Әзіл-шыны аралас
21.09.2018
1671
0

***

Бірде Әбілахат Еспаев өзінің өскен жері – Жамбыл облысындағы Мерке ауданына қонаққа барады. Меркеліктер «Композитор жерлесіміз кел­ді!» деп, Әбілахатты жақсылап күтіп, үстіне су жаңа финн костюмін кигізіп жібереді.
Алматыға келген соң да Әбілахат әлгі жаңа кос­тюмін үстінен тастамаса керек. Әйелі Назым: «Ахат-ay, бұндай костюмді күнде киіп тоздырмай, тойға, сыйлы жерге барғанда ғана киіп, сақтасаң етті», – деп өтінеді. Әбілахат оған көнбейді: «Жо-жоқ, На­зым, бұл маған халқымның берген киімі, сондықтан мен оны күнде ки­меуге хақым жоқ» – дейді касарысып.
Бірде Әбілахат радиодағы жұмысынан түнделетіп шығып, аздап қызара-бөртіп үйіне келе жатқанда, бір бұзықтар бұрышта аңдып тұрып, жаңа костюмін шешіп алып кетіпті, Сөйтіп Әбекең үйіне жарым-жартылай жалаңаш, ағараңдап ішкиімшең кіреді ғой. Кірген бойда, көзі алақандай боп, шошып қалған әйеліне:
– Назым-жан, абыржыма! Халқым өзі киіндірді, өзі шешіндірді… Онда тұрған не бар?! – депті де, төсегіне қисайыпты.


***

Ақын Ғафу Қайырбеков (1928-1994) ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарған кісі. Ғафекеңнің қара қылды қақ жарғандай турашылдығы, табан астында айтып салар тапқырлығы, қазақтың қара тілінің майын тамызған шешендігі жөнінде қаламгерлер арасында талай-талай әңгімелер айтылып жүр. Солардың біреуі мынау екен…
«Жұлдыз» журналы редакциясында «ілездеме» секілді бір жиналыс жүріп жатады. «Журнал алдағы жылы қандай болуы керек?» деген бағытта жігіттер ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ортаға салып, жақ-жақ болып айтысады. «Жұлдыздың» атақ-абыройы онсыз да аспандап тұрған кез екен, әйтсе де пәлен деген айдар ашсақ, түген деген мақала жаз­сақ деп даурығысады ғой жігіттер… Жұрт құсап өңеш жыртып айтыспай, бір бұрышта үнсіз қалған жалғыз Ғафекең болса керек.
– Иә, Ғафеке, сіздің пікіріңіз қандай? – дейді әріптестері бір кезде.
Сонда Ғафекең иегін бір сипап қойып:
– Айтқандарыңның бәрі жөн ғой… Бірақ өстіп даурығып жүріп, аспанда тұрған «Жүлдызымызды» құлатып алмасақ бопты, ағайындар! – деген екен.


***

Баяғыда Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, бір топ қаламгер ел аралап, жер көріп дегендей, осы облыста қонақ болып қайтады. Араларында Қалтай Мұхаметжанов, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбек, тағы басқалар бар. Қалмұқан қайда жүрсе де қуақы тіл, қалжың сөзімен қаламдас достарын күлкіге кенелтіп жүреді екен. Үшінші күні астаналық меймандар екі топқа бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман ауданына баратын болып келісіледі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей, облыс басшылары дағдарып тұрған кезде Қалмұқан Исабаев топ ортаға шығыпты да:
– Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты «хандар» мынау автобусқа отырындар! Ал Қалтай, балтай, шалтайлар анау автобусқа барсын! – деп жұртты тағы да ду күлкіге батырыпты.


***

Жазушы Әнуар Әлімжанов (1930-1993) біраз жыл бойы Ескерткіштерді қорғау қоғамының бастығы болып қызмет атқарғаны мәлім. Әнекең сол жерде жүрген кезде жазушы Қалмұқан Иса­ба­ев­­ты жұмысқа қабылдапты. Бірер күннен соң Әнуар:
– Қалеке, бүгін мен саған сен білмейтін ға­жа­й­ып бір кафені көрсетейін. Кейін сен де бір кафені көр­сете жатарсың, – деп әзілдеп, таудағы бір кафе­ге апарып, сыйлап, күтіп жібереді.
Арада бірер жеті өтіп кетеді. Бірде Әнуар:
– Қалеке, сенің кафеңді көретін кезек те келіп қалды, — дейді.
Қу тілді Қалекең өтірік қипақтағансып, көзін төмен салып:
– Әй, Әнуар, кімге тәуелді болсам, сол кісіні не үйге, не түзге қо­нақ­қа шақырмаспын деп баяғыда, бозбала күнімде өзіме өзім серт бер­ген едім. Сол сертімді сен үшін бұза алмаймын, ғафу ет! – деп есікке қарай бұрыла беріпті.
– Қалеке, оның оп-оңай жолы бар, – деп Әнуар Қалекеңнің жолын кес-кестейді.
– Сертті бұзар ешқандай да жол жоқ! – дейді Қалекең де қасарысып.
Сонда Әнуар:
– Мен сені кызметтен шығару жөнінде қазір, табан астында бұйрық жазамын. Сосын екеуміз емін-еркін кафеге барамыз. Сенің есебіңнен отырамыз, ішеміз, жейміз. Сосын таңертең жұмысқа келген соң, сені қызметке қабылдап, қайта бұйрық жазамын. Келістік пе? – депті.


***

Әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев өмір бойы ат үстінде жүрген, зейнеткерлікке шыққанша Өр Алтайдағы үлкен бір колхозды басқарған кісі екен. Сол кісі жетпісінші жылдардың басында зейнеткерлікке шыққан соң партия­лық билетін ауданға әкеліп рақметін айтып тапсырыпты да, өзі ауылға барып молдалық құрып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкей (1943-1993) елге барған бір сапарында Шанақтың ауылын іздеп барып, ақсақалға арнайы сәлем береді. Әңгіме арасында Оралхан:
– Шәке, біз сізді коммунист деп ойлаушы едік. Енді, міне, молда боп кеттіңіз. Осы екеуінің қайсысы шындық? – деп әзіл-шыны аралас сұрақ қояды.
Сонда Шанақ аспай-саспай:
– Екеуі де шындық, шырағым. Менің коммунис­ті­гім бергі жағында еді де, молдалығым – арғы жа­ғында, тереңде шөгіп жатқан болатын, – депті.


***

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин жиырма жыл бойы ерінбей-жалықпай материал жинап, екі жыл стол басында тапжылмай отырып, әйгілі «Аласапыран» романының екі томын жазып шығады. Осыншалық қауырт жұмыс үстінде кейде жаны қиналған кезде қою етіп демдетіп, деміл-деміл шай іше береді екен. Мұқаңның үйіндегі Бақыт жеңгеміз:
– Шайды неге осынша қою ішесің? Асқазаннан не қалады? – дейді екен жаны ашып.
Ондайда Мұқаң:
– «Аласапыранды» аман-есен бітірсем, асқазанның маған керегі болмас, – деп әзілмен құтылады екен.
Кейін «Аласапыран» да бітеді, ол еңбегі том-том болып жарық көріп, Мемлекеттік сыйлыққа да ие болады. Бірде Мұқаңның досы жазушы Сұлтан Оразалинов:
– Иә, Мұқа, шай мәселесі казір қалай болып жүр? – деп сұраса керек.
Сонда Мұқаң:
– Бұрын менде жазу да, шай да, асқазан да бар еді. Қазір соның үшеуі де менен қашқақтап жүр: жазу жоқ болған соң шайды қайтейін. Шай ішпеген соң асқазан да қадірсіз болады екен, – деп жауап беріпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір