КВИРИКАДЗЕНІҢ ҮШІНШІ ЛЕКЦИЯСЫ
21.09.2018
931
0

Сайын Мұратбековті «соттау»

Кейбір суреткерлердің Ота­нын, елін сүйгеніне өз халқы кү­мәнмен қарағаны қызық. Сол суреткерлердің ішінде Абай, Ман­сұр Халаж, Бодлер, Дос­тоевс­кийлердің болғанын еске алсақ, адамзаттың кемел ақыл иесі екеніне өзің де күмәндана бастайсың.
Олар адам қабиласының кемелдік кеңістігі мен азғындық шекарасына дейінгі мыңжыл­дықтар бойы жазылып келе жатқан ақиқатқа тағы бірнеше том қосты, болды. Өз халқының кемтар қасиеттерімен күресті, сол-ақ. Өз дәуіріне үн қату жо­лын­­да «моральдық» құрбан­дық­қа баруға дәті жетті, осы ғана.
Бар болғаны осы!
Ал, бұл жаппай бұқараның шымбайына неге батады? Бір ес­керетін жағдай, біз мұнда атал­ған суреткерлер өмір сүрген кезеңге қатысты әңгіме өрбітіп отырмыз. Замандар алмасқанда ұрпақтар оларды ақтап алды. Бірақ, неге өз заманы түсінбеді?
Себебі, адамдар айнаға қарап үйренген еді. Айнаның алдында бойын сылап, шашын тарағанға, өз келбет-мүсініне сүйсінгенге дағдыланған еді. Олар айнаның бетін үнемі сүртіп тұратын – шаң басқан айна оларды ажар­сыз көрсететін.
Бәлкім… бір күні бір міскін айнаның артқы бетін көргісі келіп, теріс айналдырды. Сонда өрмекшінің торы мен шаң бас­қан кеспірсіз көріністі көрді. Бұл көрініс оған әуелгі марқаю сезі­мін емес, біртүрлі жайсыздық сыйлады. Есіне қатігез ойлары мен күнәлі істерін салды, мүм­кін. Айнаның артқы беті оған ұнамады. Апыл-ғұпыл айнаның оң бетіне қарап еді, жүзі әлеміш­теніп кеткен өзін көрді. Бойын сылап, шашын түзеп тағы біраз тұрып еді, өз келбетіне қайтадан сүйсіне бастады. Ол ендігі айна­ның екінші бетіне қарамасқа тастүйін бекінді.
Бәлкім… бір күні тағы бір міс­кін айнаның артқы бетін ау­да­рып көрді. Оның да көз ал­дында өрмекшінің торы мен шаң басқан кеспірсіз көрініс. Ол да біртүрлі жайсыздық сезінді. Есіне қатігез ойлары мен күнәлі істерін салды, мүмкін. Лезде айнаның оң бетіне қарап еді, жүзі әлеміштеніп кетіпті. «Де­мек, біз көз көрген жыл­ты­рақ­қа алданып жүрміз, басқа, бұдан басқа ақиқат бар», – деп ойлады ол. Сөйтті де, өрмекшінің торын тазартып, шаңын сүртті. Ай­на­ның арты тазарғанмен, келбетін көрсетердей жылты­ра­мады. «Бәлкім, бұл менің кірлеген, күң­гірт ішкі әлемім болар»…
Содан айнаның алдына бар­ған сайын аударып артқы бетіне қарайтын әдет тапты. Өзін көре алмады, бірақ.
«Ізгілік» деген сөз тілінің ұшында тұрып алды. Көзін шел басқан кейуанаға қол ұшын беріп, жақсылық жасады да, келесі күні тағы келіп қараған, күңгірт… Келесі күні қарияға көмектесті, айнаның арты күң­гірт. Келесі күндері аяғы ауыр келіншекке, аурушаң балаға… айнаның арты әлі күңгірт еді.
Себебі, бұл «ізгілікті» ол онсыз да күнде жасайтын. Бұл «ізгілікті» басқалар, тіпті, айна­ның артын екінші қайтара аш­пасқа бекінген міскін де кез келген уақытта жасай алатын. Сонымен қатар, бұл да, олар да кез келген уақытта қатігездікке бара алатын еді-ау! «Демек, са­нам күнәлі ойлардан тазармаған. Ойдың ізгілігіне жетуім ләзім». «Қалай?». Қалай?
Бәлкім… айнаның артқы бе­тін алғаш сол екі адам көрді. Көп­шілік қайта қарамауға бе­кін­ген міскіннің жолымен жүр­ді. Азшылық айнаның артына қайта-қайта үңілетін тақуаның мүриті болуға бел буды.
Бәлкім… сол міскін алғаш адам­затқа «ойдың ізгілігі» жай­лы уағыз жүргізуді бастады. Әй­те­уір, содан бері жанның көлең­келі түкпірлеріне шырақ алып түскен азшылықтың қатары сиреген жоқ.
Бір дәуірлер оларға әулие де­ген атау берді, бір дәуірлер олар­ға ғұлама деген атау берді. Бір дәуір туды, содан бері олар – суреткер деп аталып келеді.
Суреткерлер көпшіліктің айнасын теріс қаратып қойды. Көпшілік айнаның артындағы күңгірттікті көруге құлықсыз. Анығы, суреткерлер айнаны теріс қаратқанда, оған қараған адам өзінің ішкі әлемін көре­тіндей шеберлікке көтерілген еді.
Бұл айтылған қисынға, ме­кен категориясы жүрмейді.
Әлемнің мұхит асқан құр­лық­тарында, яки шақырымдарға созылған кез келген елде дүниеге келген өнер туындысы неге өзге мәдениет өкілдері – бізге әсер етеді? Неге өзге топырақтың қайғысы сенің топырағыңның шемен қайғысына ұқсас?
Әңгіме дәлелді болу үшін тағы бір қисынға жүгінуге тура келеді. Бұл қисынға жүгінбес бұрын, мына мәселенің басын ашып алайық.
Қазіргі әдебиетте «постмо­дер­нис­тік талдау» деген ұғым бар. Постмодернистік талдау әді­сі «кез келген мәтін кез кел­ген өнер түріне көшіп жүре ала­ды» дегенді ұсынады. Бұған сүйенер болсақ, әдеби талдауда басқа кез келген өнер түрінен мысал келтіруге еріктісіз.
Қызық, әдеби шығарманы философиямен, көркем сурет­пен байланыстырсаңыз, жара­сым­ды секілді де, кинема­тог­ра­фиямен байланыстырсаңыз, сөкет­теу сықылды. Өкінішке қарай, осы тенденция біздің қоғамда бар. Иә, бұл жазба әде­би талдау емес шығар. Деген­мен…
Мақұл! Сонымен, өткен ғасырдың соңын ала қожыраған Одақтың бір қиырында таңға­жайып уақиға орын алады. Бұл уақиғаның таңғажайып болатын себебі, мұқым Одақ көлеміндегі езгідегі халықтардың Бостандық алу мұратының әбден кемеліне жетіп, пісіп-жетілгенінің жар­шы­сы болуында. Бір жағы кіші халықтардың азаттыққа деген ұмтылыстарының «әлқиссасы» болса, бір жағы алып империя­ның «бет сипар» аяғы тақағанын әшкерелеп берді.
Өнер расымен елдің алдында жүреді екен. Біз сөз етіп отырған уа­қиға – 1984 жылы Тенгиз Абу­ла­д­зенің режиссерлығымен «Арылу» («Покаяние») карти­на­сының дүниеге келуі еді.
Тәжірибелі цензура фильмді бірден текшеге салып тығып қоя­ды. Араға екі жыл салып 1986 жылдың аяғында ғайыптан тайып КСРО Кинематографтары Одағының бірінші хатшысы Элем Климовтың тікелей ықпа­лы­мен «Арылудың» жабық көр­се­тілімі болады. Келесі жылдың басында-ақ фильм бүкіл одақтас елдерді, қала берді шет мемле­кет­­терді де шарлап кетеді.
Стилистикасы каррикат­у­ралық, символдық әдістер арқы­лы жасалған картина Сталиндік зұлматтың тарихи бағасын – шын бағасын берді.
Қысқаша шолу жасап өтейік. Үш ұрпақ: ата, бала, немере…
Ата – бір қарағанда Гитлерге де, Берияға да, Муссолиниге де ұқсайтын бір қаланың диктатор билеушісі. Өз билігіндегі шәрге авторитарлық жүйе орнатады да, көзі ашық адамдарды жаппай айдауға жібереді. Халықты аяу­сыз езгіге салады. Ал, халық еш­теңе көрмегендей, ештеңе біл­мейтіндей тіршілік кешуді дағ­дыға айналдырған… Әлде­қандай көмпіс. Ештеңе жа­дыңыз­ға оралмады ма?
Бала – әкесінің орнатқан жүйесін мақтан көретін, өзі әке боп, баласы ержеткенде де, тоқмейіл көңілі осы жантыныш өмірін қалап тұратын орта жас­тағы рухани зағип кісі. Сол өмі­ріне разы. Өзгенің ауызға салып берген азғантай жырындысын місе тұтады. Өз билігі өзіне тисе, не істерін білмей абдырап қала­тын, бұрынғы әбіржу тірлігін аң­­сайтын да тұратын «сен тиме­сең, мен тименің» кері… Ай­налаңыз­ға көз салыңызшы?
Немере – оң-солын енді та­нып келе жатқан албырт жас өс­кін. Адамдардан тек адалдық күтеді.
Осы арадан тағы бір мәсе­ле­нің ұшы көрінеді. Оның адам­дар­дан тек адалдық күтуі жастық кезеңге ғана тән құлық па екен? Біздіңше, олай емес.
Барлық нәрсенің дамуы, ша­рықтау шегі, құлдырауы болады. Тіптен, жауыздықтың да. Қа­те­ліктердің орнын болашақ тү­зей­ді. Ол үшін бірнеше ұрпақ ауыс­уы ләзім. Сонда ғана халық то­лық арылады.
Неден? Бәрінен. Жаңа кел­ген ұрпақ өзіне дейін жасалған ізгілікпен де, озбырлықпен де қауышады. Әр ауысқан ұрпақ арылу процесінің белгілі бір ке­зең­дерін жүйке тамырынан өт­кізеді. Бұл процесстің қанша ұрпаққа дейін жалғасуы сол халықтың иммунитетіне бай­ланысты.
Біздің үшінші персона­жы­мыз, яғни, немере аталарының қателіктерінің құрбаны. Өзіне дейін жасалған әділетсіздікке жүйкесі төтеп бере алмады. Төңірегімізге бажайлап қарасақ, осы кейіпкердің әлі де тірі еке­нін байқаймыз. Ал, атасын өл­ген­нен соң қара жер қабыл­да­мады.
Осы екі топырақтың қай­ғы­сы ұқсас болуы гүржілердің де, қазақтардың да Одақ құрамында болып, геноцидті бір көргенінен дерсіз. Рас. Орынды уәж. Әйтсе де, зұлым адамды қара жер қа­былдамауы ше? Гүржілер та­ны­мында да бар екен бұл.
Өткен күзде Светқали кө­кеме (Нұржан): «Грузиннің Тенгиз Абуладзе деген режиссері бар. «Арылу» деген киносын көр­сеңіз ғой…» – деп әңгіме бастап келе жатқан едім, көкем бір­ден: «Желтоқсаннан кейін сол фильммен жұбандық қой», – десін. Мен ұялып қалдым. Үндемедім. Не деймін?..
Абуладзенің картинасында суреттелетін Кавказ тауының оңтүстігіндегі гүржілер даласын­дағы жағдай – біздің Сталин өлгенде егіліп жылаған аталары­мыздың, КСРО құлағаннан бері әлі күнге дейін сол замананы аңсап, тамсана айтып отыратын әкелеріміздің жағдайынан ау­майды.
Сайын Мұратбеков Кеңестік ұжымдастыруды сүйіп жырлаған жазушыдай көрінетін. Сол кезде… студенттік алғашқы жыл­­дарда. Өзара әдеби талқы­лау­лар да көп болатын кез. Сондай отырыстарда Әбіштің, Мағауиннің мәртебесі қашан да биік болушы еді. Тарихи шы­ғар­малар тәрбиелеген біздің «қа­һар­­манданған» санамызға Сайын­ның коммунист кейіп­кер­­лерін қабылдау қиынға соқты. Сөйтсек, кешегі «жалған Отанға» мүлтіксіз сенген көз көрген жандарын, «қуыршақ коммунизмді» аңсаған бүгінгі әкелеріміздің бозбала шағын риясыз көңілмен суреттеген екен. Өз заманын жырлапты. Абуладзе мен Мұратбековтің түйсінгені бір нәрсе: өз Отаны­ның белгілі бір кезеңдегі портре­тін жасау және көркем бояулар­мен.
Асылы, суреткерлік мұрат – «ойдың ізгілігін» уағыздаған бағзы бабалардан мұрапаға алып қалған алғашқы ұстынынан айнымаған. Ал, біз сурет­кер­лер­дің елін сүйгеніне күмәнмен қа­рай­мыз.

Блоктың «әйелі»

1999 жылы тәжік режиссері Бахтиер Худойназаров «Ай әке» («Лунный папа») деп аталатын көркем фильм түсіреді. Сцена­ри­йі Иракли Квирикадзенің қаламынан туған. Қышлақта бірсыдырғы ғұмыр кешіп жат­қан отағасының соғыста басы­нан жарақат алып, жарымеске айналған баласы және енді ғана бойжеткен қызының тағдырын арқалаған картина уағында «Оскарға» ұсынылған.
Театрға, өнерге ғашық аңғал бойжеткен бір күні айсыз түнде өзін әртіспін деп таныстырған бейтаныс біреуден көтеріп қояды. Дәстүрге берік қышлақ тұрғындары оң жақта отырып көтеріп қойған қызды ауыр сынға алады. Масқаралайды, қорлайды, отбасымен қосып көшіріп жіберуге әрекеттенеді. Жарымес ағасы қорған болуға қауқарсыз, ауыртпашылықтың бәрін әкесі мойымас бірбеткей мінезімен көтеріп алады.
Иронияға құрылған траги­ко­ме­дия Орта Азия халықтарының дү­ниетанымын Батысқа таныс­тыру­да үлкен рөл атқарды. Квирикадзенің өзінен сұрап көріп ем, бастапқы сценарий бойынша гүржі ауылындағы бір отбасы суреттелгенін айтты. Худойназаров уақиғаны тәжік қышлағына ауыстырыпты.
Мұндағы басты назарда ұстайтын нәрсе, бойжеткеннің есімі – Мамлакат. Бізше Мем­лекет қой. Мамлакаттың на­мысы есі кіресілі-шығасылы аға­сына да, әкесіне де, мұқым қышлаққа да ортақ. Мамлакат көтеріп қойғаннан кейінгі барлық кейіпкерлердің кешетін көңіл-күйі мемлекет алдындағы жауапкершілікке ұқсайды. Әртүрлі формадағы мемлекет алдындағы жауапкершілік.
Блоктың «әйелі» деп отыр­ғанымыз да осы. Блок ХХ ғасыр­дың басында өз өлеңінде Отан­ды әйелге теңеді. Анығы әйе­ліне.
Блоктың кеудесінен түлеген поэтикалық теңеу арғы-бергі адамзат тарихындағы Отан жайлы ұғымның жаңа модерн-кеңістігін ашып берді. Отанды «ана» образында көру өте ескі әрі көнермейтін ұғым. Жер шары қауымдарының барлы­ғының дерлік фольклорында кездеседі бұл. Ал, Отанын әйелі­нің образында, әйелін Отаны­ның кейпінде көру эстетиканың жаңа бір сатысы. Кезекті са­тысы. Санаға жарық түссе, бұдан кейін де нешеме ұғымдар дүниеге келе береді.
Режиссер Мамлакатқа сак­ральдық мағына сыйлай алған. Әкесі қайтып қорғансыз қалған Мамлакат та жарымес ағасының көмегімен «Жүз жылдық жал­ғыз­дықтағы» Әсем Ремедиос се­кілді аспанға ұшып кетеді. Әйел намысы – Отан намысы соншалық қорғансыз, сон­ша­лық нәзік, біз оны жаралап ала береміз. Намысына сызат түскен Мамлакатқа үйлену екінің бірі­нің қолынан келмейді, дәп өт­кені былғаныш пен озбырлыққа толы Отанға «адал жар» болуға қауқарсыздығымыз секілді.
Отанды әйеліңдей көрудің не екенін сіздер білесіздер. Әрі қарай талдаудың қажеті де жоқ. Мұнда ешкімге айтпай-ақ тү­сіне­тін, өз «әйеліңмен» үнсіз ұғысатын қатпар-қатпар әсерлер жатыр. Мағжанды бізге жет­кіз­ген әйелі еді, «Тәуел­сіздікті ең болмағанда ұрпағым көрсін» деп жан тәсілім еткен боздақтардың арманын құрсағында әлдилеген де Құдай қосқан жары – әйел­дері еді.
Осы тұста Квирикадзенің үшінші лекциясына тоқталайық. Академияның терезелері қараң­ғыланған кинозалын­дамыз. Бар­лығымызға «Мен» («Кто я?») та­қырыбында түсірілім жасауға тапсырма берілген болатын. Бір-біріміздің таспаға алған дү­ни­еле­рі­мізді тамашалап отырмыз.
Тобымыздағы Зелимхан есімді шешен жігіт Шешенс­тандағы қарулы қақтығыстар ке­зін­дегі балалық шағын сурет­тепті. Шешенстандағы қандас­та­рына көмекке әкесінің кет­кені, артынан бұларды алып анасының кеткені… Қақтығыста екі ағасынан айырылғанын, анасының бұларды алып қай­тадан Қазақстанға оралғанын, артынан әкесінің де оралғанын баяндайды. Кішкентай ғана фильмде: «Я хочу разбомбить Москву», – дейтін жері бар.
Енді отырып талдап жатыр­мыз. Кезек маған да келді. «Я тоже хочу, очень сильно хочу раз­бом­бить Москву», – дедім. Әңгіме бірден қыза түсті.
Жамырап жатқан топты тыныштандырған Квирикадзе: «Я тоже хочу разбомбить Мос­кву. Они и нашим грузинам уст­роили геноцид. Но, среди тех, кто устроил это не было же Толстого, Чехова, Блока, Бу­нина…», – деді көзілдірігін сүртіп жатып. Иә, рас, олардың ішінде Достоевский де, Пушкин де, Лермонтов та болған жоқ.
Жан-жақтан әлгінде айтқан сөзіме «Почему?», «Почему?» деген сауалдар естіліп жатты. Мен бұған не деп жауап берем?
Үнсіз отырып Блоктың «әйелін» ойладым…

Бекзат СМАДИЯР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір