МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ «КАЗПРАВДАМЕН» ШАРПЫСУЫ

0
74 қаралды

Тұрсын Жұртбай


Редакциядан: жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш» атты кітап жазып бітіргенін осы күні біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Себеп: кітаптың аз таралыммен жарық көруінде болса керек. Тек, «abai.kz» ақпараттық порталы ғана кезінде «Ұраным – Алаштан» үзінділер жариялап, оқырман ортасын елең еткізіп еді.
Автордың аталған шығармасы – тың деректерге, соны ой-толғамдар мен сараптауларға арқау болған кітап. Біз бүгін «Әуезовтің романының көзін жоюға ұмтылған…» науқанды баяндайтын «Сүлделер сүргісі» атты тоғызыншы таруды газетіміздің мүмкінідігіне орай ықшамдап беріп отырмыз. Бұл тарауда қайран Мұхаң «Казправда» газетімен айтысқа түсіп, әйгілі «Абай жолы» романын қорғап бағады.


…Берия қолға алынып, оған үкім дайындалып жатқанда, бұл күрестің нәтижесі қалай аяқ­та­ла­ты­нына алаңдаған орта, кеңестік билік жүйесі: әшкерелеудің жаңа науқаны басталады деп күтті. Сон­дық­тан да олар өздерін сақтан­дыру­дың шараларын қамдастыр­ды. Осындай талмалы тұсты қапы жібермеу үшін М.Әуезовке ең соң­­ғы, ең қастаншықпағыр, ең қиянат­ты соққы берілді. Қазақс­тан­­ның Орталық комитеті мен жазалау мекемелері құдіретті жез тырнағын М.Әуезовке тағы да батырды. Солардың сүптеуімен 1953 жылдың 2-маусымы күні «Казахстанская правда» газетінде белгісіз автордың «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» атты мақаласы жарияланды. Қазақ руханиятының аспанын тағы да бір сойқанды найзағай осып өтті.
Бұл – Мұхтар Әуезовтің толық талқандалып, қазақ ұлты «Абай» романынан айырылуының алғаш­қы қаралы дабылы әрі қазақс­тан­дық идеология жасақтарының қауқарсыз қалмағанын сездіретін «айбарлы шара» еді. Мақаланың авторын, біреулер газет редак­то­ры К.И.Никитин десе, хаттама­ны жақсы білетін Әбілмәжін Жұ­ма­баев – А.Брагин деп анық се­­нім­мен айтты. Алдыңғысы Қазақ­станда көп тұрақтай алмады, ал Брагин сүлдерін сүйретіп ұзақ өмір сүрді.
«Абай» романының тағдыры талқыға түсіп жатқанда Мәскеуде бас сауғалап қалуға болмайтынын М.Әуезов білді. Сондықтан да Алматыға аттануына тура келді. Артында алаң қалмас үшін «Ли­те­ра­­турная газетаның» бас редак­торы К.М.Симоновқа мынадай өтінішті тілше қалдырып кетті:
«Құрметті Константин Ми­хай­лович! Артық сөзбен, уақыт ала­тын кездесумен сіздің мазаңызды алмас үшін қайтар алдында сізге бір-екі ауыз сөз жазып кетіп отырмын, бәрінен бұрын менің ісіме, демек, Одақтың ісіне зейін қойып, жанашырлық талаппен қараған сіздің адамгершілігіңізге өзімнің шынайы, жүрекжарды алғысымды білдіремін. Кетер алдында бір ғана өтінішім бар, ол мақаланың таяу арада жарық көруіне байланысты тілек. Ешқан­дай қарсылыққа ұшырамастан бірінің үстіне бірі үстемелеп қосылып жатқан Нұрышевтардың «жанашырлықтарының» сал­да­ры­нан оның жариялануына ерекше қажеттілік тудырып отыр. Өйткені Академияның органында айтыл­ған пікірдің өзін олар ғылым­ның ресми пікірі деп қабылдайды. Сөйтіп ол – талқылауларға, өзгер­тілген басылымдарға, жоғары оқу орындары мен мектептердің бағ­дарламасын қайта қарауға жал­ға­сып кете береді. Софы Аллаяр айтқандай: «Көрпенің бір жібін үзсең, мың жібі тарқайды». Міне, сондықтан да сізден мақаланы тездетіп шығаруды өте, өте өтініп сұраймын, жалаңаш қалған жүй­кенің шүйкеленуін бір күнге болса да тоқтатуға мүмкіндік алғым келеді. Сәлеммен Мұхтар Әуезов. Мәскеу».
Неге екені белгісіз, К.Си­мо­нов­тың өзі комиссия мүшесі боп ұсы­ныс жасаған, өзі қаулы қабыл­дат­тырған бұл ашық хат жариялан­бай қалды. Сол тұста оның өзі де күдіктілердің қатарында болатын. М.Әуезовтің достарына айтқан пікіріне сүйенсек, ол хатты дер кезінде жариялауға К.Симоновтың қар­баластан қолы босамайтын кез­десулері, жайбасарлығы мен ұм­ыт­шақтығы бөгет болған сияқты.                                                                                                                               2.
Бұл басылым Мұхтардың тұла бойын тітіркендірді. «Абай» романы­нан айырылса оның өмірінің де мағы­насы қалмайтын. Сондықтан да түр­шіге, түйіле қолына қалам алып, «Ка­захстанская правда» газетінің 1953 жыл­ғы 2-маусымдағы «Абай» романы жөнінде» деген тақырыппен жария­лан­ған мақалаға орай «ескертулерін» жазды. Жаны күйгендегі жан айқайын түсіну аса қиындыққа түсе қоймас деген ниетпен және түпнұсқаны сақтау мақсатында «Казправданың» мақаласын және оған қарсы
М.Әуезовтің жазған хатын жарыстыра бердік. Мақаланың мақсаты:
«Ойы парасатты, көркем шығар­маны партиялық талап тұрғысынан сын көзімен қарай алатын әрбір тұлға «Казахстанская правданың» бұл мақаласын, мейлі ол редакциялық мақала делінсе де, партия мен кеңес халқының талданған кітап туралы шынайы пікірінің көрінісі емес еке­ніне еш күмәнданбаса керек. Кері­сінше, «Қазақ Ғылым Академиясы­ның хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтың редакциялығымен шыққан Нұрышевтің және басқалар­дың мақаласы да дәл осы «Казахстан­с­кая правданың» мақаласы сияқты Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қа­бақ­ты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес.
Бұл мақала, бұдан бұрынғы жа­рия­ланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған. Олардың арасындағы айырмашылық мынада ғана: бірінші жарияланымда Әуезовтің отыз жыл­дағы мұқым ғылыми-зерттеумен ай­налысқан өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айт­қан. Ал мұнда оның басты шығармасы «Абай» романын нысанаға алып, бұл шығарманың да көзін жоюдың ама­лын қарастыру»,– екенін М.Әуезов ашып айтты.
Қарабайыр, можантопай, жалаң жазғыруға құрылған, мақала авторы­ның пиғылы «ұлы орыс халқы, ұлы орыс мәдениеті» деген сөздерді шағын мақалада он рет «сүйсініп қолдануы­нан» байқалатын «сынсымақты» талдап жатпаймыз. Ешқандай тың пікірі мен көркем ойлы құны жоқ бұл мақаладағы пікірлер – Н.Н.Поспелов, Б.Степанов, С.И.Круглов, С.Бәйішев, С.Мұқанов сияқты беделді шешендер бес жылдан бері тұрақты түрде мін­бе­ден сарнап келе жатқан сары қарын сөздер еді. Оның мағынасы тура Б.Степановтың:
«Көшпелі өмірдің салт-дәстүрін әсірелеп суреттеуді біз жазушы М.Әуезовтің «Абай» романынан кез­дес­тіре­міз. Сол кездегі қазақ ауылын жазу­шы адамзаттың жұмағы (ком­му­низм – Т. Ж.) етіп көрсетеді. М.Әуе­зовтің жазуы бойынша ауылдың жайлауға көшуі салтанатты саяхат сияқты, қыздар да, әйелдер де жас мөлшеріне қарамастан үлде мен бүлдеге оранып, сайлы сәйгүліктерге мініп жүреді. Мыңғырған малы бар ірі байларды және олардың қалай уақы­тын өткізгенін моншақтай тізіп, революцияға дейінгі қазақ ауылын тым мадақтап, үлгі еткен автор ке­дейлер­дің ауыр тұрмысын ықылассыз баяндайды»,– деген сәуегейлігімен астасып жатты.
Әрине, Б.Степановтың қазақ кедейінің мүддесіне қаншалықты дәрежеде күйінді болғаны белгісіз, бірақ, қарауылға алғаны – Мұхтар Әуезов пен қазақтың ұлттық рухания­ты еді. Алайда, Бра­гин­нің бұл шағын сүйкетпесінің шолақ өрт сияқты лаңы үлкен болды. «Казправданың», оның ішінде Степанов сияқтылардың пікірі еленбей қалуы ол кезде мүмкін емес болатын. Оның үстіне Берияның қылмысы әшкереленіп, жұртшылық: енді қан­дай дүлей соғады деп үрейленіп отырған шақпалы шақ туған еді.
«М.Әуезовтің «Абай» романы жөнінде» («Казахстанская правда», 1953 жыл, 2 маусым): «Қазақ мем­лекет­тік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындап жа­тыр. Бұл шығарма – қазақ халқы­ның ұлы ақыны әрі ағартушысының көр­кем бейнесін сомдаудағы, өткен ға­сырдың екінші жартысындағы Қазақ­станның өмірін көркем бейне­леудегі алғашқы талпыныс болып табылады».
М.Әуезов (жалғасы): «Оған көз жеткізу үшін «Казахстанская правда» газетінің өзіне жүгінсек те жеткілікті, бұл мақала өзінің алғашқы сөйлемінен бастап өтірікке, бұрмалаушылыққа, желеуге (инсинуация) құрылған. Бі­рін­ші жолынның өзін: «Қазақ мем­лекет­тік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындап жатыр»,– деп бастайды. Кітап «да­йын­­далып жатқан» жоқ, осыдан бес ай бұрын осы баспа «Абай» рома­ны­ның бірінші кітабын осы мақалада атал­ған және автор осыдан бес ай бұрын шығып кеткен романның жаңа басылымында өзгертілген Дулаттың (газеттің қате көрсеткеніндей Болат емес – Дулат) есімі үшін Әуезовті тас-талқан етеді».
«Казправда» (жалғасы): «Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшілік­терді бірнеше рет атап өткен болатын. Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескер­меді, тиісті өзгерістер енгізбеді. Осы­ған байланысты роман авторы жібер­ген осы қателіктерге қайтып оралу қажет болып отыр».
М.Әуезов (жалғасы): «Осы ма­қала­ның екінші абзацы тағы да деректерді бұрмалаудан басталады, онда: «Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын»,– деп жазылған… Ал бұл романды бүкіл біздің отанымыз­дың, осы Қазақстан жұртшылығынан бастап, соның ішінде «Казахстанская правда» газетінің өзі де бар, ұлы кеңес одағының мұқым жұртшылығының жақсы бағалағанын, сол үшін партия мен үкімет осы романға 1949 жылы 9-көкекте бірінші дәрежелі (сталиндік деген сөзді қолданбаған – Т.Ж.) сыйлық бергенін, осы сияқты тарихи шындықтың бір де біреуі мақалада ескерілмейді, тіпті, әдеп үшін, тарихи әділеттіліктің талабын орындау үшін, оны былай қойғанда, кәдімгі кеңес мекемесіне тән қызмет тәртібі мен мәдениетін сақтау үшін болса да – шығарманың бойындағы қандай да бір жағымды жақты ескерте кетуді мақала авторы өзінің міндетім деп санамаған».
«Казправда» (жалғасы): «Роман­ның негізгі кемшілігі, М.Әуезов өзінің басты кейіпкері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында. Абайдың атақты феодалдың баласы екендігі, феодалдық-патриархалдық ортадан оза шығып, аса ірі өркениетті ойшыл дәрежесіне көтерілгендігі белгілі. Ұлы ақын өзінің өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның күйдіргісі мен кемшіліктерін әшкереледі. Өзінің барлық ғұмырын қазақ халқын ұлы орыс халқының мәдениетіне тартқан игілікті мақсатқа арнады.
Еңбекші халықтың оның өсуіне, ақындық толысуына, Абайдың көзқа­ра­сының қалыптасуына жасаған ық­па­лын бейнелейтін күрделі даму жо­лын көрсету – М.Әуезовтің міндеті бо­латын. Өкінішке орай бұған қол жеткізбеді. Біз, керісінше, үнемі фео­дал­­дар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өл­ті­ріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды кө­реміз. Тек кітаптың бір-екі жерінде ғана Абайдың қара халықпен, еңбек­шілермен кездескені туралы кездейсоқ көріністер ғана ұшыра­са­ды».
М.Әуезов (жалғасы): «Абай» ро­ма­нының жаңа басылымының бірінші томында қазір (1951 жылдан бастап) феодалдық ақындар деп табылған Дулат, Бұқар, Шортанбай, Марабай, Сабырбай сияқты, т.б. жекелеген адамдарға қатысты автор өзгерістер енгізді. «Абай» романының бірінші басылымы жарық көрген 1942 жылы және содан кейінгі 1947, 48, 49, 50-жыл­дары бұл ақындар халық шы­ғар­машылығының өкілдері ретінде Қазақстан мектептерінің оқулығына кірген болатын.
Иә, мақаланың мұқым өн бойын­да: «Өткен ғасырдың екінші жарты­сын­дағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады»,– дегеннен басқа роман туралы бір ауыз жақсы лебіз таппайды. Роман туралы тарихи шындықты ескерусіз қалдырады да «Абай» романының бірінші кітабы бойынша автордың өңдеу жұмысын жүргізгенін жасырып, мақалада екінші бір өтірікті расқа айналдырады. Онда: «Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескермеді, тиісті өзгерістер енгізбе­ді»,– деп мәлімдейді.
Анығында, «Абай» романы қазақ тілінде, яғни, автордың қолжазба нұсқасы бойынша, екінші рет 1949 жылы, ал автордың өзіне қаратылған сындарды ескере отырып түзету енгізген үшінші басылымы биыл, 1953 жылы жарық көрді. Бұл мақалада, сонымен қатар, Әуезовтің «Абай жолы» атты романының бар екендігі жөнінде қасақана аталмайды, сөйтіп шындықты бұрмалайды, оны: Әуезов партиялық әділ сынды ескере отырып осы мақалада ескерте кеткен «Ақын аға» романында (Бұл «Абай жолының» бірінші нұсқасы) 8 баспа табақ көле­мінде ауқымды өзгеріс енгізгенін, сондықтан да роман «Абай жолы» деп аталғанын айтпау үшін шындықты саналы түрде жасырған… Ал «Казахс­танская правда» газетінің өзі 1951 жылы күзде автордың Абай бейнесіне қатысты жүргізген жаңа өзгерістерін шынайы және оның атына лайық деп мойындай отырып, газеттің екі саны­ның қос бетіне жариялаған болатын. Ал қазір сол «Казахстанская правда­ның» мақаласы Әуезовтің еңбектері туралы қауесет таратып қана отырған жоқ, сонымен қатар өзінің бетінде жарияланған шындықты да өтірікке шығарып отыр.
«Мақалада бұдан кейін: «Біз, кері­сінше, үнемі феодалдар мен байлар­дың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсат­сыз, кәсіпсіз Абайды көреміз»,– делінген. Бұл тұжырым мақаладағы: «М.Әуезов өзінің басты кейіпкері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында»,– дегенді дәлелдеу үшін келтірілген. Мақала бұл жерде де шындықты өрескел бұрмалаған. Абайдың жастық шағынан бастап есейгенге дейінгі өмірдегі жақын достарының барлығы, «Абай» ро­маны­ның екі кітабында және «Абай жолының» бірінші кітабында көрсетілгеніндей, Ербол, Баймағам­бет, Базаралы, Дәркембай, Дәрмен және өзінің сүйікті әйелі, халықтан шыққан талантты әнші Айгерім де кедей отбасынан шыққандар».
«Казправда» (жалғасы): «Абайдың ұстазы әрі шабыттандырушысы ретінде, Абайдың өзі сынаған, реак­ция­шыл Дулат ақын суреттеледі. Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазия­шыл-ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсы атты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі».
М.Әуезов (жалғасы): «Келесі аб­зац­та, өзінің жосықсыздығы жөнінен сондай үрейлі, бірақ авторға қаратыла тағылған саяси айыптауы сондай қорқынышты: «Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшыл-ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсы атты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі,– деген жала жабады.
Осында келтірілгендердің ішіндегі жалғыз «жағымды кейіпкер» осы Тұраш. Иә, оның аты «Абай» романы­ның екінші кітабінің 519 және 597-беттерінде (Қазмемкөркем­баспасы, 1948) Айгерімнің емшектегі баласы ретінде аталып өткен. Сөзбе сөз алғанда: «Оңаша үйде ала көлеңке қоңыр кеш. Өзіне тиген жалғыздықты ырзалық рахатпен қабыл көрген Әйгерім сонша бір жақсы ән айтып жатыр. Әннің сылтауы бауырындағы кішкене баласы (Тұраш – бұл есім кейінгі басылымдарда сызылып қалған – Т.Ж.)» (519-бет) және 597-беттегі: «Абай Айгерімді алған жылдарда Ербол да өзінің Дәмелісімен үйленген болатын. Оның да (Тұраш­пен жасты – деген сөз де кейінгі басы­лым­да қысқартылған – Т.Ж.) Ысма­ғұл­дай жас жеткіншек баласы бар»,– деп жазылған.
Әрине, тіпті бала да болса оның атын атамау керек еді, бірақ осыны негізге алып: «Халық жауы Тұрашты сүйсіне суреттейді»,– деп, екі жасар сәбидің аталып қана өтуі – тек Айгерімнің көңіл-күйін беруге байла­нысты алынған өмірбаяндық дерек қана екенін ескермей, авторға қарата шектен тыс, әділетсіз, жалған айып тағуға бола ма? «Казахстанская прав­да» газетіндегі мақала шықпай тұрып автор «Абай» романының екінші кітабынан Тұраштың атын сызып тастаған болатын».
Иә, Мұхтар Әуезов осы уақытқа дейін бүкіл саналы ғұмырының мағы­насына айналған «Абай» рома­нын жан­ұшыра қорғады. Енді аянып қалатын еш қымбаты жоқ болатын. Бұл жолы жеңіліске ұшыраса, уақыт­ша да болса оның аты тарихтан сызы­латын еді.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.