ІЗДЕНБЕГЕННЕН ІЗ ҚАЛМАЙДЫ

0
310 қаралды

Жәркен БӨДЕШҰЛЫ:


Бұл – шайхана іші. Бейресми, емін-еркін әңгіме алаңы. Қарсы алдымда қазақтың үлкен ақыны Жәркен Бөдешұлы отыр. Жүзі жылы, қабағы ашық. Байыпты. Қимыл-қозғалысынан жоғары мәдениеттілігі білінеді. Шілде күнгі жусандай сиреген шашын жиі-жиі тарап қояды. Әр сөзін жауапкершілікпен, салмақпен сөйлейді. Тың.

– Кеудеңізде омыраулаған сағы­ныш бардай. Кімді сағынасыз, аға? – деп, ақынды әңгімеге тарттым.
– Әкем мектептің директоры бол­ды. Поэзияны, жалпы әде­биет пен мәдениетті сүйетін адам еді. Кітап оқып отырып, «мынаны қалай түсінесің?» деп, мені үлкен адам көріп пікір алмасатын. Содан бері қырық жылдан асып кетіпті…
– Не оқып, не жазып жүрсіз?
– Қазір оқу мәселесі көзге бай­ла­нысты азайып қалды. Өлең жа­зып жүрмін. Көбіне түнде жазамын. Мен өлеңді бір жерде отырып жаз­бай­мын, үйде, бөлмелерді аралап жү­ріп жазатын әдетім бар. Кейде автобуста жазуыма тура келеді. Со­нан соң өлеңді жаза салып журнал­ға не газетке беруге асықпаймын. Енді бір кезегі келгенде оқып, дұрыс-бұрысын саралаймын.
– Өлеңдеріңізде Ай бейнесі бөлек көрініс табады. Ай сіздің стихияңыз секілді…
– Мен Шолпан жұлдызын жақсы көремін.
– Ойға жиі оралатын бір сәт?
– Туған жерім – Жайыртау. Кім туған жерін қалай сүйсе, Отанын да солай сүйе алады. Туған жерден безген адам Отанынан да безінеді. Туған жерін сатқан адам Отанын да сатады. Туған жер – менің тұғырым.
– Ағалардың алақанының жы­луын, жақсы­лығын көп көрдіңіз бе?
– Ең алғаш Жұмекен Нәжіме­де­нов­тің алдына бардым. О кісі ол кезде Баспа комитетінде істейді. Алғашқы өлеңдерімді апардым. Жақсы баға берді. Институтты енді бітіріп, жұмыссыз жүрген едім. Жұ­мекен аға: «Сен төте жазуды білесің бе?» – деп сұрады. «Білемін», – де­дім. «Он­да сен Тахауи Ахтановқа керек­сің», – деді. Содан алдына ер­тіп апа­рып: «Мына жігітті сізге алып кел­дім, төте жазуды біледі екен, біл­ген­де де майын тамызады» – деп, жұмысқа орналастырды. Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әлі ағаларымның ықыласын көр­дім. Қадыр аға өлеңдерімді жақсы көре­тін. Өлең оқытатын. Кітап­та­ры­ның ішінен таңдаған кітабымды алып тұрдым. Ол кісі біреуді қыз­ғану де­генді білмейтін. Нағыз талант көрсе жанын салатын.
– Биыл замандасыңыз Тыныш­тық­бек Әбдікәкімұлы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр. Үлкен ақынның үлкен ақынға пікірі қандай?
– Тыныштықбек – өте ізденгіш ақын. Зерек ақын. Құдай оған жоғары дарын берген. Ылғи жолы болса екен деп тілеп отырамын.
– Сізге, әсіресе, жас ақындардың ықы­ласы ерекше. Қадіріңіз биік, сыйыңыз жоғары. Не арманыңыз бар?
– Менің бір-ақ арманым бар. Әлі күнге дейін таңдамалы жинағым жоқ. Екі томдық таңдамалым бас­пада жатыр. Сол шықса, басқа арман жоқ.
– «Ақындық – азап» дейсіз, меніңше, ғажап секілді…
– Құдай шын берген ақындық болса, сен оны жерге ұрмай, дү­ниені білуің керек, адамның жан сезімін зерттеуің қажет. Ішкі тол­қынын білуің керек. Менің ай­тып отыр­ғаным – дүниежүзілік көз­қарастағы ақын. Ақындықта музы­ка да, ше­шен­дік те, көрегендік те, бәрі де бар. Оны ұштау үшін, әрине, теле­гей теңіз білім керек. Ал бұл оңай ма? Ақындықтың ішінде де ақын­дық бар. Мен соны айттым.
– Қоғамда сізді мазалайтын не нәрсе?
– Қазір қоғам түгіл бүкіл ғалам, заң да, басқа да өзгеруде. Соның бә­рі адамның табиғатына, мінезіне әсер етеді. Бәрі жан бағып бас басына кетті. Осы күрделі жағдайға шы­дау керек. Шыдамасаң, жұтып қояды.
– Жиі жылайсыз ба?
– Мен мүлде жылайтын адам емес­пін. Жыламаймын. Өзіммен-өзім көп мұңдасамын. Бұл жылауға жатпайды.
– Байқауымша, соңғы кез­дері жалғыздықпен көбірек доста­сып жүр­ген секілдісіз…
– Өлең жазып отырған кездегі жалғыздықты жақсы көремін. Еш­кім алаңдатпайды.Түн ортасында, ел аяғы басылған кезде ғана жазуға отыратыным содан болар.
– Әдебиет табалдырығын атта­ған өскелең жастарға не айтасыз?
– Ақындарға ешқандай ақыл не кеңес айтуға болмайды. Егер айту керек болса, бір ғана ауыз сөз – із­дену керек. Көп оқу деген сөз жоқ, көп білу үшін оқу керек. Ізден­бе­ген­нен із қалмайды. Ізденіссіз еш­теңе өзгермейді. Тек қазақты емес, дүниежүзін оқу керек. Мысалы, олардың өзіңдей жастары не істеп жатыр, не жазып жүр, адамға деген көзқарасы қандай? Солардың бәрін білу керек деп ойлаймын.
– Жаңа өлең оқып беріңізші.
Қилы-қилы күй кешем,
Мұңға толы ән-жырым.
Тудым жерде жиде өскен,
Бірге онымен тағдырым.

Әз басымды ием мың,
Бұл не деген жарасым!
Жиделерге жиенмін,
Бал қарағай – нағашым.

Ой басады ой ізін,
Табиғатым тамаша.
Нағашымның бойы ұзын,
Жиенім бек аласа.

Алатауға қарасам,
Ойым өсіп кетеді.
Талпынуға жарасам,
Айға қолым жетеді.

Айнымайды текті адам,
Ғарышкерім –
Тоқтарымды көргенде,
Қарағай ма деп қалам.

Бүлкілдейді жүрегім,
Семей барып аунасам.
Дәмі келер жиденің,
Абай жырын қаузасам.

Сезінудей сезінем,
Ақындар көп әрқилы.
Мағжанның сөзінен,
Жиде исі аңқиды.

Әрі-сәрі күйде емен,
Оң-солымды айырдым.
Қарағай мен жидеден
Жаратылған шайырмын!
Ақын өлеңін оқып болды. Кеш­құрым шайханадан шығып, үйді-үйімізге қайтар жолды бетке алдық. Қарағай мен жидеден жаратылған шайыр арқасына бұта өріп шығар­дай иығын жиі қозғайды. Көп ойла­нады. Балаларды жақсы көреді. Кө­шеден өткен әр баланы көрсетіп, «мыналар – менің достарым», – дейді жымиып. Қанша жыл ғұмыр кеш­кен нәрлі кеуденің күмбір кү­йіне құ­лақ тоса бергің келеді. Риза бо­ласың. Қызығасың. Расында…

Сұхбаттасқан
Б.СӘРСЕНХАН

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.