Әдебиетіміз жаңа әлемге бет бұрды

0
38 қаралды

Арыстанбек Мұхамедиұлы,
ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Қазақ әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы баршамызды алаңдататыны даусыз.
«Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз?» деген мәселе баршамызға ортақ. Ендеше, түрлі мемлекет өкілдерімен мәдени және әдеби байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше. Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай ауқымды шара елімізде соңғы рет 1973 жылы өткен. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып ел ордасы – Астана форум қонақтарына құшағын айқара ашып отыр… Өз кезегінде жаңа замандағы әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін ел ордасы – Астанада қарсы алу – ұлтымыз үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік! Осы ретте, Мемлекет басшысының «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген қанатты сөзін тағы бір еске алуды жөн көріп отырмын. Бүгінгі шара – мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлем жұртшылығына таныстыру үшін берілген бірден-бір мүмкіндік!


Төлен Әбдік, жазушы:
Көптен бері әлемдік әдебиет өкілдерімен бас қосатын жиындар болмағаны мәлім. Өткен ғасырдағы Азия-Африка жазушыларының форумында да болғанбыз. Сан түрлі тұлғалармен әңгімелескенбіз. Кезекшілікте болып, жүгіріп жүріп қызмет жасадық. Әр елдерден келген жазушылармен аудармашы арқылы сағаттап сөйлестік. Әдебиет деген – үлкен өмір. Мұнда алуан оқиғалар болуы тиіс. Кешегі форум өте жақсы өтті. Жазушылар Одағының ұйымдастыруы жоғары дәрежеде. Енді осы игілікті іс жалғасын таба берсе екен. Қазақ әдебиетінің әлемге танылуы үшін мұндай шаралар өте керек. Ары қарай кездесулер көбейе берсе екен деп ойлаймын.


Бексұлтан Нұржеке, жазушы:
Бұл форумның ең басты жақсылығы – жазушылар бір-бірімен көрісті, танысты, шетелдегі жазушылардың жағдайын білді. Олардың қаламақыны қалай төлейтіні жайында, жазушыларға қандай жалақы беріп тұратыны жайында білдік. Секцияларда көптеген мәселелер сөз болды. Өте жақсы пікірлер айтылды. Ал енді министрліктен сондағы айтылған ұсыныс-пікірлерді, тың ойларды тыңдап, ұсыныстарымызды жазып алатын адамдар отырса, жақсы болатын еді. Сол жері ғана аздап кемшін тартты. Ал, форумның ұйымдастырылуы жоғары дәрежеде болды.


Әлібек Асқаров, жазушы:
Шынында да, бұл үлкен әдеби жүздесу болды. Көптен кездеспеген жазушылармен қауыштық. Түркия, Иран, Еуропа, бұрынғы одақтас елдерден көптеген жазушылар, Жазушылар Одағының төрағалары келді. Алапат қаулы-қарарлар қабылдамасақ та, көптен кездеспеген жазушылар бір-бірімізбен әңгімелесіп, жалпы шетелдерде қаламгерді қолдауда қандай мүмкіндіктер барын ортаға салдық. Қаламақы мәселесі қалай шешіліп жатыр? Мынадай нарықтық жағдайда жазушы қалай өмір сүруі керек? Қоғам, үкімет, жазушы тақырыбы бойынша әркім өз пікірін айтты, сұрақтар қойылды. Дискуссиялардың қызғаны сондай, ешкімнің түскі асқа шыққысы келмей, бір-біріне сұрақтар қойып, өздері айтып, бір-бірінен ой-пікір, идея алып, түрлі ұсыныстарды үкіметке ұсынсақ деп жатты. Екіншіден, өзіміздің жазушылармен де съезден съезге келіп қана жүздесіп жүретін едік. Әсіресе облыста тұратын қаламгерлермен кездесіп, бір қонақүйде жатып сұхбат құрдық, кім не істеп жатыр, не жазып жүр, бәрін талқылап, оңды әңгімелер қозғадық. Екі күн өте жылдам өтті. Бірақ сол екі күннің эстетикалық, рухани әсері тым бөлек болды.


Софы Сматай, жазушы:
Қазақ қаламгерлерінің басы қосылмай жүр еді. Біздің басымызды қосқан үлкен қозғалыс сынды болды, бұл жиын. Қаламгерлерде біршама сілкініс туғызды. Біз өзіміздің бар екенімізді, тірі екенімізді бес-алты жылдан кейін білгендей болдық. Мен – жиырма-отыз жылдай үйде жатқан жазушымын. Өзімнің халыққа, оқырмандарға керек екенімді білдім. Замандастарымызбен қарым-қатынасымыз қайтадан жандана бастады. Екіншіден, біз бұрын Кеңес Одағы кезінде шетелдік әріптестермен кездесіп тұратынбыз. Сол көптен бері қатқан сеңнің қайта қозғалуын көргендей болдық. Форумнан алған әсерім мол. Жазушылар одағы басшылығына рақмет!


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, драматург:

Мен 25 жылдан артық уақыт шетелдермен байланыс жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет атқардым. Міне, осы жылдарда Қазақстанның өз ішінде және шетелдерде үлкенді-кішілі көптеген жиындар, басқосулар ұйымдастыруға тікелей атсалыстым. Осыған орай, кешегі әдеби форумды өткізудің қаншалықты жауапты әрі қандай күрделі болғаны маған өте түсінікті. Оның үстіне, Жазушылар одағы бұған дейінгі 20-30 жылда халықаралық деңгейдегі ірі жиындар өткізіп көрген емес. Яғни, тәжірибесі жоқ деуге болады. Сондықтан да, менің өз басым, қаламгерлердің бұл үлкен жиыны ойдағыдай өте ме екен деп күмәнданған едім. Ал форумға басынан-аяғына дейін қатысып, жоспарланған бағдарламалардың қалай орындалғанын көргеннен кейін күмәнімнің негізсіз екеніне көзім анық жетті. Халықаралық жиын көптің көңілінен шықты деп толық сеніммен айта аламын. Бұл ретте, Жазушылар одағының бүкіл қызметкерлерінің форумды ұйымдастыруға бір кісідей жұмыла, ауызбіршілікпен атсалысқаны анық байқалды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де жиынға айрықша көңіл бөліп, шынайы жанашырлық көрсетті. Бұл да форумның маңызы мен дәрежесін арттыра түсті. Осыған орай бір жағдайды да айта кеткім келеді. Жиында әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы біраз өзекті мәселелер мен нақты ұсыныстар ортаға қойылды. Енді сол мәселелер мен ұсыныстардың шешілуіне де министрлік тарапынан осындай шынайы жанашырлық қадам болады деп сенеміз.


Қасымхан Бегманов, ақын:
Бұл форум – сөзсіз, қазақ әдебиетіндегі үлкен жаңалық болды. Қазақстан Жазушылар одағының ірі істерге кіріскені біздің көңілімізді қуантты. Иран жазушылары қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында меморандумға қол қойылғанына да форум барысындағы құптарлық шара деп қол соқтық. Олармен әдеби аудармалар жасау жайлы келісімге келу – расында, қуантарлық жайт. Болашақта алдын ала үлкен келіссөздер жүргізіп, кездесетін ақын-жазушылар бір-бірі туралы біліп, бір-бірінің шығарма­шылығымен танысып барып жолықса, нұр үстіне нұр болар еді. Шетелді айтпағанда, жан-жақта, әр облыста бір-бірін көрмей, естімей жүрген ақын-жазушылармен шұрқырасып көрісіп, пікір алмастық. Меніңше, форум өте сәтті өтті.


Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:
Астана төрінде екі күнге созылған еуразиялық әдеби форум дүркіреп өтті. Қаншама шетелдік және отандық қаламгерлер адамзат баласының руxани мәселелері жөнінде келелі байламдар жасады, өз ойларын ортаға салды. Әр жүректің төрінде Қазақ дейтін аяулы елдің тереңде жатқан асыл болмысы, ғарыштық танымы мен ақ-адал нанымы салтанат құрды. «Ізгі ой ойла. Ізгі сөз сөйле. Ізгі іс тындыр» дейтін Ұлы Далалық Зардуш пайғамбардың пайымына ұласып жатқан іс-шара еді бұл! Ниет болса, барлық істі атқаруға болатынын Қазақстан Жазушылар одағының ұжымы тағы бір дәлелдеп берді! Сонау Азия-Африка елдерінің форумынан кейін араға жарты ғасырға жуық уақыт салып барып Қазақстан Жазушылар одағы ұлт әдебиетінің Руxани алауын Еуразия кеңістігінің қақ жүрегінде және бір маздатқанына куә болдық. Әдебиет тойынан үлкен қуанышпен қайттық.


Исраил САПАРБАЙ, ақын:

Кешегі өткен форум өрісі кең жиын болды. Онда поэзия, проза, драматургия жанрларымен қатар аудармаға қатысты мәселелер де талқыланды. Осыған орай, Жазушылар одағы әдебиетімізде бұрыннан бар шығармаларды өзге тілдерге аудару мәселесін қолға алып жатыр. Бұл – өте құптарлық іс. Алайда бізде аудармашылар жоқтың қасы. Жазушылар одағының қаржылық мүмкіндігі де шамалы. Кіріптар болып отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қаржылай көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, аударма – практикалық жағынан үлкен шаруа. Мәселен, аудармашыларды жан-жақтан шақырту керек, олардың келген-кеткені мен жатқан-тұрғанынан бөлек қаламақысын төлеу керек. Дегенмен сең қозғалды. Беташар жиын өте жақсы өтті. Сосын осыдан 1-2 ай бұрын «Рух мейманасы» дейтін трактатым жарық көрген. Оның алдында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын толығымен оқып шықтым. Содан мынадай ойларға келдім. Яғни, әдебиетімізді шетелдерге шығару керек. Бізге мемлекеттік жаңа құрылым қажет. Алдағы уақытта Әдебиет және мәдениет министрлігі дейтін жеке министрлік ашылғаны жөн. Ал Спорт және туризм министрлігі өз алдына бөлек болғаны дұрыс. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әрқайсысына жеке-жеке қаржы бөлінуі керек. Осы орайда, Жазушылар одағы алдағы уақытта бір пленумды әлгіндегі кітабымда айтып өткен мәселелерге арнаса екен деген тілегім бар.


Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:

Өз басыма форум өте ұнады. Шетелдерден келген қаламгерлермен сұхбаттастық, әңгімелестік. Негізі, әр ел әдебиетінің түрлі күрделі мәселелері болады. Кейбірі бәрімізге ортақ болса, кейбірі әр ұлттың әдебиетіне ғана тән. Яғни, проблемасыз әдебиет жоқ. Осы орайда, кешегі басқосуда бір-біріміздің проблемаларымызды білдік. Форумда сол мәселелерді шешіп тастамағанымызбен, оларды әрқайсысымыз қалай шешіп жатқанымызды білдік. Жалпы, әдебиетіміз жаңа әлемге кірді. Ең бастысы, бір-бірімізбен таныстық, достасып кетпесек те, рухани жақындастық. Енді біз шығармаларымызды бір-бірімізге беріп және алып тұруымыз керек. Өйткені халық пен халық жақындаспаса, әдебиет алға баспайды. Ешқандай әдебиет өздігінен, сыртқы әлемнен бөлек дами алмайды. Ондай әдебиет ертеңгі күні керексіз болып қалуы, тіпті жойылып кетуі де мүмкін. Өсу үшін, биікке шығу үшін, жаңа өріс ашылу үшін әдебиеттер бір-бірімен жақындасуы керек. Бұған кешегі форум үлкен ықпал етті деп айта аламын. Алдағы уақытта осындай басқосулар жалғасын табады деп сенемін.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.