Алдаспандай жарқылдаған ақын еді…

0
77 қаралды

Ақын, ғалым, әлде малшы болармын,
Кім болсам да тақпас ешкім оған мін.
Кім болсам да жаны таза, саналы
Ұлы болам қоғамның!
1956 жылы, 18 жасында «Кім болам» ат­ты тұңғыш өлеңі осылай төгіліпті. Сон­дағы «Ақын» деген сөзді аузына Алла сал­ған-ау! Сол бозбала биыл туғанына 80 жыл толға­нын елі еске алып отырған, қазақтың көр­нек­ті ақыны – Сәкен Иманасов еді. Ол небір алмағайып заманды бастан кешсе де, қоғамдардың алмасуын, ғасырлардың то­ғысын, жаңарған ел келбетін көрсе де шын­дықты қақ тіліп айтатын, турашыл, өр­шіл, азаматтық діңгегін өзгертпеген ақын.
1937 жылы елдің қаймағы – Ілияс, Сә­кен, Бейімбет сияқты алаш ардақтылары сұрқия саясаттың құрбаны болып, атылып, асылып кетті. 1938 жылы Талдықорғанның Үйгентас ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында халық жауы атанған Құсайын әке мен Жұпар ананың шаңырағында дү­ние­ге келген нәрестеге ел-жұрт Сәкен деп ат қойды. Жазықсыз жапа шеккен Сәкен Сейфуллин рухын құрмет тұтқандықтың белгісі шығар.
Кейіннен, бала кезінде Нүсіп ағасының артынан еріп, ол тастаған жүгері дәнін те­ріп жеп, жаяулатып ата қонысқа оралған ке­зін ақын былайша еске алады: «…Тал­ды­бұлақ­тан біз 1943 жылдың жазғы салы­мында, мен ес біліп қалған кезде Алакөлге қарай шұбырған әлдебір босқындарға ілесіп, ата жұртымызға қайта оралған бола­тынбыз. Соғыстың ес жидырмай тұрған кезі, қар қалың екені де есімде қалыпты. Қыңқыл­дап жылай берген мені Нүсіп ағам алдап-сулап жетелеп алған. Шешемнің қолында бір жарым жасар қарындасым бар. Қарға адым жер мұң болып, қойшы әйтеуір, атты кісіге жарты күндік, қазіргі­дей автокөлік­терге бір сағатқа жетер-жетпес жерге жол­шы­байғы әр ауылға бір қона жүріп, жаяу­лап-жалпылап оншақты күн дегенде ба­рып «Талапкерге» де аяқ іліктіріп едік. Жол бойы көрген қорлық, тарығу, торығу, аштықтың, жалаңаштықтың азабы деген­дерді ауызға да алып жатқан жоқпын. Ол өз алдына бір хикая…».
4-5 жасар бала Сәкен мектеп есігін аш­пай жатып-ақ талаптанып өз бетінше хат таныды. Өзінен он жас үлкен ағасы Нүсіп газет-журналдарды көп оқиды екен. Әрі аудандық газетке хабар-ошар жазып тұра­тын көрінеді. Сәкен де ағасына елік­теп, ау­дандық «Колхоз туы» газетін оқитын дә­режеге жетеді.
«Ол кезде елдің бәрі пешке қамыс жа­ғады. Нүсіп ағам бір күні екі шана қамыс шауып әкеліп, жаныма бір баланы қосып, аудан орталығына жұмсады. «Қамысты сатып, содан түскен 50 сомға дүкеннен «Мың бір түн» кітабын әкеліңдер» деді. «Мың бір түннің» екі томы елу сом. Солар­ды ала сала, қарнымыздың шұрылдағанына қарамай, айдап отырып ауылға қайттық. Үйге келгенде «Бір кітап та жетер еді ғой, екіншісінің орнына бір шай алмадыңдар ма?» – деп шешеміз реніш білдіріп жүрді», – деп еске алатын Сәкен аға.
Содан ауыл қарияларына күнде кеш­кісін шамның күңгірттеу жарығымен бала Сәкен «Мың бір түнді» оқиды. Сол кітап­құмарлығы арқасында С.Көбеевтің «Орындалған арман», «Барон Мюнг­хау­зен­нің бастан кешкендері», «Том Сойердің бастан кешкендері», М.Шолоховтың «Кө­те­рілген тың», «Сырлы арал», «Қазына ара­лы», «Казахские народные сказки», М.Әуезовтің «Абай жолы» туындыларын оқудың мүмкіндігі туады. Міне, әдебиет ауылына Сәкен ақын осылай келеді.
Ақынның әдебиетке келуіне себеп бол­ған тағы бір-екі жайтты айтпай кетуге бол­мас. Анасы Жұпар марқұм сөз арасына ұдайы нақыл қосып, мақал-мәтелмен әр­леп, мәнерлеп сөйлеуді ұнататын жан екен. Сондай-ақ, Ақмолда деген зиялы бір адамның бұрынғылар айтыпты дейтін аңыз, қиссаларын құлақ құрышы қанғанша тыңдап өседі. «Әкеміздің ескі тонын оранып, үлкендердің сырт жағын алып мен де сөз тыңдаудан жалықпайтын едім. «Әй, Сәкен ұйқың келді ғой, барып жат­пай­сың ба?» – деп қоятын әкеміз оқтын-оқтын. Мен үндемеймін, бірақ лып етіп тұрып кете қоймаймын. Соны сезген Ақмолда жарықтық: «Осы баланың зейіні ұнайды маған, тиіспеңіз, тыңдасын!» – деп басымнан жылы сипап қоятын-ды», – деп еске алады.
Алтыншы сынып оқып жүргенде, бірге оқитын чешен баласы Сұланбек Шамил­ханов «Қазақстан пионері» газетінен өзіне келген қызыл ала конвертке салынған хат­ты көрсетеді. Оған қатты қызыққан бала Сәкен де «Қазақстан пионеріне» өлең жібереді. Атақты жазушы Сансызбай Сарғасқаевтан жауап хат та алады. Бұл да бір баспалдақ еді.
Әрбір әдебиетке келген жан тектен – тек­ке келмейді. Ал табиғи тума талант бол­са, оның сөз өнеріне әуестігі де ерте та­нылады, ерте білінеді. Сәкен ағаның ба­лалық, жастық шағында көрген-біл­гендерінің қай-қайсысын оқысаң да, жүріп өткен жолы әйтеуір бір тұста ақын­дық ауылына келіп ат басын тірейді.
«Біздің ауылда үлкен-кіші, кәрі-жас демей, жұрттың бәріне сыйлы, жалпыға жұғымды Омардың Рақымы дейтін ақса­қал болды. Ән мен күйге әуес, өлең айтып, домбыра тартатын, қысқасы, өнер атау­лыға үйірсек бала көрсе, үйіне шақырып, қо­шеметтеп, қолпаштап, әрдайым қам­қор­лық жасап жүретін әдеті болушы еді. Аудан дәрежесіндегі лауазымының әжеп­тәуір екендігіне қарамай (мен жоғары кластарда оқып жүргенде ол кісі ауатком төрағасы болатын), енді-енді өлең жаза бастаған, бірлі-екілі шумағы аудандық газетте жарияланып жүрген мені ол бір күні шақыртып алды. Әлгі әлжуаз шығар­маларымды әдейі бөлек сақтап қойған екен, көтере сөйлеп, абыройлы болуыма тілек білдіре отырып, бірқатар көкейге қонымды пікірін де айтты. Қағаздарын ақтарып отырғанда сусып жерге түскен бір суретті еденнен көтеріп алдым. Суағарында бармақтай мұрты бар, сұстылау келген келбетті адамның суреті екен. Сыртындағы екі жол арнау өлеңді оқып үлгердім.
Аяулы бауырым Рақым,
Жаныма жан ең тым жақын… –
деген сөздер мен «Ілияс Жансүгіров», деп қойылған қол әлі күнге көз алдымда. Рақаң ақсақал шалт қимылдап, суретті бір қағаздар арасына тыға салып: «Бұның са­ған керегі жоқ, білмейсің!» – деп жуып-шайған болды.
Сөйтсек ол кезде Ілияс аға есімін атауға болмайды екен. «Халық жауы» атанып, сонау сұрапыл жылдардың құрбаны бо­лып, шығармалары оқулықтан, кітапха­на­лар­дан алынып тасталған екен.
«Мен, бәлки Ілияс жырларын онсыз да сүйіп оқуым мүмкін-ау, бірақ Рақым ақса­қал­дың қолынан көрген сол суреттің ай­рық­ша әсері болғаны ақиқат еді. Осы күні ойлаймын, Рақаң ақсақал сол суретті бай­қа­мағансып отырып, әдейі көрсетті ме екен деп те. Менің өлең жаза бастағаным­нан хабары бар, кезінде Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтермен дәмдес болған, қастарына ерген ақылгөй қарт көзі қаныға, құлағы ести берсін, түбі керегі болар деп ойлаған шығар».
Жалпы, әрбір ақынның өзі пір тұтатын ақындары болады. Сәкен Иманасов үшін сондай ұстаздың бірі, көзі көрмесе де, шығармасын іздеп жүріп оқыған Ілияс Жансүгіров екені даусыз.
Тұратын аспаны да бүркіп өлең,
Осы, дос, Жансүгіров жұрты деген,
Анау ғой асау өзен Ақсу атты,
Алқынып, алыс барып күркіреген.

Шетінен – аруы ма, нар ұлы ма, –
Шалдыққан Ілияс – жыр шалығына,
Естіліп тұрғандай-ау Матай жақтан
Молықбай қобызының сарыны да.

Көптен-ақ көрсем деуші ем кезігіп бір,
Ақсуым, ендігісін өзің ұқтыр!
Әйтеуір, Ілиястай әулие леп
Айнала әрбір үннен сезіліп тұр, –
деп тебіренген ақынның асқақ даусында қазақтың қара өлеңінің Құлагерінің әсері жоқ деп айта алмайсыз.
Бірақ Сәкен ақын өлең әлеміндегі өз жолын іздеді, өз сүрлеуін қалыптастырды, өз қолтаңбасын тайға таңба басқандай айқындап беруге бар күш-жігерін, білім-парасатын, ақыл-қайратын жұмсады. Басты кейіпкері – Халық. Ол елдің атынан сөз алды. Жарты ғасырдан астам уақыт қазақтың намысын жыртып, ұлттың мұ­ңын мұңдап, жырын жырлады. Соның қай-қайсысында да аса бір асқақ адуынды, кең тынысты, өршіл үнмен қазақ баласы­ның сөзін сөйледі. Батыл айтты, батыра айтты. Таусыла, түгесіле жырлады. Кейде орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин сияқ­ты өз жырларында әнтек мінез, тентек тегеурін де көрсетті. Кейін бірте-бірте ұлы Абай бабаға жүгініп, әр қазақтың ішіндегі шер боп қатқан шемен қайғысы мен мұ­ңын, ары мен адалдығын аршып көрсете білді.
Алпысыншы жылдары қазақ поэзия­сына келген жұлдызды шоғырдың ішінен өз орнын таба білді. Ол газет-журнал бет­терінен ойып орын алып, алпысыншы жылдардың басында «Жас қанат» атты ұжымдық жинақ арқылы әдебиет есігін ашты. Кейін «Туған ауылым», «Ақ айдын», «Ақдариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Жыр дәурен», «Ғашықпын саған», «Алтын аймақ», «Бел-белес», «Адыр­на», «Жебе», «Алакөлім-айдыным», «Ар алдында», т.б. бірнеше өлең кітап­тарын, таңдамалы шығармаларының бір томдық, екі томдық, бес томдықтарын бірінен соң бірін жарыққа шығарды. Ол өзінің азаматтық көзқарасының тұрақты­лы­ғымен, екпіні қатты буырқанған бұла жырларымен әдебиеттанушы, жырсүйер қауымның назарын аудартты.
90 жылдардағы бір мақаласында ака­демик Мұхаметжан Қаратаев Сәкен поэ­зия­сына былай баға беріпті: «…Ақын қай тақырыпқа бармасын, бәрінде ол (автор) — өзі кейіпкер; өзі жырлайды, сыр шертеді, шындықты айтады, ақиқат шуағына бө­лей­ді. Туған үй дейсің бе, ауыл дейсің бе, балалық шақтағы сауық-сайран, ат шабыс, бәйге дейсің бе, құрбы-құрдас, сүйген қыз, махаббат дейсің бе, жанға сая асқар тау мен аясы кең Алакөл дейсің бе, өмір жолындағы тағдыр белестерінің сынақтары дейсің бе – осының бәрі ақынның жүрегінде ұялап, шабытпен шамырқанып шығады да оқырман жүрегіне шуақ шашады, адалды­ғы­мен тәнті етеді.
Сәкен өлеңдері жігер мен қайратқа, нәзік­тік пен мөлдірлікке толы. Ол барын­ша ақтарылып, көңіліне сыр бүкпей шы­найы шындықты жазады».
Шын мәнінде ақын жаны ақиқатты ақтарып жайып салады, өзін-өзі алдаспан­дай қайрайды, өмірдегі жағымсыз жайт­тар­ды батыл сынға алады.
Әкемнен де айрылдым – өлмедім,
Шешемнен де айрылдым – өлмедім
Қанатымнан қайрылып қаншама,
Жүзім кетіп, майрылдым — өлмедім…

… Өлмес едім — тас төбемнен жай ұрса,
Көктер едім көктемдегі қайыңша.
Біржолата өлетін-ақ шығармын,
Мені біреу өлеңімнен айырса!..

Немесе
Бүрісе қалып бұралқы ит көрген кептердей,
Тіл қатқан емес кеміте күліп, кектенбей
Инеліктей боп ілмиіп, ішін бермейтін
Атасының көрін Иманас қазып кеткендей.

Ұрғашыға да, құрбашыға да ұқсамай,
Күркетауықтың мекиені құсап түк самай.
Үніңнен үркіп, үдірейе қарап тұратын
Тоқсан жасында Тегеран барған чукчадай.

* * *

Еңсем түгілі, етегімді желге бастырмай,
Өзім бар жерде өзгенің жағын аштырмай,
Пендені бетіме қаратып көрген жоқ ем мен,
Бес төбет келіп беттей алмайтын қасқырдай.

* * *

Әдетің бе ұлық емес елге ұрсу,
Сен де менен күтпей-ақ қой көлгірсу,
Таза болса – таза шығар көңілің,
Ал біздікі – ағынды су, мөлдір су.
Иманасов өлеңдерінен – шыңдықты бетке айтатын, айтқанда да жеріне жеткізе айтатын турашыл мінезі көзге ұрып тұра­ды. Ақындық ерекшеліктерінің бірі де – сол. Өмірде де, өлеңде де ешкімге жалтақ­тамай, ақиқатын айтып қарап отыратын батылдық қасиет даралап тұр оны.
Сәкен ақынның тағы бір өзгешелігі – өзіне ғана тән сөзбен салған суреттер. Бұл туралы атақты ақын Дихан Әбілев тұ­жы­рымы былай айшықталады: «Сәкен сергек сезімді, қанатты да алғыр, өжет ақын. Сол сергек сезімділікті, қанаттылықты, өжет­тікті аспанда жасап, жыр қанатын сонда қағып, жер әлеміне ғарыштан қарап жазып жүрген жоқ. Өз ортамыздағы, халықтың қалың ортасындағы ақын. Өмір сырын, ащысы мен тұщысын жүрек сырына ұлас­тырып, өрнектей білетін суреткер ақын ».
Таңғы думан қызып берді дәстүрлі,
Түні бойы жаурап шыққан тас күлді.
… Өкпелетіп кетті ме әлде түн сұлу,
Қарағайдың кірпігінде жас тұрды.

* * *

Жабысып күздің соңғы бір гүліне,
Шегіртке шырылдайды мың бүліне.
Міндетін бітірген күн құлай кетті,
Шеткі бір нар маяны үңгіді де.
Маялар шынымен-ақ нарға ұқсай ма,
Қимылсыз қозғалады арғы сайда.
Бірінің қуысынан көрінді әне,
Ұйқысын қандырып ап сарғыш Ай да.

* * *

Бастала да қоймаған бораны әлі,
Домаладық төменге – доланалы,
Жалт қарады таулар да, иығынан
Сусып түсіп ақ жібек орамалы.
Бұл дүниеге ақын көзімен қарағанда ға­на көрінетін суреттер. Ол суреттерді бә­рі­міз де көріп жүрген сияқтымыз. Бірақ сол көріністер Сәкен ақынның жүрек көзі­нен өткенде ғана соншалықты әсерлі, соншалықты әсем көрініп тұр бізге.
Сәкен Иманасов өлеңдерінің тағы бір өзгеге ұқсамас шығармашылық даралығын айқындайтын басты қасиеттің бірі – ол оқырманды өлеңдері арқылы өмірдегі пендешіліктен арылтуы, жан тазартатын­дай адалдыққа үндеуі.
Ақын Әбіраш Жәмішев бұл туралы дәл көрсете білген: «Бізге керегі: адамдардың бір-біріне ілтипаты ғой, тазалық пен тура­лық қой, әділдік пен ізгілік емес пе?! Міне Сәкеннің де барлық өлеңінде, бүкіл жина­ғын­да айтпағы осылар. Аңсау мен сағы­ныш саздары да, азарлану мен ызалану да, кейде тура айтылатын сын да ақынның айтсам деген ойына жегілген. Автормен бірге әрбір оқушы да ар айнасы алдында тұрғандай. Іштен түлеу, тазару, арылу мен аршылу ниеті бойды да билеп, ойды да бау­рап алардай. Шығармаларының күші де, тұтастық танытар сипаты да осында деп тұжырымдауға болады».
Айтам енді…
Айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
Дар алдында тұрғандай- ақ сезінем…

* * *

Жүрсем бе екен.
Асудай алып қашқан,
Аңырата ән салып жалықпастан,
Оразбайлар сойылын
Ақындықтың,
Абайлықтың арына дарытпастан.

* * *

Күйбеңдеген өзгелердей,
Күңкілі көп сөзге ермей,
Өтейік те қасқиып,
Риза боп бар бағаңа,
Таңдай таза арға ғана
Мынау аппақ басты иіп.

* * *

Кеудемнен асау ақсын ән,
Әділет, сенің күшіңдей.
Ұрпаққа сені тапсырам,
Туыңды қолдан түсірмей.
Достарына аңқылдаған адалдық пен ақтық, ақ алмастай жарқылдаған кісілік пен пәктік, қазақы намыс пен ақын жүрегі көкке көтерген әділет туы, ең бастысы азаматтың Ар алдында арылуы – Сәкен поэзиясының жылдар бойы желісі үзілмей келе жатқан алтын арқауы. Сонысымен де оның даусы соншалықты асқақ, сонша­лық­ты биіктен естіледі. Мәрт көңілден төгіліп түсетін арлы ақынның тәкаппар көңілінің адуынды жыры мен өршіл мінезінің өжет сыры сонымен де бөлек­теніп, оқшауланып тұрады.
Осы ретте: «Қалай болғанда да өз ба­сым Сәкен Иманасовты кең тынысты, ке­мел ойлы ақын деп танимын. Оның бойында көп жандарда бола бермейтін талант бар. Ол – адалдық таланты. «Адал болу керек» деп айқайламаса да, Сәкен жырларына сеніп, оқырманның бірге те­біренуі де осы қасиетінен болса керек», – деген ақын Фариза Оңғарсынова тұжы­рымы ойға оралады.
Ақын поэзиясының айрықша тағы бір қыры – өлеңдеріндегі ішкі ұйқас қуат­тылы­ғы мен бір шумақтың өзінде сөздерді ойнату арқылы аса қуатты екпін мен ыр­ғақ­қа құрылған лепті, шымыр да шынайы тармақтарды еркін төгілту қабілетінің кәсібилігі.
Мысалы:
Не керек,
Сен бір мықты,
Мен бір мықты,
Келді деп екі мықты ел дүрлікті.
Басты алып алдымызға баяғыдай,
Тастадық жылы жауып көлгірлікті.

* * *

Тірліктің барша мұз, қарына да,
Ызғарына да ұрынсам,–
Тұрдым деп қанша құзда құлама
Айтып едім ғой бұрын сан …

* * *

…Кім қалары белгісіз кім шығары,
Көңіл шіркін әзірге тыншымады.
Озбады ма, озды ма елден кеудем,
Көлбеңдеумен келеді бір шың әлі.

* * *

Алдымызда асусыз бір шың бары,
Бір шың бары белгілі, білсін бәрі,–
Жетем деумен, асып та кетем деумен
Қанша болды, құдай- ау, құлшынғалы.
Мұндай ішкі ұйқасқа құрылған қуатты жырлар – Сәкен ақынның кітаптарында көп кездеседі. Шығармашылық дара­лы­ғын айқындайтын басты компонент­тер­дің бірі де сонда жатыр.
Ақынның махаббат лирикасы да өзге­ше сезім толқындары мен ойлы тебіреніс­тер­ге толы. Өмірдің қым-қуыт күйбеңі мен күрделі иірімдерінен шаршағанда, Сәкен ақын сұлулық пернелерін басып, көңіл күйінің бұрауын келтіріп отыратын секілді көрінеді маған…
Біржан мен Сара бейнесін сомдаған «Айтыс» поэмасы мен «Аңырақай», «Өмір мен өлім», «Мына заман – қай заман», «Аламан. Арғымақ. Күйші бала» сияқты толғаулары – ақынның эпикалық кең тынысын, бауырын жаза көсіле шапқан арғымақ шабытын айқындайтын шығар­малар.
Сарыны сарқылмайтын ағысты әнім,
Тұратын көз алдымда таныс таңым
Жырыма жиі оралып жүрген бүгін
Алакөл – Итакам да, Дағыстаным! –
деп жырлайтын Сәкен ақын өзінің ата­мекенін Гомердің, Ғамзатовтың туған жер­лерімен теңдестіре шебер суреттейді. Оның қаламынан төгілген жер жәннаты – Жетісу, тегеурінді Тентек өзені мен арын­ды Ақсу, толқыны жарды ұрған аялы Алакөл туралы жырларынан туған жерге, өскен елге деген сағыныш пен махаббаттың лебі еседі. Алакөл туралы Сәкен Иманасов­тай терең мағыналы, бай мазмұнды жыр­лар жазған ақын қазақта жоқ та шығар. Алакөл – ақын өлеңдерінің қуат ал­ар, шабыт шақырар мәңгі бастауы іспет­тес.
Талдықорған өңірінен шыққан Әділбек Абайділданов, Құдаш Мұқашев сияқты дарындар туралы ақын үнемі айтып жүре­тін.
«Қазақ поэзиясында «Менделеев кес­тесі» бар болса, Сәкен соның бір ұясын бе­кем мекендеген ақындардың бірі»…- де­ген Асқар Сүлейменовтің сөзі біздің кө­кейі­мізде әбден орнығып қалған болатын.
Талдықорған төңірегінен шыққан Жұ­матай Жақыпбаев, Әбен Дәуренбеков, Ғұс­ман Жандыбаев, Ордаш Кендірбаев, Жа­мау Бұқарбаев, Қайрат Әлімбек, Өтеп­берген Ақыпбеков, Тоқтасын Сүгірбеков, Ахмет Кендірбеков, Жомарт Игіман, Қуат Қайранбаев, Әміре Әрін, Нүсіп Әбдірахым сияқты ақындардың Сәкен ағаны ерекше құрметтейтінін де көзіміз көріп жүрді.
Сәкен аға ешкімге ұқсамайтын сүр­леуін салып, қиялы-құзды, белес-белес, асу-асу жолдармен жүріп өтті. Қазақ ме­м­ле­кеттік университетін бітіргеннен кейін Алакөл аудандық «Колхоз туы» га­зе­тінен басталған еңбек жолында респу­бликалық «Лениншіл жас», облыстық «Жетісу», «Октябрь туы» газеттерінде, Тал­дықорған облыстық партия комите­тінде, Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспа­сында, Алматы облыстық әкімдігінде әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Қазақстанның халық депутаты болып та сайланды. Ел алдындағы төккен маңдай терінің, жүрегінен нөсерлете төккен жырының өтеуі шығар – Қазақ­стан­ның Еңбек сіңірген қайраткері, Халы­қа­ралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ал­маты облысының және Үшарал қаласының Құрметті Азаматы атанды. Ақын­ның орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітап­тары жарық көрді.
С.Иманасовтың көркем аударма сала­сы­ндағы еңбегі де айтарлықтай. Оның тәржімалауымен шығыс шайыры Жала­лад­дин Румидің, орыс ақындары В.Мая­ковс­кий, А.Кольцов, ангола ақыны Агостиньо Нетто, саха М.Ефремов, қыр­ғыз А.Рысқұлов, С.Жусуевтердің жырлары қазақ оқырманы жүрегіне жол тартты.
Сәкен ағаның журналистік жазбалары, естелік эсселері, көсемсөз мақалалары да ақын жанының ақиқатын бүкпелемей ақтарып салатын ақжарма туындылар. Ол не жазса да өзінің зор, дауылпаз дауысының биіктігін бір де төмендетпей еркін қанат қағады, батыл қалам тербейді.
Біздің қоғамға да, ұлтымыздың ұясы мен жұртымыздың қиясына да алдаспандай жарқылдаған, ақсұңқардай саңқылдаған Сәкен ағаның өр мінез, өжет даусы қашан да керек! Әттең, қазақтың қара өлеңінің марқасқалары Қадыр мен Тұманбай ағалардың ізін ала өмірден ертерек озып кеткені ғана көңілге өкініш ұялатады. Бір­ақ Сәкен Иманасовтай ардакүрең ақын­ның өткір өлеңдері халық жадынан ешқашан өшпек емес!

Бауыржан Жақып,
ақын, ҚР ҰҒА-ның
корреспондент мүшесі

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.