияқты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір