«СОҒЫС және БЕЙБІТШІЛІК» – ТЕКТІЛЕР мен ТЕКСІЗДЕРДІҢ ТАРИХЫ

0
135 қаралды

Айгүл ІСІМАҚОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор:


Жақсы кітап – жан азығы. Мейлі, ол өзге ұлт өкілінің қаламынан туып, өз ана тіліңнен бөлек тілде жазылса да. Өйткені әдебиет – әлемге ортақ қазына, жалпы адамзатты тәрбиелейтін рухани құндылық. Әлем әдебиетінің жауһарлары дегенде көпшілік оқырман алдыңғы лекте ғұлама жазушы Лев Толстойдың әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын атайтыны анық. Жалпы, алғаш осыдан 145 жыл бұрын жарық көрген шығарманың әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпай келе жатуының сыры неде?

– Айгүл Серікқызы, орыс хал­қы­ның алып жазушысы Лев Толс­той­дың әлем әдебиетінің жауһарына ай­налған әйгілі «Соғыс және бей­біт­шілік» романының көркемдік құн­дылығы неде?
– Әлихан Бөкейхан 1914 жылы «Қа­зақ» газетінің 48-нөмірінде «Арыс ұлы» деген бүркеншік атпен жа­риялаған «Роман деген не?» ат­ты мақаласында былай дейді: «Романның ішкі мағынасы: тір­ші­лік­тің жарық һәм күңгірт жағын бей­не өзіндей етіп суреттеп, адам­ның өзіне көрсету. Роман адам­зат­тың өмірін, дәуірін бұлжытпай көр­сетуші баға жетпес айна. Роман су­реттеп көрсетеді: я бір адамның, я бір нәсілдес, бір тілдес халықтың өмі­рін, яки бір қалыптағы заман­ның қатардағы жәмәғитын, я қи­лы-қилы замандарда болып кет­кен халықтардың өмір халін. Ро­манның асыл мақсұды: адам­зат­тың мінез-құлқын түзетпек, кем­шілікті, қараңғылықты адамзаттан қумақ. Мұнан мұрад, ол адам ба­ла­сына үйретінді үлгі, тәрбие бер­мек.
Осы кезде роман адамды жо­ғары, төменге бөлмей, шетке қақ­пай, талғамай сынап жазып отыр, яғни роман көпке бірдей болып, ро­маннан һәркім өз керегін алады, өз мінін я артықшылығын табады.
Осы заманда роман жазылады: тұ­тас халықтың, буын-буын елдің, пат­шалықтың, мәжілістің жай­ла­ры, адамның білім-өнерін, шаруа-тұрмысын.
Осы рет, осы мағынамен 18 һәм 19-ыншы ғасырда атақты ро­ман шығарушылар: Әнглиеде Вал­тер Скот, Чарлз Диккенс, Уйлием Тек­керей, орыста Пушкин, Гогол, Лер­монтов, Толстой һәм басқалар. Толстой өзінің данышпандық һәм хә­кімлік жағынан «Соғыс һәм та­ту­лық» деген роман жазып шы­ғар­ғандығымен бүтін жер үстіндегі адам баласына атағы жайылды. Мұн­да Толстой алуан-алуан адам­ның мінез-хұлқын бірін қалдыр­май тізіп, адам өмірінің жіңішке қылдай жерін суреттеп көрсетеді. «Соғыс һәм татулық» романында бар: патша да, міністр де, төре де, офит­сер де, салдат та, кәсіпшілер де, саудагерлер де, байлар да, қыз­метшілер де, егінші де, мұғалім де, шә­кірд те, би де, песір де, еркек те, әйел де, бала да, кәрі де, жас та. Осы­лардың бар өмірі, мінез-хұл­қы, әділдік-зорлығы, артық-кемі, күш­ті-әлсізі, бәрі де көз алдыңа ке­ліп тұрғандай елестейді. Роман­ды түсініп оқыған адам әлгі айт­қан­ның бәрін көреді, сондықтан ро­ман өмір айнасы.» (Ә.Бөкейхан. «Таңдамалы». «Қазақ энцикло­пе­дия­сы» Бас редакциясы. Алматы, 1995).
Мен 2015 жылы Толстой өмір сүр­ген, «Соғыс және бейбітшілік» ро­манын жазған Ясная Поляна мұражай-қонысында (Тула об­лысы, Ресей) «Лев Толстой және қа­зіргі әлем әдебиеті» тақырыбын­да өткен xалықаралық симпозиум­ға қатыстым. Сонда жасаған баян­дамамда Әлихан Бөкейханның әлгінде үзіндісін айтып өткен ма­қаласын негізге алдым. Осыдан 104 жыл бұрын Әлиханның, өз сө­зімен айтқанда, «Соғыс һәм та­ту­лық» романына нақты баға беруі шетелдік толстой­тану­шы­лар­ды таңғалдырғанын мақта­ныш­пен айта аламын.
– Романға арқау болған қандай мә­селе әлі күнге дейін өзекті деп ой­­лай­сыз?
– «Соғыс және бейбітшілік» – кешегі орыс қоғамындағы тектілер мен тексіздердің тарихы. Романда кейіпкерлердің әрқайсысының өмір жолы арқылы тұтас халықтың тарихы ғана емес, психологиясы да ашып көрсетіледі. «Соғыс және бейбітшілік» – сол кезде асқақтап тұрған Ресей қоғамының айнасы болса, бүгінгі Ресей қоғамы үшін сын болып табылатын шығарма. Шетелде «Ресей халқын, оның психологиясын тану үшін Толс­той­ды оқу керек» деген қағиданы ұс­танатын интеллектуалдық орта бар. Олар үшін орыстың әлемдік дең­гейдегі шығармаларының көш ба­сында «Соғыс және бейбітшілік» романы тұрады. Әлем әдебиетінде Лев Толстой сияқты соғыс және бейбітшілік xронотопы негізінде текті мен тексіздің псиxологиясын һәм табиғатын анықтап, оның бет­пердесін нақты іс-әрекеттер ар­қылы ашып берген жазушы бол­ған емес. Жалпы, мен үшін ро­ман­дағы басты мәселе – адам адам­ды­ғын сақтап қалуы үшін не істеуі ке­рек? Жан азабы мен тән азабы не үшін берілген? Текті деп кім­дерді айтуға болады?
– Әлгінде өзіңіз қатысқан ше­т­елдік симпозиум туралы айтып өт­тіңіз. Жалпы, шетелдік әдебиет­тану­­шылар «Соғыс және бей­біт­шілік» романының қандай қырларын баса зерт­теп жүр?
– Ясная Полянада Гарвард уни­верситеті профессорларының ұйымдастыруымен екі жылда бір ха­лықаралық аудармашылар се­минары және үш жылда бір ғы­лыми конференция өткізіледі. Се­минарға тұрақты түрде қатысып тұратын жапон әдебиетшілері Толс­той мен Достоевский екеуін бір деңгейде өте жоғары бағалай­ды. Олар Толстойды танып қана қой­май, орыс әдебиетшілерімен бірге Толстойдың шіркеуден кету сырын зерттейтін көлемді ғылыми зерт­теулер де жазуда. Конфе­рен­ция­ның тұрақты модераторы, Гарвардтың профессоры Донна Орвиннің «Лев Толстой: пацифист, патриот және азамат» атты баян­дамасы жаңашыл ұстанымымен елең еткізді. Ал Маша Синдельман аме­рикалық әйелдер Наташа Рос­тованы не үшін жақсы көретінін өз зерттеуіне арқау еткен. Сим­по­зиумда ағылшынның әйгілі жазу­шысы Уильям Теккерейдің «Бақ­таластық базары» романының жа­зылуына «Соғыс пен бей­біт­шіліктің» тікелей әсері болғаны да айтылды (Ирина Гнюсова). Кав­каздық әдебиетшілер Толстойды мұсы­лман деп, оның мұсылмандық көзқарастарын айтып келеді. Бірақ мұрағат деректері жоқ. Осы орайда Инесса Миджебоцкаяның «Толстой: діни ұстанымы жайлы талас-тартыстар» атты зерттеуі – Толстойдың мұсылмандығын дә­лелдейтін, оның ұрпақтарына жазған хаттарындағы дін, ар-ұят туралы ойларын дерек ретінде келтірген жоғары деңгейдегі баян­дама болды. Негізі, Толстойдың бұл романына біржақты көзқа­распен қарамауымыз керек. Тағы бір шетелдік ғалым Дэвид Слоун­ның «Толстойдың Кантты тануы» тақырыбындағы баяндамасын да ықылас қоя тыңдадық. Толстой­дың кітапханасында Канттың кітаптары баршылық. Ол өзіне ұнаған тұстардың астын сызып оқыған. «Толстой мен Жан Жак Руссо: идея және жетілу» атты қос алып­тың адамзаттың ой иесі ре­тінде тұлғалануы туралы баян­да­маны да жиылған қауым ұйып тыңдады. Ал Карин Бектің «Соғыс және бейбітшіліктегі» сөйлеу және баяндау тілі» баяндамасы бізді теориялық маңыздылығымен елең еткізді. Мәселен, романдағы Анд­рей Болконскийдің жарала­нып, көк аспан астында шалқасынан жатып, «Мен бұл өмірде не бітір­дім?» деген сауалға жауап іздейтін ой толғауы… Ғалым өз еңбегінде роман кейіпкерлерінің сөйлеу актілерін олардың соңғы сөзі – жаны үзілгенге дейінгі аралықта қарастырған. Сол арқылы Толс­тойдың көркемдік дискурсын ай­қындап көрсете білді. Соңғы баяндамалардың бірі «Соғыс және бейбітшілік: үлгі ме әлде үлгі емес пе?» деген тақырыпта оқылды. Бұл орайда «Толстой дворян болды, ол өз заманын үлгі ретінде жазды» деген пікірлер де айтылды. Алайда Толстой өз романын тек үлгі ре­тінде жазбаған. Романда жазушы­ның өз замандастарынан көңілі қалуы да, ұсақ-түйекке алданып өмір сүрудің орнына одан қонақ ретінде өтіп бара жатқандардың, жалпы, бәрінен жалыққан кісінің құсалығы да бар. Соғысушылар – билік басындағылардың көз­қарасы мен соғыстың қорлығын көріп жатқан қарапайым халық­тың қасіреті бар. Сондай-ақ Ольга Славицкаяның «Соғыс және бейбітшілік» – біз жоғалтып алған сыр», Эгене Чомудардың «Соғыс және бейбітшілік» сиқырлы ер­тегі» секілді» баяндамаларын да «бізде осындай зерттеулер жоқ-ау» деп қызыға тыңдадық. Жалпы, барлық зерттеушінің тұжырымы бойынша «Соғыс және бейбіт­шілік» – Толстойдың ең басты шы­ғармасы. Өкінішке қарай, қа­зіргі Ресей қоғамы Толстойды көп насихаттамайды. Ясная Полянада ұйымдастырылатын осы тектес ғылыми іс-шаралардың басында жүргендер – тек қана шетелдік зерт­теушілер, Гарвардтың профес­сорлары.
Баяндамамда Шәкәрімнің Толстойға хат жазуына Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, сол кезде Мәскеуде оқыған Жүсіп­бек Аймауытұлы мен Мағжан Жұмабай себепкер болғаны анық екенін айттым. Мағжанның Ясная Полянаға бірнеше рет барғаны ту­ралы Осип Мандельштамның ес­телігінде айтылған. Әзірге қо­лы­мызда ешқандай мұрағат дерегі жоқ. Орыстар Толстойды христиан ету­ді өздеріне ұлттық абырой са­найды. Сол себепті бұл – әзірге жа­бық мағлұмат. 2034 жылы Толс­той мұрағаты толық ашылғаннан кейін ғана бұл мәселенің түйіні шешіледі деп ойлаймын. Лев Толс­тойдың 1901-1910 жылдарда­ғы мұрағаттық деректері: xаттары, кім­дер келгені, кімдермен пікір алыс­қаны Чертков деген xат­шы­ның ұйғаруымен1910 жылдан бас­тап ресми жа­бық деп бекітіл­ген.
– Оқырман ретінде шығарманың қай тұстары әлі күнге дейін ерекше әсер­лендіреді?
–Мен «Соғыс және бей­бітші­лік­ті» оқушы кезімде қызықты шы­ғар­ма ретінде ғана қабылдай­тын­мын. Кейіпкерлерге жаным ашып, тебіреніп оқитынмын. Мәс­кеуде аспирантурада оқып жүр­генімде кейіпкерлерге Толс­той­дың өз ойларын жеткізудегі құралдары ретінде қарай баста­дым. Ал бүгінде шетел әдебиет­ші­лерімен пікір алмасқаннан кейінгі қабылдауым мүлдем басқаша. Қай заманда да тектілер мен тексіздер, адамдық пен пенделік, уақыт пен заманның қадірін білетіндер һәм оны білуге мұршасы келмейтіндер баршылық. Адам баласына бір-ақ рет берілетін осынау өмірде абы­рой сақтап өтуді және айналасына хайуандық емес, адамдық көзқа­рас­пен қарап өтуді басты құнды­лық санаған Толстойдың иманды­лық көзқарастарын өзі жақсы кө­р­ген кейіпкерлері арқылы ашып көр­сетуі өз басыма ерекше әсер етеді. Мәселен, жап-жас дворян, Ота­нына қызмет етуді басты абы­рой санаған офицер Андрей Бол­конскийдің «Мен бұл өмірде не бітіріп үлгердім?» деген шекспир­лік сауалға жауап іздеуі; Пьер Безу­ховтың жан тазалығын аттай ал­май өтіп бара жатқан Дон Ки­xоттық ғұмыры; Толстойдың «әйел осындай болуы керек» деген көз­қарасын арқалаған сүйікті кейіп­кері Наташа Ростова… Наташа сынды дворян отбасында туып, жақсы тәрбие алған текті қыздың қара басының ғана емес, маңайын­дағы шаруалардың да қамын ойлауы, «біз бәріміз бір жерде туып, бір тілде сөйлеп, бір ұлттық би­ді бірге билейтін адамбыз ғой» деп, өзін маңайындағы қара­пайым xалықпен тең санауы, олар­ға жанымен жақсылық тілеуі – қазіргі заманда да ұмыт болып ба­ра жатқан қасиет.
Жалпы, Лев Толстойдың «Со­ғыс және бейбітшілік» романы – адамзат тариxының, адамның ары мен жан тазалығын сақтап қалу жолының бірден-бір көркем шежі­ресі болып қала бермек. Сон­дықтан Толстой бүгін де оқылады, бүгін де әлемдік кино индустрия­сының басты мәтіні болып келеді.

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.