Көркем жырмен көктегі тойға барам…

0
63 қаралды

Гүлнәр ШӘМШИЕВА

Жерде мейман едік

Парасатты сөзден Пырақ ұшар, көкке,
Жалғандықты сезген жылап ұшар, шетте!
Нәпсіні жеңіп келсең құрақ ұшар, шөп те,
Жаным алаулады!
Жар болатын Жалғыз – Жалғызға бас и де,
Махаббатқа зар қыз түстің қандай күйге.
Жерде мейман едік қайтамыз ғой үйге,
Таудан таң аунады!
Абыздай боп тұрсаң толғанысың ұлық,
Қайғыға билік құрсаң жан дауысың тұнып!
Пітір бердің, Нұрға пәршеленді құлып,
Үміт жалаулады!
Жан інжуді сақтап – тән аза шекті,
Ақыретке баптап – бетке ап арғы бетті.
Көзден жасын ағызды ел шертіп едім, шекті,
Жаздың алау шағы!
Күн күркіреп тұр-ау, бұлттар жасын төгіп,
Бұл сағынып, жылау – айрылу сезімін шегіп!
Қызғалдаққа шомылған қырдың жалынын өбіп,
Жаным алаулады!
Кемпірқосақ күлді, сезімі даланы алып,
Жырлар жұтты түнді, Ай қолына қалам алып!
Жаным көкке жаңа жұлдыз боп, бара ма ағып,
Үміт жалаулады!

Құс жолы

Көгілдір бұлттардың көзінде шомылдым,
Серуендеп, сұлу бір сезімге соғылдым!
Өртеніп кетпеңдер – жырыма шоқ ілдім,
Бұлақ боп қайнап.
Кең далам жауқазын, жусаны сөйлеген,
Нұр шашсам Күн болып кетемін, кейде мен!
Таң құшып, алаулап, қызғалдақ жейдемен,
Тұрамын жайнап!
Көкжиек құлпынай жағады жүзіне,
Самғайды азат тырналар тізіле!
Құс жолы жамырап ергенде ізіме
Шаттықтан жыладым айлап!
Қайғысын жерлеген күйіме шектегі,
Баға берді қазақтың зиялы, текті елі!
Рухымның денеме қарамай кеткені,
Дүниеден үзілгенін тойлап!

Жүрек інжуі

Көркем садақа бұл жырым менің,
Кескем, нұрменен кіндігін оның!
Жарық таратқан мұңды Күн едім,
Алаулап кеттім!
Сағыныш еді түнгі бесігім,
Қобыз жыласа оның несі мін?
Домбырадан шыққан күйдің жасымын,
Ғасырға жеттім!
Теңізді ішіп ап теңселіп жүрдім,
Дәптерімде өртеніп, жыр-мұң!
Жәннат бақшада ән салып тұрмын,
Қып-қызыл шоқпын!
Жүрек інжуі қаламға түсті,
Толғақ боп жатыр ғаламда күшті!
Босанды гүл боп бүгін жер үсті,
Жұпарын өптім!

Жанымды тербетеді

Інжулер тұңғиықта жатады екен,
Адам жаны боздаған бота ма екен?
Қызғалдақтай үзіліп, Күн батады екен,
Жанымды тербетеді аспанның әні!
Самұрықтай самалдың өзін тербеп,
Ағылады аспанға сезім – шербет.
Мөлдір моншақ тұнып тұр көзім көл боп,
Жанымды тербетеді аспанның әні!
Жерден безген бейдауа, жаным ғашық,
Алау халым көк жаққа алып қашып.
Жүрегімнің маржанын төгіп-шашып,
Жанымды тербетеді аспанның әні!
Сазы аялап жырымды аймалаған,
Жер дүниені Рухымен жайлаған ән!
Көркем жырмен көктегі тойға барам,
Жанымды тербетеді аспанның әні!
Теңіз дүрін теріп ап, қадап, жырға,
Жұмақ мекен – өзіңе салып сырға!
Мәңгіліктің шамы онда жанып тұр ма?
Жанымды тербетеді аспанның әні!
Кемпірқосақ суретін сазым салып,
Мың гүлімен жырымда жазым қалып!
Қара түнде қаңқылдап, қазым ғаріп,
Жанымды тербетеді аспанның әні!

Кешті тербеп отырмын әнімменен

Самал соғып, көк жақтан нұр әкелді,
Аяладым аққу боп мына көлді.
Сағынғанды қуантып, жылат енді,
Кешті тербеп отырмын әнімменен.
Саумал құйып жандардың жүрегіне,
Таң оянсын шаттықтан күле-күле!
Гүл-жыр егіп таулардың сілеміне,
Кешті тербеп отырмын әнімменен.
Бұлбұл құстар бүгін де қасыма кеп,
Қуаныштың бұрқағын шашып, әлек!
Шаттық алда – ей, достым, жасыма – деп,
Кешті тербеп отырмын, әнімменен…

Тамаша күн

Жүректер гүлге шомылып,
Сел күйге сезім соғылып.
Көкте күліп, жұлдыз ағылып,
Бір тамаша бұл күн.
Шаттықтан есі ауып талдар,
Қыран да күлімдеп самғар.
Ынтызар – әніме, жандар,
Бір тамаша бұл күн.
Тас та мүкпен киінді, түлеп,
Жасауы жап-жасыл жібек.
Лүп-лүп етіп, қуанып жүрек
Бір тамаша бұл күн.
Өзен де нұрланып бұл күн,
Пәктейді жер үстін, шіркін!
Гүрілдеп, тынымсыз күн-түн,
Бір тамаша бұл күн.
Кеудеңде көктем күлсе егер,
Жаратқан жанға нұр себер!
Тылсымнан сұлу сыр төгер,
Бір тамаша бұл күн!

Жаздың вальсі

Сүйкімді жаз – вальске кел,
Шыр айналшы, әніммен!
Тербе, тербе ей, самал жел,
Толқып тылсым халіңмен!
Гүлдеріңмен аймалашы,
Хош иісіңе қалғиын!
Жаздың таңы – той, қарашы,
Шертіп жатыр ән-күйін!
Жұпарыңа мас болайын,
Сырға тақсын жаздан жыр!
Жапырағыңа жастанайын,
Жасыл болып наздан бір!
Жасыл жаным егіз болып
Жасыл жазбен кеткенде.
Жыр толқиды теңіз болып,
Саз төгілер шектен де!

Сөйлесші менімен…

Сөйлесші менімен ей, аспан!
Сағынғанымды айтшы Оған,
Інжу моншақтан сұлу жыр,
Тағынғанымды айтшы Оған!
Боздақ бұлттардан пәрәнжі
Жамылғанымды айтшы Оған!
Жер – тұман! Қайғылы керуенге –
Соғылғанымды айтшы Оған!
Жұлдыз боп, шердің көгінде
Жағылғанымды айтшы Оған!
Дүние-ай, жұмақ сұраған,
Мозайка – саздан құрағам!
Жерден биікке шығып ап,
Мен бе екен жарда жылаған!
Сөйлесші менімен ей, аспан,
Ақ пұлыш жауып тау жатыр,
Бозарып демі бау да тұр!
Қазағымның намысы-ай!
Азалы Абыздың аңырап,
Домбырасының қағысы-ай!
Аппақ бұлттардың ішінде,
Ақынның тепкен қонысы-ай!

Жаздың Моцартымын

Жаздың Моцартымын – әуенін жазған,
Гүлдің бояуын ап, өлеңім қалған!
Қызғалдақты өлкемде – Күнім жанған,
Күлімдеп тұр!
Жасыл жапырақ – жанымды сипады,
Сұлу атырап – шертпе күй шағы!
Аспан – асың төк, шарап құй, тағы,
Түнім – тек нұр!

Таң арай, хош иіс, тыныштық тұныпты,
Тікенді жұлдым да, бұздым, құлыпты!
Жандардың кеудесін лаулатып тұрыпты,
Жыр-гүлім – шоқ бір!

Ғажайып нұрға шомылдым

Көгілдір дүниенің ішінде,
Көгілдір боп жүрдім, түсімде.
Көк жақты ұнатқаным үшін бе,
Ғажайып нұрға шомылдым!
Миуа бақ, есті алған бір әуен,
Тыңдасам – шаттықтан жылап ем.
Боялып, алқызыл қынамен,
Ғажайып нұрға шомылдым.

Жұлдыз мұңымды ағызып,
Көлге жыр-шарап тамызып.
Гүл-шаттық ұсынды, бақ үзіп,
Ғажайып нұрға шомылдым.

Жаныма домбыра сыйлаған,
Тартсам, тәтті боп, күй ғалам!
Қуаныштың жасын тыймаған,
Ғажайып нұрға шомылдым.

Қызғалдақтай алаулап күндер өтті

Іздегенім – мекеннің үстінде еді,
Қалықтатты төбеде құс күн мені!
Ымырт-жырдың өртеді ұшқын демі,
Қызғалдақтай алаулап күндер өтті.

Сағынышым жер үстін алып кетті,
Әнім ұшты, қуанып жарып көкті!
Есімінде жүрегім жанып кетті,
Қызғалдақтай алаулап күндер өтті.

Жаным теңіз – інжуін тере келгін,
Жырмен қадап уығын керегемнің.
Ән-бесікке жүрегін бөлеп елдің,
Қызғалдақтай алаулап күндер өтті!

Жырым сөйлейді

Алмас кездіктен алғам,
Мінезді, мынау арқаны.
Жырмен кесіп, шықтым тордан,
Күл болды дүние-қалқаны.

Шеңбердің шынжырын үздім,
Дыбысынан түндер оянып.
Найзағайдан туған қызбын,
Миллион гүлге алған боянып!

Балқытып тасты, көктемді,
Ерітіп, қоса қарыңмен.
Ей, дүние, тұр шетке енді,
Жырым сөйлейді зор үнмен!

Қуануды үйрендім

Ғажайып қырларда гүлдерім күлімдеп,
Тербеліп кеткендей көк жақтың үні кеп.
Күн жырым тәж кисе, шолпысы дірілдеп,
Қуануды үйрендім!

Көл-көңіл тасыды аққу-жыр жүзгенде,
Меруерт моншағын мөлтілдеп үзгенде.
Жапырағын зекет қылған, ғибрат тап күзден де,
Қуануды үйрендім!

Басқаша тартылды күй де енді,
Айналам бір сұлу күйге енді.
Шомдырып қызғалдақ сазыма
Қуануды үйрендім.

Бөтен мұң

Көлдің күлкісін ұрлаған жыр мынау,
Дүние қойнына сыймаған сыр мынау!
Жердің бетінде жетім боп жүрдім-ау,
Үйіме асыққан, бөтенмін!
Боздақ қанатым – көз жасы парлаған,
Дүние – тар, маған!
Ауаны жыртамын – қасірет торлаған,
Ішінде – шет елдің!
Жап-жасыл әлемге Күн болып енейін,
Теңізіне інжу боп, шөгейін!
Ғасырлық қайғымды – шекер қып, төгейін,
Жоғалсын, бөтен мұң!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.