Қаламым төселіп, машықтанғанша жаза бердім

0
139 қаралды

2014 жылы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған француз жазушысы Патрик Модиано 1945 жылы 30 шілдеде Париж маңындағы Булонь-Бийанкур елдімекенінде туған. Қаламгердің 1968-2017 жылдар аралығында 31 кітабы жарық көрген. Жазушы 1968 жылы Фенеон сыйлығын, 1972 жылы Француз академиясының сыйлығын, 1978 жылы Гонкур сыйлығын, 1984 жылы Монако князінің сыйлығын, 2000 жылы Поль Моран әдеби сыйлығын, 2010 жылы Халықаралық Чино дель Дук сыйлығын, 2012 жылы Еуропа әдебиеті бойынша Австрия мемлекеттік сыйлығын, 2014 жылы Нобель сыйлығын алған. Ол шығармаларында көбіне Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Францияның жағдайы туралы жазған. Кітаптары әлемнің көптеген тіліне аударылып, туындыларының желісімен бірнеше фильм түсірілген. Патрик Модианоның www.nobelprize.org сайтында жарияланған сұхбатын қазақшаға тәржімәлап беріп отырмыз.

– Жазушы болуыңызға не әсер етті?
– Қолымнан келетіні жазу бол­­ған­дықтан, қаламгер болдым деп ойлаймын. Бәлкім, балалық ша­ғым­дағы кей оқиғалар түрткі бол­ған шығар. Алты жасымда Джеймс Фенимор Купердің «Мо­ги­канның соңғы тұяғы» кітабын оқығаным есімде. Ол кезде жары­тып түсін­бе­сем де, шығарманы аяғына дейін оқып бітірдім. Сол уақтағы оқуға, ізденуге деген ынтам, құлшыны­сым есейген соң, жазушылыққа жетелеген болуы мүмкін. Негізі, о баста медицина саласына оқуға тапсырдым. Бірақ ғылыми сынақ­тан өте алған жоқ­пын. Сөйтіп, қолымнан келетін жалғыз нәрсе жазу болғандықтан, жаза баста­дым. Қаламым төселіп, ма­шық­танғанша жаза бердім. Қарды екі алақаныңызбен дөңге­лек пі­шінге келтіріп, сосын жоғарыдан төменге дөңгелетіп жіберсеңіз, оған тағы қар жабы­сып, бара-бара үлкен дөңгелекке айналмай ма? Менің жазушы­лығым да осындай болмашы, кіш­кентай нәрседен бас­тап шың­далып, жетілді.
– Сіз қалай жұмыс істейсіз? Ро­ман қалай дүниеге келеді?
– Қиялыңызда жазғыңыз келіп жүрген дүние болуы мүмкін. Бірақ роман жазуды бастап кету қиын екенін түсіндім. Егер хауыздағы су салқын болса, шомылайын ба, жоқ па деп ойланасыз ғой. Шығар­маны жазып бастау да сол сияқты. Ал іске кірістіңіз екен, онда күн сайын жазуыңыз керек. Әйтпесе, қарқынды жоғалтып алуыңыз мүмкін. Жастау кезімде мен кешке дейін жаза беретінмін. Ал қазір таңғы уақытта бірнеше сағат қана жазуға қауқарым жетеді. Содан соң ойым бөлініп кетеді.
– Романды жазып бастаған сәтте со­ңы қалай аяқталатынын білесіз бе?
– Туындының соңғы нүктесі қа­лай қойылатынын болжау қиын. Сол себепті, мен детектив жан­рын­­да қалам тербейтін жазу­шы­лар­ға қызғанышпен қараймын. Себебі, олар өзі жазып отырған оқи­ғаның немен тәмамдаларын біліп отырады. Шығарманың со­ңын білмеу қиын нәрсе. Өйтке­ні, нақты қалай аяқтарыңды біл­ме­сең де, жаза беруің қажет. Мұны тек аяқтауға тақағанда ғана сезе­сің. Туындыны қай жерден, қалай біті­ру керек деген өте нәзік мәселе. Өзің­ді жазудан тоқтатын тұсты тап басуың тиіс.
– Сізді кім немесе не шабыт­тан­ды­рады?
– Оқиға орнын өз көзіммен кө­руім керек. Оқиға болып жатқан көше немесе ғимаратты көрсем, ары қарай қиялыммен жетілді­ре­мін.
– Жас жазушыларға қандай кеңес бересіз?
– Кезінде жағдайға байла­нысты шешім қабылдайтынмын. Сон­дық­тан нақты кеңес беру қиын. Нақ­ты кеңестен гөрі жал­пы­лай жол сілтеу, үлгі көрсету дұры­сырақ. Мысалы, жас қалам­гер­лерді өмірдің қиын, ауыр кезең­дерінде де жазуды тоқтат­пауға жігерлен­діріңіз. Алда болуы мүмкін қиын­дықтар мен кедер­гілер жөнінде ескертіп, сабырға шақырыңыз. Сынбауға, бастаған істі жалғастыра беруге үндеңіз.
– Нобель сыйлығы сізге беріл­ге­нін естігенде, не істеп жатыр едіңіз?
– Қызық болса да айтайын, қы­зым хабарласып, жаңалықты жет­кіз­генде мен Париждегі Люк­сем­бург бақтарына жақын рью д’Ассас көшесінде серуендеп жүр едім. Швед жазушысы Август Стринд­берг Парижде болғанда, осы кө­шеде тұрған екен. Швед ұлтымен мұн­дай байланыс жай ғана сәйкес­тік емес сияқты.

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.