Оралхан жайлы ойлардан…
02.10.2018
1950
0

***

Ағама «Оралхан» деп ат қойылуының өзі – тарих. 1943 жылы әкеміз Орал қаласында еңбек армиясында жүрген кезінде ағам сол жылдың 28 қыркүйегінде дүниеге келіпті. Анамыз «Әкесі Оралдан аман-есен оралсын» деген ырыммен «Оралхан» атапты. Ниеті қабыл болып, әкеміз аман-есен оралады.

Ғалия БӨКЕЙҚЫЗЫ,
Оралхан Бөкейдің қарындасы


***

«Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға іссапарға жібердім. Оралхан сол сапардан біраз жылдан кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң, осылай жаз! Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап, былғама. Онкүндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы, жанын ұғып-білу – жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған.
Әйтпесе, сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы. Шопан үйі, қойы, иті т.б.
Ал Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен. Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес.
Әттең, мен қалай байқамағанмын!

Шерхан МҰРТАЗА,
Қазақстанның Халық жазушысы


***

Ол уақыттары Шығыс Қазақстанда қазақ тілі аса қиындықпен дамып жатты. Орыстар көп болған соң, жергілікті жұрт та орысша сөйлей бастады. Сол өңірлерде мектеп, тіл Қалихан, Оралхандарды оқу арқылы сақталды деп сеніммен айта аламын. Олардың жазғандарының Шығыс Қазақстандағы халыққа ықпалы үлкен болды. Осы жағынан Оралханның халыққа тигізген пайдасы орасан зор деп ойлаймын. Ал Үндістанға жүрерінің алдында Серік Әбдірайымовтың үйінде бірге болдық. Ақырғы көргенім де сол болды. Жүрегі ауыратын адам емес сияқты еді. Ән де салатын, әзіл де айтатын, кез-келген ортада көңілді отыратын. Жүрегінің шыдамағанына қарағанда, іштен тынған, ойландырған көп дүниелері болған сыңайлы.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


***

Орағаңның жарқыраған кең маңдайы, екі қасының ортасындағы көзге көп шалына бермейтін тарыдай меңі, толқындай бұйра шашы, қыр мұрыны, өңіндегі күлген сәтте де табы кетпейтін мұң ізі, тік қарағанда өңменіңнен өтетін ойлы көзі, тек қалам ұстауға ғана жаралғандай сүйріктей саусақтары, басын бір жаққа кербұғыша қисайтып алып, қасын кере көкке қарап ақырын шашын сілкуі, кейде ақырын іліп қана кетіп, тауып айтқан өз сөзіне айызы қана миығынан жымиып тұруы, алқалы топтың алдында сөз тигенде бөгетті бұзған тасқын судай лықсыған сезімнің жетегіне еріп егіле сөйлеуі, ренжігенде қабағын ашпай сырт беріп, сыртына ішкі сезімі теуіп тұруы, қуанғанда балаша жеңілтектеніп кетуі, көңілді отырғанда ішек-сілеңді қатырып күлдіруі, адамның мінез-құлқын әртісше тап басып, тауып қайталап беруі, ренжіген кезде бойынан үскірік ұрғандай сұсты леп білінуі – қайсыбірін айтайын-ай, бәрі-бәрі Орағаңның жаратылысы бөлек таза жанына жарасып тұруші еді.

Талаптан АХМЕТЖАН,
жазушы, О.Бөкей атындағы сыйлықтың лауреаты


***

Мына дүниеде марал көп болғанымен, керіскедей Кербұғы жалғыз ғой, сол өр де тәкаппар кербұғылығы көбіміздің көзімізге қарамық боп түсті. Неміс Фридрих Ницще айтқандай, оның артық туғанын кешіре алмадық. Енді ше, қара сөз десе – О.Бөкей, қызмет, сыйлық десе – тағы сол, қылаяғы қыз-қырқын, келіншектерге дейін сол жаққа қарап қылмиып тұратын. Адам болған соң кімде кемшілік жоқ? Орекең де онсыз емес, бірақ көзіне айтуға қорқатынбыз, ізін ала қорқытатынбыз.

Марат ҚАБАНБАЙ,
жазушы, публицист


Оралхан Бөкейдің күнделігінен

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде бір-ақ алып суреткер бар. Ол – Әуезов. Ол – теңіз болса, біз – көлшік. Ол – бәйтерек болса, біз – маңайындағы балапан. Асылында, жалғыз ащы шындықты мойындағанымыз абзал. Мұхаң бізсіз… бір өзі болса да жалғызсырамас еді.

***

Мен кейде өзімді қос әйнектің екі арасында қалып қойған шыбындай бейшара да қауқарсыз сезінем. Кейде жағалауға жете алмай бұзылып, якорьге көгенделіп қалған Нұқ қайығындай жансыз да дәрменсіз сезінем. Ал кейде жел тиген өрттей лапылдай шарпып жанатыным, Алтайдың ақиығындай зеңгір аспанда қалықтап қайсар қылық көрсетерім бар. Қайғысы мен қуанышы жалғаса жарысқан тағдырыма ризамын да, тәуба, шүкір деймін. Бірақ… тым-тым құйрық-жалсыз қалдырған жоқпысың, Тәңірім?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір