Жазушы – жан инженері

0
26 қаралды

Ертеректе газет-журналдарға ұсынған дүниелерімізге орай небір танымал қаламгерлерден жауап келіп, ақыл-кеңестер алып отырушы едік.
Ол да арнайы жүйеге қойылған тәрбие жұмысы екенін енді бағамдай бастадық. Бүгіндері идеология жоқ деген желеуді көп айта береміз. Идеологияны сырттан таңатын ұстаным яки қолға ұстата салатын жалау іспетті санайтын тәріздіміз. Идеология – ұлттың болмысы болар. Осы орайда, әдебиеттің ойнайтын рөлі қашанда аса зор болғаны тарихтан мәлім. Термоядролық бомбадан да қуатты СӨЗ деген құдірет бар. Жаратылыстың өзін – сол СӨЗден бастау алды деген негіз де тегін емес.

Тағы бір айта кетерлік әтте­ген-ай, қазіргі таңдағы көзі тірі классиктеріміздің өзінен кейінгі жастардың шығармаларына де­ген немқұрайлылығы. Тіпті, кей­бірі жазу (проза) өзінен соң мүл­дем тоқтап қалатындай кө­­­­реді екен… Жазушылар бір-бі­рін оқы­майды. Елеп-ескеріп ара-тұ­ра пікір де айтпайтын сыңай­­лы. Ме­нің оқығаным Серіктің: бір кез­дегі Қазаны бұр­­қырап жата­тын қазақ әде­бие­тінің ошағы суып, емен-жарқын шұр­қырас­қан төрінен ел қаш­қан­дай…
Ақын-жазушылық басына қон­ған кісі – киелі адам. Әлде, ақын-жазушы деп жүрген­де­рі­міз­дің талайы сол киеден жұрдай, үш қайнаса «сорпасы» әдебиетке та­тым бермейтін қара суды са­пыр­ған біреулер ме?
Шығармашылығымен та­ны­мал бола бастаған Серік Сағын­тайдың үш әңгіме­сін оқып шығып, азғана түйген ойы­мызды ортаға салғанды жөн сана­дық.
«Гүлмира», «Қарға» және «Теңіз толқынындағы кафе» де­ген әңгімелері болды. Бірден айтайын жазушының тілі өте жатық. Кей­бірлеу құсап «жаңа сөздерге» аса таңсық еместігі көрініп тұр. Та­биғат суретін де әдемі келістіріп бе­ре біледі:
«Сарыесіктің жазығы Қоян­шо­қыдан өзенге қарата қодыра шөп­ті, ерменді боп кетеді. Топ то­былғысына қараған араласа, кү­бі ыстар майлы бұта тікенекті та­пал тоғайға айналады. Еспе құм да емес, топырағы майлы. Бірақ, қо­дыра шөп, жусан басқан. Мұн­дай топыраққа көде байла­натын, шал­ғынымен шұрай біте­тін». Бұл Серіктің «Қарға» деген әңгіме­сінен алын­ған сурет.
Бұл әңгіме қарғалардың тір­ші­ліктері және олар туралы адам­дар­дың не ойлайтыны жайлы бас­талады.
«…Қарғалар өзара сөйлеседі екен. Қарқ-қарқ етіп, қиялай ұшып бара жатқанда маңындағы тамырына әлденені ескертіп ай­та­ды-мыс. Не айтатынын кім біл­ген?! Өз кебімізге түсіріп, «Қу құл­қын шығар?» дейміз кейіп. «Қарқ-қарқ. Кеттік. Егістік жақ­қа барып қайтайық, туыстарымыз келе бастаған сыңайлы. Бұл қо­ра­ның маңында аса мардымды тағам жоқ тәрізді, қарқ-қарқ…» Не айтады дейсің басқа?!» деп ке­те береді.
Алғашқыда елге онсыз да бел­гілі қарға тірлігін осынша несіне тәп­тіштеп кетті екен деген күдік­ке де қаласың. Неде болса әйтеуір бір ақпарат қой деп жылжи бе­ре­сің. Содан: «Совхоз ыдыраған соң төрт-бес жыл жапырылмай жат­ты. Бір жылы өртеніп кетіп, келер көктемеде көдесі ту бітіп, жа­сыл жазираға айналар деп күт­кен ел. Олай болмады. Тусырап, ша­ла иленген тулақ құсап, қау­ды­рап жатты. Тобылғының түбірі қа­лып, қарағанның қаңқасы жа­сыл тікен-тырнағын сойдитты. Ары­ған өзеннің жел жемірген жа­­рына қаңбақ паналап, қаң­ғы­бас құйын шаң көтергенде бұл­ғақ­қа араласа кететін. Сол жа­зық­ты былтыр ерте көктемде Жә­кем әкімнен қағаздап, қалап ал­ғанда біздің ауылдың білгіштері жағасын ұстады. «Қу тақырға қа­ла салайын деп жүр ме? Анау жы­лы қарбыз еккен кәрістер те­мекі өсіріп, оған жуа ма, пияз ба, әйтеуір өздері қуырып жейтін ащы бірдеңелерін қоса отыр­ғы­зып, ақыры шөп шықпастай ғып кет­кенін біледі ғой». «Әй, бұл түйе асырайын деп жүр». «Түйе асы­раса қуырдаққа қарық қы­ла­ды да…» дегізген қаңқу сөздерді ту­дырып, Жәкем деген кісі іске кі­ріседі.
Сөйте бергенде тағы қарға ара­ласып кетеді.
«…Қарғаны қолға үйретіп, жем­деп, тұқымын сұрыптап, қап-қа­расын аласымен будандас­ты­рып, жыл аралатып тағы сұрып­тап, бәлкім, қараңғыда ұстай ма, та­мағына маңызды мәзір ой­лас­тыра ма, қайткенде де ақ қарға тұқымын шығаруға бола ма екен?..» деп келе: «Әйтеуір, қарға ту­ралы әңгіменің бір шеті өкі­нішке кеп тіреледі. Қалада, да­ла­да да құзғын көрсең, ескі бір елес­тер тірілетіндей. Сол жылы ауыл­ға барып, күнбағыс план­тациясын қорығандағы өкініш естен кетпес…» деп аяқталады.
«Апыр-ай, мына қарғалар қыр соңымнан қалмады-ау, қара-құ­ласы аздай енді ағы, ала-құла­сы қаптады!» деп нали бастайсың. Сөйтсем, шөңгедей жабысатын жө­ні де бар екен. Алдыда тосып тұр­ған уақиға осы қарғалар төңі­регінде өрбиді екен. Оған жет­кен­де ғана бұл туындының басты өзегі қарға мен адам арасындағы трагедия екенін ұғасың.
Қаламгердің жазу мәнері, тіл байлығы, суреткерлік қабілетіне еш шәк келтіре алмайсың. Тек, біршама жазбагерлерге тән бір олқылық бұл азаматтан да аңға­рыл­ды. Жалпы, көркем әдебиет­тің негізгі мақсаты – осы дүниені көр­кемдік тәсілмен бір немесе бірнеше кейіпкердің ішкі жан-дү­ниелік толғаныстары арқылы бей­нелеу емес пе? Әңгіменің ішін­дегілер аты-жөндері аталға­нымен – егер мінез-құлқы мен ойы, әрекеті суреттелмесе, оның жан­ды яки жансыз зат екені неғайбыл және еш ерекшелігі жоқ көлеңке іспетті қараң-құраң болып қала беруі мүмкін. Шы­ғарма бірін­ші жақтан жазыл­ғанымен ол ав­тордың өзі емес қой. Осы орайда қар­ғалар туралы кімнің айтып жатқа­ны­нан көз жазып қаласың. Әрбір орам со­ңынан ой қорытқан баян­даушы кейіпкер ме әлде автордың өзі ме деп те ойланасың.
Бұл әңгімені – аяғы аяусыз­дық­пен аяқталатын, ақыры қар­ғыс-налаға соққан, тіршілік заңы­­на қайшы келетін, қатігез­дік­ті әшкерелейтін ұлағаттық маңызы бар дүниелердің жиын­тығы деп қабылдадым.
Өйткені, уақиға сырттай өр­бі­ген сияқтанғанмен, оны қабыл­дау, бағалау, сарабын жасау: адам­ның санасы мен жанында. Өз­ге­ше келтірсек, күллі төңірек біздің ойы­мыздың туындысы. Оқыр­манға кейіпкер керек. Оқырманға кейіпкердің жан-дүниесі таңсық. Кейіпкер дана яки шала ой айт­са да кешірімді. Себебі, ол да оқыр­ман сынды бір пенде. Ал ав­тор­дың өз бетін ашуына еш­қан­дай мұрсат жоқ.
Серіктің «Теңіз толқынын­дағы кафе» де­ген шығармағасы да қайғылы уақиғаға жетелейді. Жо­ғарыда айтқаны­мыз­дай: бұл жерде де сурет­теу мен баян­даулар орын алып кеткен тәрізді. Алайда автор сөзбен салған суреттерді тебірене көріп, иланасың. Шын­дыққа өте жанасымды көрініс­терді бере алған. Бір әттең-айы, уақиғаның тағы да төбе үстіне шығып кетуі. Кейіп­кердің тағдыры яғни оның ойда қалатын кейіп-кеспірі мен жан тебіренісін уақиға жұтып алған. Қаншама көрікті суреттеу мен өмірдің жақсы-жаманын ажы­ратып, адами бағалықты дәріптесе де автордың ерен еңбегі – газет бетіндегі хабарлама сын­ды болып қала береді. Өйткені, бұнда адамның аттары бар, өздері жоқ. Соған қарамастан оқырман үшін тартымды болу себебі: бойы­мызда әлі де гумандық қа­сиет­тердің сақталуы, жанашыр­лық, қайғыға ортақтаса білуі­міз­ден шығар. Өмірі көрмеген, біл­­меген біреулер апатқа ұшы­рап­ты деп естісек, «обал болған екен» деп жаның ашыры күмән­сіз. Ал көркем шығармадағы туысыңдай боп кеткен кейіпкерің ондай күйге душар болса, жәй жана­шыр­лық білдіріп қана қоймай, өгіздей өкірер ме едің?! Менің тұспалым сол ғой…
Жазушының «Гүлмира» әңгі­ме­сі ауыл балалары бастан кеше­тін таныс уақиға. Қалам­гердің сөз саптауы еркін, әңгіме желісі ширыққан сайын оқырманын өзімсініп, бауы­рына тар­та бастайды. Әңгіме ақынжанды ба­ланың бала махаббаты хақын­да. Ақынжанды бала әңгімеде аңғалдау болса, Гүлмира есім­ді қыздың тәрбиелі, естияр еке­нін аңғарамыз. Кейіпкер образ­дары барынша ашылған. Ноқай де­ген қарадүрсін жігіт те өзін өзгеше та­ныта алады. Осы тұстан алғанда тұр­мыста кездесіп жататын жат оқи­ға желісі болған бұл әңгіме көш ілгері көрінді. Қалай де­ген­мен де бұл әңгімеде тағдыр бар.
Алдыңғы әңгімедегі «қар­қыл­дап» соңымыздан қалмаған қар­ғалар құсап, бұнда да ішкі сезімді су­рет­теу сәттерінде жанартауға жо­лыға бересің. Әрине, көкі­рек­тегі асау сезімді бір қабат жа­нар­таудың жалынды атқағына теңеп қойса еш айыбы жоқ. Кейіпкердің тебіренісін жеткізу үшін өзге де амал жетіп жатқан сияқты. Сау­сақ­тың бедері секілді адам пси­хо­логиясы да өзінше әр қыйлы емес пе. Сондықтан, махаббат де­ген атау ортақ болғанымен оны әр­кім өзінше қабылдайды. Жазу­шының мақсаты сол ерекшелікті та­ба алуында; сүйіспеншіліктің қа­перге келмейтін небір керемет қырын оқырманға аша білуінде.
Қорыта келгендегі ой: көр­кем дүниенің алтын діңгегі – кейіпкер екенін ұмытпауымыз керек. Қал­ғанының барлығы – Күн­ді ай­нал­ғандай, сол төңіректі тол­тыратын «жабдық» болуы тиіс. Кейіпкер болмысын сомдау жазу­шының шеберлігіне бай­ла­нысты. Кейде автор кейіпкерін сырт­тай суреттеп, таныстырып жа­тады. Ал шығармадағы кейіп­кер­дің сөзі, іс-әрекеті кейде ав­тор­дың өзіне бағынбай кетуі де мүмкін. Жалпы алғанда әңгімеге жанр белі көтеретін жүкті ғана артуға ты­рысып, артық-ауыстың бәрін қы­рып-жонып, сүйріктей дүние шығаруға талпынған жөн сияқты. Тым үстірт кетуге де бол­майды. Со­сын сөз қорым мол екен деп ше­шенсіп, білгірсу де авторға зиян. Шекті сезіп, сезімге де шек­теу қоя білу абзал. Осын­дайда «Автор – идиот, который не знает, о чем пишет» деген қағытпа сөзді еріксіз еске аласың. Әрине, жетісіп жүрген ешкім жоқ. Тек, ара-тұра қаламгерлер арасында – осындай наз секілді пікір ал­масу­ды дәстүрге айнал­дырып, бір-бірімізге қол ұшын созып жүр­сек, ұтыла қоймаспыз…
Сондықтан жазушылық қол­таң­басы қалыптасқан Серік бау­ры­мыз­ды сынап-мінеп, одан береке табу­ды көздеп отыр­ма­ғаным енді тү­сінікті болар. «Не бір керемет уа­қиға болса да со­ның жетегінде кет­пей, мынадай шұрайлы тілің­мен – терең ой мен жарқын се­зім­ді кейіпкер жүре­гінен жа­нар­тау­ша атқылатып, «Жазушы – жан инженері» деген ұстаным­ды таңдағаныңды қалар едім», – де­ген тілекпен пікірімді түйін­де­гім келді.

З.Самалбекұлы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.