БІЗ БІЛМЕЙТІН СҰЛУЛЫҚ…

0
137 қаралды

Жәудір Нартайқызы

…Қисайған жаман шарбақтың ар жағынан оқта-текте шашы ду­дыра­ған бір әйелдің сұлбасы көрі­неді. Қашан көрсең етегіне сүрі­ніп, күйбеңдеп жүргені. Ә дегенде түрін анық байқай алмайсың, көрінген көзден жасырынып, ұр­лық-сұмдық жасаған адамдай бой тасалап жүреді. Жаз шыға бетін тұмшалап орап алатын сол әйелдің жаулығының астынан оқта-текте қап-қара мойылдай көздері ғана жылтырайды. Бетін орайтын себебі, күнге күйіп кетемін деп ойлай­ды. Үш ай жаз бетін күннен тұмшалап, түрлі иіс майлармен бетін шапақтаса да, сол келіншек­тің өңінің сәл болса да бозарғанын ешкім көрген емес.
Күлипә өзі бір қызық әйел еді. Біздің үймен көрші болғанына биыл тура он жыл. Сол он жыл ішін­де Күлипә біздің отбасымен ішек-қарыны араласып, жұғысып кеткен жоқ, тек, арагідік жарты таба нан сұрай келетін. Көп ұзамай қарызға алған жарты күлшесін құшақтап үйге келетін де: «Мамаң қайда?» – деп сыбырлай сұрайтын. «Мамам жұмыста!». «Ә-ә-ә, қашан ке­леді?» «Қазір келіп қалуы ке­р­ек…». «Ә-ә-ә, мә, мынау кеше ал­ған жарты таба нандарың, рахмет!» – деп екі жағы да қап-қара боп күй­ген таба нанды қолыма ұстататын.
Күлипәнің соңғы кездері ме­ні­мен дос болуға әбден-ақ ықы­лас­ты екенін байқап жүрмін. Өзі байқатпауға тырысқанмен, мені көрсе ерекше қуанып, сыралғы құрбыдай қалжыңдасып қала­тын­ды шығарды. Осынау бір қарағандағы әумесерлеу қылығы күлкімді келтіретін. Менің ол кез­де бесіншіні аяқтап, алтыншы сы­ныпқа өткен шағым еді. Ауыл­дың есігінен бір, тесігінен екі сы­ға­лап, өзім қатарлы қара сирақ­тарды жиып алып, таңның атысы, күннің батысы ойыннан бір боса­майтынбыз. Қай уақытта ойынға шығатынымды Күлипә да жақсы біліп алған, жарбиған жаман шарбағына ебедейсіздеу сүйеніп алып, мені көре қалса, айқайлап шақырып алатын-ды. «Сені жын­ды Күлипә досың шақырып жа­тыр» – деп күллі бала әжуалап күлетін. Әуелгіде бұған шамданып жүрдім. Қатарың емес, «жынды» деген аты тағы бар. Күлипәмен қалай дос болмақпын? Кейін оған да етім үйренді. Оның мені не үшін шақыратынын уақыт өте келе түсіне бастап едім.
Күлипәнің жасы биыл отыз бес­ке келді, әйтсе де егде көріне­тін. Соңғы он шақты жыл Күлипә­ні тым қажытып, қартайтып жі­бер­ді. Осы отыз бес жылда Күл­и­пә­­нің бірде бір арманы орын­далмапты. Есейіп етегін жапқанда армандағаны аты дардай алып қалалардағы оқу орындары емес, жәй ғана Созақтағы кәсіптік учи­лищеге түсу еді. Болмады. Әкесі марқұм «Созақта бір өзбекке байға тиіп кетесің» деп жібермей қойды. Одан кіршіксіз таза сезіммен өзі құралыптас жігітке тұрмысқа шығып, бала сүйсем деді. Оны да Құдай көп көрді. Тапқаны – Әбде­шім. Оған да әкесінің хаһарынан қорқып ықтиярсыз қосылған.
Алайда Күлипәнің арманы тоқырап қалған жоқ. Ешқашан бас тартпайтын бір ұлы арманы бар. Басқа басқа, сол арманынан әлі үміт үзбек емес. Ғайыптан тайып сол арманы орындала қалса, Күлипә­нің басқа армандары сол ұлы арманның жолында садақа кетер ме еді… Сол арманы орын­далса Күлипә ой-шұқыры көп тағдырына тіпті де базына айтып налымас па еді…
Күлипә бұл жарық жалғанда өзінің көмірдей қара өңін бір ғажайыптың көмегімен ағартуды көп ойлайтын, соның бір шешімін іздейтін. Аяқ-қолы балғадай, бойы сырықтай, қас-кірпігі төгіліп тұр, апырау, қайдан ғана қап-қара болып жаратылды? Ол өзін табиғат ана қара қылып жаратты дегенге еш иланбайды. Бәдештің жаман қатыны Майра да бетіне жұмырт­қаның сарысын жағып жүріп ағар­ды, етікші Сайлаудың сақау қызы Торғын да реңсіз бетін қиярдың қабығымен сүртіп жүріп бозартты. «Солардан қай жерім кем-ей?!»
Күлипәнің қара торы болғаны­на табиғат емес, адамдар кінәлі. Ең алдымен әкесі – Сейсен. Жа­рық­тық өз дегенінен қайтпайтын қыңыр шал еді. Күлипәні жалғыз қызым, көзімнің ағы мен қарасы деп еркелеткен жоқ. Бұғанасы қатып, белі бекімей жатып, бес ешкінің соңынан сүмеңдетіп, күнге қақтайтын. Қонаға үйіне жеткенде, шешесі бишара ауыр арбамен су әкелуге жұмсайтын. Күннің ыстығында тірсегі майы­сып, шекесі шытынап жүріп жұ­мыс істейтін. Сонда Күлипә жаз­ғанның бет-ауызы күйген нандай қара қотырланып, түтігіп шыға келетін. Өзінің ойынша, содан әлі ағара алмай жүр.
Күлипәнің соңғы жылдары қатты тозып кеткеніне кінәлі тағы бір адам бар болса, ол құдай қос­қан қосағы – Әбдешім. Он тоғыз жасында өзінен бақандай он жас үлкен тракторшы Әбдәшімге күйеуге тиді. Екінші әйелі. Бірінші әйелі Әбдешімді менсінбей тастап кеткен екен, алайда бар гәп бас­қада деп сыпсыңдасатын көрші қатындар. Әкесі марқұм Әбдешім­ді үйіне ертіп келіп, «Осы жігітке күйеуге шығасың» деген. Күлипә «Тимеймін» деп үш күн, үш түн жы­ла­ған да, төртінші күні ырзалы­ғын берген. Көп ұзамай Әбдешім­нің анасы Түймен кемпір ауыр­май-сырқамай дүние салды. Оның артын ала бірінен соң бірі Күлипә­нің әке-шешесі де көз жұмды. Мұ­ның бәрі Күлипәға ауыр тиді. Көршілердің айтуынша, «Содан бері Күлипә «біртүрлі» болып қалған». Айнаға қарап өз-өзімен сөйлесетін ғадет тапқан. Не алда­ныш болар балалары жоқ. Әлгі көрші қатындардың Әбдәшім туралы сыпсың сөзі сол кезде тағы үдеді. «Е, қайтсін бишара бар кінәрат өзінде болған соң ішіне күйігі түсіп, соған бола ішіп, жаза басатыны бар. Әйтпесе бұл ауылда ондай елгезек жан жоқ қой». Әб­дә­шім де соңғы жылдары шау тартып, қатты жүдеп, күрт қар­тайып кетті. Аяққа түскен жаман жарасы көп мазалап, таяқ ұстап қалғанына да біраз болған. Соны­сына қорланатын секілді. Көп сөйлемей, өз ойымен өзі оқшау отыратын да қоятын.
Ең жақсысы, Күлипә айнаға қарағанда көріксізбін, салпы етек жаман қатынмын деп еш ойламай­тын. «Бұл жалғанда кім сұлу, әри­не, Күлипә сұлу!» – деп, көздерін аударып-төңкеріп, сүрмеленген кірпіктерін қағып-қағып қалатын. Осы сұлулықты құртып тұрған бір кемшілік – терісінің қаралығы еді. Күндердің күнінде бір ғажайыптың көмегімен шойын қара Күлипә әппақ мақтадай жарқырап шыға келетініне имандай сенетін, сеніп келе жатқанына да 35 жыл. Сол ғажайыптың сырын бір білсе қар­сы беттегі көрші келіншек – Ай­сұлу білетіндей. Себебі, Айсұлу ай десе аузы, күн десе көзі бар, тумы­сынан әппәқ келіншек. Қырықтың ішіне таяса да сырын да сынын да кетірмеген сұлу әйел. Оның жа­сын­дағы әйелдер бүгінде сау тісі қалмаған жаман кемпір. «Әйел бол­саң Айсұлудай бол!» деп там­сан­ған талай еркек аңдамай сөй­лей­мін деп қосақтарымен ренжісіп жататын. Әсіресе, Айсұлу алғаш келін болып түскенде түрлі әңгіме болды. «Құрсын, Айсұлудың бе­тінің жылтырағанын қайтейік, көк инені көтінен түрте алмайды екен», «Қай бетімді шымшиын, Айсұлу әлі күнге ет аса алмайтын ақсаусақ көрінеді» деген өсекті сол қатындар шығаратын. Қазір Ай­сұлу төрт баланың анасы, мектепте мұғалім. Менің — анам! Күлипәнің бар ойы сол анамның сұлулығы­ның сырын білу. Менен де сон­дық­­тан сыр тартады, тәтті-дәм­дісін аямайды. Бүгін де шақырды. «Асығыспын» дедім, ойынға алаң­дап. «Алтыншы оқисың. Өгіздей болдың. Баяғы заманда сенімен жасты қыздарды күйеуге берген» – деді. Амал жоқ, тапшанға жайыл­ған дастарханға жайғастым. Дастарханы жайнап тұр. «Ал, не сұ­райсыз?» «Кел, алдымен шәй ішейік!» Самаурынды үрлеп кеп жіберіп, тамағын қапқан көк түтінге булығып, қақалып-ша­ша­лып отырып: «Күнге жаман күйіп кеткем, иә» деді. Жел кептірген өңі мен сәл қоңқақтау мұрны са­мауыр буына тершіп, батар күннің сәулесімен жылтырап тұр. «Иә, қарайып кетіпсіз, ана жолы әппәқ едіңіз» дедім. Ол бір күліп алды. «Айтасың-ау сен қыз да! «Қара­ғым-ай, сұлулық осындай болады екен, бір басқа армансыз қонады екен» деген ән бар еді ғой. Сол сенің шешеңе арналған ғой». «Жоқ, ол ән емес!» «Енді қайсы­сы?» «Саят Медеуов айтатын «Сен көріктісің, көріктісің» деген ән!» Күлипә ернін сылп еткізді. «Бүкіл ән сенің шешеңе арналған екен да! Бізге не қалды сонда? Мүмкін бір соқыр композитор бізге де ән ар­на­ған шығар, о несі-ей!» деді ма­ған алая қарап. Мен үндемедім. «Жұрттың «жынды» дейтіні бекер емес екен ғой». «Мен байғұс әкеме тартқам ғой, шешеме тартсам, кішкене қызылшырайлылау болар ма едім» – деп Күлипә кенет қыс­тығып жылады-ай. Мен оны қалай жұбатам? Сәлден соң көз жасын құрғатып алды да, «Бір газеттен бір крем жайлы оқыдым, есектің сүтінен жасалады екен, соны күні­ге жақсаң аршыған жұмыртқадай болады екенсің» деді. «Ол өтірік. Адамда табиғи сұлулық жоқ болса бәрі бекер деген мамам», – дедім. Күлипәнің талағы тарс айырылды. «Азаннан кешке дейін мамам деп қақылдай бермеші! Бізге де бір әрекет істеу керек шығар! Не көп, Созақта есек көп, байлап қой да, сауа бер. Сен көр, мен көр, бір айда аппақ қардай болып шыға келмеймін бе?».
Көп ұзамай ол мені тағы ың­ғай­­лай бастады. «Осы шешең бе­тіне не жағады?». «Ештеңе!». «Өті­рік айтасың. Төрт бірдей бала туған қатынның терісі салбырап кетпей, калай тұр?» «Рас айтам, тек кейде сиырдың сүтімен бетін сүртетіні бар». «Сенбеймін! Мен де сиырдың сүтімен бетімді үш ай сүрттім. Ағармадым!» деп, шындап ашуланды. «Ту, Күлипә әпке, осы­ның бәрін өзінен неге сұрамай­сыз?» – дедім. Үндеген жоқ. Ай­сұ­лу күнде таң ертең Күлипә тұратын көшенің бойымен әр қадамын санай басып, бар сән-салтанатпен өте шығады. Бұл кезде Күлипә жазған терезеден қарап тұрады.
Бір күні Күлипәнің ауласының шаңы аспанға шығып, үйдегі кесе-табақ біткен сыртқа лақтырылды. Артынан таяғын шошаңдатып Әбдәшім шықты. «Күйгенде сенен күйдім-ау, бетіңді несіне шапақтай бересің, есектің сүті дейді ғой маған!» Шаң-шұң еткен Күлипә­нің даусын да көршілер түгел естіді. Үйреншікті жағдай. Бұл жо­лы Күлипә аз-маз ақшасын «Ес­ек сатып алайықшы» деп Әбде­шімге беріпті. Күйеуі ол ақшаның жартысын ішіп, жартысына бес ешкі сатып алыпты. Оны көрген Күлипәнің қаны басына теуіп, ешкілерді қуып, оған Әбдәшім ашуланып, таяқ ала жүгіріпті. Содан көршілер жабылып жүріп, қазан көтеріп, ет жеп, сорпа ішкен Күлипә шекесі жіпсіп, тілге келіп, бар жәйді баяндап беріпті.
Кейде маған Күлипә ешқашан есеймеген, есейсе де бір қияңқы балалығынан арыла қоймаған, өкпешіл бала сияқты көрінетін. Сол жылы жазда Күлипә әк жағам деп бетін күйдіріп, ауруханаға түсті. Арнайы іздеп бардым, пала­тада жалғыз өзі ішек-сілесі қата күліп отыр екен. Бет-аузынан сау тамтық қалмаған. «Құдай мені өлтірсін бе, бұрынғы ескі терім түгі қалмай сыпырылып қалды, енді жаңа терім теп-тегіс, әппақ боп шы­ғады дейді дәрігерлер», – деді масайрап.
Жалғанда әйел баласы өзінің сұлу екенін білмейтін кезі қандай көркем еді! Бейне бір бойында кінәрәтсіз тұмса табиғат ұйықтап жатқандай. Әйел өзінің сұлу еке­нін ұққан сәттен бастап, өміріне ібіліс араласып, сол тұмса таби­ғат­тың айран-ботқасын шығара­тындай.
Ол тағдырынан бала сұрамады, байлық сұрамады, ол бір ғажайып сұлулықты ғана сұрады, сол сұлу­лықты іздеді. Күні бүгінге дейін Күлипәнің бізге, тіпті өзіне де бей­мәлім бір сұлулықты іздеп жүргенін жақсы білемін. Мен оның сол сұлулығын бірге іздеуге дайын едім, бірақ, өзім де бой­же­тіп, өзім де айнаға қарап, өз кес­кін-келбетімді зерттеп, өз тағды­рымды іздеуге аттандым.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.