АБАЙДЫ ТАНЫП БОЛДЫҚ ПА?

0
49 қаралды

Осындай тақырыптағы 16 тамызда «Қазақ әдебиетінде» шыққан Дина Имамбаеваның мақаласын оқып, еңбек ардагері әрі кәсіби саясаттанушы ретінде (8 жыл партия комитетінде лектор болған едім) өз пікірімді ортаға салсам деп едім.

Біріншіден, осындай түпкілік­ті, көкейкесті мәселені көтеретін жібі түзу мақала тұңғыш рет жарық көрді деуге болады. Әрине, қазір «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» туралы өте көп жазылып та, айтылып та жатыр. Өкінішке орай елден ерекше көрінейінші, бас­қалар айтпаған пікір білді­ре­йін­­ші деп кескінін көрсеткісі ке­ле­тіндердің арасында тұшымды ештеңе айта алмайтындары да бар.
Екіншіден, рухани жаңғыру не­ден басталады, жаңа қоғамның құ­рылысшылары қандай болуы керек, жеке болмыстық дегеніміз не?
Абай адамның іштей түлеп, іштей есеймегенін қазақ жұрты­ның бойындағы үлкен кемшілігі деп білген. «Шыға ойламай, шығындап қылық қылмайтындар» да осы іштей есеймеушілерден шығады ғой. М.Мырзахметов жа­саған Абайдың толық адам туралы ілімі қазақ баласын рухани кемел­дікке жетелейтін негізгі құрал еке­нін жас үкіметіміз әлі де болса түсініңкіремей жатқан болар. Біз ұрпағымызды көбінде алалығы жоқ, көрінген жерде сүріне бер­мей­тін, тумай жатып болдырмаған, көңіліндегі жаз гүлін солдырмаған, сәл күштіге бағынбаған, сәл бай­лық­қа табынбаған жартыкеш ем­ес, бүтін жан болса дейміз. Ана сүті­мен қазақ тілін меңгерген, хал­қымыздың салт-дәстүрін бойы­на сіңірген, қаршадайынан екі­жүзділікті көрмеген, жал­тақ­сыз-бұлтақсыз қимылдайтын баланың бүтіндігі кімді болсын қызықтырады емес пе?
Ал «жеке болмыстық» (иден­тич­ность) деген терминді қалай түсінуіміз керек? Жасыратыны жоқ, қазір қоғамтанушылар ара­сын­да бұл туралы ортақ тұжырым­ның жоқтығы байқалады. Мыса­лы, 1996 жылы «сәйкестілік» деп аталған бұл сөзге тағы да оншақты анықтама тіркелген еді. Бірақ бұл бір-біріне ұқсас қағидаттар өзара мүлдем кереғар, келіспестей тұ­жы­рымдар емес, тек қана дәлдігі келмей тұр. Мәселе өз болмысын түсінген адамның әлеуметтік орта­мен қарым-қатынасында. Адам ба­ласы әсерсіз, түйсіксіз отыр­май­ды ғой. Оның естігенінен (туған тіліндегі анасының әлдиі), оқыға­ны­нан (дастандар, батырлар жы­ры), көргенінен (қазақтың салт-дәстүрі) тың хабар көп, сәбилік жасынан сонын бәрін қабыл­дай­ды, түйсінеді, есейген кезде көрген-білгенін қорытады, нәти­же­­сінде өзінің жеке болмысы қа­лыптасады. Осы терминге 40 жыл бұрын түсініктеме берілген еді ғой, Дина Имамбаева жазғандай, неге біздің философтарымыз оны жасырып отыр? Мысалы, КСРО Ғылым Академиясының академигі В.Энгельгардт 1979 жылғы «Наука и жизнь» журналының 5-ші санында былай деп жазады: «Что понимается под термином «идентичность»? Если говорить предельно схематично, речь идет о понимании человеком собствен­ной ценности в его взаимосвязях с социальной средой. Другими словами, идентичность – это понимание человеком своего места среди бесчисленного мно­жества ему подобных, но и от­личаю­щихся от него чело­вечес­ких существ; это понимание своего значения, ценности, в конечном счете смысла своего существо­вания. Такое понимание опред­еляе­тся решением проблемы взаимоотношения единицы и мно­жества, индивида и массы, челове­ка и общества».
Қазақ – мемлекет құрушы ұлт дейміз. Жас мемлекет осындай жеке болмысы қалыптасқан және оны жоғалтпаған азаматтардан құралады, осы мәселені толығы­мен шешкеннен кейін ғана Қа­зақс­танымыздың болмысы (иден­тич­ность) осындай еді деп айта аламыз. Ал біз, керісінше батысқа еліктеп, қазақты соған ұқсатамыз деп әуре болып жүрміз. Шын мә­нінде бұл процестің өркениетті елдердегідей төменнен жоғары өткені дұрыс шығар деймін.

Асемхан МҰХАМЕДЖАНОВ,
саясаттанушы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.