Ән – Әсет

0
49 қаралды

«А ШТО…»

Жайдары жаздың кіші бесінінде Әсеттің үйіне телефон шалып:
– Оу, алакөз бауырым, саған құда түссем бе деген ойым бар, – дедім, есен-саушылық сұрас­пастан. Ол қырылдақ күлкісін қысқа қайырып:
– Ассалаумағалейкүм! А что, біз дайын­быз, келе қалыңыз! – деді.
– Бұл құдалықтың ерекшелігі: мен саған бармаймын, сен маған келесің. Өзің ғана. Иә, егер нотадан қолың босаңқырап отырсаң. Жеңгең ауылда жатыр, мен жал­ғыз­сырап та отырмын және сенімен ақыл­дасатын бір маңызды мәселе болып та тұр. Бәтеңкеңнің тұмсығын бері қарай тезірек бұрғын.
Ол қырылдақ күлкісін еркіне жіберіп алды да:
– Сары божбан да тосып отыр ма? – де­ді. «Сары божбаны» – ақын жолдасы Са­быр­хан Асанов.
– Оған бүгін повестка жіберген жоқпын.
Ол тағы күлді де:
– А что… жарты сағатта жетіп қалармын, – деді.
Айтты – бітті. Келді. Шәй-пәйімізді ішіп, оны-мұны әңгімелерімізді айтып, бір сағаттай уақыт өткен кезде:
– Сенімен ақылдаспақ маңызды мәсе­лем… – деп тұрдым да, жазу үстелімде жатқан мына төмендегі парақты ұсындым. Әсет алып, қалың қасын бір «секіртіп», со­дан кейін мәз бола күлді де, тамағын қы­р­нап қойып, қоңыр дауысына баса ән­детті:

БЕУ, ҚҰРДАСТАР!

Сазгер Әсет Бейсеуовтің «Армандастар» әніне қызығып, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов­тың сөзіне еліктеп жазған әзіл өлеңім
Біз ауылдың әлем-жәлем жастары едік,
Өмір жолын өршеленіп бастап едік,
Мектепті де тез бітіріп тастап едік,
Алматыға асығып…
Қайырмасы:
Лекцияға бір күн барар, бір күн бармас,
Староста деген қудың тілін алмас,
Театрға безер,
Паркті де кезер
Студентің болып шықтық, уа, заман!

Дипломды алған, «жуған» дәурен болды,
Қызметке құлшынысқан әурең болды,
«Сүйдім!» деген, «Күйдім!» деген сәулең болды,
Не болмады, уа, шіркін?!
Қайырмасы:
Жолдамамен ауылдарға тартып кеттік,
Үйлендік те, ұйқылы-ояу тірлік еттік.
Пәтерсіз де жүрдік,
Бәтерсіз де жүрдік,
Бойдақ кезді, боздап қойып, еске алып.
Сан кезеңнен сапалақтап өттік сөйтіп,
Талай-талай мақсаттарға жеттік сөйтіп,
Алматыны ұмытып та кеттік сөйтіп…
Ұмытылмас не бар-ау?!
Қайырмасы:
Бала сүйдік, немере де жетектелді,
Көйлек-шалбар айына бір үтіктелді.
Шашты қырау шалды,
Зейнет тақап қалды,
Но нешауа, әйда, кемпір, билейік!..
Әндетуін қыстығып әрең аяқтаған Әсет қарқылдап, ала көзінен жас аққанша рахаттана күлді.
– Ғаба-ау, қатып кетіпті ғой?!. – деп те күледі, қайталап оқи бастайды да күледі.
– «Алай екен, былай екен» деп бірдеңе айтпайсың ба? – деймін жорта наразы болып.
Ол қайырмалардың соңғысын тағы әндетіп шығып:
– Әсіресе осы қатып кетіпті! – деп тағы күлді де: – А что… Ғаба, сен мұны «Тамаша­ға» бер, керемет болады. Залда отыратындар­дың көбі – кеше «бәтерсіз де, пәтерсіз де» жүрген қулар, өй, бір мәз-мейрам болсын. Бірі­нен бірі естіп, шын айтам, керемет болады! – деді.
Әсетке «жарайды» десем де, мұны «Та­ма­шаға» апармадым, тіпті басқа ешкімге айтқан да жоқпын. Әсет кейініректе «а что…» деп қойып, есіме екі мәрте салды да. «Өлеңім­ді өңдегім келіп, ойланып жүр­мін» деп, ақы­рын­да ұмыттырдым. Содан 2010 жылдың кү­зінде жұбайым Зада Мүкәрәм­қызы: «Біз, бірге оқыған курстас­тар, кездесу өткізбекшіміз, институтты бітіргелі отыз жыл болыпты, әне-міне деп жүріп, бір рет те бас қоса алмаппыз» де­ген­ді айтты. «Сүрленіп жатқан» өлеңім есіме түсіп, алты дана көшірме жасап: «Сендерге сыйым осы болсын», – дедім. Зәкең оқып, риза болды. Курстастары да қосыла әндетіп, күлісіп, «бір жасап» қалыпты…
Шәмші Қалдаяқов, Сабырхан Асанов, Әсет төртеуіміз ажарымыз жарасқан жол­дас­­тар, әзілдеріміз астарлас сырластар бол­дық. Үшеуі де адал еңбеккер жандар еді. Үл­кен-кі­ші­ге құрмет, ілтипаты мол кіші­пейіл еді. Кейін үшеуінен де айрылып қалып, сағынышты сарғая серік етіп жүрген күндерімде ойланып отырсам, біз ешқашан басқа сазгерлердің ән­деріне, басқа ақындар­дың өлеңдеріне сырттай баға беріп көрмеп­піз. Әйтеуір, «бірі атып, бірі қуып» дегендей, басымыздан кешкен-кеш­пеген жәйттерді күлкіге айналдырып айтып жүріппіз.
Төртеуіміздің бірде, не себеп болғаны есім­де жоқ, атақ, марапат туралы әңгіме соға қалмасымыз бар ма?!
– Ай, данышпандар, қайсысыңа қандай атақ-награда қажет, кәне, айта қойыңдар! – дедім.
– Ғаба-Ғабеке, бір тақыр кедей шал үйіне келе қалған өзіндей бір бейбаққа: «Саған тайлақ сойып берсем қайтеді?» деген екен, сен соған ұқсадың, – деп Шәмші әзілге шапшаң да жүйрік екендігіне бізді тағы бір тәнті етіп күлдірді де, сылқылын тежеп: – Сол пәлелердің маған көк тиынға керегі жоқ, дипломсыз да тірі жүрмін ғой, – деп және күлдірді.
– Бергенін алуға болады, а што, онда тұр­ған не бар, тек өзің сұрама, – деді Әсет, көзі алайып.
– Өзім қатарлыларға орден-медаль, сый­лық беріліп жатқанда «не үшін берді екен?» деп, сол кезде еріксіз ойланатын итті­гім бар, бірақ артынша ұмытып кетем, оллаһи, қы­зық­пай­мын, қызғанбаймын, – деді Сабыр­хан, басын шайқап.
– Ғаба-Ғабеке, сен ше, өзің ше? Осы отыр­­ға­ны­мыздың арасында атқа да, атанға да мініп жүрген сенсің, иә, сен ше? – деп Шәм­ші мені тақымдай қалды.
– Мен де, Шәке, жаңа өзің айтқандай, сол пәлелер үшін тумаған қазақпын. Шынында кәперіме кіріп шықпайды, мына сары божбан ғұрлы ойланбаймын да, – дедім. Шәмші қызыл-қоңыр тақиясын оң қолымен бірер қозғап қойып, жымың-жымың етіп, маған қуақылана қарады да:
– Менің мына кеудеме, – деп омырауын сипалады, – шірегенде бес-алты орден-медаль сыяды, оның өзін де асты-үстілі етіп тақсаң, ал сен үшеуіңнің омырауларыңа сегіз литрлік ше­лекпен бір-бір шелек орден ер­кін сыяр еді, амал не, кім беріп жатыр! – деді. Сол сәтте төр­теуі­міздің қарқылы­мыз­дан төңірек теңселіп кеткен шығар-ау!..
Ай, аруақтарыңнан айналайындарым-ай!..
Е, заман-ай, сол үш Азаматтың екеуінің – Әсет пен Сабырханның аруағынан аттап кеткен арсыздар да болды-ау!..
Әсеттің атындағы көшені біреулердің иемденіп жатқаны туралы хабарды жоға­рыға, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Иман­ғали Тасмамағамбетов мырзаға хатпен жол­­­да­дым, газетке де жарияладым (бұл жер­де Әсет атына қатысты деректі ғана ұсынып отырмын):
«Әсет Бейсеуов атындағы көшені тартып алып…» деген суық сөз («Қазақ әдебиеті» гәзе­­ті, 13-19 ақпан, 2004 ж.) көңіліме бұрын да дық сала бастаған жәйтті жазуыма себепші болды. Тәуелсіздік алғанымызды теріс түсініп, «не істесек те еркіміз!» деп тасыраң­даған шенеуніктер «бас-басына би болған өңкей қиқым» топқа айналды және қынаша қаптап барады. Соның бір мысалы – гәзеттегі жарияланымда айтылған жәйт. Мұнда аты-жөндері аталған шенеуніктердей ұяттан аттап кетіп, өтірікті серік етіп жүр­ген­­дердің барлық облыстан табылары дау­сыз. Кейбір облыс, аудан әкімдері, қалтасы қалың «жаңа қазақтар» көшелерге тіпті көзі тірі әке-шешелерінің, қайын ата-енелерінің аттарын қойып, кеуде мүсінін орнату сияқ­ты «тарихи ермек» те тауып алыпты. Көріп те, естіп те жүрміз. Бәріміздің де қимас­та­рымыз бар, бірақ ат-атағы беріде ауылдан, арыда ауданнан аспаған оларды көзімізді жұмып алып әспеттеу ұят болмай ма?
Асқына бастаған бұл «ауруға» дереу дауа іздеу керек. Меніңше, әрбір облыста құра­мын­да қара қылды қақ жаратын саясаткер, тарих­шы, журналшы бар арнаулы комиссия құры­лып, ол облыс шегіндегі көшелер мен ауыл-селоларға кімнің аты берілгенін, олар­дың тарих талабына сай келген-келмегенін әділ анықтауы, нәтижесін тиісті шешім жа­сайтын жоғарғы ұйымдарға жазбаша мәлімдеуі қажет. Бұған дейін орын алған заңсыздық жойылып, ауыл-селоның, аудан­ның, облыстың тарих­та­рына, демек, Қазақстан­ның тарихына алдағы уақытта ешқандай қиянат жасалмауы ойластырылған үкіметтік қаулы шығарылуы шарт.
«Ауыл-селоларға» деп отырғаным: «Пә­лен­байдың ауылы», «Түгенбайдың ауылы» дегендерге де күні кеше көдедей көп болған «совхоз директоры», «колхоз председатель», «сельсовет председателі» атаулылардың есімдері қойылғаны сөзсіз. Олар да – аудан, облыс деңгейіндегі бүгінгі бишікештердің әкелері немесе әйгілі мысалда айтылған­дай, «әлде жиені, әлде нағашысы».
Көшеге ат қоюдағы сорақылық Алматы­да да «гүлдегелі» қашан! Соның сорақы мысалы – «Алматы көшелері» деп аталған, мәтіні қазақ, орыс, ағылшын тілінде жа­зыл­ған анықтамалық, сый-сияпаттық кітап…
Халқымыздың ардақтысы болған, мысалы: Дина Нүрпейісоваға, Жақан Сыздықовқа, Асқар Тоқмағамбетовке, Мәриям Хакім­жа­новаға, Мұқан Иман­жанов­қа, Шона Смахан­ұлына, Төлеген Айбергеновке, Хизмет Абдул­линге, Павел Васильевке, Оспанхан Әубә­­­кі­ров­ке… Алматыдан көше бұйырмайды да, қазақ атты халықтың барын білмеген қайдағы-жайдағы біреулерге немесе қазақты құрту­ды көздеген атаман Ермактай жауызға ресми түрде құрмет көрсетіледі: аталған кітапта оның да өмірбаяны қысқаша, жайма­шуақтанып жазылып, балта ұстап қоқы­райып тұрған суреті берілген, – рухани құлдық пен бишаралықтан қашан арылар екенбіз?!
15.02.2004 ж.


Иманғалидан ишарат болды.
Арада екі апта өткенде Әсеттің аты көшеге қайтарылды.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ


Алматыдағы Ұлттық кітапханада Әсет Бейсеуовтің 80 жылдық мерейтойына орай «Жүрегі ән деп соғатын» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Композитор, Қазақстанның Халық әртісі Әсет Бейсеуов туралы кітапты қаламгер Тұрсынбек Ешенқұлов құрастырған. Жинаққа Ә.Бейсеуовтің замандастары, аға-інілері, әпке-қарындастарының естеліктері, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әндерінің тізімі кірген.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.