Кісікиік боп келгем бұл өмірге, Кісікиік боп енді өтсем деймін
03.09.2015
2348
0

739427_2139269381_0_111Болат ШАРАХЫМБАЙ

КІСІКИІК

Таулар қалып, соңында дала қалып,
Көз ұшында бір тасқын барады ағып.
Жапан дала төсінде жалғыз киік,
Жан ұшыра жүгірер бебеу қағып.

Кеңістікті кеміріп көзіменен,
Көңілі өлең, өрі өлең, өзі де өлең,
Аққан жұлдыз сияқты ала таңда,
Зымырайды қазақтың жеріменен.

Айдарланып ай қонған төбесіне,
Жалғыздықтың жұтылып елесіне,
Жүгіргенде жанын сап жетпейді оған,
Көзмергеннің ысқырған жебесі де…

Қорым қалып, соңында мола қалып,
Жапан түзде бір жалқын келеді ағып.
Тұяғының астында көшкен күйден,
Жұмыр-жұмыр жер жатыр домаланып.

Дала мылқау, далада жел де мылқау,
(Азапқа сап жанымды өртедің-ау)
Енді тоқтар екенсің қайда барып,
Кісі киік келбетті тентегім-ау.

Ап қашады маң дала оны бізден,
Әнімізден айырып, сәнімізден.
Жан дәрменге салып ап жүректегі,
Зымырайды күнтекті Тәңір-ізбен…

Дөңгелеген дүниедей саяғым-ай,
Менің үркек әлқисса баяным-ай.
Жапан дала үстінде жалғыз киік,
Ауыртады жанымды баяғыдай,
Қайда апарып оны енді қоямын-ай!..

***
Серік болып жаныма шер-өлеңім,
Шоғыр-шоғыр ойларға көп енемін.
Кісілігі жоғалған бұл қоғамда,
Кісікиік боп қалсам деген едім.

Сырты мықты болғанмен, іші күпті,
Адам аз ба ұмытқан кісілікті.
Кісілік пен кішілік егіз нота,
Оны бірақ, беу, кімдер түсініпті?..

Кісі болу… Хақ-тәңір ісі дейді,
Бола берсін Алланың түсі мейлі.
Тұла бойын даланың қалтыратып,
Кісікиік-жүрегім кісінейді.

Өксік қысса кеудеме мұң құлайды,
Жоқтаушысыз жайымды кім сұрайды?
Көз ұшында байланған көк сағымдай,
Кісікиік-тағдырым бұлдырайды.

Тағдырымның азабын шексем мейлің,
Екіжүзді беттерге бек сенбеймін.
Кісікиік боп келгем бұл өмірге,
Кісікиік боп енді өтсем деймін…

ҚҰРТҚАНЫҢ ҰЛУЫ
(Әйгілі шаңқобызшы Юлиянаға)

Сен шалғанда, Құдая, қобызыңды боздатып,
Маңыраған мың батпан қайдағымды қоздатып,
Аза бойым қаза боп Бөрі азабын тартамын.
Бұлдыр-бұлдыр жолдармен қияндарға жортамын.

Күй кешемін сонан соң көкейімде күй тұнып,
Алпыс екі бұраулы қобызымды идіріп.
Аңсаулардан тұратын кіл мінәсіп өкініш,
Соның бәрін құйттай құтышама сыйдырып…

Көк аспанға жарқ етіп шашылғанда ғұсыл ән,
Қанатты үндер ұшады көкірегім басынан.
Бір қасық қан қамында жан алысқан, жан беріп,
Көкбөрілер ұлыды саусағыңның ұшынан.

Басым іші мың толғау – шалыс ойға шалыққан,
Алыс-алыс жол шегіп қанаттары талыққан.
Бір үн жетті сол сәтте қара түнді қақ тіліп,
Бөлтірігі жоғалып Бөрі анадай зарыққан…

Ырғақ тамып ызалы уақыттың үнінен,
Ғасырлардың көз жасын кесесімен сімірем.
Сосын анау таулардың сілімдерін қуалай,
Жүрегімді қолыма ап жын соққандай жүгірем.

Саусағыңның ұшынан төгілгенде құсалы үн,
Қиялымның басына қанат байлап ұшамын.
Құба төбе үстінде шоқиып мен отырам,
Шымыр-шымыр қайнаған зарға толып құшағым.

Ғарыш сарын бұл үннің құдіреті зор қандай,
Оның бәрі бүгінде баяны жоқ армандай.
Өрге төсеп төсімді кере қарап тұрсам да,
Бұл жалғанда мен болдым соры қалың сормаңдай.

Құба дөңде тұрып ап ұлушы едім үшкілдеп,
Қысырақтың үйірін қуушы едім үш күндеп,
Азу тісім ақсиып айға қоям ырылдап,
Ырылымды бірақ та түсінетін ешкім жоқ.

Күміс көмей, жез таңдай бебеу қаққан, беу, шерім,
Бөрі анадай зарығып көкке сауған емшегін.
Уақытты тоқтатып қояр едім, амал не,
Білген кім бар жалғанда бұ дүниенің өлшемін.

Тула, тула, шаңқобыз жан дертімді шымырлат,
Үні қалсын Қанғалдың құлағымда шыңылдап.
Жанда бітеу жарамды бебеулеткен Бөрі-саз,
Жұмыр жердің жүрегін солқылдатқан ұлы ырғақ.

Қимасым ең қашаннан тағдыр оғын тең бөлген,
Қысылтаяң шақтарда бауырым деп дем берген.
Азу тісі ақсиып көкке қарап ұлыған,
Бөрі анамның емшегін дәл өзіңдей мен де емгем,
Ұлысақ бірге ұлиық, кәне, Құртқа, кел, бермен!

Екі айыр ағашқа тағдырымды байлаймын,
Айдың алтын нұрына азуымды қайраймын.
Жарға салған моласын жалғыз Бөрі қалсам да,
Қара түннің кілкіген көз жасына тоймаймын.

СҰҢҚАРБҰЛАҚ ПЕН СҰҢҚАРТАС

(Нұрлан Мәукенұлының рухына)
Сұңқарбұлақ сулардың тазасы ма екен,
Сұңқарлықтың сұп-сұры назасы ма екен.
Сұлу жыр боп биіктен сорғалаған,
Сұңқарлар мен ақындар көз жасы ма екен.

Сұңқарбұлақ сулардың тұнығы ма екен,
Тасқындап аққан тасбұлақ ғұмыры ма екен.
Тас болып қатып жүректі сыздатып тұрған,
Усойқы уы көз жасқа жібіді ме екен.

Сұңқарлар шөлін баспаса тас жарар ма еді,
Сұңқарбұлақ бұл таудан басталар ма еді.
Кеудеңе өксік тығылып өмір кешпесең,
Жалғанға көзің сүзіліп жас толар ма еді.

Не десем екен, уақытқа – оралмайтұғын,
Не десем екен, өлеңге – орны толмайтұғын.
Не десем екен, құстарға, құбыла көшкен –
Құйрығымен қона алмайтұғын?..

Алтайы қалып, төменде Алматы қалып,
Бұлақтың үні жетеді алыстан талып.
Селт етпей тыңдап тұрады Сұңқартас сонда,
Сеңгір байлаған дауыстан шалып…

Сұңқартас, сірә, сұңқардың шырқауы шығар,
Тағдыры тәлей бұлттардың бұрқауы шығар.
Сұңқарға тұғыр болатын тастүлек тағдыр,
Ақынға өлең қашатқан бір тауы шығар.

От пенен суға денесі шарпылғанда да,
Жүрекке шаншу қадалып шарқ ұрғанда да,
Өзіне-өзі сыймастан аһ ұрғанда да,
Аспанға тура атылып ажалсыз қалар,
Сұңқарлар мен ақындар ғана!

АҚБӨКЕНДЕР

Ақбөкендер,
Ағылып құба белден,
Ұмыр да жұмыр алдымнан шыға келген,
Әуел баста сендермен бірге туып,
Бірге ойнаған даланың лағы ем мен.

Ақбөкендер,
Құйғытып құйындаған,
Маңдайына тыныштық бұйырмаған.
(Дөңайбаты басқаның тыйылмаған)
Өзін іштей жей берген сендер құрлы,
Мазасыздық о бастан үйір маған.

Жел өтінде
Мүжілген андыз-мекен,
Бебеу күйін кімдердің салғызды екен?..
Сендер ауып кеткенде Арқа жаққа,
Сол үйірден қалған мен жалғыз бөкен.

Бебеу қағып төсінде сағым белдің,
Жүрегіме от бердің, жалын бердің.
Қалсам деймін қадалып өңешінде,
Жем еткісі келетін әркімдердің…

Тұяғынан келеді ғасыр ағып,
Қонатындай болады басына бұлт.
Жанарынан үзілген боз тамшыны,
Көз жасыма тұрмын мен қосып алып…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір