ӨКСІКПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР

1
28 қаралды

Базарбай МӘМЕТОВ

Жуырда мемлекет басшысы Н.Назарбаев Татарстанға ат басын бұрып, киелі білім ордасы Қазан университетіне соққан еді. Осы оқу орнынан білім алғандардың арасында алғашқылардың бірі болып, туған елінде есімі елене бермейтін Базарбай Мәметовтің аты аталған-ды. Ертеректе әкем: «Базарбай деген сот ағамыз болған. Ел-жұрттың қамын ойлаған абзал азамат еді. Халық жауы боп кетті…» деп қамыға есіне алып отыратын. Биыл Алаш қайраткері – Базарбай Мәметовтің туғанына 130 жыл толды. Осы орайда сол арыс туралы жазбаны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1803-1917 жылдары Қазан қаласы қазандық білім округінің орталығы болып, оған орта және төменгі По­волжье губерниялары кірді. Қазан білім округінің инспекторлары, сонымен қатар осы округке қарасты қазақ білім ошақтарын да назарында ұстады. Қазан университеті мен Қазан ветеринариялық институтында XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында көптеген қазақ студенттері білім алды. Олардың біразы кейін көрнекті ға­лым, мемлекет және қоғам қарат­кер­лері болды. Солардың қатарында – Базарбай Мәметов, Ували Таначев, Махмуд Чултуров, Мұхамеджан Қарабаев, Шафкат Бекмұхамедов, Әбубәкір Алдияров, Мұхаммед-Қазы Чутаев және т.б. Қазанда білім алған қазақ түлектері қазақ зиялыларының белді когортасын құрап, Қазақстан­ның ғылыми, мәдени және саяси-қоғамдық өмірінде айырықша із қалдырды.
Аты өз дәрежесінде ардақтал­ма­ған, туған ұлтына терең таныстырыл­маған Алаштың бір арысы – Махетов-Мәметов Базарбай 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін тәмамдайды. Осының алдында 1911 жылы Верный ерлер гимназиясын аяқтаған болатын-ды. Баян желісін мұрағатта сақталып, әбден сарғайған сол арыстың өз қолымен жазған өмірбаянын арқау етіп, нақты дерек­терге сүйене бергеніміз жөн болар:

«1988 жылы тамыз айында Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, қазіргі Көк­терек болысы (бұрынғы Балқаш-Лепсі болысы) Шілікті жайлауында руы Садыр, Асипов Мәметтің кедей отбасында дүниеге келдім. 1898 жылы жасым онға толғанда мені ата-анам Верный ерлер гимназиясының пан­сио­нына қазына қаржысы арқылы білім алуға тапсырды. 1900 жылы пансионның дайындық курсынан соң емтиханнан өтіп, гимназияның тө­менгі әзірлік класына қабылдандым. 1911 жылы аяқтап шықтым. Білімімді жалғамақ болып, Семиреченск әскери губернаторынан стипендия тағайын­дауын өтіндім, бірақ қолдау таппай сол жылғы маусым айында Ташкент қаласына кеттім. Бұнда келген соң да Түркістан генерал-губернаторына өті­нішпен кірдім. Тағы да жолым болмады.
Білімімді ары қарай жалғастыра алмай және туған ел-жұрттан жы­рақта, ешбір таныссыз, күн көрістің өзі қиындыққа соқты. Енді амалдап нан тауып жеудің қамын ғана ойлап бір қызметке орналасуды ойластыр­дым. Осы мақсатпен жүргенде кездей­соқ Ташкен қаласына келе қалған танысым азамат Тынышпаевқа жо­лық­тым. Ол өз тарапынан Ұлы князь Константин Константиновтың кан­целя­рия меңгерушісі – сол тұста Таш­кен­де айдауда жүрген полковник Беловпен таныстырып, одан көмек өтініп, егер мүмкіндік болса жұмыс тауып беруін сұрады. Менің жағ­да­йым­мен танысқан соң ол Ұлы князь­­ға материалдық көмек сұрап жолық­қанымды жөн көріп, өзі де қолқабыс көрсететінін айтты. Ұлы князьдің жеке қабыл­да­уында болып, өтінішім өтіп, маған бір жыл көле­мінде айына 20 сом стипендия тағайындады. Бірақ, бір жыл өткен соң баяғы таршылыққа қайта тап болдым. Бұл тығырықтан шығуға Түркістан студенттер жерлес­тігі мен азамат Тынышпаев қол ұшта­рын бер­ген еді. Жазды күндері қызмет жасап ақша таптым, сонымен қатар қыс ай­ларында жалданып сабақ беріп, осының ар­қа­сында университет тө­ле­м­ақысымен күн көрісімді де айыр­дым.
Осындай қиыншылықтарды бас­тан кешіре жүріп, 1917 жылы уни­вер­ситетті бітірдім. Бұдан соң мамыр айының аяғында ?.. (осы тұс анық жазыл­маған) келдім, әртүрлі қоғам­дық ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істедім. Осы жылдың қыркүйек айын­да съезд шешіміне сәйкес Лепсі уезінің Кырғыз Комитетінің төрағасы болып сайландым. Бұл міндетті 1918 жылдың сәуір айына дейін атқардым. Керенский өкіметі құлаған соң, сол сәуір айының алғашқы күндері жалпы уездік съезде уез Совнаркомының мүшесі және Лепсі уезінің Әділет Ха­лық Комиссары болып сайландым. Мамыр айының басында Мамонтов­тың жазалаушы отряды келуіне байла­нысты Лепсі уездік Совнарко­мы­ның барлық Кеңесі Мамонтовтың бұйры­ғымен таратылды. Менің бас сауғалап ел ішіне кетуіме тура келді, тіпті одан әрі Шәуешек асып, бір айдай сонда бой тасалаған соң, Семей қаласына бардым. Семейде Сырдария және Семи­ре­ченск облыстарындағы ашық­қан­дарға көмек ұйымдастырған облыс­тық комитетке қызметке тұр­дым. 1918 жылдың қазан айында Лепсі уезіне іссапармен келіп, осы уездегі ашыққандарға көмек көрсететін ау­дан­дық комитет құруды қолға ал­дым. 1919 жылы бұл комитет таратылып, мен қайта ел ішіне кеттім.
1920 жылы Лепсі уезінде Кеңес өкі­меті орнауына орай, Романовск (Қазіргі Көктерек) болысының Халық Соты болып тағайындалдым. Сол жылдың қазан айында аудандық сот­тың қаулысы бойынша Лепсі қаласы­ның 1-учаскесіне халық тергеу­шісі болып ауыстым. Осы айдың аяғында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша Лепсі уездік чекасына аға тергеушілікке жіберілдім. 1921 жыл­дың сәуір айында УЧека тергеушісі болып істеп жүрген кезімде тергеуімде қамауда жатқандардың жалған арызы мен Лепсі уездік Чека төрағасының кек алу әрекетінен тұтқынға алындым. Губерниялық чека, губерниялық ат­қару комитеті және Губерниялық ко­митеттің экспедициялық үштігі мені 12 тәуліктен соң босатты. Осы жыл­дың мамыр айында Семиреченск өлкесінің уездік съезіне, одан Семире­ченск өлкесінің облыстық съезіне деле­гат боп сайланып Алматыға ат­тан­дым. Онда 1922 жылдың шілдесіне дейін болдым. Бастапқы кезде Семи­ре­ченск облыстық комитетінде, кейін облыстық Совнарсудта төраға орын­басары, одан Совнарсудтың Қырғыз бөлімін басқардым. 1922 жылдың шілдесінде облнарсудтың нұсқауымен Лепсі және Талдықорған уездеріне инструктор ретінде іссапарға шық­тым, сонымен қатар маған осы уездер­дегі тергеу-сот қарарлары мен қор­даланған істерді шешуге кеңес беретін қосымша сот міндетін де жүктеді. Қыркүйек айында Совнарсуд пен Облпрокурордан менің Лепсі уезінің прокуроры көмекшісі болып тағайын­далғаным жөнінде қатынас қағазы келді. Содан 1925 жылдың ақпанына дейін сол қызметте болдым. Осы жыл­дың сәуір айында облпрокурор Губер­ния­лық соттың кассация бөліміне про­курор көмекшісі қызметіне Алма­тыға шақыртты. Қаражаттың тапшы­лы­ғынан және денсаулығымның болмауына байланысты мен Алматыға жете алмадым. 1925 жылдың 6-қара­шасында қызметтен босатылдым.

Алматы қаласы. Б. Маметов


Қандай да себептерді арқау еткені­мен бұл қадамы Кеңес өкіметіне қыз­мет етуден бас тартқан боп саналғаны айдан анық. Көзі ашық, кәсіби білікті адам тектен-текке бұндай тәуекелге бармасы да аян. Сөйтіп, Мәметов Базарбай қазіргі Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының төңірегіндегі Бастаушы деген жерде сегіз бөлмелі ағаш үй тұрғызып, ша­р­уа­шылықпен айналысады. Аталмыш үй – «Базарбайдың көк үйі» атанып, күні бүгінге дейін көнекөз қария­лар­дың жадында сақталған. Халық жауы деп сотталып, дүние-мүлкі талан-таражға түскеннен соң Базарбайдың үйін бұзып апарып, іргелес Бақалы ауылына емхана ғимараты етіп орнат­қан көрінеді. Ал Кеңес өкіметі тас-талқаны шыққаннан кейін, ол ғимаратты қалталы біреу сатып алып, керегіне жаратпақ боп Алматыға аттандырыпты.
…Сонымен 1928 жылы Өлкелік Комиссияның Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі бар, барлығы 11 адам қуғын-сүргінге ұшырайды.
Өлкелік Комиссиясының мінез­де­месі мен Алматы өлкелік ОГПУ-ының әлеуметтік-қауіпті элементтерді тіркеу меморандумына зейін қоялық:
«Маметов Базарбайдың шыққан тегі – Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Көк­терек болысы, Балқаш-Лепсі ауылында (Бөрібай ауданы) үстемдігі жүрген ірі қазақ байы. Отбасы – бес адамнан тұрады. Екеуі еңбекке жарамды. Дерек бойынша 400 бас қой, 72 ірі қарасы бар (жалпылай ірі қара түрінде алғанда 152 бас). Тізімге 7 қой және 26 бас ірі қара ғана тіркелген, қалған малын Мұхаметов Мұхамеджан жасырып отыр. Сонымен қатар екі үй, екі бричкі мен дрожжі, соқа және тағы басқа шаруашылық саймандары меншігінде. Екі кедей шаруа отбасын ағайын деп бүркемелеп, еңбегін тамақтан асырмай қанаушылықпен ұстаған.
1917 жылы «Алаш» партиясы құрыл­ған Орынбордағы Жалпықазақ съезіне делегат, одан Шора-Ислам съезінің делегаты, «Алаш-Орда» жасы­рын ұйымының мүшесі, «Алаш-Орда құрылтайшылар жиынының мүшесі, «Алаш-Орда» Кеңесінің мү­шесі және іс басқарушысы болды. «Алаш-Орданың» екі отрядын жа­сақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон бастығы болған.
Кеңес өкіметі кезінде бірталай лауазымды қызметтер атқарды, соның ішінде: губерния прокуроры, осы тұста қазына мүлкін талан-таражға салып, көптеген басқа да қылмыстар жасады. Қастандық пиғылмен жалған деректер таратып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлт-аралық наразылықты тудырған».
Кеңес өкіметі Мәметов Базарбай­дың университет бітіргеннен кейінгі өмірбаянындағы атаусыз қалған тұс­та­рын бетіне басып, оны нағыз қан­шеңгелді қаскөй қатарына жатқызды. Сірә, кезінде қызметтен бас тартқа­нын кешірмеген тәрізді. Осы орайда оның Өлкелік атқару комитетіне жолдаған жеделхатына зер салайық:
«Не қызметімен, не рулық дә­ре­же­с­імен ерекшеленбеген, тасыған байлығы жоқ кедей отбасының бала­сы­мын. Ақ патша тұсында кездейсоқ сәті түсіп оқуға ілігіп, оны Ақпан ре­в­олюция­сынан соң аяқтадым. Кеңес өкіметі кезінде алты жыл сот-тергеу органдарында істеп, денсаулығыма байланысты жұмыстан босадым. Совнаркомның 30-тамыздағы ұйға­ры­мына сәйкес шаруашылықпен айналысамын, қарамағымда ірі қараға аударғанда 30 бас мал бар, ал мені соған қарамастан Совнарком КазЦик-нің 27-тамыздағы қаулысына таңып: ірі байлардың тізіміне кіргізіп, билер мен сұлтандардың ұрпағы санап, дүниемді тәркілеуге жатқызған.
Ешқандай қаулысыз, қылмысты іс қозғалмастан, аудандық милиция бастығының нұсқауы бойынша: 19-қыркүйекте Көктеректе ұсталдым. Ірі байларға қатысты Совнарком КазЦик-і қаулысының маңызын ауылдардағы кедей, орта қолды ша­руа­лар мен «Қосшы Одағы» мүшелері арасында талқылау мақсатында конференция өткізілген. Кейбір жер­гілікті уәкілдер мен жанама комиссия мүшелері өздеріне берілген өкімет өкі­леттігін асыра сілтеп, конферен­ция­ға қайшы пікір білдірмек бол­ған­дарға тиым салды. Мені әкім­шілік қыспаққа алып, тізімдегілерді тұтас­тай тәркілеуге дауыс беруімді талап етті.
Әр тұлғаға жеке дауыс беру туралы жиын ұсынысы қанағаттанды­рыл­ма­ды. Тәркіленуге жататын ірі байлар­дың тізіміне менің енгізілуім қателік деп санаймын. Ақтар мен патшалық режимге қызмет еткем жоқ. Тіпті, шыққан тегім мен тұрмыстық ахуалым да күмән тудырмайды. Сондықтан Совнарком КазЦик-нің қаулысын­дағы бір де бір пунктке менің жағ­дайым жанаспайды. Керісінше, комиссияның кейбір өкілетті мүше­лері­нің іс-әрекеттері заңсыз, Кеңес өкіметінің негізгі құқықтық қағида­лары бұрмаланған. Осыған орай мені қамаудан босатып, ірі байлардың тізімінен шығарып, мал-мүлкімді тізімдеуді тежеуін сұраймын. Қисыны келсе, маған қатысты мәліметтер Каз.Совнаркомда қаралса.

Мәметов


Енді, тәркілеу мәселесі бойынша Каз ЦИК-тің 1928 жылғы 30 қыр­күй­ек­­тегі парткомиссия отырысының хаттамасын алып қарасақ онда: «Мәметов Базарбайдың Каз ЦИК-тің тәркілеу жөніндегі Декретінің дұрыс қолданылмағаны туралы және істің басы ашылғанша дүние-мүлкін тәркілеуді тоқтата тұруды сұраған жеделхаты тыңдалды» делінген де, «Қанағатсыз қалсын» деп қаулы шығарылыпты.
Сонымен Мәметов Базарбайға: «Сіздің ұсынысыңызды комиссия мақұлдамады, тәркіленіп және жер аударылуға жатасыз» деген шешім шығарылады, Атақты 58- баптың небір тармақтары бойынша айыпта­лып, қыруар малы бар қанаушы тап өкілі деп танылып және «Алаш-Ордаға» сіңірген еңбектері бетіне ба­сылып, ОГПУ қарамағындағы Алматы түзету үйіне қамалады. Дүние-мүлкі тәркіленіп, сотталып, бала-шағасымен жер аударылады.
Жасы сексеннен асса да әлі тың, сөзі саралы Сәуле Базарбайқызы (2014 жылы қайтыс болды) әке ба­сына нәубет түскен кезде 3-4 жасар балақан екен. Қат-қат мұнар басып, соноу алысқа кеткен азапты күндерді апамыз көкірегі қарс айырыла еске алады:
– Әкем төрт ағайынды еді: үлкен­дері Мұхамеджан, Тілеулі және Құлах­мет. Бауырлары Базарбай ұсталған соң олар да жан-жаққа бас сауғалай қашты. Мұхамеджанды қолға түсіріп, соттап, Қарағанды жаққа жөнелтті. Атылды ма, аман қалды ма онысын ешкім білмейді, хабар-ошарсыз кетті. Тілеулі де құрыққа ілініп, әйтеуір, 1935 жылы елге аман оралды. Құлах­мет арғы бет асты.
Басынан өткен-кеткендерін әкем әңгіме ғып көп айта бермейтін тұйық­тау адам еді. Аз сөзділікке сол өткерген өмірі де төселткен тәрізді. Бірде 1920-21 жылдары соноу Ригаға барып, «Продпомощ» бойынша ашыққан ел-жұртқа азық-түлік әкелгені туралы айтқан болатын-ды. «Алаш-Орда» өкіметіне сіңірген еңбегі туралы осы аттас орталықтың шығарған кітабын­да аталады. Әкем кәсіби заңгер ғой, өкімет болған соң оның тәртібі, заңы демекші маңызды құжаттары сауатты жазылуы тиіс, менің ойымша соған қосқан үлесі де мол болуы керек.
Сонымен «Алаш-Орда» қайрат­керлері бірінен соң бірі ұсталып, әкем де тұтқындалып, Алматыдағы түрмеге жабылды. Сол кезде есімді еміс-еміс білемін, шешем екеуміз кездесуге бардық. Сонда әкем түрменің тор терезесінен кішкентай шәй қасықты бізге лақтырған еді, талайға дейін сақтап жүріп, кейін жоғалттық. Сол бір көрініс әлі күнге дейін көз ал­дымда.
Әкемнің үстіне небір пәле-жала жамалған көрінеді. Тергеу кезінде бет­тестіруге бір қазақты әкеледі. Анау кірген бетте-ақ: «Е, міне, Мәметов Ба­зар­бай деген осы. Бұл Ойжайлау Лепсіде шекарашыларды аттыртып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген!», – дейді. Осы арада тергеуші шығып ке­теді. Сол мезетте: «Қарағым, сені танымадым, мені қайдан білесің?», – деп сұрайды әкем. Ол: «Шынымды айт­сам, Сізді танымаймын, бірақ осындай жала жап деп мені зорлықпен көндірді», – депті. Бұл сөзді сыртта тұр­ған тергеуші де естиді. Осы сияқты небір қитұрқы әдістерді қалай қолдан­са да әкемді жауырынына түсіре алмаған соң, жер аударып қана тынған тәрізді.
Мен үшінші құрсақ едім, алдың­ғы­лары шетінеп кеткен, сіңлім – Әл­ия тоғыз айлық. Анам айтып отыра­тын: «Аяғы ақсақ, көзі соқыр бір қыз бер деп құдайдан тілегеніміз – сен», – деп. Екеумізді Серікбай деген туған бауырының үйіне тастап, шешем Мәскеуге ЦК-ға жол тартты. Бір ай жүріп жетіп, Калининнің қабыл­дауы­на кіреді. Ол сондағы «қазақ бөліміне» сілтейді. Кремльдің маңында қазақтар көп екен. Шешемді танып, құрмет-қоше­мет көрсетеді. Қазақ бөлімін бас­қарған Тұрар Рысқұлов: «Сізді мұнда кім өткізді?», – деп салқын қар­сы алады. «Рұхсат қағазбен кірдім!», – деп шешем де тайсалмайды. Арыз­бен танысқан соң: «Қайта беріңіз, жауабы артыңыздан барады», – депті. Ақыры әлгі арызға ешқандай жауап келмей, әкем этаппен жер аударылып кетті. Арып-ашып Мәскеуден оралған шешемді кішкентай Әлия жатырқап, жоламай әлек қылғаны бар-тын. Анам сол азапты сапарын еске алғанда Тұрар Рысқұловтың қол ұшын бере алмағанына кейіп, ренжіп отырушы еді. Төл ұлтына іші бұрса да мүмкін­дігін шектеген «қызыл саясат» қанша арысты ақ жолдан тайдырғаны мәлім ғой, ақыры сол Тұрар Рысқұлов та сойылын соғысқан жақтастарының құрбаны болып кеткен жоқ емес пе.
1929 жылы біз де әке соңынан сапар шектік. Бар мүлкіміз қос шаба­данға сыйды, оның ішіндегі құнды дүниеміз: шешемнің 12 алтын қасығы, білезіктері мен сырғасы және әкемнің портсигары болатын. Осы барымызды арқалап, екеумізді жетек­теп, шешем де этаппен пойызға отыр­ды.
Саратовқа келдік. Қала шетінде цемент және бөшке құрастырғыш зауыттары орналасқан екен. Төңіре­гінде үлкен алма бағы бар. Со маңдағы бір орыстың үйіне пәтерге тұрдық. Екінші қабатынан бір бөлме босатып берді. Әкем цемент зауытына қара жұ­мысшы болып орналасты. Анам өмірі ауыр мехнат көрмеген адам еді, әлгі бөшке зауытына шегелеуші боп жұмысқа тұрды. Кетерінде екеумізді сыртымыздан қамап тастайды. Сонымен не қазақ емес, не орыс емес халде шүлдірлеп өсіп жаттық. 1931 жылы анам тағы бір қызға босанды. Атын Русия қойды. 1932 жылы жер аударылған мерзіміміз тәмамдалып, бостандық алдық. Бірақ, ел жаққа бізге тиым салынған еді, өз бетімізше баруға қорықтық, содан Қарақалпақс­танда тұратын шешемнің бауыры Се­рікбайды сағалай тұрғанды жөн көрді. Ол су шаруашылығында ин­же­нер боп істейді екен. Арал теңізімен па­роход арқылы Арал қаласына жеттік. Одан ескекшілері бар қайық жалдап, Амударияның төменгі ағы­сымен Төрткүлге (қазіргі Нүкіс қала­сы) бет алдық. Өзен суы тасқынды сәт еді, біздің қайықпен ілісе ағаш, бұта, томар қатар жарыса ағып, шешем марқұм: «Е құдайым, сақтай гөр!», – деп жол бойы жалбарынумен болды. Күн қайнап тұр. Әбден масаға тала­нып, шимандай қотырға айналдық. Әкем бізді кезек-кезек суға шомыл­ды­рып қояды. Сөйтіп келе жатқанда Русия­ның көйлегін суға ағызып ал­дық. Қызыл көйлек еді, су бетінде көл­кіл­деп ағып бар жатқаны әлі жа­дымда…
Төрткүлде әкем ГПУ-ға аударма­шы боп орналасып, шешем де көзі ашық оқыған адам еді, паспорт столына жұмысқа кірді. Ол кісі кезінде приходская школа, гимназияда білім алған және ескіше де хат тани білуші еді. Шыққан тегі Жетісу өңіріне бел­гілі — Нияз батыр, ал әскер оқуын біті­ріп, офицер болған ағасы Қожам­сейіт ақтардың қолынан қаза тапты ғой. Шешем сол жердегі тұрғындардың кейбір қылықтарын айтып күлдіріп отыратын: «Фамилияң қалай десең күйеулерінің атын айтады, ақыры көбісі солай жазылып кетті!», – деп.
Осы кезде бұл жаққа да ашаршы­лықтың салқыны жетті. Көбіне тұзды балық қана жейтініміз әлі есімде. Қасымызда Мамыт деген диірменші тұрды. Соның бақшасында жайқалып өскен жоңышқаның дәнді басын орып әкеп, бізге дәрумен болсын деп көже жасап беретін-ді шешем. Екі жасарында Русия көз жұмды. Мектеп жасына жеткен шағым еді, оқуға бару­ға жарамай төсек тартып жатып қал­дым. Мені де өлмейді деген жоқ. Ақ қағаздай болған құр сүлдерім. Сол тұста Мәскеуден бір дәрігерлер келе қалғаны. Мені жастыққа салып бәтеңкелеріммен салбырата көтеріп, көрсетуге апарды. Тұзсыз нан мен витамин беру керек екенін айтады. Ұн алуға ақша жоқ. Қолдағы бар қымбат заттарды айырбастап болған. Сонда жалғыз ғана алтын қасық қалыпты. Соны «торгсинге» өткізіп, «саған арнап жүруші едім, бір кәдеңе жарады ғой» деп бір пұт жоғарғы сорт ұн ала­ды. Сол қасықтың арқасында жаным қалған сияқты.
Қойшы әйтеуір, ашаршылық та өтті. Бұның алдында бір өзбектің тоқал тамында тұрып жатушы едік, енді мелисаның казармасынан бір бөлме берді. 1934 жылы Роза деген сіңлім туды. Ендігі ол да өмірден өтіп, артында Гауһар, Мира жене Ермек атты балалары қалды. Гауһар Мырза­бе­ко­ва жер – әлемге есімі әйгілі өнер шебері, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деген осы емес пе.
Әкем екі-үш жыл бойы еңбек де­ма­лысынсыз жұмыс істеген-ді, кейде бірнеше тәулік ГПУ кеңсесінде жатып та істейтін. Бір жақсысы, соңынан аңдып, қудалау болған жоқ. Ұйқымыз тыныш. Сонымен бір жыл демалуға рұхсат алды. Ұшарға қанатымыз бол­май, шіркін, топырағын бір бассақ деп жүрген елдің дәмі де бұйырған сыңай­лы.
Алматыға келдік. Осында Орта­лық Комитетте әкемнің бірталай бұр­нағы таныстары бар болып шықты. Әкем мен шешемді аса құрметпен қарсы алып, өкіметтің қара «Волгасы­мен» қыдыртып, талай қошемет көрсетті. Біз Мұхамеджан атамыздың үлкен ұлы Сәкеннің үйіне тоқтаған едік, біраз қонақ болып, енді Қапал­дағы шешемнің сіңлісі Берсүгірова Дәмештікіне баруды шештік. Сұлтан­беков деген күйеуі сондағы вет­тех­ни­кум­ның директоры екен. Олардікінде бір айдай жаттық. Ағайын-туғандар елге қайтыңдар деп кеңес берді.
Төрткүлге оралған соң, есеп айы­рысып, Жамбыл қаласына ат басын тіредік. Серікбай нағашымыз да Төрт­күлден ауысып, осындағы су шаруа­шылығында бас инженер боп істейтін. Ол бізді өз қанатының астына алды. Қала шетіндегі Татарка деген пұшпақ­тан пәтер еншіледік. Ата-анамның да өңдеріне қан жүгіріп, мерейлері өсті. Бірақ бұл қуанышымыз да ұзағынан сүйіндірмеді. Ол кезде ағайын адамдарға жұмыс бабымен араласуға тиым салынған-ды. Және әкемнің кешегісі кесе көлденеңдеп, тағы да алдынан шыққан тәрізді.
Сөйтіп әкемді Бурно-Октябрск деген ауданға «Райводхоз» басшысы етіп ауыстырды. Қазына иелігіне ауысқан байдың бау-бақшасы бар үлкен үйінде тұрдық. Жағдайымыз енді жақсара түсті ме дегенде, 1937 жылы тағы қудалау басталды. Әкемді қайта-қайта әкетіп жатты. Екі-үш күн жоқ боп кетіп, қара түндей түнеріп тарығып оралады. Шешемнің екі көзі бұлаудай. Біз әлі жаспыз, ересегі мен — 3 әлде 4- класта оқитын болармын. Бала болсам да жағдайымыздың мәз емес екенін іштей сеземін. Біздің үйде «Алаш-Орда» қайраткерлерінің Омск, Томскіде жүргендерінде түскен көп­теген суреттері мен бірталай құжаттар сақталып жататын. Соның ішінде есімде қалғаны Сәкен Сейфуллиннің және басына тымақ киіп түскен Ілияс Жансүгіровтың суреттері еді. Солар­дың арасында шешем де бар, ол кісі әкем қатысқан жиындардың бәрінде де болған көрінеді. Тінту жүрсе тауып алып айғақ етер деп қорқып, анам солардың бәрін өртеп жіберді. Апы­рай, орыс немесе неміс құрбыларым­ның үйіне сол құжаттарды неге жа­сыра тұрмадым деп кейін өкінемін де… Әкемді ары тергеп бері тергеп, ештеңе таңа алмаған болуы керек қайтарып жүрді.
1939 жылы шет ауылға учаске гид­ро­технигі етіп ауыстырды. Казанка, Самсоновка, Турксиб, Алексеевка деген және тағы басқа елді мекендер­дегі колхоздарға ат үстінде жүріп су таратты…
…«Ел тірегі – ер» демекші, халқымыздың маңдайына біткен не бір асылдар мен арыстар – сол сұрқы сұсты жылдары сұм саясаттың құрба­ны­на айналды. Тірі қалғандары тірсе­г­інен қиылып, біртуар қабілеттері бағаланбай «тірі өлік» боп, тума хал­қының арасында қасіретті өмір кешіп, шарасыздықтан іштен тынды. Жау жар астынан емес, өз ортамыздан-ақ табылып, «мәре-сәре» боп жатқанда нағыз жаудың алапат ойраны бір бүйірден киіп кетті.
Соғыстың алғашқы жылдары, жұл­дыздары шынайы жарасып қосыл­ған жан жары Зейнеп – ауыр науқас зардабынан дүниеден өтті. Жақсылар­дың арасында да жарқылдап жарасым тауып, қиын-қыстауда да қасынан бір елі қалмаған асыл жарынан айырыл­ған Базарбай, енді, тек балалары үшін ғана өмір кешті. Кейпі көп пенденің бірі, іші – қайнар көзі ашылар-ашылмастан тапталып қалған тұйық тұма іспетті; сусағанға сусын болмақ түгілі, өз ерні кеберсіді. Естияр шаққа жеткеннен білім қуып, халқының қамын жер ұлы екенін ерте түсініп, еліне еркіндік пен теңдік тілеген арда арманы адыра қалды. Түйсігіне түр­підей тиген ұраншыл, жалаң саясат – Базарбайдың сауаты мен заңдылық­ты арқау еткен сындарлы көзқарасын қажетсінбеді.
Енді «Жетісу» энциклопедия­сындағы Мәметов Базарбайдың ғұмырнамалық дерегі ішінен, осы бая­ны­мызды толықтыратын мәлімет­терге жол берейік: «…1916 жылы 25 маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу, артта қалған отбасыла­ры­н­а қамқорлық жасау жөнінде Қазанда оқып жүрген бір топ қазақ жігіт­тері алаш жұртына ашық хат жазды («Қазақ» газеті, 1916 ж., 15-қыр­күйек, № 201). Ашық хатқа қол қойғандар арасында Мәметов те бар. Бұл хатты сол кезде Мәскеудегі «Земский союздің» бас комитетінде қызметте жүрген Ә.Бөкейхан қолдап, құптаған. Мәметов 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Алаш қоз­ғалы­сына белсене араласты. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орын­бор қаласында өткен 1-Жалпықазақ съезіне Жетісу облысының өкілдері қатарында қатысты. Съезд Мәметовті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы­ның депутаттығына Жетісу облысы­нан кандидат ретінде тізімге енгізді, әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңе­сіне (Шура-и-исламға) өкіл етіп сайлады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-Жалпықазақ съезін­де Кеңеске 8 адамның бірі бо­лып тікелей мүшелікке өткен. 2-Жал­пықазақ съезінің шешімімен 1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіме­тінің төрағасы Ә.Бөкейхан халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақ­сатымен Семей қаласында ка­питан Х.Тоқтамышов басқарған 1-Алаш полкін ұйымдастыруға Алаш басшылары Х.Ғаббасов, М.Тыныш­паев, А.Тұрлыбаевтармен бірге Мәметов те белсене араласты. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысының 2-қазақ съезінде жергілікті Кеңес мүшелігіне сайла­нады. Азамат соғысы жылдарында С.Аманжолов екеуі Жетісу қазақта­рына көмек қорын құрады. «Больше­вик­термен байланысы бар» деген желеумен Алашорда үкіметінің мүшесі, Лепсі көмек комитетінің тө­ра­ғасы қызметінде жүрген ол Колчак үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. Жетісуда Кеңес өкіметі ор­наған соң, 1928 жылы жалған жаламен тұтқындалып, отбасымен түрмеге қамалады. 1931 жылы Саратовқа жер аударылады…».
Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлы­ғы­ның 1-бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбан­да­рына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәме­тов Базарбай ақталды.
«Қатарыммен қоса неге атылып кет­педі екем?!» деген екен бір кезде тірі жүргеніне налыған Базарбай Мә­ме­тов. Енді міне, елі мен жері жаңа­рып, соңындағы ұрпағы ол көксеген арманға жетті. Шындық бетіне ақ таңдақ жағылған заманнан да өттік. «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендер – әділет таңы туғалы «өз көгіне» қайта көтеріліп, халқының шамшырағына айналды.
…Лепсі кенті шетіндегі қалың зираттың бір бұрышында «Мәметов Базарбай – Алаш қайраткері» деген анықтама ғана қашалған қалқиған қара тас қараяды. Алпыс жылдан соң ата сүйегінің анық қай тұста екенін білмей, артындағыларының аңырап жүріп, жобалап тұрғызған құлпытасы – бұл.
Осыдан біраз жыл бұрын М.Ты­нышбаев атындағы қордың басы-қасындағы азаматтар мен Алаштың ардақты ұлдарының бірі генерал Ә.Болсамбеков бастаған бір топ зиялы қауым Базарбай Мәметовтің туысқан­дарының шақыруы бойынша Лепсі кентіндегі зиратының басына барып, рухына тағзым етіп қайтқан еді. Базарбай Мәметов өмірінің аяғына дейін соңына от байланып, талай жердің дәмін татып, ақыры туып өскен Бөрлітөбе ауданына келіп тұрақтаған-ды. Бұнда әртүрлі шаруа­шылық жұмыстарда еңбек етіп, 1946 жылы 58 жасында қайтыс болды. Артында үйелмелі-сүйелмелі үш қыз қалған еді. Зиялылардың басы қосылған сол жолы «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендердің бірі Мәметов Базарбайдың да рухы мен еңбегі қастерленіп, ол үшін де әділет таңы туар деген үміт оты оянған-ды. Ат төбеліндей ғана қазақ ұлтының алақанда аялар арыстары арасында есімі елеусіздеу қалған азаматты ел-жұртымен табыстыру жолын қарас­тырып, оның есімімен Лепсі кентін­дегі атауы жараспай жүрген бір мек­­тепті атаса деген ой туындаған бо­латын. Кезінде «ақтың да», «қы­зыл­дың да» табасына ұшыраған ары­сы­мызды бүгінгі егеменді елінің ұлт­жанды басшы азаматтары елеусіз қалдырмас деп сенеміз.

Заман ТӨЛЕУОВ

1 пікір

  1. 90 пайызы су, ойдан құрастырылған мақала. Бүгінгі қазақ журналистикасының жағдайы осы! «Қазақ әдебиеті» газеті сауатсыз басылымға айналыпты, ұят қой мынадай ешқандай дәйексіз, көпірме мақаланы басу.

    Тұрар Рысқұлов Мәскеуде «қазақ бөлімін» қашан басқарыпты? «Қазақ бөлімі» деген болған емес.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.