Cафари жанрындағы жаңа кітаптар
07.09.2018
1902
0

Жазушы Әлібек Асқаров – исі түркінің атажұрты саналатын Алтайда туып, сол киелі өңірдің бар қасиетін бойына сіңіріп өскен азаматтың бірі. Содан да шығар, жазушының қаламына таулы жердің қайталанбас табиғаты, таулы елдің аңыз-әпсаналары, таулы қойнаудың тыныс-тіршілігі көбірек іліне береді.

Алтайдың Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы, Марат Қабанбай сынды дарынды ұлдары дүние­ден өтіп кетті. Солардың жазбаған, жазуға үлгермеген дүниелерін оқырман қауым­ның Әлібек Асқаровтың қаламынан күте­тіні заңды. Аманаттың ауыр жүгін арқа­лауда абырой биігінен көрініп келе жат­қан қаламгер осы бір жауапкершілікті де жан-жүрегімен сезінетін тәрізді. Сол себепті ол алуан тақырыптарға қалам тер­беп жүргенімен, мұнар таулар мен мұзарт шың­дар сиқыры – әлі де жазушы шығар­ма­шылығының негізгі өзегі болып қалып отыр.
Жазушының «Қазақ жерінің құпия сырлары» деген сериямен жарық көрген кітаптар дестесі – осы айтқанымызға тағы бір дәлел. «Мұзтау», «Шабанбай», «Шана­ғаты», «Аспантау», «Көккөл», «Қазығұрт» аталатын бұл кітаптар туған жерімізді танып-білуге, оның ішкі сырына үңілуге, тарихын таразылауға арналған сынды. Бары­мызды бағаламай, шетелді жағалай­тын болып барамыз, әйтпесе, күні кеше ғана Шығыстан тағы бір алтын адам та­был­д­ы деген ақпарат тарап жатыр. Ға­лым­дардың айтуынша, толық зерттелетін болса, әлі де талай құпия-сырға қанық бола­ды екенбіз. Туған жеріміздің топы­рағын басып жүргенімізбен, жұмбағын әлі шеше алмай келеміз. Ал жазушы Әлібек Асқаров осы бір кішкентай кітап­шалар­да нелер бір қызықты деректерді, тартымды оқиғаларды жайып салады.
Сөз орайында айта кету керек, Әлібек Асқаров – кәсіби суретші. Оған саяхат­шылы­ғын тағы қосыңыз. Өзі саяхатшы, өзі суретші қаламгердің қаламынан туған көркем шығарманың қандай боларын шамалай берсеңіз де болады. Жазушы оқырман күткен үдеден шыға білді. Өйт­кені бұл – көзімен көріп, қолына ұстап, ол туралы деректерді мұрағаттардан алып, зерттеп, зерделеп отырып жазған еңбектің жемісі-тін. Қазіргі оқырманның ең үлкен серігі – уикипедияның құрғақ ақпараты қомағай оқырманның шөлін қандыра алмасы белгілі. Шығармалардың көркем тілі, қанық суреттеуі мен нақты деректері бүгінгі мобильді қоғамның оқырманы үшін іздегенге – сұраған болды.
«Мұзтау немесе Жер кіндігіне сапар» кітабында Ә. Асқаров қазақтардың Мұ­з­тауға деген көзқарасын суреттейтін
орыс­тың әйгілі саяхатшы ғалымы В.В.­Са­пожниковтың мынадай бір пікірін келтіреді:
«Высокие снежные горы (Белуха) служат у калмыков предметом священ­ного почитания. Никто из них под стра­хом смерти не смеет восходить на них. Обояние Белухи не киргизов (казахов) еще больше: «Нам и смотреть близко на нее нельзя», – говорил мне один старик из аула в вершине Черной Берели». Айтса айтқандай. Онысы рас. Аспантау жақта да, Хантәңірінің өзі тұрғай, оған жақын маңдағы аласа саналатын таулардың өзіне шығарда, күні кешеге дейін әкелеріміз Құдайға сыйынып, құрбандығын шалып барып шығатын. Сөйткен киелі жерлерді бүгінгі жаңа заман ұрпағы сүйе білсін, қадіріне жетсін, елжанды азаматтар болсын деген мақсатта Елбасымыз киелі жерлер географиясын жасауға баса назар аударып отыр. Ал ол қалай жасалады? Ол осы туған жер туралы терең мағлұ­мат бере алатын көркем, деректі, қы­зық­ты шығармалар жазу арқылы жасалады.
Шыңырауы шерге, етегі сырға толы әулие тауға жете алмаған оқырман «Мұзтау немесе Жер кіндігіне сапар» кітабын оқысын. Қазақстан мен Ресейдің шекарасында жатқан Мұзтау Батыс Сібірден бастап, Камчаткаға дейінгі ара­лықтағы таулар жүйесінің ең биік шыңы саналады. Жұрт аяғы жете бермейтін мұзартқа автордың өзі бірнеше рет сапарға шыққан. Ең алғашқы сапары кезіндегі жазбалар көркем дүние болып қағаз беті­не түскен. Осы кітаптардың тұсаукесерінде Сауытбек Абдрахманов: «Бұл кітаптардың жанрын сафари жанрына жатқызу керек», – деген еді. Расында да, автордың бұл туын­дылары – жай жолсапарлық жазба емес, қайта, оқиға желісі үнемі оқырманды қызық­тыра тартып отыратын, тілі шұ­райлы, көркем шығармалар. Мәселен, «Көккөл немесе Қарлы асуда қалған ауыл» атты кітапта жылдар жылымы ел есінен ұмыт­тырған, Кенді Алтайдың кермек тағдырындай болған, адам аяғы сирек түсетін тау басындағы Көккөл кеніші жайында баяндайды. Мұнда сол елді мекеннің ғана емес, мұқым елдің тағ­дыры жатыр. Тіпті, кітап жазарда, жүріп өткен жолдарды тағы бір басып өтетін экспедиция ұйымдастырып, деректі фильм, балаларға арнап мультфильм түсіруге де болады. Шетелдік телеарналар мұндай экспедицияларға қаражатты көп бөледі. Бұл көрерменнің, әсіресе, жас ұрпақтың қызығушылығын тудырып қана қоймай, санасын, дүниетанымын кеңейтіп, өз ұлтын, өзінің туған жерін бағалай білуге жол ашары анық.
Ал «Шабанбай» немесе «Беловодье» ұғымы туралы толғам» кітабында жазушы сонау замандарда жергілікті қазақтардан күшпен тартып алып, ақ патшаның жеке иелігіне өтіп кеткен, ата-бабамыздың күншілікке созған шұрайлы өңірі жа­йында шабыттана жазады. Үйрек ұшып, қаз қонған сулы да нулы алқапты ар­мансыз аралап, көзбен көріп, көңілге түйгенін жазушы көркем тілмен жеріне жеткізе суреттейді.
«Шанағаты» – Марқакөл өңіріндегі еліміздің ең суық нүктесі саналатын елді мекен. Бұл жерде қыс айларындағы 40-50 градус суық – әдеткі жағдай. Тіпті, бір жылдары осы ауылда 62 градус суық тір­келіпті. «Шанағаты немесе Қазақс­тан­ның ең суық нүктесіне сапар» аталған бұл кітап қойнауы құпияға толы Марқа табиғатын, «Қазақтың Оймяконы» атан­ған ауылдың тарихын ақтарады.
Шығыс Қазақстанның табиғатын, оның әрбір өзені мен көлін, тауы мен тасын бүге-шігесіне дейін зерттеп жазған жазушы кейінгі кезде Қазақстанның басқа да қасиетті жерлері жайында қалам тербеуге көшіпті. Жазушының өзі бұл туралы баспасөзге берген бір сұхбатында: «Жалпы Алтай туралы біршама повесть-эсселер жазып тастағаным оқырманға белгілі. Содан қаламгер достарым әзілдей бастады. «Алтайдың халық жазушысы» деген атты шығарды. «Басқа өңір туралы жазуға мұның қаламы жүрмейді» деп тиісетін болды. Содан мен Хантәңірі жайында, Нарынқол өңірі туралы «Ас­пантау» деген повесть-эссе жаздым. Артынан оңтүстіктегі азаматтардың шақыруымен әулие Қазығұрт тарихын қолға алып, Әлемдік Топансудың шежіресіне үңілдім», – деген екен.
Иә, «Қазығұрт» атты кітапта адамзат баласы ғасырлар бойы талқылап келе жатқан Топансу тарихнамасы жөнінде баяндалады. Ежелден алуан түрлі аңыз-әпсанаға арқау болған, тұла бойы тұңғиық сырға толы Қазығұрт тақырыбы қашан, қалай айтсаң да қызықты болары хақ. Алайда, бұл кітапта жазушы Қазығұрт пен Қаржантау сілемдерін аралаған әсерінен гөрі, жалпы «Әлемдік Топансудың» тарихына бойлауға ты­рысады. Топансу туралы түрлі халық­тардың аңыздары мен мифтерін сара­лай­ды, солардың арасынан Қазығұрттың шындығын алып шығуға ұмтылады. Ол үшін бүгінгі таңдағы ең жаңа деректерге сүйене отырып, қазіргі ағылшынның аса беделді ассириолог-ғалымы Ирвинг Финкельдің пікірлеріне сүйеніп, тыңнан ой түйеді.
Ал «Аспантау немесе Альпинизм ақиқаты» кітабы – жазушының бір топ достарымен Хантәңірі тауына сапарынан туған ой-толғамдары. Мұнда Қазақстан­дағы альпинизмнің дамуы Хантәңірі шыңының игерілуімен сабақтастырыла отырып, осы саладағы саңлақ спорт­шылар­дың жетістіктерімен таныстырады. Сондай-ақ, әлемнің биік шыңдары ту­ралы мағлұмат беріп, аса күрделі саналатын спорт түрінің қызығы мен қиындығынан мол дерек ұсынады.
Көпшілік оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп қана қоймай, көптеген тың мағлұматпен байытатын бұл кітаптар­дың қай-қайсысын да оқырман олжасы деуге әбден лайық. Әсіресе, болашақ ұр­пақ­ты отаншылдыққа тәрбиелеу мақ­сатында Елбасымыздың «Туған жерге туыңды тік!» бағдарламасына дөп келіп тұр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясының» бір бөлшегі – осы кі­тап­­тар дестесі десек те болады. Киелі же­р­­лердің географиясы адамзаттың Алтайы, жер кіндігі саналатын Мұзтаудан бастал­ғаны да кездейсоқтық емес болар. Жер шарының энергетикалық өрісінің бір нүктесі осы Мұзтауда тоғысқан деген сенім бар. Ал ол энергетикалық өрістің Ғарышпен байланысы бар көрінеді. Сол арқылы Мұзтауға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер күш-қуат алуға, жан сарайын тазартуға, рухын көтеріп, ден­сау­лығын түзеуге келеді. Әлібек Асқаров шығармалары да жан сарайын тазартқысы келген оқырманның рухын көтеріп, позитивті әрі оң энергетикамен қуаттай­тын шығармалар арасынан табыла ала­рына сенім мол.

Бану Дәулетбаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір