Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар

0
319 қаралды

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА,
ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркия «Dil korumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесi


Сөздердің бірге және бөлек жа­­­зылу ережелері жайында да бір­сы­пыра түсініктер беруге тура келеді, өйт­кені бұл – жазу тәжірибесінде көп қиын­дық тудырып келе жатқан мә­се­ле.
Бұл күнде ғылымның сан алуан саласы қазақ тілінде сөйлеп отыр. Мектептер мен жоғарғы оқу орында­рына арналған оқулықтардан бастап, ғылыми еңбектерде, ғылыми-көпші­лік қолды әдебиет пен баспасөз бет­те­рінде жүздеген күрделі термин мен тіркестер қолданылады. Олардың дені – интернационалдық сөздер, енді бірқатары қазақ тілі мүмкін­ді­гімен жасалған атаулар болып келеді. Солардың ішінде екі түбірді бірікті­ріп, жаңа ұғым атауын білдіру де кең орын алатыны мәлім. Бұл күнде кө­зі­міз үйреніп, қолымыз дағдыла­нып қал­ған баспасөз, өнеркәсіп, бес­жыл­дық дегендермен қатар, тер­мин мә­ніндегі қонақасы (ресми, яғни үкімет қонақтарына берілетін), келіс­сөз (үкіметтер, мемлекеттік ұйымдар ара­сында жүргізілетін), жарыссөз (жи­на­лыстарда айтылатын) тәрізді сөз­дерді қосып жазу қажеттігі сезі­леді.
Сондай-ақ, биология, зоология терминдері болып саналатын өсімдік, аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа атаулары және солардың құрылы­сына, ағзасына қатысты бөлшек не тұтастық атаулары екі түбір арқылы білдірілсе, оларды біріккен сөз ретін­де тану қажеттігі даусыз. Мысалы, гүлтабан, тозаңқап, бұршаққын, сүтқоректілер деген сөздер – өсімдік­тер мен жан-жануарлардың өздерінің атаулары емес, олардың бөлшектері немесе топтарының терминдік ат­тары.
Өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлемінде ақ, қара, сары, боз, теңбіл сияқты сын есімдермен келген бір ғана өсімдік түрінің немесе бір ғана аң-құстың, жәндіктің т.б. атаулары жиі кездеседі. Бұлардың қо­сылып не бірге жазылуында да қиын­дықтар ұшырасып жүр. Олар­дың бірге де, бөлек те жазылатын реттері (заңдылықтары) бар. Әдетте түсті, қасиетті білдіретін сөздердің жеке өзі белгілі бір аңның, өсімдіктің, жәндіктің, құстың тұқымын айырып көрсету үшін қолданылса, олар бөлек жазылады. Мысалы, ақ аю, қара аю, қоңыр аю дегендердегі аңның аты – аю, оның алдындағы сын есімдер аю­дың тұқымдарын (түрлерін) айы­рып айтады, сондықтан бөлек жазы­лады. Ал кейбір атауларда түсті, қа­сиетті білдіретін сын есімдер немесе солармен тіркесетін негізгі сөздер өздерінің лексикалық негізгі мағына­сынан айырылып, екеуі бірігіп, бір ғана аңның, құстың, өсімдіктің т.б. жалпы атауын білдіреді. Мысалы, ақбауыр (құс), аққайран (балық), ақсары (құс) дегендердегі ақ сын есі­мі өзі тіркескен сөзімен бірге жазы­лады, өйткені бұл жердегі балық, құстардың атаулары бауыр, қайран, сары емес, бұл сөздер ақ сөзімен қо­сылып барып қана жалпы атау болып тұр. Демек, мұндағы ақ сөзі де тек қана түсті білдіріп, айырымдық қыз­мет атқарып тұрған жоқ, сондықтан бұлар бірге жазылады. Әрине, кез кел­ген сәтте бұларды бірден ажыра­тып тану оңай емес. Әр алуан кі­тап­тарда, сөздіктерде, энциклопе­дия­ларда мұндай күрделі атаулардың жазылуында бірізділік болмай келеді. Бұлардың орфограммасын (таң­балануын) мүмкіндігінше реттеу – емле сөздіктерінің міндеті, бірақ мұнда да едәуір қиындықтар бола­тынын мойындаймыз.
Тек ғылым салалары емес, тех­ника, шаруашылық, қоғам өмірі, мәдениет, күнделікті тұрмыс, өнер, спорт сияқты салаларға да қатысты терминдік мәнге ие болған сөздер аз емес. Мысалы, бір ғана спортта бес­сайыс, онсайыс, жанкүйер, тоғыз­құ­малақ тәрізді күрделі сөздер термин есебінде қалыптасты. Сондай-ақ өнер-білімге қатысты қылқалам, күй­табақ, сөзжұмбақ, сөзтізбе, төл­тума, жолжазба сияқты атаулар да жиі қолданылып, бір сөз ретінде та­нылып жүр. Жолсерік (проводник), жа­ғажай (пляж), ақжайма (прос­тыня), балабақша (детский сад), гүлтәж (венок), саяжай (дача), май­балшық (раствор) сияқты сөздер белгілі бір ғылым мен техника сала­сының терминдері болма­ғанымен, бір ғана атау ретінде қолданылып, біріктіріліп жазылып жүргені аян. Әсіресе екі түбірден жасалған маман­дық кәсіп, қызмет, белгілі бір бағыт иелері атауларын бір сөз деп тануға бет алып барамыз: теміржолшы, қызылізшілер, ізашар, т.т. Міне, тілдегі осы бағыт жазуда да өз әсерін тигізіп отыр: бір сөз ретінде танылғаннан кейін мұндай атауларды біріктіріп жазу дәстүрі орныға бастады.
Күрделі сын есім жасап тұрған екі (кейде үш) сөздің әрқайсысы өздерінің нақтылы лексикалық мағынасына ие болып тұрса, бір-бірінен бөлек жазылатындығын алдыңғы айтылған (көрсетілген) топтармен шатастырмау керек. Мысалы: үш бұрышты тақтай, көп таңбалы сан, ауыл шаруашылық артелі. Бұл жердегі көрсетілген күрделі сын есімдердің әр сөзінің бөлек жазылу себебі олардың өз мағыналарын сақтап тұруларында. Аударма әдебиетте, содан барып төл жазбаларда да осы тектес сын есімдерді қосып жазып шатастыру кездеседі, себебі бұлар орыс тілінде біріккен сөз болады: треугольная дощечка, многозначное число, сельскохозяйственная артель. Бірақ екі тілдің сын есімінің жасалуы мен жазылуы тепе-тең емес екендігін, яғни айырмашылық болатындығын қатты ескеру қажет.
Сол сияқты күрделі сан есімдердің, күрделі етістіктердің әрбір компоненті (сөзі) бір-бірінен бөлек жазыла­тындығы да қазақ тілінің ерекшелігі: он бірінші, он бір, он бес, он бестегі; қол қой, қол қой­ды, көре алмады, көре алмаушылық, т.т.
Екі (кейде одан да көп) сөз қатар айтылып, бір ғана ұғымды білдіретін, яғни бір ғана затты, құбылысты, қимылды, түр-түсті, санды атайтын күрделі сөздердің әр компоненті бөлек жазылады.
Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты атап, алдыңғысы соңғы­сының тегін (неден жасалғанын), неге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзгелерінен ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір-бірінен бөлек жазылады. Мысалы: ағаш шот (ағаштан жасалған шот), ат қора (атқа арналған қора), жел диірмен (желмен жұмыс істейтін диірмен), жол азық (жолда жеуге арналған азық), май шам (маймен жанатын шам), шай қасық (шай ішкенде жұмсалатын қасық), кір сабын (кір жууға арналған сабын), ат арба (ат жегілген арба), сары май (сары түсті май), бет орамал (бет сүртуге арналған орамал), т.б.
Бұлардың қатарына екінші компоненті бау, айыл, жіп, сап, киім, қалта, май, қағаз, ағаш («өсімдік» деген мағынада емес, зат, бұйым жасайтын материал – «древесина» мағынасындағы) сияқты зат есімдер мен олардың түрлерін (яғни сол сөз атап тұрған заттың түрлерін) айырып атайтын сапалық не қатыстық сынды білдіретін есім сөздер жатады. Мысалы, бау сөзімен келетін: аяқ бау, балақ бау, жел бау, қарғы бау, қармақ бау, тамақ бау деген күрделі сөздердің барлығында да алдыңғы компонент баудың түрлерін атайды (бұл қатарға шашбау, белбеу сөздері кірмейді, олар – кірігіп барып, бірігіп кеткен сөздер, яғни осылайша жазылуы дәстүрге айналғандар). Сол сияқты құр айыл, төс айыл, шап айыл; бас жіп, күзеу жіп, мойын жіп, өрмек жіп дегендерде алдыңғы сөздер – айыл мен жіптердің түрлерін айырып атайтын анықтауыш сөздер, сондықтан бөлек жазылады.
Хат сөзі жалпы «жазылған дүние» мағынасында келіп, алдыңғы сөз сол жазылғанның сипатын білдіріп тұрса, бөлек жазылады: түсінік хат, ашық хат, жабық хат, тапсырыс хат. Екінші компоненті қағаз сөзі болып келген күрделі атаулардың алдыңғы сөздері «қағаздың» (жазылған дүниенің) неге байланысты, не үшін берілетін (жолданатын, жазылатын) құжат екенін білдіреді: рұқсат қағаз – бір нәрсеге (іс-әрекетке, затқа, т.б.) рұқсат ететін құжат, талақ қағаз – көне атау, әйелін талақ еткенін куәландыратын қағаз, т.т. Бұлардың көпшілігінің бірінші сөзі осы мағынада қағаз компонентінсіз-ақ қолданыла береді: жолдама, куәлік, шақыру, арыз, т.т. Енді бірқатар тіркестерде алдыңғы компонент қағаздың сапалық не қатыстық сынын білдіретін анықтауыштар болып келеді: ватман қағаз, көшірме қағаз, қатырма қағаз. Бұл көрсетілген екі жағдайдың екеуінде де қағаз сөзімен келген тіркестердің әр сөзі бөлек жазылады.
Бұл ережеге қарақағаз сөзі бағынбайды. Ұлы Отан соғысы кезінде пайда болған бұл атауда қара сөзі қағаздың түсін де, мақсатын да көрсетпейді, майданда қаза тапқан адам туралы ресми хабардың атауы болып табылады.
Адам, мал, айуан ағзасы мүшелерінің атауларын білдіретін екі зат есімнен құралған күрделі сөздердің әрбір компоненті бөлек жазылады. Олардың соңғы компоненті көбінесе жалпы атау (сүйек, жілік, қол, тіс, көз, жақ, омыртқа, бет, ет, тамыр, т.б.) болады да алдыңғы компоненті соларды анықтап, ажыратып тұрады: асық жілік, тоқпан жілік, ортан жілік; бел омыртқа, мойын омыртқа; ортан қол, сұқ қол; күре тамыр, желке тамыр, қан тамыр; күрек тіс, ақыл тіс, азу тіс, сүт тіс, ит тіс, бас сүйек, төс сүйек, жақ сүйек, төбе сүйек, бет сүйек; көк желке, қыр желке, ой желке; сан ет, қол ет, қара ет, қызыл ет, сұрпы ет, т.т.
Үш зат есім қатар келіп, алдыңғы екеуі соңғы сөз білдіріп тұрған заттың түрін саралау үшін айтылса, олар бөлек жазылады: үйрек бас ер, қос етек көйлек, мысық мұрт жігіт, саба құрсақ байлар.
Түбір күйінде компоненттері бір-бірінен бөлек жазылатын анық­тауышты тіркестер мен тұрақты тіркестерге етістік не есім тудыратын жұрнақтар жалғанғанда да сөздердің бөлек жазылуы сақталады, бұлар күрделі етістік немесе күрделі сын есім қатарына жатады. Мысалы: ақ таңдақ (жер) – ақ таңдақтану (жер ақ таңдақтанып жатыр), қара барқын – қара барқындану, іш құса (болу) – іш құсалық, ортан қол – ортан қолдай (жігіт), көп бала – көп балалы (отбасы), жоғары сапа – жоғары сапалы, шала сауат – шала сауатты, мал дәрігері – мал дәрігерлік, көп ұлт – көп ұлттық, көп жыл – көп жылдық (еңбек), ұсақ буржуазия – ұсақ буржуазиялық.
Бұл ережені терминдік мәнге ие болған күрделі атаулардың (көбінесе зат есімдердің) қосылып жазылатын заңдылығымен шатастырмау керек. Мысалы: көп жылдық еңбек, ал көпжылдық шырмауық (соңғыда көпжылдық сөзі күрделі ботаникалық терминнің компоненті болып тұр), бес жылдық оқу, ал бесжылдық (термин). Бөлек не дефис арқылы жазылатын екі компонентті жалқы есімдерден қазақ тілі жұрнақтарымен жасалған туынды сөздер кіші әріппен қосылып жазылады: Коста-Рики – костарикалықтар, Батыс Сібір – батыссібірлік.
Жеке тұрып сол тіркестегі беретін мағынасында қолданылмайтын қақ (тіркестегі мағынасы «екі» және «дәл»), қара (тіркестердегі мағы­налары «үлкен», «жай, күрделі емес, қарапайым», т.б.), қас (тіркес­тегі мағынасы «нағыз»), қыр («артқы, соң»), тас (тіркес құрамындағы мағынасы «дәл», «тура») сияқты сөздермен келген тіркестердің әрбір компоненті бөлек жазылады: қақ айырылу, қақ алды, қақ басы, қақ бастан (салып қалды), қақ бөлу, қақ жару, қақ маңдай, қақ шеке, қақ төсі, қақ тілу, қара жаяу, қара жол, қара жел, қара халық, қара нөпір, қас батыр, қас маңғаз, қас сұлу (қаса сұлу), қыр желке, қыр соңынан, тас төбе, тас жетім, тас бауыр, тас керең, тас қараңғы.
Бұл қатарға қыргүйек, қақбас («баласыз» және «жексұрын»), қаскүнем, қаскөй, қасқалдақ, саратан (ай), сарауру, саршұнақ (тышқан), сарсу (ауру) тәрізді бірге жазылатын сөздер жатпайды. Бұлар аң-кұс, жан-жануар, жәндік, ауру-індет т.б. атаулары болғандықтан, бір сөз ретінде танылады.
Есімдер мен етістіктерден араласып құралған, бір мағына беретін тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады: жұмыс істеу, қызмет ету, жәрдем беру, қол шапалақтау, ат қою, егін ору, жер қазу, жер өлшеу, іс жүргізу. Мұндай тіркестердің соңғы компонентіне жұрнақтар жалғанып, туынды сөз жасалған күнде де әр сөз бөлек-бөлек жазылады: қызмет етуші, жәрдем бергіш, ат қоюшы, егін орушы, жер қазушы (адам), сөз жасаушы (жұрнақ), іс жүргізуші (делопроизводитель). Есім мен етістіктерден жасалған тіркестер -у, -мақ жұрнақтарымен келіп, заттық ұғымды (демек, бір ғана заттың, құбылыстың, ұғымның атауын) білдірген күнде де олар күрделі сөз ретінде бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: ду қол шапалақтау, астық жинау басталды (мұндағы астық жинау заттық мағынада жұмсалып тұр).

(Жалғасы келесі санда)

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.