Менің де үкілі еді Қамажайым…
07.09.2018
1284
0

Гүлімай ҚУАНЫШЕВА


Әлем!
Өзің Гүлімайды ұқпайсың.
Сені кім ұқсын?!
Аспанға ашық,
жерге жұмықсың.
Кеште күдік,
таңда тұнықсың.
Арсы-гүрсіге бүтін,
тасыр-тұсырға сынықсың.
Табаныңды қытықтар ма ем,
тәбетің риясыз күлкіге құнықсын.
Менің де үкілі еді Қамажайым.
Әттең, сен бейнет биіне айналасың.
Бір қарасаң – өзімсің!
Бір қарасам –қайманасың!
Қазанымның түбі қаспақты,
суытпашы Құдайдың қойған асын.
Иең – ҚАЗАҚ! Дүние!
Мен де соның бірі!
Кеңірдегім құрсаулы,
жаным сірі!
Тамырыма балта шапқандай болсаң да,
дүр тозаңымның қайта ашылды бүрі!
Содан да рухым берік,
сөзім ірі!
Қуандықтарым қасымда!
Өтежандарым тірі!
Ей, Дүние,
Байқайсың ба?
Тәңірге дұғам өтімді!
Өзім жұбатып алам,
жылатсаң жетімді.
Айдаһардың қоңын ойып,
кессең, жамап алам етімді!
Қара Ертіске қарсы ағыздың…
Шашым жұлдың!
Не тынды?!
Қабырғамды қақыратқың келгенде
Қара тырнағым көбесіне дейін бекінді!
Екі айтқызба!
Естіртпе ХАҚқа екі үнді!
Маған бұрмағанда кімге бұрасың БЕТІҢДІ?!
Мықты болсаң, ашып тастап келші дәтіңді!
Басқаның керегі жоқ!
БҰР БЕТІҢДІ!

***

Көкжиек көлеңдейді қиялды арбап,
құс жолы жер бауырлап.
Мысырдан мен деп ұшса, қайда қонды
әпенді, перғауын – бақ?!
Өткенге емексітіп, ақ сағымның
үкісі бұлғақтайды.
Жүйкемнің әр тінінен әуен сауып,
тербейді ырғақ – қайғы.
Түйсікке тәу еткенсіп етпеттесе
талайсыз ақыл – қаған,
жалт ойнап жайлауында зар сезімнің,
тайраң от лапылдаған.
Қатпаған бұғанасы біздік үміт
ғайыпқа сүйеніп құр,
құрдымға құлайтындай табан тайса.
Хақ, өзің иелік қыл.
Көпсініп мені ғалам, алқынады,
кілкілдеп төсі лайдан.
Тылсымның тасасында көп отырдым,
шекесі тасырайған.
Аспанға апарар жол табар екем,
анашым, осы қайдан?
Бұйдасын ақ ботаңның түресің бе,
тігерге қосын айдан?
Ғайыпқа ерейінші! Табылмай тұр
ғапылға тосын айлам.
Өзіңе оғым тиіп кетпесін деп
…жеңілдім осы майдан…
Ғазиз анашым!

***

Өмірзая!
Мендіктің зая бәрі.
Жек көргенім, сүйгенім…аяғаным.
Сыямын деп сүннеттің қалыбына,
қиямын бек құрметке сай ағаны.
Зая бәрі.
Зая бәрі!
Адалым, тазалығым,
естігенім ұжмақтық ғазал үнін.
Ай астында ашқанда аза бүрін,
сәулесі өшіп үр сезім ғажабының,
мүрде аңқып,
маңып кетті мазалы күн.
Назалымын.
Өмірзая!
Сені де тоса ма мұң?
Әлі аңсаумен жүрмісің қосақ әнін?
Жерден, көктен екеуміз телміргенмен
жақтауына бір ғана босағаның,
маған да жолықтырмас дос адалын,
сен де өзгерт әпсанаңды болса амалың.
Сені «зая» атаған Жасағаның.
Мені зая матаған Жасағаным…
Өмірзая,
біздіктің зая бәрі.

***

Жанымның шырылы ұйқасып
қоңырау үнімен,
көзіме ештеңе түспей-ақ,
жылағам шынымен.
Сезімнің бағасы өтеулі
ғұмырдың құнымен!
…Тәңірден күткенім тыным ең…
Күмбірлеп үн шықты жадымнан.
Өңімде естідім мұны мен.
Ешкімге мен ғашық емеспін!
Тұншыққыр көмескі үн!
Сезімді көзбе-көз көргем жоқ,
сеніммен тел өстім.
У ішіп жүрсем де,
өзгенің ақысын жемеспін.
Саусағын созғаны болмаса
сан түрлі елестің,
мен ғашық емеспін.
Оллаһи, ғашық емеспін!

***

Түсі түгіл, өңінде де көрсін деп,
Өтекемнің жалаңаш төс гәң-гүңін,
қырау-қырау әйнегімді сүртеді
құрау-құрау таңғы мұң.
Созып-созып, соңына үзіп тастаса
сықыр сері жанды үнін,
соны іліп ап, сырғақсиды мұз-ғұмыр
табанында шаңғының.
Шұрық-тесік соры қайнаған қар мүсін,
шұбатып ап үсік салған шарғысын,
әр сүңгіге мөр бастырып бүкеңдеп,
ұлықтап жүр табиғаттың жарғысын.
Ақпанды да алқымға алып ұры аяз,
таға ма деп қыл мойынға қарғысын,
үңіреңдеп, үкім күтіп ұзан жүр,
Үт-үмітім, бармысың?

***

Айырмастан соры қайда, бақ қайсы…
қыршып өтіп бара жатыр ақ қайшы.
Қойын-қонышы шұрық-тесік дүние-ай,
абайсызда түсіресің…таппайсың!
Көзің жасы араша емес, мақұлдау.
Мәртім еді, мұзды ақиқат шақырды-ау.
Жәннәт сынды жамбастағы ақ орам,
мәйіт кетті. Кетті мәйіт батылдау.
Намаз саптап тәубешіл мен сауғашыл,
жасық қалды жая жаздап жауға сыр.
Құба жонда қабырғасы қайысқан
құлындарын жұбатып жүр нау ғасыр.
Куә-куә,куәдүрім сан қайғы.
Бақи айтса, танбайды.
Фәни кештеу аңдайды.
О мен бұ-ның жігі – қара құлпытас!
Соғып жатыр, соғып жатыр маңдайды.
Ақиретке айтам ақтық бітімді, ел!
Тебен болам ақ қалтасын бүтіндер!
Тігіс тістеп, қалам мәңгі тіреліп!
Не жыртығын жамап қайтам.
Күтіңдер!

***

Тәңірінің құзырына сыйып,
жақұт тағымды да қиып,
ұжданымды алқымыма түйіп,
жырдан қамыт киіп,
қадам сайын қисса жиып
тәубеме теңіз толқыны да иіп,
алма бетімді ай сүйіп
мен пейіштен келдім.
Хаққа.
Ақиқаты да жалған жаққа…

***

Оңаша орын – ақ арман,
ой отауы төркін.
Маңдайымда мұзды қыс,
өзегімде өртім.
Екіұдай күй кештірген
екі басты сертім.
Ертіп мені әкеткен
әулекі есіл-дертім,
сен оңбассың!

***

Қол үздім,
бұ күзге ермедім,
күзсіз де емеспін.
Қойнына қыстырып барады
сүмбіле сыңайлы дөңес күн.
Неғайбыл айналып келмегім,
күткенім басқа күз…
Сары табан сағыныш бағытын сілтейді,
соңына тастап із.
Күз ортақ болса әлі біздерге,
со бағыт…тапсаңыз…
Ал, мына күз – басқа аңыз…

***

Тылсымнан тырсыл озса дара шауып,
томсарып, құра алмаса қала сауық.
Саябақта саяқ қап сары шымшық,
сарнаса санасы ауып;
Ақын біткен қаламын шала сауып,
ақыл біткен алысқа алаңдаса…
Не қауіп?!
Жә, жабысқан жоқ дерт ауып.
Тек…
бізден тәуір ел тауып,
көшіп кетті менмен күз!
Қалай?
Қалай сенгенбіз?!

***

Жер беті тола жұмақ еді,
білмейсіздер ғой сіздер.
Әлемім текті құмақ еді,
әкесі төрде, ізгі ел.
Әдебі бар-ды тым әдемі,
жетіп келгенде іздер,
жүгіне қалар жүз бел.
Соны айтпай жүрген кінәм еді,
кешіңіздерші, сіздер.
Мекенін айтсам мұңсыз боларға,
келесіздер ме көшіп?
Шерсіңді басты сілкіп тастар ем,
мерейім көктей өсіп.
Көңілдің қошын аңқытып қоям,
сексеуіл шоғын көсіп.
Жер жуа жұлып келсем бе екен-ей?
Терейін бе әлде көсік?
Кім-кім келеді?
Шығасыздар ма?
Бұйырар ма екен несіп?
Шаттығын күтіп
шалқалап жатыр
санамда сансыз есік.
Келіңіздерші көшіп!

***

…Ертеде еді…
елес сауып, күлкі емгем.
Күзге оранып, мұң жамылғы бүркенген,
жамау-жасқау,
жүдеу көңіл күркемде…
қалып қойған бір пенде.
Ешкі жүні бөрте ме еді,
жоқ ісім.
Мақта аман деп кім ойлаған шоқ ішін.
Солқылдатып біздік жүрек соғысын,
тоқсан жолдың түйіспейтін тоғысын
тауып келді со кісім…

***

Сәлеметсіз бе, БАҚЫТ?!
Сізді күтіп…
Төзімнің тамшыларын талмап жұтып
жүргенде,
арман бізді түу алысқа
алып кетті бір демде.
Жиырмамыз жамырасып,
ешкім білмей тұрағыңызды,
ақ құмға жазып кетіп ек сұрағымызды.
Жауабы желмен өшті ме,
әлде көшті ме құм?
Әлі күнге бір хабар естімедім…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір