Алты құрлықты тоғыстырған – Астана
21.09.2018
1180
0

Қыркүйектің 20-21-і күндері Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өтіп жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған айтулы форум Елордамыздың 20 жылдығына арналды. XXI ғасырдағы жаһандық мәдениеттің күн тәртібіндегі мәселелер сөз болатын шараға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен шетел қаламгерлері (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Молдова, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзербайжан және өзге де мемлекеттер) қатысуда.

Дәл осындай ауқымды форум, осыдан тура 45 жыл бұрын – 1973 жылғы 4-9 қыркүйек күндері Азия және Африка жазу­шы­лары­ның V конференциясы қос құрлық қа­ламгерлерін Алатау төріне жи­напты. Сол басқосу ғасырларға со­зылған отаршылдық езгіден кейін бүгілген белін жазып, еңсе­сін түзеген Африка әдебиетіндегі ең ірі тарихи оқиға болған. Шы­ғар­машылығына Азия, Африка ел­дерінің ұлт азаттығы жолындағы жанқиярлық күресін арқау еткен қазақ жазушысы Әнуар Әлімжанов осы конференцияда халықаралық «Лотос» сыйлығын алған. Қатысу­шы­лар Шығыс халықтарының ұлы ой­шылы Әбу Насыр Әл-Фа­ра­би­дің 1100 жылдығына арналған ме­рейтойлық жиын өткізген. Көз­көргендердің айтуынша, маңызы зор қос шараға да Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасының сол уақыттағы бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов ұйтқы болыпты. Тарих қойнауына бұдан да тереңдей енсек, Азия-Африка жазу­шы­лары­ның І конференциясы алғаш 1958 жылғы қазан айының 7-13 күндері ара­лығында Ташкенде өтіпті. Ұйым­дастырушылардың көш ба­сында түрік қаламгері, Халық­ара­лық Бейбітшілік сыйлы­ғының ие­гері Назым Хикмет, әдебиеттен Нобель сыйлығын жеңіп алған Мы­сыр жазушысы Нағиб Махфуз тұр­ған. Ал Ғабит Мүсірепов Азия және Африка елдері жазу­шы­лары­мен байланыс жөніндегі Кеңес комитеті орын­басарларының бірі болып сайлан­ған. Жалпы, осынау конферен­циялардың әрқайсының арқалаған өз жүгі бар. Мәселен, тұң­ғыш жиын­ға бейбітшілік, ұлт­тық тәуел­сіздік, халықтар ынты­ма­ғы мен прогресс мәселелері ар­қау болып­ты. Қазақстан жазу­шыларының делегациясын бас­қарып барған Мұхтар Әуезов не­гіз­гі пленарлық мәжілісте Қа­­зақ­­стан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан елдерінің әдебиеті туралы сөз сөйлеген. Орыс жазушысы Л.Пан­телеев Әуезовтің сол сөзі жайлы «жоғарғы вольтті, аса қуат­ты сөз» деп жазыпты. 1973 жылғы алқалы жиында халықаралық жағдайдан бастап әдебиеттегі түрлі ағым, саяси идеологиялық шарпыс та талқыға салынған.
Ал бұл жиын бұрынғы жиын­нан өзгерек! Олай дейтініміз, биыл­ғы жылдың әдеби өміріндегі ең айтулы оқиғалардың бірі болған басқосу Мәртебелі Сөзге арналды. Қатысушылар кешелі бері қазіргі заманғы сөз энергиясын талқы­лау­да. «Елу жылда – ел жаңа» де­мек­ші, бес жылы кем жарты ға­сыр­да сөз қандай күшке ие болды? Бүгінгі сөз жай отындай қуатты, күн нұрындай шуақты ма? Осы тектес сауалдарға жауап іздеу және Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдерінің арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістікті қалыптастыру, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізілген форумнан жазушы Дулат Исабеков пен шығыстанушы Расул Жұмалының баяндамасын ұсы­нып отырмыз.


Дулат Исабеков

ӘЛЕМ ЖАЗУШЫЛАРЫ АССОЦИАЦИЯСЫН ҚҰРАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ

Адам баласы туғанда елі мен ата-анасын таңдай алмайды, Жаратушының әмірі бойынша – бірі Еуропада, екіншісі Азияда, үшіншісі Сирияда, әлдекім джунглиде, біреу патша отбасында, ал біреу кедейдің күркесінде дүниеге келеді.

Ал жарық дүние есігін мен ашқанда, ресми деректер бойын­ша, 26 миллион совет адамының өмірін жалмаған адамзат тари­хын­дағы ең қатыгез, ең қанды соғыс жүріп жатыпты; солардың ішінде Сталинград түбіндегі үш жауын­гер­ге бір ғана винтовкадан тиген ала­пат шайқаста менің әкем де мерт болды. Тылда қалған тек әйел­дер мен бала-шаға және қарт кі­сілер әлемет бейнет арқылы әс­керді азық-түлікпен, киім-ке­шек­пен, техникамен жабдықтапты.
Онда балғын жас едік, бірақ біз­де балалық шақ болған жоқ. Со­нау алыстағы майдан даласынан ұш­қан оқ көптеген қалалар мен се­лолардың үстінен зуылдап ыс­қы­рып өтіп, шалғайдағы ауылы­мыз­ға да «жетіп», біздің бала­лы­ғымызды жайратыпты.
Осынау сұмдық жағдайлар жө­нінде мен «Біз соғысты көрген жоқ­пыз…» деген повесімді жаз­дым, ол жеке кітап болып шықты. Осы­дан бірер жыл бұрын Лондон­да ағылшын тілінде де жарық көр­ді.
Сонау жалаңаяқ жас кезімде балқұрақ балалығымызды жой­ған фашистік Германиядан бөлек – біздің әкелеріміздің жағында со­ғысқан Ұлыбритания мемлекеті ту­ралы танып-білемін деп ойла­дым ба. Сонда күндердің күнінде менің пьесаларым ұлы Шекспир ті­лінде Лондон сахнасында бірінен кейін бірі қойылады деп ойладым ба. Қыста пеш жағылмаған мек­тепте алба-жұлба болып, аштық­тан үнемі қарным шұрылдап пар­тада отырған сәтімде жетпіс бес жас­қа жетіп, сол мерейтойды де­мок­ратия мен футбол отанында – ұтқыр әзіл мен биік мәдениет, аристократия отанында атап өте­мін деп ойладым ба.
Бір жарым жасымда ауыр нау­қас­тан кейін жұрттың бәрі мені өл­діге санап, қабір қазушылар қо­лына тапсырар алдында соңғы рет «жансыз» сәбидің жүзіне қарап қалу­ды ұйғарған көрші кемпірге ри­замын.
Ал мен, «өлген» бейбақ о дү­ние­лік балаша тып-тыныш жату­дың орнына кенет көзімді ашып ыржиып күліппін, ал үрейі ұшқан кемпір байғұс бажылдап, шешемді көмекке шақырып үлгеріпті.
Перзентін тірідей көме жаз­да­ған анам менің тірі болуыммен қой­май, жымиып жатқанымды кө­ріп, дауыс салып жылап жібер­ген көрінеді. Мені алып кетуге кел­ген қабірші жаназалық дәмнен қағылғаны үшін түсі бұзылып, қат­ты ренжіген секілді. Соларға қо­на­қасы бұйыртпай, аш қалдыр­ғаным үшін күні бүгінге дейін қы­сыламын. Өздері қазылған әлгі қабірді қайтадан көмбепті де, се­бебі, сырқат балалардың бірі қайт­кен­мен өлер еді, уақыт солай-тын.
Бұл жағдайды менен көпке дейін жасырып келіпті. Алайда ал­ғаш мектепке барып бірінші «бес­тігімді» алып келгенде, сол қа­рия «мен болмасам, мектепке ба­рып, бестік әкеле алмас едің» деп, жайдарлана отырып барлық сырды жайып салды. Әлгі көр­ші­міздің тіміскектігі арқасында, мі­не, мен өздеріңіздің алдыларыңыз­да тұрмын.
Кемпір менің жүзімді көру үшін киіз бетін кездейсоқ ашты ма екен? Меніңше, жоқ! Тәрізі, ол көк­тің әмірімен солай істеуді ұй­ғар­ған. Осы оқиға, қалайда, Құ­дай­­дың бар екенін, ештеңенің се­­бепсіз жасалмайтынын тағы да көр­­сетіп тұр. «Алланың бұйры­ғын­сыз бір жапырақ жерге түс­пей­ді» деген ескі қазақ мақалы бар.
Өздеріңіз пайымдап көріңіз­дер, адам туғаннан бастап көз жұм­ғанға дейін дүниеде ешбір оқи­ға кездейсоқ болмайды екен. Егер Ленин бастаған большевиктер патшалық самодержавиені жеңіп, Совет өкіметі орнамаса, өз құра­мы­на қазір Қазақстан деп ата­ла­тын ежелгі Қазақия елін күштеп кір­гізбесе, менің әкем өзі де, оның ата-бабасы да бұрын-соңды естіп-біл­меген Сталинградты қорғап қаза таппас еді және мен бұл тура­лы кітап та жазбас едім.
…Қазақтың ежелгі аңызы бойын­ша, Жер-жұмақты жаратқан Құдай оған ең алдымен адамды емес, бір құсты жіберіпті. Ол құс­тың аты «Арманда» екен, яғни «мәң­­гілік сағыныш» деген мағына бе­­реді. Жаратушының әмірі бойын­­ша ол тек көк жүзінде сам­ғап жүреді. Жер шарын мың-мил­лион мәрте айналып ұшқан құс жер бетіндегі тіршілікке іңкәр бо­лып, қатты құмартады.
Бірде ол Құдайға көктегі мәң­гілік өмірді тастап, жерде күн кеш­кісі келетінін айтады. Құдай келіс­пейді. Бірақ құс әлгі өтініш­пен қай­та-қайта келе беріпті. Бұған қат­ты ашуланған Жаратушы оны қуып та жібереді. Құс сонау тілек­пен соңғы мәрте келгенде Құдай: «Жарайды, мәңгілік ғұмырды қа­ламасаң, еркің білсін, жерге түс. Тек есіңде болсын, онда өлмес өмір жоқ. Сенің орныңа өзге бір «ма­құлықты» жіберемін» дейді. Сон­да құс: «О, Жаратушым, бә­ріне келісемін!» – деп қуана-қуана жерге түсіпті де, бірден о дүниеге ат­таныпты.
Құдай оның орнына бәріміздің ортақ атамыз – Адамды жөнелтеді. Айт­пақшы, қазақша «адам» деген мағынадағы осы сөздің алғашқы нұсқасы – «Адам» тек қазақ тілінде ғана сақталған.
ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Абай: «Адамның басы – Ал­ла­ның добы» деп жазыпты; мұ­ның «Адам Құдай үшін ойын­шық, бәрі Жаратушының қолын­да» деген мағына беретіні түсінікті.
Меніңше, біздің ғаламшары­мыз­дың сұлулығына бола мәңгілік ғұмырын жердегі қысқа тірлікке айырбастаған Арманда құс бір сәт тіріліп, бүгінгі Адам ұрпақтарының Жерді нендей күйге түсіргенін көрсе, өзінің сонау шешімі үшін қатты өкінер еді.
Бүгінгі аласапыран, дүрбелең дүние ұлы жазушылардың қасиетті сөзіне зәру. Интернет пен электро­ни­ка дәуірінің адамдары әзірше қа­ғаз кітаптан бас тарта қойған жоқ, олар әлі де саясатшыларға қара­ғанда жазушы сөзіне көбірек се­неді. Жазушылар дүниедегі ең әлемет СӨЗ қаруына ие екенін өз­дері де толық түйсінбеуі мүмкін.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен Сириядағы жағдайды қалпына кел­тіру бойынша халықаралық кеңес өткізу игі дәстүрге айналды. Былтырғы жылы қыркүйектің 22-сінде Алматыдағы Достық үйін­де көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, тәуелсіз Қазақ­стан­ның Қытайдағы алғаш­қы ел­шісі Мұрат Әуезовтің бастауымен халықаралық «Жібек жолы. Со­ғыс­сыз әлем» дөңгелек үстелі өтті, онда шет ел зиялыларының көп­теген өкілдері: ғалымдар, саясат­кер­лер, жазушылар өз пікірлерін ор­таға салды.
Маған бір ой келді: бізге әлем­нің маңдайалды жазушылары бейбітшілік пен әділеттілікті, қор­ша­ған орта тазалығын қорғап, кей­бір елдердің агрессиялық сая­сатын мейлінше әшкерелеп оты­ратын «Әлем жазушылары ас­социациясын» құратын кез жеткен жоқ па екен?
Бұл ұйымның штаб-пәтері, өз ойым­ша, Англияда тұруға тиісті.


Расул ЖҰМАЛЫ, шығыстанушы:

Әдебиеттегі маңызды тақырып: Ақ нәсілді адамдардың кінәсі…

Әуелде Сөз болған. Сөз – біздің жан дүниеміздің айнасы және бет-бейнеміздің айқындауышы. Кез келген әдебиеттің мақсаты – адам баласына өзі, қоршаған ортасы және өмірдің мәні туралы түсінік бере отырып жалған ақиқаттан арылту, сол арқылы рухани жетілуіне ықпал ету. Сондай-ақ тіл және мәдениет секілді әдебиет те – кез келген ұлттың қалыптасуы мен дамуына жол ашатын рухани бастау. Иә, уақыт ағымында түрлі жағдайлардың әсерінен әдебиеттегі екпін, кейіпкерлердің сипаттамасы, жазу тәсілдері т.б. өзгерістерге ұшырауы мүмкін.

Алайда негізгі қалып бейнебір шамшырақ секілді әдебиетті та­рих­тың, мейлі, өткен, бүгінгі не ке­лешектегі болсын кез келген үзі­гінде сұранысқа ие етеді. Әйтсе де, ХХІ ғасыр әдебиетінің ерекше бел­гілері қандай? Адамдар 50-100 жыл­дан кейін қандай әдебиетті оқи­ды? Ертеңгі күннің классиктері кім­дер болмақ? Көлемді поэмалар мен көп томдық романдардың уа­қыты бірте-бірте өтіп барады. Кей жағ­дайларда классиктердің шы­ғармалары қысқартылған нұс­қа­ларда жарық көруде. Блогерлер дей­тін балама ой иелері де қатар жү­ріп келеді. Олар ақын-жазу­шы­лар туралы қалыптасқан түсінік­тер­ге сай келмегенімен, түптөр­кі­нінде олардың да құбылыстардың мән-маңызына үңілу, сауалдар тас­тау, идеялар тудыру секілді іс-әрекеттері классикалық әдебиет­тің міндеттерімен мазмұндас. Кітаптар авторлық ғаламтор-блог­тарға ауысуда. Әлемде осы тектес оқыр­мандар автордың шығар­ма­шы­лық қызметіне қатысып оты­руы нәтижесінде туатын ин­те­р­активті шығармалар пайда болып үлгерді. Осылайша әдебиет жаңа, анағұрлым қолжетімді түрге ие бо­лып келеді. Қазіргі уақытта, тіп­ті, дүкенге барып, сағаттап кітап таңдаудың, сол үшін кезекке тұру­дың, артынан оны қоқысқа өткізу­дің қажеті болмай қалды. Элек­-
т­ронды кітапты жүктеп алсаң бол­ға­ны. Бұл – дәстүрлі кітаптар кел­меске кетті деген сөз емес. Бұ­ған кітаптардың көп таралым­дар­мен шығуы, кітап дүкендеріндегі кезектер, қолтаңба беру сессия­лары дәлел бола алады. Қатысу­шы­лар әдеби сайттар мен оқыған кітап­тары жайында ой бөлісетін сан­сыз форумдар да бар. Бұдан бө­лек, жазушылар үшін бұған дейін аса таныс болмаған мүм­кін­діктер пайда болуда. Кітап ин­дуст­риясы дамыған елдерді үлгі етсек, жазушының мемлекет тарапынан қар­жыландыруға тәуелділігі азайып барады. Тек қана роман­да­ры арқылы табыс табатын көп­те­ген жазушыларды тіпті де кедей адамдар дей алмаймыз. Ал жекеле­ген феномендер бай-бағландардың өзімен бәсекелесе алады. Қоғамда серпіліс тудырған кітаптар уақыт өте келе фильмге айналып, сол ар­қылы бір-біріне жарнама жасай­ды. Мұның бәрі шығармашылық үдерісті күшейте түседі және оның тәуелділігі де азая бермек. Деген­мен, осы артықшылықтарды пай­да­лану үшін оларды белсенді түрде мең­геру қажет. Кітап шығару сала­сына маңызды реформалар ен­гізіп, мемлекеттік монополиядан нарықтық қатынасқа көшу керек. Қағаз өнімдер кім-кім үшін де қол­жетімді және тегін электронды кө­шірмелермен бәсекелестікке жа­рамсыздық танытуда. Осынау өмір шындығы пост-кеңестік ел­дерде ұлттық әдебиеттің бәсеке­лес­тікке қабілеттілігін арттыруға күш жұмсауды қажет етеді. Бұл мә­селе өзіндік «Меніңді» сақтауға ті­келей ықпал етеді. Көптеген ел­дерде осы бағытта ізденістер мен зерттеулер байқалуда. Солардың ара­сынан мәдениеттер тоғысы мә­селесін қозғау орынды дер едім. Мә­селен, вьетнамдық жазушы Вьет Танг Гуен вьетнам соғысы ке­зінде Америкадан бір-ақ шық­қан вьетнамдар туралы «Босқын­дар» атты кітап шығарды. Әде­биет­тің әлемді жаулап алған тағы бір маңызды тақырыбы – кінә – ақ нәсілді адамдардың өзгелер ал­дындағы кінәсі. Бұл орайда Со­ломон Нортаптың «12 жылдық құл­дық» немесе Колсон Уайтхедтің «Же­расты темір жолын» еске ал­сақ та жеткілікті. Немесе кешегі тоталитарлық уақыт әдебиетіне көз­қарасымыз қандай болуы ке­рек? Лайықты қайта бағалау өз-өзі­нен, яғни эволюциялы түрде тууы қажет пе? Әлде мемлекет, ин­теллектуалдық элита, шығарма­шы­лық интеллигенция өз сөздерін айтуы қажет пе? Сонымен, әде­биет жаһанданушы әлемде жаңа бағытқа түсуде. Олардың кейбірі байланыстың жаңа жолдары, өза­ра түсіністік, шекаралардың жо­ғалуы түрінде, сөзсіз, оң әсер ету­де. Бір мәдениетпен шектеліп қал­маған әлем адамының бейнесі қа­лыптасып келеді. Бұқаралық мә­дениеттің өзі бір-бірімізді тү­сінуге мүмкіндік беретін өзіндік ха­лықаралық тілге, жеңілдетілген тіл­ге айналып барады. Алайда бұл мә­дениеттің кедейленуіне және жұ­таңдануына әкеп соқпай қой­майды. Бүгінде бұқаралық мәде­ниет дегеніміз – сұраныс пен ұсы­ныстарды қалыптастыратын, ға­ламдық жобаларды қаржы­лан­дыратын тұтас халықаралық ин­дустрия. Ұлттық ерекшеліктер мен мә­дени дәстүрлердің мұндай тренд­тің қарқынына төтеп бере алуы неғайбыл. Адамдар өздерінің де, балаларының да байырғы дәс­түр­лері мен түсініктеріне көбіне сәй­­кеспейтін батыстық өмір сал­тын көшіріп алғандарын сезбей де қалды. Нәтижесінде ұрпақтар са­бақ­тастығы мен ұлттың рухани ко­ды бұзылады. Әрі қарайғы мә­дени ассимиляция ұлттық бол­мыс­ты жойып жіберуі мүмкін. Осы­лайша бет-бейнесі жоғалған қо­ғамға қырғыз классигі Шыңғыс Айт­матов сипаттаған түптамырын тү­бегейлі жоғалтқан мәңгүртке ай­налу қаупі төнеді. Көптеген қо­ғам­дарда бұл қарсылықтар ту­дыруда. Көз алдымызда жаһан­дану­ға қарсылық қозғалыстары туып, мультимәдениет идеялары дағдарысқа ұшырауда. Мұндай қарсылық білдірушілер немесе бей­шара халге түскендердің бір бө­лігінің экстремизм идеологта­ры­ның нысанасына ілігуі басқа бір ақырғы шекке әкеп со­ға­ды. Соның салдарынан халықтар мен мәдениеттердің ерекшелігі өзара сенімсіздік пен күдіктену­шілік­ті тудыруда. Қоғамдарда бір мә­дениетті екіншісін кемсіту ар­қылы ұлықтайтын, нәтижесі қауіп­ті стереотиптер күшеюде. Рас, жаһандануға қарсы тұру ақыл­ға да сыймайды және мүмкін де емес. ХХІ ғасырда әлемдік, со­ның ішінде әдеби үдерістен тыс қалу сау ақылға жасалған зорлық болар еді. Оны өзіңнің өркениетті жетістігіңмен қиыстыруға тырысу – басқа мәселе және қолдан ке­лер­ліктей шаруа. Сол себепті де, жаһанданудың ну орманында «аман қалудың» негізгі идеясы – оның моделін жалпылық, ай­рық­шалық және даралық қағи­да­лары­мен үйлестіру мүмкіндігін негіз ету бол­мақ.


«ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ СӨЗ ЭНЕРГИЯСЫ» ЕУРАЗИЯЛЫҚ ФОРУМЫ бағдарламасы:

20 қыркүйек сағат 10:00-де форумның салтанатты ашылу рәсімі және «Әдебиет және жаһандық мәселелер», «Аймақтық әдебиеттердің дамуы» тақырыптары бойынша пленарлық отырыс, «Заманауи Еуразиялық әдебиет» кітап көрмесі.
Өтетін орны: Тәуелсіздік сарайы. Тәуелсіздік даңғылы, 52.

21 қыркүйек сағат 10:00 – 13:00 аралығында 4 секция бойын­ша:
1. «Жаңа заман поэзиясы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер»;
2. «Жаңа заман прозасы: көтеретін негізгі тақырыптар мен мәселелер»;
3. «Драматургияның өзекті мәселелері»;
4. «Қазіргі аударма ісінің хал-ахуалы» тақыры­бында басқосулар.
Қосымша: Форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран жазушылары қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылады.
Өтетін орны: «Hilton Garden Inn Astana» қонақ үйі, Қабанбай батыр даңғылы, 15

Форум аясында Қазақстан–Ресей қаламгер­лерінің кездесуі өтеді.
Өтетін орны: ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы, Достық көшесі, 11.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір