Абыралы өңірінің тарихы толғандырады…

0
32 қаралды

Менің ата-бабамның туып-өскен жері Абыралы елінің Сарыапан деген ауылы екен. Ал мен өзім Семей облысы Абай ауданы Қарауыл селосында туғанмын. Өсіп-өрбіген жерім – Ақсуат, Аягөз, Шұбартау аудандары.

Отан дегеннің ыстық екенін әке-шешемнің, ата-әжемнің басқа ау­дан­дарда жүргенде үнемі «Абыралым-ай, Абыралым-ай, оған жер жетпейді-ау» – деп аңсап отыратындарынан се­­­зуші едім. Бала кезімде: «Әже, бас­қа жер­лердің тау-тасы Абыра­лыңыз­дан кем бе? – деп сұрақ қойсам, маған ренжіп: «Әй, жаман неме, Абы­ралының тауларының астынан ағып жатқан бұлақтарының өзі зәм-зәм суындай ғой. Қарағым, не десең де, Абы­ралыға жер жетпейді», – деп ау­зымызды аштырмаушы еді.
Енді өзім көруге асығып жүрген Абы­ралының 200 жылдық тарихы ту­ралы тарих ғылымының докторы, эко­номика ғылымының кандидаты, про­фессор Болатбек Нәсеновтің 28 том кітаптарын ақтарып отырып Абы­ралы елінің тарихына 9 том кітап арнағанын көрдім. Оқып отырып қай­ран қаласыз. Шын мәнінде аса бай, шұрайлы өлке болған екен.
Таяу арада сол тарихи Отаныма бару мүмкіндігі туады дегенде қуаны­шым қойныма сыймай кетті. Ол осы өңірдің 90 жылдығын тойлайды деген ха­бар еді. Аталған кітапқа енген мұ­ра­ғаттардағы деректерді оқып шық­қаннан кейін қуанған көңілімнің ой­ран-топыры шықты.
Кітаптың алғашқы томында Қазақ елі­нің Тәуке хан, Абылай хан, Әбіл­қайыр хан замандарындағы қа­зақ хал­қының, оның ішінде Абыралы елі­нің халқының, саны олардың әл-ау­қаттары өте жақсы болғандығын нақ­ты деректер негізінде нанымды етіп берген. Ол құжаттарға қарағанда, Абылай заманында халықтың тұр­мысы өте жақсы болған екен.
Абылайсыз өткен жылдарда қа­зақтар ру-руға бөлініп, әрқайсысы өз жерлерін кеңейту үшін екінші рудың жер­лерін тартып алып, шамасы кел­мей бара жатқандары көршілес орыс солдаттарын шақырып, жерлерін қорғаған. Ресей патшалығы оны қуат­тап, біртіндеп ішке кіре бастады. Бі­рен-саран қарсылық көрсет­кен­дер­ді жаншып тастады. Қазақ елінің екінші бөлігі ол кезде Қытай, Хиуа, Хорезм хандықтарына қарады. Оларды 1861-1865 жылдары Черняев пен Кол­па­ковскийлердің әскерлері аталған мем­лекеттерден тартып алды. Міне, со­нымен қазақ елі бірінші аймағы – 170 жыл, ал екінші аймағы – 130 жыл Ре­сей езгісінде болған екенбіз.
Бұл тарихты оқушылардың өздері де білер. Сондықтан мен халықтың тұр­­мысы қай заманда қандай дәре­жеде болғанын, Абылай хан зама­ны­нан патша өкіметіне өткенде қалай бол­ғандығына тоқталайын.
Ең алғашқы округтердің орталы­ғы ретінде Қарқаралы мен Көкшетау­ды белгілепті. Сол жылы үлкен ордада аға сұлтандықты құра бастаған. Пат­ша өкіметі «халық көтеріліп кете ме?» деп қауіптеніп, сұлтандарды, оларды қол­даушыларды мадақтай бастады. Оларға наградалар, әртүрлі атақтар беріп, өз бауырларына тартты. Соның бірі – ең алғашқы құрылған Қарқара­лы, Көкшетау округтерінің және Үл­кен ордадағы аға сұлтанның құ­рыл­ғанына бір жылдығын үлкен той ретінде өткізіпті.
1868 жылдан кейін патша өкіметі билікті өз қолдарына алды. Аға сұл­тан­дықты жойды. Округтерді уезд деп атады. Оны тек қана Ресей өкіл­де­рі басқарды. Болыстарды тағы да бөлшектеді. Ағайындарды бір-бірінен айыра бастады. Абыралы болысын үшке бөлді: Байбөрі, Байбөрі-Көшім, Байбөрі-Жағалбайлы. Қамбар-Қа­рауыл болысын Темірші болысы деп атады. Кейіннен Абыралы Қамбары, Қар­қаралы Қамбары, Көкшетау Қам­бары деп атады. Шаншар болысын – Ай­бике, Нұрбике деп, кейіннен Еді­рей, Ақбота деп бөлді. Жалық­пас­ты – Де­гелең, Жалаулы, Бөрлі деп бөл­шек­­теп тастады. Мұның артында үлкен қи­тұрқы саясат тұрды. Осы­лайша қа­сіреттің басы осы жылдардан бас­талыпты. Бір болыстан екінші бо­лыс­қа көшіп бару үшін губер­на­тордың рұқ­саты қажет. 1824 жылы Абыралы өңі­рі патша саясатына қарсылық жа­сап, көтеріліс ашып, Қасымның (Кенесарының әкесі) отрядына қаш­қан екен. Оларды Ом­быдан 400 отряд шығып, Қара­таудың тұсынан қарсы алмақшы болады. Олар келгенше Қарауыл Қамбар, Байбөрі, Жалықпас руларының көпшілігі өтіп кеткен. Жар­тысынан азы мал айдап келе жа­тып үлгермеген. Оларды отряд Бетпақ даланың жерінде қойша қырған. Осы қайғылы көтеріліс туралы деректер Мәскеудің әскери-тарихи мұраға­тын­да жатыр.
Қарқаралы округінде Көк­ше­тау­дан Тәуке ханның кезінде Қарауыл руы­ның 6 тармағын көшіріп әкелген. Көк­шетауда мал-жан көбейіп, Аты­ғай-Қа­рауыл рулары жерге таласа бас­тағанда, Тәуке хан оларға Қар­қа­ра­лының жанындағы Кент деген жер мен Абыралының Егінсай деп аталған тауы арасын ұсынған. Ол Қамбар руы­ның жері болатын. Олар рұқсат бе­ріпті. Сөйтіп, Қарауыл руы 1705- 1710 жылдары көшіп келіп, Қарауыл-Қамбар деген болыс құрылған. Егін­сай тауын қарауылдықтар Көкшетау деп атаған. Құнанбай атамыздың әкесіне берген асы осы Көкшетауда өткен. Ал малдың саны басқа болыс­тардан аз болып тұрғаны: оны 1824 жылғы көтеріліс кезінде Кенесары отрядына алып кеткен. Біразы оларды Бетпақдалада қырғынға ұшыратқанда талан-таражға түскен.
Осындай ауыр заманға қарсы тұр­ған қазақ интеллигенттері Әлихан Бө­кейхан, Жақып Ақбаевтар Қар­қаралы петициясын императорға жі­берді. Оған 42 батыр азамат өмір­леріне қауіп төнетінін біле тұра қол қойыпты. Абыралының 5 бо­лысының 10 азаматы да қол қойып­ты. Осы петицияның патша өкіметі­нің алдына 47 түрлі талап қоюы­ның өзі Алаштың нағыз жана­шыр­лары екенін дәлел­демей ме?!
Міне, бұлар қазақ халқының азат­тығы үшін күрескен нағыз Алаш ар­дақтылары еді. Император қатты абыржып, Орынбор және Сібір губер­на­торларына құпия жарлық беріп, «Тез арада табыңдар, кімдер дайын­дады? Кімдер қол қойды? Омбыда съездерін өткізбеңдер!» деп бұйырды. Бірақ Ала­шордалықтар олардан бұрын қи­мылдап, съез өткізіп үлгерді. Олар – Алаш партиясын да құрды. Күрес тоқ­таған жоқ, жалғаса берді.
1949 жылы Абыралы жерін поли­гон етті. Оны бөлшектеп-бөлшек­теп, 9 ауданға бөліп тастады. Бұл – өз хал­қымыздың алауыздығының же­місі. Осылайша республикадағы ең бай, ең ірі өлкенің тас-талқанын шы­ғар­ды. Х1Х ғасырдағы 40 мыңдай ха­лықтан 6 мыңы қалыпты.
Міне, менің туған жерім осындай азаптарды басынан кешірді. Ал Абы­ралы елінің басынан өткен осындай қайғылы дәуірді бірде-бір ел көрмесе екен деймін.

Тоғжан НӘСЕНОВА,
Алматы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.