Сейілбек Шаухаманұлы
31.08.2018
1274
1

Тағы бір абыз ақсақалымыздан айырылдық. 80 жасқа қараған шағында мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы – Сейілбек Шаухаманұлы өмірден озды.
Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет жасаудың тәлімін, өнегелі өмірдің үлгісін көрсетті.
Ол еңбек жолын қатардағы инженерден бастап, лауазымды мемлекеттік қызметтер де атқарды. Облыс­­тың бірінші басшысы дәрежесіне дейін кө­терілді.
Ширек ғасыр Қызылорда облысының Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария аудандарында комсомол, шаруашылық, Кеңес, партия органда­рын абыроймен басқарып, адал қызмет етті.
Сегіз жылдан аса Талдықорған облыстық халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы, Қызылор­да облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық Кеңестің төрағасы, облыс әкімшілігінің басшысы, облыс әкімі болды.
Ол Қызылорда облысын басқарған тұста Сыр топырағында 5 елдің – Қазақстан, Ресей, Өзбек­с­тан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары бас қосып, Арал проблемасы туралы Халықаралық конференция өткізді. Арал өңірі тұрғындарын әлеуметтік қорғау жөнінде заң қабылданды, облыста мұнай өндіру қолға алынып, түбегейлі жаңа өндірістік сала игеріліп, теледидар мен агро-инженерлер институты ашылды. Соны­мен қатар, Сыр халқының денсаулық сақтау мәселесін оңайландыру үшін диагностикалық кеңес беру, емдеу орталығы және көпсалалы жаңа облыстық аурухана салынды.
Сейілбек Шаухаманұлы Қазақстан КП Ор­талық Комитетінде жауапты қызмет атқарып, ҚР Көші-қон және демография агенттігінде басшылық қызмет атқарды.
Ол КОКП мен Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитеттерінің мүшелігіне сайланған, ХІ және ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.
Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы және мемлекеттік қызметтегі еселі еңбектері мем­лекет тарапынан лайықты бағаланып, «Құрмет бел­гі­сі», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірне­ше медальдармен марапатталды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен, 2009 жылы «Парасат» орденімен наградталды.
Қазақстан мен Өзбекстанның Құрмет грамо­тала­рымен марапатталып, Хорезмнің, Қызылорда және Алматы облыстарының, Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарының «Құрметті аза­ма­ты», Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы» атанды.
Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, қоғам өміріне белсене атсалысты. Сыр елінің аяулы перзенті, ғибратты ғұмыр иесі Сейіл­бек Шаухаманұлының өнегелі қызмет жолы, жаса­ған еңбегі мен жарқын бейнесі ел жадында сақта­латын болады.

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма секретариаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.04.2024 | 22:13

Just desired to mention I’m excited that I stumbled on the web page. Check out too my website

https://petrowater.dz/forums/topic/%d0%b4%d0%be%d0%b1%d1%8a%d1%80-%d0%b4%d0%b5%d1%80%d0%bc%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b3-%d0%b2-%d1%81%d0%be%d1%84%d0%b8%d1%8f-%d0%be%d1%81%d0%b8%d0%b3%d1%83%d1%80%d1%8f%d0%b2%d0%b0/ най добри дерматолози в софия

dd=+

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір