АДАМДАР ШЫНЫМЕН ҚАЙТЫП КЕЛСЕ ҒОЙ…
31.08.2018
1111
0

Бұл түсті мен екі рет көрдім.
Біріншісін – сонау 1983 жылы. Сол жылғы тамызда әжем қайтыс болып еді. Мен әжемнің бауырында өскен баламын. Тек ол кісі дүние салғаннан кейін ғана туған әке-шешемнің «құзы­рына» өткенмін. Әжемнің қайтқаны 11 жастағы маған ауыр тиді. Үйдегілер менің көзімше ол жайында әңгіме қоз­ға­мауға тырысатын. Әжем туралы сөз басталса – бітті, жанарыма мөл­тілдеп жас шыға келетін де, арты ұлы жылауға ұласатын. Жарайды, ол жағы бөлек әңгіме.
Әжемнің қырқы өткеннен кейін бір күні жарықтық түсіме кірді. О дү­ние­ден қайтып келіпті! Қуанышымда шек жоқ.
– Әже, енді кетпеңізші! – деймін бауырына тығыла түсіп.
– Болмайды ғой, – дейді әжем.
– Неге?
– Ол жаққа кеткен адам қайтып келмейді.
– Сіз келдіңіз ғой, міне!
– Мен уақытша келдім… сұранып. Сені сағынып кеттім…
– Қанша күнге?
– Жиырма күнге.
Көңілім сәл тоғайғандай болып, ойынға айналып кетемін. Сәлден соң әжемнің қайтып кететіні есіме түсіп, тағы да сұраққа аламын:
– Әже…
– Әу, жарығым.
– Қайта кетпей-ақ қоюға, тағы да сұрануға болмай ма?
– Болмайды, – дейді ол басымнан сипап. – Бір-ақ рет сұрана аласың. Он­да да жиырма күнге ғана.
– Жасырынып қалсаңызшы! Іздеп келсе, біз «жоқ, көрген жоқпыз» деп айтамыз.
Әжем үндемей кекілімді тарайды.
– Болмайды ғой, – дейді сосын.
…Сөйтіп жатып оянып кеттім. Жас­ты­ғымды жасқа шылап, ұзақ жаттым.
Екінші рет – 2014 жылдың аяғында көрдім осы түсті. Бірақ басты кейіпкері әжем емес… Таласбек аға! Әсемқұлов. Таң қалдым. Өйткені, мен ол кісімен қойын-қолтық араласқан емеспін. Шешіле әңгімелесіп, арқа-жарқа сыр­лас­қан да кезім жоқ. Рас, марқұмды жақсы көрдім, жазған-сызғанын іздеп жүріп оқыдым, Құдай сәтін салып аз-кем дастарқандас та болдым. Бірақ тү­сіме кіретіндей етене жақындығым жоқ сияқты еді…
Мына қызықты қараңыз: Талас ағам да сұранып келіпті! Түсімде ғой.
– Қанша күнге? – деппін тағы да.
– Жиырма күнге.
Құданың құдіреті!
– Сізден сұхбат алайыншы онда, – деп жата жабыстым.
– Жарайды, – деп күлді ағам.
– Кешке хабарлас.
Сөйтті де, сәл кідіріп:
– Сен басқа жастарға да айт: сөй­ле­сем, пікірлесем, тіпті сұхбат алам деушілер болса, мені тауып алсын. Бі­рақ жиырма күннен кейін қайта кетемін. Соған дейін үлгеріп қалсын! – деді.
– Жақсы, аға! – деп, қуана тұра жүгіргенімді білем…
…оянып кеттім. Таң қалған күйде мең-зең боп біраз жаттым.
Шіркін, адамдар шынымен қай­тып келетін болса ғой. Сұранып. Жиырма күнге болса да. Сол жиырма күнде оларды қалай қадірлер едік, ә?

Сәкен Сыбанбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір