Өзгені емес, өзімізді ұлықтауымыз керек

0
102 қаралды

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ,
суретші, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағы Басқармасының төрағасы:


Өмірбек Жұбаниязов – туындылары талғампаз сыншылардың жоғары бағасына ие болып жүрген, ұлтжандылық пен жаңашылдықты қатар ұстанған талантты суретші. 2001 жылы елбасы Н.Ә.Назарбаев «Кездесу» атты полотносын Қазақстанға келген сапарында Рим Папасына сыйласа, «Мәмлүктері» Катар шейхына тарту етілген. Өнертанушылар қылқалам шеберінің Президент резиденциясы, президенттік Мәдениет орталығы, Тәуелсіздік сарайы, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы төрінен орын алған картиналарын ұлттық бейнелеу өнеріне қосылған сүбелі үлес санайды. Халықаралық және республикалық фестивальдердің жүлдегері.


– Өмірбек аға, осыдан бірер ай бұрын Қа­зақ­стан Суретшілер одағы Бас­қар­ма­сы­ның төрағасы болып сайландыңыз. Бас­шылыққа келгелі кезек күт­тір­мей­тін қандай мәселелерді шешуге кірісіп кет­тіңіз?

«Бозторғай. Заман» 2014 жыл

– Негізгі мәселелердің бірі – отан­дық суретшілердің туынды­ла­рын халыққа кеңінен таныту. Осы орай­да «Меломан», «Абди» ком­па­ния­ларымен келісімшартқа отыр­ғанбыз. Қазір «Меломан» сауда же­лі­сінің қойындәптер, күнтізбе, дәп­тер сияқты өз өнімдері сурет­ші­леріміздің картиналарымен көр­кем­делуде. Бұл – бұрын-соңды бол­ма­ған игі іс. Өнерсүйер қауым жақсы бі­­леді, кезінде Ресейден «Белый го­род» дейтін топтамамен сурет­ші­лер­дің авторлық альбомдары шығып тұра­тын. Көлемі шағын, алайда түрлі түс­ті суреттері болғасын өте қымбат тұ­рады. Бізде де осылайша жылына 10-15 суретшінің жеке альбомын шы­ғару мақсатында жекеменшік кә­­сіпкерлермен, белді компания­лар­мен келісімшарттар жасалуда. Ал басты қиындық – мәдени астанамыз Ал­матының өзінде жеке көрме за­лы­мыз жоқ. Аталмыш мәселе бойын­ша қалалық әкімшілікке де хат жаздық. Мәдениет министрлігі де бұл жөнінде хабардар. Бізге қа­ладан бос бөлме не ғимарат беруін сұ­рамаймыз. Өзіміздің одаққа қа­расты бір қабатты ғимаратты инвес­ти­ция не субсидия арқылы үш қа­бат­ты ғимарат етіп қайта тұр­ғыз­ғымыз келеді. Соның екі қабатын көрме зал­дары етуге болар еді. Реконс­трук­ция­ның жобасы да дайын тұр. Осы арада айта кетейін, бұрынғы кеңес­тік елдердің ішінде тек бізде ғана жеке сурет академиясы жоқ. Елі­мізде тәуелсіздік алғалы бері ха­лық­аралық деңгейде не фестиваль, не биеннале өткен емес. Осы тектес ша­ралар ұйымдастырылып, су­рет­ші­леріміз шетелдік әріптес­тері­мен жақын араласса, өздерін өзгемен салыстыру арқылы ізденістері артар еді, жаңалықтарға ұмтыла түсер еді. Біз бейнелеу өнері туындыларына әсемдік, сәндік бұйымдары ретінде қа­раудан әлі арыла алмай келеміз. Те­ледидар мен газет-журнал бет­те­рінен көретініміз – тек қана әнші-әртістер. Суретшілерді іздеп жатқан еш­кім жоқ.
– Шетелдерде өтетін көрмелерге жиі қа­тысып тұрасыздар ма? Шетел­дік­тер біздің суретшілердің карти­нала­ры­нан қандай ерекшеліктер­ге баса мән береді?

«Байқоңыр ІІ» 2014 жыл

– Бүгінде шетелдерде көбіне за­ма­науи бағытта жұмыс істейтін су­ретшілердің көрмелері жиі ұйым­дас­тырылады. Оған біздің су­рет­шілер де қатысып тұрады. Алдыңғы жылы Саид Атабеков дейтін суретшіміз шет­елдік байқауда бас жүлдені жеңіп алса, тағы бір әріптесім – Ал­ма Меңлібаева наурыз айының бас кезінде өнер саласына қосқан үлесі үшін Францияның мемлекеттік мара­патына ие болды. Өзім де шілде айы­ның басында Ішкі Моңғолияның Баян-нұр қаласында өткен халық­аралық биенналеге қатысып қайт­тым. Жалпы, қазақ бейнелеу өнері – еліміздегі ең кенже өнер. Суретші­лер одағының құрылғанына биыл ға­на 85 жыл толды. Соған қара­мас­тан, алдыңғы буынның жарқын жолын үзбей жалғастырып келеміз. Оның дәлелі – біздің картиналары­мыз­ды шетелдіктер жиі сатып ала­ды. Оларға әсіресе туындыларымызға тән ұлттық нақыштар ұнайды.
– Бүгінгі әлемдік бейнелеу өнері өкіл­дерінен кешегі Леонардо да Вин­чи, Ван Гогтардың ізбасары деп кім­дерді атар едіңіз?
– Америкалық суретші Эндрю Уайет­тің шығармашылығы жаныма жа­қын. «Кристинаның әлемі» атты картинасы әлемнің өнерсүйер қауы­мы­нан жоғары баға алған. Өзіме «Ағыс­пен» дейтін туындысы ерекше ұнай­ды. Жалпы, реалистік бағытта­ғы қай картинасы да адамды ойлан­ды­рады.
– Біраз жыл Өнер академиясында оқытушы болдыңыз. Жалпы, қазір жастар суретші болуға қаншалықты қызығады?

«Әмір Темір» 2015 жыл

– Мен Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ Ұлттық өнер академиясында жиыр­ма жылға жуық уақыт сту­дент­терге дәріс бердім. Сол кез­дері мү­сін­ші және монументальды кескін­де­меші мамандығы бойынша тек ер ба­лалар оқитын. Қазір бес студенттің төр­теуі – қыз бала, біреуі ғана ер ба­ла. Бұған халықтың әлеуметтік жағдайындағы бүгінгі өзгерістер себеп деп ойлаймын. Өйткені, бү­гінгі жас боз­бала – ертең бір отбасы­ның бас­ты асыраушысы. Суретші табыс кө­зінің мардымсыздығын ойлап, бас­қа салаларды таңдауда дер едім. Ке­зінде өзім де күнкөріс қамы­мен Тү­рікменбашы резиденциясын, Ру­мыния халықаралық қаржы орта­лы­ғын, Алматыдағы көптеген ірі қыз­меттік кеңселерді безендір­генмін. Со­сын тапқан ақшамды қанағат тұ­тып, біржола шығарма­шылығыма ден қойдым. Қанша қиналсам да, суретшілік жолды таңдағаныма еш өкінген емеспін. Мен үшін дүниеде сурет салудан артық рухани ләззат жоқ. Еркіндік… Ешкім сенің ой-қия­лыңа тежеу сала алмайды. «Зей­нетке шығам» демейсің, өле-өлген­ше сурет салуыңа болады. Шы­ғар­машылы­ғым­да ара-тұра көңіл күйіме, ауа райы­ның қолайсыздығына, отбасы тір­лігіне қатысты үзіліс болуы мүм­кін. Соның өзінде де шеберханама бір соғып кетпесем, жаным тыныш­тық таппайды. Жай ғана кітаптарды парақтап, ой-қиялға батып отырсам да тынығып қаламын. Өз басым ше­берханада өткізген уақытымды на­ғыз демалысқа балаймын.
– «Шығармашылығымның басты та­қырыбы – ата жолы, кешеден бү­гін­ге жеткен тарих керуені» дейсіз. Осы бағыттағы қай туындыңыздың дү­ниеге келуі ерекше қиындық тудыр­ған еді?
– Кенесарының бейнесін са­лар­да қатты қиналдым. Ізденіс нәтиже­сін­де Орынбор мұрағатынан табыл­ған тарихи деректерге тап болдым. Қазақ сарбаздары орыстарға тұтқын­ға түскен кезде Кенесарының кес­кін-келбеті сипатталып жазылып қал­ған екен. Сол жазба бойынша ұлт­тық батырымыздың портреті дү­ние­ге келді. «Кенесары хан» суретін қа­зір көптеген кітаптың мұқаба­ла­рынан көре аласыз. Ресей баспалары да қажеттеріне пайдалануда.
– Халық аузынан жеткен аңыз­дар­ды да бояу тілімен «сөйлетіп» ке­ле­сіз. Бұл тақырып несімен қызық­ты­рады?
– Үңілгенге, халқымыздың та­ри­­хы бай, ұрпағына аманат еткен ру­хани қазынасы мол. Бірде кәдімгі бүл­діргенге қатысты мынадай қызық аңыз естідім: «Ертеде бүлдіргеннің түсі қазіргідей қызыл болмапты. Мүм­кін, аты да басқаша болған шы­ғар. Бір күні махаббат оты шарпыған қыз бен жігіт ауылдан аулақ жердегі бүлдірген өскен алаңқайға барып, оңа­ша түн өткізіпті. Содан бастап бүл­дірген қызыл түске боялыпты». Осы аңыз әңгіме көп ұзамай «Бүл­дірген» атты картинамның дүниеге келуі­не түрткі болды. Бұл – бір ғана мы­сал. Қазақ бейнелеу өнері қамтып үл­гермеген ұлттық тақырыптар қан­шама?! Менің ұстанымым – біз ше­т­елдік Ромео мен Джульеттаны емес, өзіміздің Қозы Көрпеш пен Баянды, өзгені емес, өзімізді ұлықтауымыз ке­рек.
– Өнертанушылар «Сұлтан Бей­ба­­рысыңызды» галереяңыздағы шоқ­тығы биік туындылардың бірі ретінде ба­ғалайды. Осы картинада пирамида­ның ұшар басында киіз үй бейнелен­ген. Бұл өз қиялыңыздың жемісі ме, әл­де тарихи дерекке сүйену ме?

«Бүлдірген» 2005 жыл

– Мысыр еліне көрме өткізіп бар­­ғанымда Ислам мұражайынан сұл­тан Бейбарыстың таңбасын (қа­зіргі тілмен айтқанда – штандарт) көр­дім. Онда барыстың суреті бей­не­ленген екен. Елге оралған соң ба­­бамыз туралы ізденуге кірістім. Осы­лайша, туындыларымның қата­рына «Сұлтан Бейбарыс» пен «Мәм­лүк­тер» де қосылды. Деректер бойын­ша, Бейбарыс сұлтан әскери жат­тығулар кезінде Хефрен пира­ми­дасының ұшар басындағы 10 х10 шар­шы метрлік жазық алаңға киіз үй тіктіріп, бәрін жоғарыдан бақы­лап отырған көрінеді.
– Соңғы уақытта салған кар­ти­наларыңыздың бірі «Трамплин» деп аталады екен. Астары терең секілді…
– Менің ұғымымда, трамплин де­геніміз – биіктік. Картинада кіш­кен­тай бала есекке мінуге талпынып жатыр. Мүмкін, бұл оның өміріндегі ал­ғашқы трамплин шығар. Ал оны алда қанша трамплин күтіп тұр. Өзім бастауыш сыныпта оқып жүргенімде жылқының суретін жөнді сала ал­май­тынмын. Бұл мен үшін кәдім­гі­дей мақсатқа айналды. Бүгінде туын­дыларымнан жылқының бей­несін жиі кездестіресіз. Жалпы, әр адам өз биігін бағындыруға тал­пынуы керек деп есептеймін.

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.