Ұлт ұстанымының зерделеушісі
02.10.2018
1612
0

Қазақ халқы ежелден даналық пен даралықты ерекше дәріптеп, жоғары бағалағаны бәрімізге белгілі. Осы дәстүрді жалғастырып, оны өзінің шығармашылығы мен ғылыми қызметіне бағдар еткен азаматтар арамызда бар. Солардың бірі – белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Есентайұлы Нұрмұратов.

Білім мен ғылым жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Серік Есентайұлы Сыр бойындағы Қызылорда облысының Жалағаш қыстағында өздерінің саналы ғұмырларын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, терең білім мен кәсіби шеберлік иелері, елге сыйлы ұстаздар Нұрмұратов Есентай мен Нұрмағанбетова Зағипаның отбасында 1958 жылдың 5 қазанында дүниеге келген. Ол ата-анасының өмірлік философиясы мен гуманистік дүниетанымын жастайынан бойына сіңіріп, қазақ даласы даналарының тағылымдарынан сусындауға ұмтылып өсті. Өмір жолындағы кедергілер мен қиындықтарды сабырлылықпен қабылдап, оларды жеңе білуді мұрат тұтты. Болашаққа қатысты ұстанымдарын жүзеге асыруға тырысу нағыз тұлғалардың ғана қолынан келеді десек, бүгін осындай биіктерге көтерілген­дердің бірі – Серік Есентайұлы талмай ізденіс жолына түскен ғалым.
Мектепті алтын медальмен бітіріп, 1976 жылы Қазақстанның маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің философия бөліміне оқуға түскен және оны 1981 жылы табысты аяқтаған С.Нұрмұратов өзі өмірін еліміздің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында дәріс беруге және ғылыми зерттеулер жүргізуге арнады. 1988 жылы Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық институтының аспирантурасын бітіреді. Содан қазіргі уақытқа дейінгі еңбек жолын Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Философия институтында ғылыми қызметкер лауазымынан бастап, осы ғылым ордасы қабырғасында отыз жыл қызмет етіп, институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
Серік Нұрмұратов 1989 жылы қазақстандық белгілі философ, дінтанушы Қатыршат Шапағатұлы Шүлембаевтың ғылыми жетекшілігімен «Қоғамдық пікірдің адамның дүниетанымының қалыптасуына әсері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, сол ғылыми зерттеуінде тұлға санасына қоғамдық пікірдің әсері қандай екендігін және оның әлеуметтік тыныс-тіршілікті демократиялан­ды­ру­дағы белгілі бір фактор болатындығын дәлелдеді. Серік Есентайұлының ғылым жолындағы алғашқы ұстазы, ғылыми жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қатыршат Шапағатұлы педагогикалық жоғары білім беру саласында гуманитарлық білімнің сапалы негізін қалауға атсалысқан көрнекті ғалым еді. Ол өзінің жұртшылыққа белгілі ғылыми еңбектерімен дараланып, даналыққа толы ақыл-кеңес­терімен ізбасар шәкірт­терінің жүрегіне жол таба білді. Ізігілікке бастар талай асуларда қиыннан жол таба білген ол ертеңге деген үміт отын сөндірмеуге ұмтылатын.
Ешкімге ұқсамас осындай қасиеттерімен ғылыми ортада өз орнын еншілей білген ол ұлағат иелерінің қатарында.
Жас ғылым кандидаты Серік Есентайұлы профессор Марат Мұхамбетқалиұлы Сужиков басқарған Ұлтаралық қатынастар зерттеу орталығының маманы қызметіне қабылданды. Желтоқсан оқиғасынан кейін елімізде ұлт мәселесін жан-жақты ғылыми зерделеуге, қоғамдағы әртүрлі қайшылықтардың астарын тануға ден қойды. Осы бағытта ізденістер жүргізген ғалым бірте-бірте рухани құндылықтардың терең мазмұнын қарастыруға толықтай бет бұрып, Қазақстанда аксиология саласының дамуына алғашқылардың бірі болып үлес қосты. Докторлық диссертациясын да осы күрделі тақырыпқа – рухани құндылықтардың қалыптасуы мен дамуына бағыттады.
Аксиологиялық мәселелерді елімізде теориялық тұрғыдан талдауды қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып көтерген және жүйелі түрде зерттегендердің бірі де – Серік Есентайұлы ол «Рухани құндылықтар­дың қалыптасуы мен дамуы: әлеуметтік-философиялық талдау» тақырыбына жазылған докторлық жұмысын институттың Диссертациялық кеңесінде табысты қорғап, рухани құндылықтар адамзат болмысының нағыз қайнар көзі екендігін дәйектеді, қазақ руханиятының сан ғасырлық тарихындағы эволюциясы туралы соны тұжырымдар ұсынды.
ҚР ҰҒА Философия және саясаттану институтын ұзақ жылдар бойы басқарған академик Әбдімәлік Нысанбаевтың ұсынысымен жас ғылым докторы 2000 жылдан бастап осы институттың «Қазақ философиясының тарихы» бөлімін басқарды. Қазақ халқының философиялық дүниетанымын зерттеу ісіне осы бөлім жұмысын жан-жақты дамыту арқылы жол аша отырып, өз зерттеу жұмыстарын арнады. Бірлескен ғалымдар бірнеше жыл бойы талмай еңбектеніп, «Қазақ даласының ойшылдары» атты 5 томдық жинақты жарыққа шығарды. Бұл еңбекте Қорқыт, әл-Фараби, Кожа Ахмет Иассауи, Ахмед Йүгінеки, Қадырғали Жалайыри, Абай, Шәкәрім, Махамбет Өтемісұлы сияқты ұлт тұлғаларының қазақ философиясы туралы көзқарастары сарапталып, олардағы шығыстық дүниетаным мәселесі философиялық мағынада алғаш рет жүйеленді.
Серік Есентайұлының ғылыми жетекшілігімен «Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер», «Қазақ философиясының тарихы. Ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін» 5 томдық топтамасы жазылды. Олар халқымыздың сан ғасырлық руханиятының терең қатпарларындағы құнды мәселелерді философиялық зерделеуге бағытталған тұрғыдан іргелі еңбектер екені сөзсіз. Өйткені, бұл еңбектер – ғылыми ізденіс жүргізушілер мен қарапайым оқырманның, әсіресе студенттердің үлкен сұранысына ие болған іргелі зерттеулер.
Бұл күндері С.Нұрмұратов өзінің 300-ден аса мақалалары мен жеке монографияларын әртүрлі тілдерде өз елімізде және халықаралық сұраныстар ықпалында жариялап үлгерді. Олардың ішінде дін мәселесіне, этностың саяси және мәдени өміріне, ұлт менталитетін зерттеуге арналған шығармалары көптеп саналады.
Ғалым – елімізде жүзеге асырылған қомақты жобалардың басы-қасында жүрген тұлғалардың бірі. Олардың қатарында «Мәдени мұра», «Ұлы дала тұлғалары», қазақ тіліндегі алғашқы «Философиялық энциклопедиялық сөздік», «Қазақ диаспорасы», «Ғылыми қазына», «Халық тарих толқынында» жобалары бар. Серік Есентайұлының жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы ғылыми ізденіс жүргізіп, диссертацияларын табысты қорғап, еліміздің жоғары оқу орындарында қызмет етуде. Ұзақ жылдар бойы институттағы диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, қазір ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Серік Есентайұлы жақсы ұйымдастырушы-ғалым ретінде институттың, жалпы отандық философияның елеулі табыстарға жетіп, заманауи сұраныстарға жауап беруіне өз үлесін қоса білді. Қазіргі кезеңде ол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасын теориялық және практикалық түрде өрбітуге атсалысуда. Саяси ғылым­дар докторы, профессор, Институт директоры Бижанов Ақан Құсайынұлымен бірге осы бағыттағы үлкен ғылыми бағдарламалардың ғылыми жетекшісі. Сонымен қатар, Серік Есентайұлы – берекелі отбасының иесі. Жұбайы Жазира екеуі заманауи мектеп сыныптарының үздік оқушылары Толғанай, Айсұлу, Жандосты дүниеге әкеп, тәрбиелеп отыр.
Руханилықты қоғам азамат­тарын тәрбиелеудің негізгі ұстанымы ретінде қабылдаған интеллектуал басшы, академик Ғ.М.Мұтановтың «Университет 4.0» концепциясын әлемдік деңгейде таратып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының студенттеріне өзінің мазмұнды дәрістерін оқып, болашақ ғалымдарға ғылыми ізденіс жолында бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеуден аянған емес. Жастар Серік Есентайұлымен кездесуді асыға күтеді. Себебі, өмірінен жинақтағаны мол ғалымның оларға берер тағылымы мол. Жылы шуақты әңгімелері жас жүректерге жол таба білген.
Білім алу мен рухани тәрбие мәселелері Батыс пен Шығыстың кемеңгер даналарының шығармашылығында ежелден кеңінен айтылып келгені белгілі. Ел руханиятының қалыптасуы мен дамуы туралы сөз болғанда, осы мәселелерді айналып өту мүмкін емес. Білімді ғана емес, сонымен қатар тәрбиелі, өркениетті ел ғана «Рухани жаңғыру» жолында болатыны айдан анық. Қоғамды берік сақтауға қабілетті ұлттық құндылықтарсыз мықты халыққа айналу мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, ұлтымыздың рухани байлығын, салт-санасын, әдет-ғұрпын сақтауға, оны дамытуға үлес қосқан азаматтардың, тұлғалардың іс-әрекеттерін үнемі насихаттаудан жалықпауымыз керек. Ғаламтор мен ұялы телефон әлемінде өмір сүріп отырған қазіргі жастарымыз жақсы мен жаманды, асыл мен арзанды ажыратудан қалып барады. Мәнді өмір туралы білім адам мен адамның қатынасын және олардың өзара сыйластығын дәріптеуден басталады. Нағыз ұстаздың әрбір сөзі, ісі, өмірі – кейінгі ұрпақ үшін тәрбиенің қайнар бұлағы. Осындай ерекше тағылымдық өнегесі бар, әлемді бір сүйем болса да жетілдіруге үлес қосқан жандарды ел руханиятының тірегі болар тұлғалар деуге болады. Осы қағидалы ұстанымдарды өзі өмірі мен шығармашылығына арқау еткен Серік Есентайұлын мерейтойымен құттықтап, ғылыми шығармашылық табыстар тілейміз!

Әбдімәлік Нысанбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі.
Гүлжиһан Нұрышева, философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасының меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір