Қарашада құс қайтты, аспан жылап…
21.09.2018
1399
0

Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ

***

Танығың келсе мені,
Нарынға бар,
Ордада қалған тәтті шағым да бар.
Сағынып, туған жерді бір көрмесем,
Көз алдым мұнарланып, сағымданар.

Бар шығар тұлпар әлі баба мінген,
Не жетсін құшағына даланың кең.
Әйтеуір, талай жерді басып келем
Ып-ыстық құм күйдірген табаныммен.

Өтті күн жазығы жоқ жандарды атқан,
Оянып халық қайта,
Таңдар да атқан.
Қан сіңген қасиетті Нарын осы,
Би сөйлеп,
Батыр жортып,
Хандар жатқан.

Шықсам да шыңға талай,
Талып белім,
Нарыннан басқа жерді танып па едім!?
Әлемді түгел шарлап, кезсем-дағы,
Ордаға ораларым анық менің.

Көкжиек, бәлкім, бір күн сағымданар,
Іздесең сонда мені,
Нарынға бар.
…Дамылда десе көктен хақ тағала,
Нарында тәнім емес,
Жаным қалар…

***

Қарашада құс қайтты,
Аспан жылап,
Шағынғаны белгісіз,
Сағынғаны.
Кететіндей тау көшіп,
Тастар құлап,
Жер көтерер түк үнсіз бәрін-дағы.

Терезені ұрғылап қара жаңбыр,
Не деп жерге қарайды беті көктің.
Түн ішінде осылай дара қалдыр,
Көз жасымды көрмесін жетімек күн.

Қарашаны ойласам,
Шектім шемен,
Қара жерде қалды екен ізім нендей?!
Қайтқан құспен менің де кеткім келер,
Қалтыраған торғайдың жүзін көрмей.

Жаңбыр соңы қар ма екен,
Тұман ба екен,
Қандай күннің туарын кім біледі?!
Құзға соқпас өз-өзін қыран бекер,
Әлсіз болса,
Құзғынға ілдіреді.

Тіршілікті несіне таң көремін,
Келер күннің секілді сиқы басқа.
Кейде атып болмайды таң дегенің,
Не істеймін, жаным-ау, ұйқы қашса!?

Қарашада құс қайтты,
Аспан жылап,
Шағынғаны белгісіз,
Сағынғаны.
Кетсе-дағы тау көшіп,
Тастар құлап,
Жер қалардай көтеріп бәрін-дағы…

***

Иығына біреулер ішік жапқан,
Біреуге – құс,
Біреуге күшік мақтан.
Көңілден әр кеткендей,
Өмірден – нәр,
Келіндер бар бала емес, мысық баққан.

Батыр аттан түспестей,
Патша – тақтан,
Біреуге – үй,
Біреуге бақша мақтан.
Алаңдар бар бос қалған, ел жиылмай,
Адамдар бар
Ар емес, ақша баққан.

Періште жоқ,
Пенделер қаптаған ба,
Біреулер мәз бастығы жақтағанға.
Ұлықтардың ісі жоқ
Халықпенен,
Құлыптаулы
Көк темір қақпалар да.
Көппен бірге жүрген жөн,
Жеке кетпей,
Көңіл кейде төсеулі текеметтей.
Жамағаттың көші де ұзамайды,
Қанағаттың ауылын мекен етпей!

***

Кім тойған тірлік дәміне, шіркін,
Ұшырар құдай кәріне бір күн,
Өлім де тұрар кезегін күтіп,
Өмірде мынау бәрі де мүмкін.

Келсе де қыздай сызылып көктем,
Қайтады құстар тізіліп жеткен.
Қиғандай жанды,
Қинаған әбден
Үміттер қанша үзіліп кеткен!?

Қуаныш кейде түлетті жанды,
Қызғалдақ гүлдей дір етті, қалды.
Өзекті өртер өкініш қанша,
Опынтып өтер жүректі мәңгі.

Бақалар көлде бақылдар қалқып,
Қарғалар мұңсыз қақылдар шалқып.
Ор қазсын, мейлі, тор құрсын дұшпан –
Сатып бір кетер жақыннан артық.

Жыландай улы арбаған заман,
Көнуден басқа қалмаған амал.
Абайды-дағы аямай жұтқан
Ағайын, досты жалмаған ажал.

Аз емес қайғы,
Өмірде жылау,
Түсірмеу қиын көңілге қылау.
Толқып мың,
Тынған жүрекке енді
Қорқыныш емес өлім де мынау…

***

Соқты ма қарттық деген жақтан құйын,
Жаныма, беу, анашым, батқан күйің.
Жамылып зіл көрпесін кәріліктің,
Таңылып қу төсекке жатқан қиын!

Үмітпен түнің батып,
Шықты күнің,
Ерлікпен барабар-ау тіпті мұның.
Тік тұрып,
Аяғыммен жүрсем дейсің,
Ұқтырып рухыңның мықтылығын.

Санамды сансыз ине піскілейді,
Шашым да, өзіңді ойлап, түсті, мейлі.
Тірегің ұрпақтарың болған соң ба,
«Жүрегің, – дәрігерлер, – күшті», – дейді.

Тұманды бола бермес күнің бұлай,
Әйтеуір, естиікші үніңді ұдай.
Ішімде бір үмітім қайта оянды,
Түсімде жүр екенсің бұрынғыдай!

Болмасын түнің тамұқ,
Күнің жылау,
Өмірді өзің барда ұғындым-ау.
Ертерек сені тірлік еңкейткенмен,
Келте деп айту қиын ғұмыр мынау.

Күн өтті құмды кешіп,
Жаяулаған,
Қайтейін,
Кезің осы баяулаған.
Көркі де бұл өмірдің сол екен ғой,
Еңкейіп жүрсең-дағы,
Аяулы анам!

***

Түсімде көрдім.
Сағындым ба екен,
Қарсы алсам-дағы таңымды бекем.
Керуен боп көшкен күндерді қимай,
Қинадым ба әлде жанымды бекер?!

Жылылық сезбей ішінен үйдің,
Жақсылықтың бәрін түсіме жидым.
Сенімен жырақ асқанын білдім
Екеуміз бірге түсінер күйдің.

Кешпейтін күндер біз анық бірге,
Өтпестей уақыт ұзарып мүлде.
Атпаған сынды таңдар да мынау,
Батпаған сынды қызарып Күн де.

Із-түзсіз безді,
Ұрланып көп түн,
Тұрмаған сынды нұрланып көк бір.
Аттандың-дағы сапарға алыс,
Қуаныш… бәрін бірге алып кеттің.

Түсімде көрдім.
Сағындым ба екен,
Қарсы алып жырмен таңымды бекем.
…Жарқырап келдің жаз болып қайта,
Қинаған екем жанымды бекер.

***

Алпыстамын.
Түсінемін алда әлі тартыс барын,
Арғымақтың тізгінін шалт ұстадым.
Көргім бірақ келмейді,
Сәлге бола
Ағайынның қырқысып,
Шарпысқанын.

Алпыстамын.
Таусылмайтын өлеңге бар құштарым,
Алаңдаумен өтем бе әр тұсқа бір.
Көргім менің келмейді,
Қыр астынан
Ит айтақтап,
Қазақтың аңдысқанын.

Алпыстамын.
Қарлығаштай жанымда бар құстарым,
Тамашалап тұрамын таңда ұшқанын.
Көргім бірақ келмейді,
Жастарымның
Бірін-бірі пышақтап,
Қан құсқанын.

Алпыстамын.
Топшым берік,
Емес бұл тозған шағым,
Сезінемін айтылар сөз салмағын.
Көргім менің келмейді,
Қытай қаптап,
Ұлтарақтай жеріме көз салғанын.

Алпыстамын.
Елмен бірге пендемін дәурен кешкен,
Болмаса екен ұрпағым даумен өскен.
…Өлгім менің келеді туымды ұстап,
Анталаған алдымнан жау көрместен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір