«ТҮПТІГЕ ҰМТЫЛУ» ТЕОРИЯСЫ

0
259 қаралды

Адамзат баласы жаралғалы алты миллиард жыл өтті десек, әр жердің, әр халықтың өзінше ойлау метаморфозасы болғаны талассыз ақиқат. «Өткенді білмей болашақты болжау» мүмкін емес. Жақында өз ортасына танылып қалған дарынды жас ақыннның жаңашылдыққа талпыну барысында еуропаша ойлау мәдениетінің «төріне» жайғасып, екі-үш авторды тілге тиек етіп жүргенін көзім шалды. Және бұл үрдіс белең алып барады. Иә, жаңашылдық, өзіне дейінгі ойлау жүйесінен тыс, соны жаңалық әкелу үрдісі – қас талантқа тән құбылыс. Алайда өткен мен бүгінді пайымға алып зерделемей, «жол ортадағы даңғыл жолдың» сойылын соғу кері түсініктерге алып келуі ғажап емес. Мұның соңы жүйесіз оқу мен тоқсан торапты ағымдарға ілесуге алып бармақ. Мұндайда санада Шәкәрім қажының «Түптіге ұмтыл!» теориясы қылаң береді. Сонымен Еуропа «мұхитының» түбіне қарай сүңгісек.

Сөз жоқ, Еуропа ғылымы мен әдебиеті XVIII ғасыр тұсында жаңа сатыға шығып, ғылым мен технологияда, әдебиет саласында біршама жетістіктерге жетіп, алдыңғы қатарға көтерілді. Нобель сыйлығының беделі бүкіл әлемге таралды. Ғылым еуроцентристік көзқарастармен сырқаттанып, жаңа һәм еркін ойлау үрдісін бастан кешірді. Сол Еуропа әдебиетінің түп қазығы мен алғашқы бастауы Антика әдебиетінде жатқаны белгілі. Грек мифологиясы, құдайлар һәм Зевс бейнесін әрбір еуропалық жазушының шығармасынан (ең құрығанда мифтік кейіпкерін), пьесаларынан кезіктіруге болады. Итальян суретшілері: Леонардо да Винчи «Әйел тәңірі» Флораның бюстін сомдаса, Сандро Боттичелли «Венераның тууы», «Көктем» картиналарын, Тициан «Айна алдындағы Венера» картинасын грек мифтерінің сюжеттер желісімен салды. Ежелгі грек мифтерінің пайдалану XVII-XVIII ғасырларда Еуропа өнер қайраткерлері үшін «сәнге» айналғаны жасырын емес. Данте, Петрарка, Микеланджело, Шекспир, Байрон, Мольер, Вольтер, Эразм, Гёте, Шиллердің еңбектерінде мифологиялық қаһармандардың бейнелері көптеп көрініс тапты.
Тіпті, атақты Толстойдың «грек тілінсіз білімнің жоқ екені анық» деген пікірі шолақ ойдан айтыла салған пайым емес еді. Грек мәдениетінің Еуропаға кіруінің алғашқы қадамдары 1453 жылы ежелгі гректердің рухани мұралары жиналған Констинопольдің түріктердің қолына өтуінен бастау алды. Осы тұста көптеген грек оқымыстылары Ресейге, Францияға, Италья, Германияға қашуға мәжбүр болды. Және олар өз кітапханалары мен қордаланған білімдерін әр елдің оқымыстыларымен сұхбаттасып, бөлісіп отырды. Ресей өркениетінде І Петрдің келуімен көптеген шет тілінің ғылым-білімі орыс тіліне аударылып, мәдениетінің алға шығуына терең ықпал етті. Атақты Белинский Гомердің шығармашылығына асқан махаббатпен құлаш ұрып, «балалық қарапайымдылығы мен поэтикалық күрделілігіне» таңданып, өз еңбектерін арнады. Белгілі ақын В.А. Жуковский «Одиссеяны» аударып, 1849 жылы жарыққа шығарса, 1829 жылы Гнедичтің аудармасымен «Илиада» баспа бетіне шықты. Орыстың ұлы ақыны Пушкин Антика әдебиетіне «біздің алғашқы университетіміз» деп жоғары баға берді.
Енді Антика әдебиетінің түп­тамырына қарай ойыссақ. Жазба деректерде «ежелгі гректердің басқа елдермен сауда-саттық, кеме жолы байланыстары гректердің танымдық көкжиегін кеңітті» делінеді. Иә, расында сол тұстағы Шумер, Иран, араб мәдениеті, Орта Азия, сақ-скиф, Мысыр мен Месопотамия, шежірелі тарихы бар Шығыс өркениеті Антика әдебиетін қалыптастыруда ең маңызды рөл атқарды. Тіпті, Пифагор, Фалес, Анаксимандр, т.б. грек ойшылдары өз бойларына Шығыс даналығын қордалап, өзінше түйін шығара білді. Осы тұста Мысыр абызының Солонға айтқан: «О, Солон! Солон! Сендер, гректер, бала сияқты кешегі, бүгінгі күнді ғана білесіңдер» деген астарлы сөзі ойға оралады. Расында, ғылым-білімнің бастауы грек-рим деп танып, Шығыс танымын мойындағысы келмеу – Еуропаның алғашқы ағаттық шешімі болатын. Мәселен, қарапайым дерек – қазақтың XX ғасыр әдебиетінде көптеп аударылған Крыловтың мысалдарынан Шығыстың шоқтығы биік туындысы «Кәлилә мен Димнәнің» иісі шығады. Сонымен қатар, Шумер кезеңінің құнды жәдігері саналатын «Гилгамеш туралы жырдың» сюжеттері мен грек мифологиясының басты қаһарманы, Зевстің ұлы Гераклдың прототипі арасында ұқсас байланыстар өте көп. Құмық түркологы Мұрат Әжінің «Европа, тюрки, Великая степь» еңбегінде «Почему первой стала Древняя Греция? Она была ближе к Востоку…» деген түйінді сөзі бар. Тіпті, Аттиланың жорығы Антика әдебиетіне өзіндік із қалдырғанын түсіну керек. Аттила есімі бағзы грек авторларының маңызды тақырыптарына айналып, батыр жайлы Дионис Периегет, Кл. Птолемей сынды авторлар таңдана қалам тартып, маңызды деректер жазып қалдырды.
Ренессанстық Еуропа араб ғылымына қарыздар екені түсінікті. «Цифра», «Надир», «алидада», «азимут», «альтаир», «алхимия», «алгебра», «алмагест» сынды араб терминдерінің әлдеқашан әлемге ортақ ғылымда орын алғанын аңғармау мүмкін емес. Батыстың бүгінгідей орасан зор жетістікке жетуінде өздері «қараңғылық дәуірі» деп бағалаған орта ғасырлық мұсылман ғалымдары үлкен рөл атқара білді. Бір ғана XVIII ғасырда әл-Фараби еңбектерінің орыс шіркеулерінен табылуы үлкен құбылыс еді. Осы тұста «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар» деген британдық жазушы
К.В.Бодлидің пікірі еске түседі. Сөз жоқ, XVI ғасырларда Батыс өркениеті шіркеу діндарларының қатаң қағидаларымен бүркемеленіп, ғылым-білімнің дамуы артқа шегінді. Тіпті, жуыну үшін сабынды пайдаланудың өзі Құдайға теріс әрекет саналды. Жердің домалақ екенін дәлелдеуге тырысқан Галилео Галилей, Коперник сынды ғалымдар Інжілдің қатаң ескертпелеріне қайшы келіп, оларға күш көрсетіп, пікірлерінен айнуға мәжбүр етті. Ал бірбеткей Бруноны өз сөзінен қайтпағаны үшін отқа өртеп жіберді. Осы тұста Ислам мәдениеті өркен жайып, түрлі ғылыми жетістіктерге жетумен болды. «Әл-Жабр уәл-Мұқабала» атты кітабын жазып, әлемдік қолданыстан түспей келе жатқан «алгебра» терминінің түп атасы әл-Хорезми, медицинаның атасы, «дәрігерлердің патшасы» саналған Ибн Сина, Батысқа «Geber Filius Afflae» атты есіммен танымал химия саласының атасы, алғаш рет атомға түсінік берген Жабир ибн Хаййан, Еуропа ғалымдарынан төрт жүз жыл бұрын «Хайатул-Хайауан» атты зоологиялық кітап жазған Мұхаммед ибн Муса (Демири) сынды авторлар сөзімізге тұздық, пікірлерімізге дәлел. Әсіресе әл-Фарабидің кезіндегі Араб халифаты жасаған мәдениет Еуропа, Африка, Азия елдеріне орасан зор ықпал етті. Тіпті Америка құрлығын ашып, Үндістанға Батыс мұхит арқылы бармақ болған Христофор Колумбтың қолында әл-Фараби мен әл-Бируни сынды Шығыс ғалымдары құрастырған географиялық карта болған деген де деректер ұшырасады.
Сонымен, Еуропа мәде­ние­тінің астарын оқырман қауымға түсінікті болу үшін аз-маз зерделеп көрдік. Ақын, әдебиетші Әмірхан Балқыбектің «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Тәңірі» дегеніндей, кез келген құндылықтың қалыптасу кезеңі, шарықтау шегі, гүлденген шағы болатыны сөзсіз. Біздің мақсат әдебиетке жаңа келген жас қаламгерлердің әр жазбаның түбіне үңіліп, «Түптіге ұмтылу» жолындағы талабын ояту ғана болатын.

 

Батырхан Сәрсенхан

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.