Сүйінбайдан Жамбылға, Жамбылдан Нұрғисаға
03.09.2015
3721
0
726068_629111524_IMG_20150822_123506«Қызығыңды көп көрдім,
Қарабастау, Құлансаз.
Күндерімді өткердім,
Сенде жүріп ұзақ жаз.
Көкорайға жайылған
Секілді едік үйрек, қаз…», – деген Жамбыл жыры Ұзынағаш өлкесіне аяқ бас­қанда-ақ көкейге қона кеткен. Ақындар мен батырлардың елі атанған шұрайлы мекенге жыр алыбы мен қазақ музыка­сы­­ның мэтріне айналған Нұрғи­саның басына газет ұжыммен барып, зиярат жасаған едік.

«Екейде елу бақсы, сексен ақын, жа­ра­тып мінеді екен ерттеп атын. Қобызға домбырасы үнін қосып, гулейді жын қақ­қан­дай кешке жақын» деген сөз ел ішін­де кеңінен таралып, мойындаумен қатар әжуа орнына айтыла бастаған кезде Жапаның: «сексен бірінші болайын деп пе едің?» деген реніш сөзін көңіліне алмай, Сүйінбайдан бата алған Жамбыл­дың ақындық өмірі көп шығармашылық адамдардың маңдайына бұйырмаған машақаты мен бақыты мол тағдыр жазуы екенін мойындайсыз. Түсінде «өлең аласың ба? Көген аласың ба?» дегенде «өлең алам» деген бала Жамбыл ғасыр жасайтынын білмесе де, өзінің өлең үшін туған жан екенін сол балғын шақтан-ақ білген сыңайлы. Дүйім жұрт құрмет тұта­тын қасиетті қара шалдың фотосуреттегі бейнесіне көз салсаңыз, жүзін әжім бас­қан дидары соншалықты мейірімді, жанарының оты басылмаған.
Жамбылдың Сүйінбайдан бата сұра­ған, Сүйінбайдың бата берген оқи­ға­ла­ры екі ақынды зерттеу жұмыстарында көп айтылса да, ел аузынан естіген мына бір әңгімеден артық емес сияқты. Сүйінбай қартайған кезінде ет жеп отырып, тісі өтпей аузындағы бір кесекті жанындағы баласына берсе, жиіркеніп жемепті дейді. Сонда бала Жамбыл атып тұрып, ақын ата қолынан ет асаған екен. Сүйін­бай­дың ақындық өнері содан ұрпағына қонбай, Жамбылға дарыған деседі. Өмірінің соңғы жылдары даңқ мен ма­ра­пат­қа замандастарынан көп бөленсе де, соның біріне бойын үйретпеген Жамбыл әлсізге болысқан, қуды мысқылдап, тұ­қыр­та­тын әдетінен жаңылмаған. Бұның бәрі ақындығын пенделік құрметтің біріне пар көрмегенін аңғартса керек.
Нұрғиса дүниеден өтер алдында жыр алыбының жанына жерленуін тілеген екен. Композитор дүние салғанда, ел болып аға тілегін орындаған. Жамбыл му­зейінің ауласында қазақтың қос бір­дей жолбарысы жатыр. Кемпірбайдың көкала үйрегі болса, Жамбылдың қызыл жолбарысы болған. Мұндай тылсым қасиет көп адамға бұйырмайтыны анық. Жамбыл қартайғанда: «Менің қызыл жолбарысым Тілендінің баласына барды», – депті.
Сүйінбайдан Жамбылға, Жамбылдан Нұрғисаға қонған құт, қа­сиет көп ұзамай қазақтың тағы бір жас жолбарысына қонса екен деп тілек айттық.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

726068_294499064_DSC00823

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір