Әдебиет транцформациясы һәм жанрлар бәсекесі

0
16 қаралды

Гун-Аажавын,
Аюурзана, ақын. Моңғолия

Біздің дәуірдің уақыт мәшинесі көз ілеспес жылдамдықпен кетіп барады. Көп нәрсе өзгерді, соның ішінде әдебиеттің жеделдігіне қайран қалуға болады. Бүгін біз – «Заманауи әдебиеттің бағыт-бағдары», «Осы заманғы әдебиеттің басты жанры», «Жаңа поэзия» атты қартаң ұстаздың семестрден семестрге секірген шұбалаңқы, таптаурын дәрісінің күні келмеске кеткенін көрдік. Бағдар сәт сайын өзгеріп, «жанр» деген ұғым анықтамасынан ауытқып барады. Әсіресе поэзияның қай жағы жаңа, қай жағы көне, қайсысы былғанышты, қайсысы жасанды екенін айыру қиынға соғуда.

Біз, бұрынғы социалистік қоғамда оқырманды бір дең­гей­лі қалыпқа салу үшін ар­па­лы­сып бақтық. Жалпы оқыр­ман­ның жеке-дара әлемімен санаспадық. Керісінше «жа­сан­ды көсемнің» көзқарасын әр­кім­нің миына құюды ойла­дық. Осындай ортада аяқ­тан­дық.
Жанр дегеніміз – шығарма­ның мызғымас анықтамасы еді. Жаңа шығармасын жария­лар­да көсемсөз зергерлері мен әдебиетшілер «трагедия», «са­тира», «батырлар жыры», «та­ри­хи төңкерістік», «тұрмыс­тық», «лирикалық» деп лақап атау беруі міндетті болатын. Оқырман өзінше пайымдау азаттығынан тысқары болды. Оларға аса құрметті хакімдер мен сарапшылар алдын ала ұғындыратын. Әдеби оқу­лық­тар да бір сарынмен жоғарыдан төмен қарай үгіттеліп, түсін­ді­рі­ле­тін. Бұл әйгілі «1984» ро­маны­нан бастап, «Фаран­гейт­­тің 451 градусына» дейінгі шығармаларда көрініс тапқан таныс құбылыс.
Басқа халықтар қайткенін қайдам, Моңғолияда кейбір жанрлар атымен жойылды. «Тарихи төнкерістік» шығар­ма­лар­­дың оқырмандары жоға­лып, «саяси жанр» деген пайда болды. Соңынан барлық шы­ғар­­ма тек «лиризмге» алмасып, оның да бүкіл мәні жоғалды.
Түр жағынан поэзияда «өл­ең», «поэма», «өлең роман» де­ген белгілі үш түрдің соңғы еке­уін таңдап жазып отыратын «ма­құлық» біржола ғайып бол­ды. Проза тек қана «әңгіме», «повес­ть», «роман» атты үш бөлек түр кейпінде қалды. Бі­рақ, ортаңғысымен де қош айтысар түріміз бар. Осылайша жалпы әдебиетте «өлең», «әңгі­ме», «роман» атты үш қана жанр қалды.
Журнализм ықпалының әде­биетке нақты орныға бас­тауы сонау Монтеньнің дәуірі­нен бері «хандық» құрған, қа­зір­гі «эссе» қоғамды сынап, мінейтін «деректі әңгімемен» синтезделіп, шынайы әдебиет­тің негізгі үш жанрына ықпал етіп, араласып жүр.
Сондықтан бүгінгі әдебиет­те «жанр» деген қатаң сауал қалды ма? Осындай шектеулі түсініктер түбегейлі жойылған­нан кейін әдебиеттің саналық жағынан азат етілген дәуірі кел­ді. Заманауи әдебиеттегі тран­с­формациялық нәтиже бойын­ша «жанр» деген қалып­ты түсінік жойылып барады.
Тарихи романды деректі романға жүктеуге болатындай. Өлең аталатын поэзиялық сана­ны, сонымен қатар лирикалық қысқа шағын әңгі­ме­лерді, кейде тіпті эссені де соған қарай икемдеуге болатын секілді. Сондықтан әдебиеттегі қай жанрды алсақ та бүгінгі бәсекеге қабілетті ме деген сұ­рақ­қа жауап берудің өзі мүмкін еместей.
Қызықтысы – көп жазу­шы­лар өзін таныстырғанда рома­нист, ақын, эссегер, көсем­сөз­ші деп негізгі жазбасындағы жанрларын алға тарта жөне­леді. Сондықтан мақаламен ғана айналысатын журналис­терді қоспағанда тек роман, өлең ғана жазатындардың ке­ңіс­тігі де жуық арада тарыла бе­ретін болады. Меніңше жан­р­­лардың азат синтезі, яғни, интертекстуал секілді интер­жанр болуы да ғажап емес. Бұл соншама жаңа нәрсе де емес. Көшпенділер әлемінде жазыл­ған ең маңызды туынды «Моң­ғолдың құпия шежіресі» болса — тарихи дерек, заңнама, ауыз­ша аңыз, көркем эссе, ғажайып ертегі, бақсының мөрі сонымен қатар ерекше абстрактылы поэтикалық әуезді қамтыған құрылымды дүние. Ешнәрсеге бағынбаған, жаттанды үлгіден тысқары сана көшпенділердің туабітті мінезіне сай келетінін сол туындыдан байқауға бола­тын­дай. Әр оқырманға етене «Ағайынды Қарамазов­тар», «Шебер мен Маргарита» ро­ман­дары да осындай құры­лым­да. Сондықтан әдебиеттегі интержанршыл­дықтың өзі көшпелі қауым үшін түпнегізді пайымының кеңістігін жаңа­дан бажайлауға, мүмкін нағыз ізденіске жорық жасауға бейім­десе керек. Ал, түзем текті жа­зу­шылар үшін саналық жағы­нан қайта қайту механизмі бол­уы да ғажап емес. Бұл жө­нін­де неше сағат бойы түсін­ді­ру­ге болар еді. Маған бұйырған он минутта жазғанымды ежік­теп оқуға ғана үлгереді екем. Бұдан өзгеге жағдай шектеулі болғанын түсінемін.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.