АҚЫН
07.09.2018
1227
0

Ақын. Осы сөзді қапияда кезіктіре қалсаңыз, ойыңыз қандай көріністерді шиырлайды? Ақынды қалай елестетесіз?

1. Алып мегаполистің ортаңқол мейрамханасының алдында шылым түтінін бұрқыратып, сұлуларға сырттай көз сүзіп, қара шляпасын ара-тұра баса түсіп, көк аспанға қарап ауыр күрсініп тұра ма?
2. Әлде костюм-шалбар киіп алып, елдегі ең танымал телеарнадан әлдебір журналиске өзінің оптимистік және негативті ойларын бірінен соң бірін төкпелеп айтып, даналыққа, тазалыққа шақырып жата ма?
3. Әлде мінбеге шығып алып, халыққа «Ояныңыздар!» деп ұран тастап, елдің атынан биліктің мінін айтып, үлкен саясатқа сөзбен «әсерін тигізіп» жата ма?
4. Әлде жыр кешіне сұранысқа ие эстрада әншілерін шақырып, сөзіне жазылған әндерді тыңдап отырып, кеш біткесін залдың әнебір тұсындағы танадай көздіні жәукемдеп кетуді ойлап отыра ма?
5. Әлде жай ғана шай сораптап отырып, домбырасына бір сәтке тыным беріп, қарсыласына қарымта қайтаруға әзірленіп отыра ма?
Әрине, мына ақындықтың форматы мен концепциясы көбейген заманда ақынды әркім әрқалай елестетер. Бірақ, білесіздер ме, жоғарыда айтылған ақындардың (олар да халық пен уақыттың сұранысы болар) жасағандары оңай шаруа болмағанымен, ақындық ол айтылған дүниелермен өлшенбейді… Ақындық немен өлшенеді, айтайын ба, метрмен өлшенеді. Кімнің бойы үш метрге жуықтайды, сол – ақын. Әрине, әзіл…
Шындығына келсек, бір адамның тісі сынса, бірнеше адамның тісі сынуы тиіс қоғамда өз потенциалдарын сақтап қала алған адамдар шығар олар, ақындар… Өз потенциал­да­рын сақтап қала алғандықтан болар, кей іс-қылығы сырт көз­ге ерекшеленіп көрініп тұратыны, жұмсартып айтқанда, еш биігі мен еңісі жоқ жазық далада кенет бір ғана заттың көз­ге одырайып көрініп тұратыны… – деген ойлар келеді кей­де, қайтпек керек?..

Нүркен Нұрғазы,
Шымкент қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір