ҚАЙНЕКЕЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛЖЫҢДАР
31.08.2018
1224
0

Мыңбай РӘШ


***

1943 жылдың күзінде Қазақ­с­тан ақындарының айтысы Абай атындағы опера және балет теат­рында өтті. Айтысқа мені мем­лекеттік қызметте істейтін Дүйсе­жан деген ағайым мені бірге ертіп келді. Он үштен асқан кезім еді. Айтыс дүрілдеп берді. Жыр алыбы Жамбыл дом­бырасын ала сала:
Е-еу, Алатаудан, Арқадан,
Ақындарым келіпсің.
Сөздерінен бал тамған,
Жақындарым келіпсің.
Ертіс, Еділ, Іле, Сыр,
Бас қосқалы келіпсің.
Жүрген жерің думан-жыр,
Сендер елге көріксің, –
деп төгілте бастады. Жұрт ду қол соқты. Айтыс басталып кетті. Сыр ақыны Нартай гармонына қосы­лып әуендете жөнелді. Қарсыласы – семейлік Нұрлыбек Бай­мұра­товқа шүйіле тиісіп, Сыр өңірін мақтай келіп, сөз кезегін қарсы­ла­сына берді. Нұрлыбек есесін жібер­гісі келмей:
Нартайдың білгім
келмес далбасасын,
Вагондар темір
жолмен жалғасатын.
Мәскеуге күндіз-түні
тасып жатыр,
Мясокомбинат
консерві, колбасасын, –
деп Калинин атындағы Семейдің ет комбинатын мақтауы сол екен, Нартай гармонын созғылай сар­натып:
– Әу, сөйлесең өрен сөзге нұсқап отыр,
Айтыс деп кімдер сені қыстап отыр?
Қақиған  колбасыңды мақтайсың кеп
Татпаймын…
кәлбәсәңді күндіз-түні
Қос қолдап,
Нұрлыбегім ұста да отыр, –
деп жалп еткізді. Жұрт күлкіге кө­міл­ді. (Өкініштісі – осы өлең жол­д­ары «Ай…» кітабының екі том­дығына енбей қалғаны).


ҚАЙНЕКЕЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛЖЫҢДАР

Ғабит Мүсірепов Жазушылар одағының төрағалығына біржола ауысып, «Ара» – «Шмель» журналының Бас редакторлығына Қайнекей Жармағамбетов тағайындалған-ды.
Бастықтар ауысқанымен Садықбек екеуміз өз орнымыздамыз. Әкім Тарази фельетонист болып біраз істеген соң Мәскеудің ВГИК-іне оқуға кеткен-ді.
«Ара»-ның көлемі аз болғанымен жұмысы жетерлік. Кезекті ілездемелікте Садықбек болмады.
– Сасқалақ сары қайда жүр? – деп Қайнекей көзәйнегін жылжытып қойды.
– Ол… ол… – деп мен де сасқалақтап не дерімді білмедім.
– Сен Садықбекті қорғап ылғи өтірік соғасың! – деп Қайнекей маған қарады.
Ілездеме аяқталған соң бөлмеге Садықбек ентіге басып кіріп келді де:
– Редактор мені іздеді ме? – деп сұрады.
– Ой, іздегенде қандай! «Сен оны үнемі қор­ғайсың» деп маған да ұрысты.
– Апыр-ай, ә, – деп абыржыған Садықбек редактордың кабинетіне қарай зытты.
– Әй, ілездеме болғанда ылғи болмай қаласың, қайда жүресің сенделіп? – деп редактор оған ренжи қарайды.
Сонда Садықбек:
– Алдияр басшым, кешіріңіз, Кихл-дан қаламақы алам деп кешігіп қалдым, – дейді қызарақтап.
– Қаламақың көп пе? – деп редактор жүзін жылыта қояды.
Садықбек бір бума ақшаны қалтасынан суырып алып:
– Қайнекей-ау, Қайнекей,
Гонорарым, мінекей,
Тапсырмаң бар ма, кәнікей
Садықбегің орнында
Ресторан әнікей! –
деп шегір көзін жыпылықтата күледі.
– Әй, сасқалақ сарым-ай, жарайды, екіншіде кешікпе, – деп Қайнекең күліп салыпты.


Сәбиттің дүреден құтылуы…

…Сонау бір жылдары Семейдің облыстық «Ек­пінді» газетінің 2000-ыншы санына орай Сәбит, Иса, Нұр­лыбек шақырылады. Әл­ден уақытта той құрметіне ұлттық ойын «Ұшты-ұшты» ойналады. Сәбең Исамен әңгімелесіп оты­рып «Ұшты-ұшты тасбақа ұшты» де­генді байқамай қолын көтере салады.
Той иесі:
– Кәне, Сәбе шешініңіз, шарт бойынша он алты рет дүрелейміз! – дейді.
– Әй, мені арнайы шақырғандағы сыйларың осы ма? – дейді Сәбең.
– Ендеше табанда бір шумақ орысша өлең шығарасыз…
– Құп, бұған келісемін, – деп Сәбең мынаны айтады:
Сәбитке дүре соғып не қыласың-ай,
Жігітім, осы жолы жаңыласың ғой,
Кемпір мен шал ойнайды напрасын-ай,
Екеуі бір-бірімен согласына, –
деп дүреден құтылып кетіпті.


МҰҚАҒАЛИДЫҢ ӨТІНУІМЕН…

Мен Мұқағалимен көрші көшеде тұратынмын. Басы құрғыр зырқырап жертөледегі сыраханаға келдік. Баяғы бас жазу ғой. Біраздан соң Мұқағали:
– Әй, Мәке, мына Тоқашқа сыңар өлең шығаршы, – деп өтінді.
– Ойбай-ау бұл моряк мені мұрттай ұшырады ғой, – деп ем.
– Өлеңің сәтті болса тиіспеймін! – деді Тоқаш.
Мен бөгелместен былай дедім.
Тоқаш Бердияровқа эпиграмма.
Бір күн тоқ,
Бір күн аш,
Бір күн сау,
Бір күн мас,
– Әу, бұл кім?
– Бердияров Тоқаш?
Мұқағали қомақты кеудесін селкілдете күлді.
Тоқаш қайтер екен деп күдіктене көз тастап ем:
– Молодец, жаман емес, – деп текше мұртын ары-бері қозғалтып қарсылық білдірген жоқ.
– Сатираң үшін бір-бір күрөшке және сілтейік, – деді Мұқағали.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір