«УЛИСС». ТАҢДАУЛЫ КІТАП ТАҒЫНАН ТҮСКЕН ЖОҚ

0
25 қаралды

Биыл Джеймс Джойстың (James Augustine Aloysius Joyce) атақты шығармасы – «Улисс» романының шағын шолу журналына серияланып жарияланғанына ғасыр толды. Әрі бұл кітаптың басылып шыққанына – 96 жыл. «Улисс» – уақыт өткен сайын әлем әдебиетшілері мен оқырмандарының аузынан түспей, қадірі артып келе жатқан сүбелі еңбек. Мұндағы бірден-бір себеп: шығарманың адам өмірі мен ойына айрықша ықпал ететіндігінен болса керек. Сондықтан да, ол әлі күнге дейін таңдаулы кітап дейтін «тағынан» түскен жоқ. Бірақ, оны күллі оқырмандар ұнатып оқыды деуден аулақпыз. Кейбір оқырмандар, атап айтқанда, атағы бар жазушылардың өздері бұл жауһар туындыға басқаша көзқараспен қарайды. Төменде осы туындыға оң баға берушілер мен өзгеше сын айтқандардың пікірін ортаға салмақпыз.

Роди Дойл:
– «Улисс» мықты редактордың қолынан өтуі керек еді. Оқырман­дар бұл шығарманы үне­мі алдыңғы он үздік шығарманың бірі деп ба­ғалайды. Бірақ олардың бәрі бірдей осы шығармадан әсер алды де­­генге күмәнім бар. Егерде сен жазу­шы болып, Дублин диалек­ті­сін басы-көзге қарамай қолдана бер­сең, барлығы сені Джеймс Джойс­тың көшірмесі деп санайды.
Т.С.Элиот, «Тапсырыс және миф» атты мақаласынан:
– Мен бұл шығармадан үлкен әсер алдым деп ауыз толтырып айта аламын. Шы­ғар­мадан күмәнданудың өзі қате дер едім. Оның үстіне, біздің өмі­рі­міз бұл кітап­тан алыстай алмай­ды. Бұл – біз айтуға тиісті әділ әрі ақиқатқа жақын көзқарас­тардың ұш­қыны. Элегия айтып, оқыр­ман­дардың уа­қытын өлтіру ойымда жоқ. Бірақ, бұл туын­ды маған ке­ре­меттей қуаныш сыйлай алды.
Джойс Кэрол Оутс, Джеймс ту­ра­лы мақаласынан:
«Улисс» – ағылшын тілінде жа­зылған ең таңдаулы туын­ды­лардың бірі әрі бірегейі. Бұл шы­ғарманы әдебиет сыншылары ең ғажайып өнер туындысы санатына қосуы да ғажап емес. Жазушылық жа­сампаздыққа ие шенеу тәсілі қо­ланылған шығарманың өн бойы кей­де комедиялық тұстарға ұла­сады. Автор 1909-жылы Нора есім­ді оқырманына жазған ха­тын­да: «Сендер менің қаламымнан ту­ған әрбір шы­ғармамды оқиды деп сенемін. Кейбірі тым ке­ремет шы­ғармалар емес, тұрпайылау болуы мүм­кін. Ал, кейбірі өзім үшін де, өзгелер үшін де қымбат әрі құнды, рухты дүниелер, бірақ, бә­рі де менің шығар­маларым» деп тү­сінік бе­реді.
Ричард Форд, «Нью-Иорк Таймс» газетіне жазған мақа­ла­сы­нан:
– «Улисс» атты бұл шығарма ие­ленген аты­на сай емес. Бұл тек бір профессордың кітабы ғана. Егер сіз ирландиялық болсаңыз, бұ­ның бәрі мағыналы сезілер еді. Мен көп­те­ген кітап­тарды оқып, аяғына шыға алмай­мын. Тіпті, кей­бірі оқып тауысуға жетелей де ал­майды. Мүмкін, «талант» дер­міз, бірақ, бұл демок­ратия­лық жол­мен өлшенбейді.
Салман Рушди, Guardian жур­на­лына берген сұқбатынан:
– Бейне ой-санаңа жарылыс жа­сағандай әсер беретін ғажап туын­дылар болады. Ол туын­ды­лар­ды оқыған соң, армандаған әде­би мүмкіндіктерге көзің толық жеткендей болды. Джеймс Джойс­тың «Улисс» атты шығармасы, әне, сондай туындының бірі.
Карл Юнг, 1932 жылғы сұқба­ты­нан:
– 735 беттен тұратын бұл ро­ман­ның ішкі маз­мұнында айтар­лық­тай ештеңе де жоқ деуге бола­ды. Оқи бересің, оқи бересің, тіп­ті, бір­деңе түсінген кейіпке де ене­сің. Мен оқып 135-бетіне кел­мей жатып үміт үздім, оны оқып отырып ұйықтап кеткен сәттерім де болды.
Эдмунд Уилсон:
– Меніңше, бұл шығарма – на­ғыз талантты жазушының қол­таң­басы. Жаңа әдеби форма жасай білгені үшін Джойстың формула­сын шынайылық деп қабылдаған жөн. Құдды, ынты-шынтыммен ұнатқандай, бұл шығарма даңқты романдарлың биігінде тұра алады.
Джордж Мур, философ:
– Жуырда бір танысым «Улисс» романы­ның көшірме нұсқасын жіберді. Міндетті түрде оқимын деп сөз бердім. Бірақ, түгелі­мен оқуға кім­нің шы­дамы жетсін?! Амалсыз­дан ана жер, мына жері­нен үзіп-жұлып оқуға мәжбүр болдым. Бі­­рақ, Құдайым-ай, бұл кітаптан қалай зерік­кенімді білсеңіз ғой?! Мүмкін, Джойс арзан сөз­дер­дің үйіндісін кітап қып оқырманға ұсын­сам, мықты романшы бола­мын деп ойла­ған болар? Бұл туын­ды шынымен үмітсізден­ді­ре­ді. Аталған шығарманы адамдардың жалаң ой­лауы мен сезімін қағаз бетіне түсіруге ұм­тыл­ғаны деп бағалар едім. Бұл – өнер емес, бұл тек Лондонның көрсеткіш­терін көшіру ғана.
Энн Эйрайт:
– Джеймс Джойс мүмкіндігінің бәрін пай­да­ланған. Ол барлық есік­тер мен терезелерді аша ал­ды.

Ағылшын тілінен аударған
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.