Ләйлә деген қыз емес – Хақ есімі…
21.09.2018
3465
0

Файзулла ТӨЛТАЙ

***

Бүгін
өмірдің бар екенін ұмытып,
өлімнің жоқ екеніне сенген түндердің бірі…
…мен болсам көзімді жұмуға қорқам:
қабырғалардың қолына түскен терезе сұлбасының шыңғырған үні
бөлмемнің алты бұрышына байланып қалған;
ол алты бұрыш –
дүниенің алты тарапына шашылған сәуледей көркем;
бастау нүктесі – басымдағы орай;
бірақ мен бұл жерде талай рет түсімде беліме оралған жыланды көргем,
қабырғалардың да көргем,
еңіреп тұрып өздерін жұдырықтағанын талай:
бәріне себепші – алты бұрышты жұлдыздық сана мен таным.
Кеңістік – көзім;
жер болса – көзімдегі тамшы,–
деп қазір он сефиротты қойнына жасырып ұйықтаған тәнім:
сол тәннің ішінде шам ұстап отырғаныммен қараңғылыққа қарсы
бәрібір ол үнді босатып жіберуге жетпейтін секілді шамам,
оның да қауқары жоқ сынды шарыққа қашар;
күн өткен сайын дәл осы күйіммен мен де бір терезе сұлбасына айналып барам,
…сен қашан қол ұшын созады екенсің, ажал?!

МӘЖНҮН-ЖҮРЕК

Ләйлә деген қыз емес – Хақ есімі.
Хақта болған Мәжнүннің бар есілі;
көркін көріп әп-сәтте есі ауысқан,
көкірегінен ашылып жан есігі.
Бұлаң-бұлаң бұлаңдап көшті бұлтың,
ал хәл күйін ұқпады ешкім ұлдың;
көбелектей қаперсіз отты айналып
қанатымен тұсауын кесті мұңның.
Ол мұң – Хақтың нұрынан жаратылған,
жұпары аңқып тұратын қыр, адырдан.
Тіршілікті тәрк етіп Жаппарды ойлап,
ғашық Мәжнүн күн батып, таң атырған.
Содан бері тау, қырат, өзен, көлден
асып өтті қаншама бозінгендер;
бірақ шексіз ғаламның құрсағында
әлмисақтан ой тірі, сөз өлгенмен.
Сол ұлы ой сені іздеп тапқаны үшін
жеті әлемнің раббысы – Жаппарды шын
сүйе алмасаң, Мәжнүнге сүйсін енді,
құдіреттің құпия сақтаушысы.


Нүркен НҰРҒАЗЫ

АҢСАР

Сәттер өтті…
Сәттерден біздер өттік.
Сіз, – деп өттік,
Еһ, сосын Біз, – деп өттік…
(таңба болып қалатын) махаббаттың
Табылмайтын тұрағын іздеп өттік.

Кеше еді ғой,
Бәрі де кеше еді ғой…
Кешегі күн кешікпей көшеді ғой.
Терезеден қарайды телміріп кеп,
Есігімді қағады нешебір ой.

Қалай ғана ұғайын, еркем, мұны? –
Сағыну бар белгісіз ертеңгіні.
Кешегідей бар ма екен ертеңгіде –
Ай сәулесі,
Көктемнің көркемдігі,
Жаңбыр иісі,
Жаз таңы,
Құстың үні,
Тұмауратқан сәбидің түшкірігі..?
…Бір күндері аспанмен сырласармын,
Тоқтамаса жүректің ышқынуы.

Күтетін де шығармын бұзау-көзді…
Барлық заңдылықтарды бұзар кезді…
Ту биікке қалықтай жөнелермін,
Шешіп кетіп жаныма тұсау сөзді…

Сәттер келер…
Тағы да сәттер келер.
Өмір сүрмеу тиісті әттеңмен ер.
Маңдайынан сүйемін болашақтың,
Өткенімді есіме сап бермеген.

МАМА

Өлшеусіз бақытпен жолдарың түйіссін,
Жаныңа себеді жұпарлы иіс су.
Ол үшін есерсоқ ересек өмірге
Балалық көзіңмен қарауға тиіссің,
Мама!

Неге олар нәп-нәзік жүрекке мұң артты?
Неге олар жүйкені жаншуға құмартты?
Қай тасты жарайын жалаңаш қолыммен?
Кімдерге қояйын күлкілі сұрақты,
Мама?!

Жайқалған гүлдің де өмірі – сандырақ,
Байқалған күннің де өмірі – сандырақ.
Солардың бәріне мағына силайтын
Бір көктем келеді сән құрап,
Мама!

Көгілдір экранда жұлдыздар көп, тегі,
Әнебір әншінің дауысы жетпеді.
Көгілдір экранды қайтесің, тек өзің,
Ең жарық жұлдызсың көктегі,
Мама!

Жүргенде ессіз боп жігіттік желікпен,
Жыр оқып кештерде, жүйіткіп көлікпен,
Қаншама сұлудың есімін айтыппын,
Мама де айтпағам өзіңе, неліктен,
Мама?!

Сен жайлы мына әлем не десе о десін…
Бәрібір бұзбайды уақыт уәдесін…
Өлместен әлі де аман-сау жүруім –
Сендегі тағдырмен егесім,
Мама..!

Өлшеусіз бақытпен жолдарың түйіссін,
Жаныңа себеді жұпарлы іссу.
Ол үшін есерсоқ ересек өмірге
Балалық көзіңмен қарауға тиіссің,
Мама!


Арман Әділбек

Сандық

Олимп төбесі ме?
Нілдің түбі ме?
Өтүкен бауыры ма…
Әйтеу, бір алыс жақтардан
жүректі суырып алардай сүркейлі шуыл жаңғырды:
– Сандық!

Фандораның сандығы десті біреулер оны түнеріп,
Бұлттар шырқырай ақты қашыққа,
Келесі бір әлемді іздеп.
Тастар селт етіп оянды
Қандай бір қиямет тумағын сездіріп.

Шойынқұлақтың сандығы десті және біреулер,
– Махаббат пен ерліктің
Әлмисақпен тете туған дұспанын
Тірі қалдыру мүмкін бе?!
Осы сәтте,
Құлақ тұнды
Қайқы қара еліктің қорқырап жығылғанындай,
Немесе,
Іңірдің есін шығарардай солқылдаған дүрсілден.
Шалқұйрықтың тұяқ дүбірі ме?
Алыптың түмен жылдық шыңырау қақпасын күркірей соққаны ма?
Беймәлім.
Мұсаның сандығы десті тағы бір білгіштер,
Құпиялық біткеннің кілті соның ішінде,
– Аш-дағы,
жер бетін жұмаққа айландыр.
Қол-аяғы қиылған жетімек ұлдың жылағаны ма?
Иесін жоқтаған қобыздың аңырағаны ма?
Белгісіз бір дауыс
тау мен даланы өткендей болды күйдіріп.

Әлімді жиып ақыры мен де
Басымды көтеріп қарадым оларға,
Әркімнің қолында бір сандық,
Ешкім ешкімге қарап жатпай-ақ,
Ешкім-ешкімді естіп жатпай-ақ,
Өз қолдарындағы сандықтан
Көз алмай
Айғайлай береді,
Күбірлей береді тынбай…

Әйнектің әңгімесі

Іш жақта
Мүлгіп отырған адам,
Сырт жақта
Жапырақтары сарғая бастаған ағаш.

Бөлме іші
Кітапқа толы,
Үстелде шарап құтысы мөлдіреп тұр,
Күлсалғыш,
Шалмадай шұбатылған көгілдір торғын түтін…
Сырт жақта
Жапырағы қураған ағаш.

Іш жақта
Меңірейген тастай суық қабырғалар,
тат басқан кілт.
Сырт жақта
Қарғалар қауырсынын сылай ұшқан суық жел
Үзіліп жатқан жапырақтар дыбысын ертіп
Аулаққа ұшады.

Іш жақта
Өлген шыбын,
Қара қабықты қоңыздың қаудырлаған мәйттері,
Сырт жақта
Арсиған ақсөңке бұтақтарының ұшы
аспанға тесірейген ағаш.

Терезедегі сынық әйнек хикая бастады…
Оның айтуынша:
Тырналардың әуелеп ұшқанын
Әйнектен көруге болмайды – мыс.


Бауыржан МАЙТАЙ

Сыз

Құранның жазылған жолы,
Аспанның шеті мен шегі.
Қара жер назыңнан бе еді,
Ұмытқан жетім емшегін.

Ең ұлы ырғақтың өті,
Ақ қарға салынған ізде.
Барады бұл жақтың оты,
Көп кетіп сарылған күзде.

Жер құшып жиылған сәні,
Құлады кей көктем ізі.
Кінәсіз жылаған сәби,
Кінәмшіл бойжеткен жүзді.

Жұлдыздың күндізгі нұры,
Өртенген көздердің жасы.
Өмірде кім бұзды мұны,
Кетпейтін безгеннің басы.

Аспанның шеті мен шегі,
Құранның жазылған жолы.
Ұмытқан жетім емшегін,
Қара жер назыңнан бе еді?

Сары гүл

Қош бол енді мұз тамырлы сары гүл,
Топырақтың қаныменен жаны бір.
Саған енді жердің нәрі көз жасы,
Жаңбыр жауса жебе түйрер тағы бұл.

Көкке көшер жұпар қонып бір тегің,
Өзі бергенді өзі алады күн керім.
Үзіп алып сүйегіңмен қуарған,
Жанарымнан қашқан жасты сүртемін.

Сен тозасың уақыт құм кеміріп,
Мен кетемін уақытпен желігіп.
Мені іздейді гүлмен көзін сүрткен деп
Сені іздеген ара терге көміліп.

Оралмайтын жоғалу бұл,
Ақ сорды,
Кебін қылған қаңқасына қақ толды.
Қасіреттің жанарына түнеген,
Суық мұң ол ауыр әрі қастерлі.

Жүрегіңде жатқан шырын күй құнды,
Жасыма орап қара жерге қи мұңлық.
Асыққан жел жоғалтуға өз-өзін
Бас сүйеуге таппас сарғыш иығыңды.


Жоламан Әйткен

Түс

Қай фәни үстем?!
Кей нәпсі досқа айналды жай тани түскен.
Ғафлет ұйқыға амалсыз тереңнен батып,
Шошып ояндым қым-қуыт шайтани түстен.

…басқа бүйірмен,
Кездерім көп пе жалғанда босқа күйінген?!
Дұғамды оқып қайтадан көз ілемін де,
Рахмани түсті көремін досқа сүйінген.

Ұйқы да парыз!
Қорқыттың көрі – түстегі бейкүнә аңыз.
Вольтер мен Август, Вагнер мен Бетховен, Моцарт,
Керек десеңіз Декарт та ұйқыға қарыз!
Түстер де өңге,
Ақындар көрген айналар түстер өлеңге.
Отырмас едік кен санап кестеге қарап,
Қарт Менделеев сол түні түс көрмегенде.

Қорқыт бабам да,
Өз көрін көрген әр жерден жортып ғаламда.
Тым ұсақталып кетпес еді ұрпағы ханның,
Бұқар Жырауға сол түсін жорытпағанда.

Жақсы, жаманға жорытсаң, сол бұрын келген,
Түстер – ақиқат.
Өлшенбес ол ғылымменен.
Дұғамды оқып тағы да ұйқыға кеттім,
Оң қырымменен.

Аққан жұлдыз

Жанарыма о, ғажап, жарық түскен,
Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.
Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,
Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.

Жұлдыз ақты…
жүрегім дірілдеді,
Ит тірлігі біреудің сүрілмеді.
Бірақ бүгін ешкімнің өлгені жоқ,
Бірақ бүгін ешкім де тірілмеді.

Балалық-ай, жұлдызды санаушы едім,
Бір тілектің болғанын қалаушы едім.
Аққан жұлдыз, білдім бе, оқ екенін –
Бұзып шыққан жын үшін алау шебін.

Балгер – сорлы, ғайыппен араласқан,
Хабаршы жын ат-тонын ала қашқан.
От пен нұрдың айқасқан алаңында,
Жанына ем іздейді жаралы аспан.

Жаралы аспан, осылай, тұнжырады,
Жаңбыр жауса, дейсің бе кім жылады?!
Жер бетінде қаза көп, мола да көп,
Таусылмады аспанда жұлдыз әлі.

Жанарыма о, ғажап жарық түскен,
Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.
Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,
Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.


Роза Тәжібаева

***

Ақ көбелек,таныс па сізге жылау?!
Ақ көбелек,таныс қой бізге жылау.
Ақ жаңбырдың тілінде дір-дір етіп
Қараңызшы…
Жылаған Күз бе мынау?!

Жан жүдеген сары бақ ішінде ме?
Тағдырыңа ұқсайды түсің неге.
Жанарымда жылт етер ақ көбелек
Қаламымда қартайған мүсіндеме.

Өкінішсіз қарайтын өткен ізге.
Құмартатын құм сүйген көк теңізге.
Қанатыңнан сипайтын ақ қол күтіп
Сен де оны жүрмісің көктен іздеп…

Ақ көбелек жылау да сізге таныс.
Ақ көбелек жылау да бізге таныс.
Бұл қашанғы бітпейтін бөтен өмір
Қанат қағып кетейік Күзден алыс…

***

Тереземнен күледі қарап та мұң,
дейтіндей “Ар аттадың”.
Қанатымды қайырды қабырғалар
Таппадым тағат жаным!
Бәлкім сенің жанарың жатқа білер
Мен көрмеген Париждің көшелерін.
Мен сағынған Стамбул сағаттарын.

Қыртыс-қыртыс жүрегім үндемейді.
Ешкімді күндемейді.
Жанымда бола салшы,
Қасымда қала салшы.
Сосын… 
Сіңіп кет түнге, мейлі.
Кападокия тарихын тізіп кейін,
Жүректерге жыр жазып жүзіктейін.
Ақын болмай кетейік 
Кім не дейді?!

Қызғаншақтау сағатым тоқтамайды.
Ешкімді жоқтамайды.
Ол менен өлмейтіндей Өлең сұрап,
Ол сенен От қалайды.
Есіңдеме 
Рионың би алаңы,
шараптың жылағаны?
Еркелетіп тұрғаны Аспан Айды.

Паскаль кезген сол Муфтар көшесінде
Түсіме ендің.
Ақынның шошиды екен түсінен кім?
Ісінен кім?!
Ұялымнан ұялып жүрген Менің
Қиялымнан қорықсаң кете ғойшы.
Өмір ғой
Түсінермін!
(Бәрібір түсінбеймін…).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір