Каспийдің алуан аты бар
31.08.2018
4711
2

Тарихи көне дәуірлерден мәлімет алып, ертедегі тайпалар мен халықтардың өзара қарым-қатынасын анықтау үшін жер-су атауларына терең зер сала үңіліп, мән-мағынасын ашудың маңызы зор. Географиялық атаулардан табиғаттың сан алуан сыр-сипатын, халықтардың тарихи тағдырын, өткендегі өмірін байқауға болады. Жылдар жылжып өткен сайын олардың біразының мағынасы күңгірт тартып, түсінігі көмескіленген.

Түрлі тарихи кезеңдерде тай­па­лар мен халықтар белгілі бір тер­риторияда бірін-бірі алмас­ты­рып, өзгеріп отырады, ал олар­дың тілдік белгілері өздері мекен­де­ген жердегі географиялық ат­ау­лар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Қазіргі Қазақстан территория­сын­да 85 мыңға жуық өзен, 48 мың­нан аса ірілі-ұсақты көлдер бар. Республиканың оңтүстік-ба­тыс жағын жер бетіндегі ең үлкен көл – кәрі Каспий алып жатыр. Ол көлемінің осындай орасан үлкен­ді­гіне орай, «теңіз» деп аталып кеткен. Каспий теңізінде таусыл­мас мол қазына, ұшан-теңіз байлық­тың қоры бар. Оның суын­да дүние жүзіндегі мекіре тұқымдас балықтардың (осетр) 80 процент­тен астамы шоғырланған. Мұнда минералды тұздар мен Менделеев таблицасындағы элементтер түгелге дерлік кездеседі. Алайда оның ең басты байлығы — мұнай.
Каспий теңізі саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне өте ерте кездерден-ақ аударған екен. Ерте кезде Каспий жаға­лауын түр­лі рулар мен тайпалар мекен еткен.Осыған орай әр елден сапар шек­кен саяхатшылар мен зерттеушілер Каспийге өздерінше ат қойып отырды. Сөйтіп, ондай атаулардың саны ғылыми деректерде жетпіс­тен асады.
Каспий теңізі жайлы ең алғаш­қы мәліметтерді біз ертедегі грек және рим ғалымдарының еңбек­те­рінен кездестіреміз. Көне дәуір­лер­ден жеткен деректерде бұл теңіз екі түрлі: «Каспий» және «Гир­кан» деп аталады. Ертеде теңіз жағалауын Гиркания елі мекен еткен, бұл атау сонымен байла­ныс­ты қойылған. Парсы тілінде Гиркания «қасқырлар жері», «қасқырлар мекені» деген мағына береді.
Каспий теңізі жөніндегі ал­ғаш­қы нақтылы мәліметтерді «та­рих атасы» аталған грек ғалымы, біздің эрамызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген Геродот: «Кас­пий теңізі – басқа теңізбен жал­ғаспайтын, өзінше бөлек, дербес теңіз. Ескекті кемемен жүзгенде оның ұзындығы 15 күндік, ені ең кең жерінде 8 күндік» — деп жазды. Шығыс зерттеушілерінің дерек­тері мен Садық Исфаганидің топшылауынша, Каспий теңізі «Абес­кун» атты аралдың және сол аттас өзеннің атымен «Абескун» теңізі деп те аталған.
Ал, орта ғасырдың басында Кас­пийге жетіп, маңындағы тай­па, елдермен танысқан араб сая­хат­шылары теңізге «Хазар» теңізі деген ат берді. Теңіздің солтүстік батыс жағындағы Волга, Дон, Терек өзендерінің аралығында ерте дәуірлерден бері қуатты да айбынды Хазар мемлекеті мың жылдай өмір сүрді. Оның астанасы «Итиль» деген қала болды. Зерт­теу­шілер Хазар қағанаты 659-жылдары құрылды деп көрсе­теді. Алайда, V ғасырда өмір сүр­ген армян тарихшысы Моисей Хоренский «Армения тарихы» атты кітабында хазарлар және олардың қағандары (хакан) жөнінде баяндайды. Ал, VII ға­сырда өмір сүрген албан тарих­шысы Моисей Утийскийдің жазба дерегіне жүгінсек («Ал­бан­дар тарихы» атты кітап), хазарлар 552 жылы Албанияға басып кірген, сөйтіп «еліміз хазарлардың үстем­дігіне тап болды» дейді.
XIII ғасырдың аяғына қарай бүкіл Хазар жері Волга өзені мен Каспий теңізі суының астында қалды. Аман қалған халықтың бір жартысы мұсылман дінін қабыл­дап, ауып келген басқа халықтар­мен араласу нәтижесінде астрахан – татарлары пайда болды. Ал, христиан дініндегі екінші жарты­сы­ның көп жылдар бойы Волга мен Дон аралығындағы далаға помещиктерінен қашқан орыс шаруаларымен араласуының не­гізінде казактар пайда болады. Зерттеушілер казак сөзі хазар сөзінен қалыптасуы да мүмкін деген болжам айтады.
«Волга Атлантидасы» деген атқа ие болған Хазария мемлекеті толығымен су астында қалды. Белгілі ғалым Л.Н.Гумилев Волга өзені мен Каспий теңізінің түбінен археологиялық зерттеулер негізін­де бір кездегі атақты Хаза­рия мемлекетінің қалдықтарын тапты. Тағы бір айтарлық жай — Европа­дағы ұлы өзендердің бірі — Волга орта ғасырларда «Итиль» деп, ал одан бұрынғы көне дәуірлерде, мысалы, II ғасырда өмір сүрген грек ғалымы Птолемейдің ең­бе­гін­де фин сөзімен «Ра» деп аталды. Каспий теңізі орта ғасырда өмір сүрген әйгілі түркі тілдерінің біл­гірі — Махмұд Қашқаридың «Тү­рік тілдерінің сөздігі» атты еңбе-гін­де (1072-1074 ж. жазылған) «Булғар» теңізі деп аталады. Кітапта: «Еділ – қыпшақ елдерін­дегі бір өзеннің аты. Ол Булғар теңізіне құяды» — деп көрсетілген.
Каспий ертедегі орыс жылна­маларында Волга өзенінің сағасын қоныстанған, хвалын халқының атымен байланысты «Хвалын» теңізі деп те аталған. Бұл атау орыс карталары мен кітаптарында бергі ХVIII ғасырдың басына дейін орын алып келді. XVІ ғасырда пат­шалық құрған IV Иванның тұсын­да бүкіл орыс жерінің картасы — «үлкен чертеж» жасалып, оған жазбаша түсініктеме — «Үлкен Чертеждің кітабы» жазылды. Онда: «Хвалын теңізінен Көк теңіз­ге дейін тура күн шығысқа қарай 250 шақырым» деп көр­сетілген. Мұндағы «Көк теңіз» дегені — Арал теңізінің бір аты. Атақты Венеция саяхатшысы Марко Поло XIII ғасырдың екінші жартысында Италиядан Қытайға дейін жасаған саяхаты жөнінде жазған кітабында Каспий теңізі Волганың төменгі ағысында орналасқан сол кездегі Алтын Орда хандығының астанасы — Сарай атымен «Сарай теңізі» деп, ал тағы бір жерінде «Баку» теңізі деп атайды. Марко Полоның Каспий теңізіне қойған бұл аттары оның кітабы арқылы Батыс Европа елдерінің біразына белгілі болды.
Каспий теңізін XV ғасырда солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өткен орыс көпесі Афанасий Никитин «Үш теңіздің ар жағына саяхат» деген кітабында Каспийді «Дербент» теңізі деп атайды. Бұл ат теңіздің батыс жағалауындағы ірі порт Дербент қаласының атына байланысты қойылған еді. Дербент — қыпшақтардың көрнекті қалаларының бірі болды. Ол теңіз бен Кавказ тауларының арасын бекітіп тұрғандықтан «Темір қақпа» аталады.
Каспий бір кездерде «Астра­хань» теңізі деп те аталды. Ас­т­ра­хань — тарихта XIII ғасырлардан белгілі қаланың аты. Ол хазарлар­дың Итиль қаласына жақын жерде орналасқан. 1333 жылы Астрахань қаласында болған араб саяхат­шы­сы Ибн-Баттута қаланың атына түсініктеме береді. Астрахань – түркі тілдеріндегі «қажы тархан» деген сөздердің бірігуінен қалып­тасқан.
Осы сияқты қала атымен, жер, халық атымен байланысты қойыл­ған Каспийдің «Хорасан», «Гли­ян», «Ширван», «Табристан», «Йбе­рий», «Апшерон», «Турган», «Ақ теңіз» сияқты толып жатқан аттары бар. Осындай әралуан қосалқы атаулармен қатар бұл ұлы көлдің өте ерте кездерден бері Каспий деген аты да қалмай келді. Әуел баста, Каспий, Гиркан атау­лары қатар қолданылған болса, кейінірек жасалған карталарда Каспий аты жиі жазылатын болды да, Гиркан деген атау біртіндеп қолданудан шыға бастады. Рос­сия­­да «Каспий» аты картаға І П­е­тр патшаның тұсында енгізілді. Оның бұйрығымен 1715-1720 жылдары теңіз жағалаулары сурет­ке түсіріліп, есепке алынып, 1720 жылы теңіздің тасқа басылған алғашқы дербес картасы шықты. Бірінші Петр оны Париж ғылым академиясына табыс етіп, карта француз ғалымдарының өте жо­ға­ры бағасына ие болады. Осы тасқа басылған картада теңіз Каспий деп жазылған. Осыдан бастап теңіздің басқа атаулары қолданыс­тан қалады да, «Каспий» атауы біржола бекіді.
Енді Каспий деген атаудың өзі қайдан шыққан, соған тоқта­ла­йық. Ертедегі грек тарихшылары мен саяхатшыларының жазба де­ректеріне қарағанда парсылармен ше­ка­ралас теңіздің оңтүстік жа­ға­ла­у­­ларында жауынгер «каспи» деген халық өмір сүрген. Каспидің атты сарбаздары садақпен, қы­лыш­пен қаруланатын болған. Олар ұрыста жылдам, ержүрек келген. Каспилердің гректерге қарсы парсы әскерлерімен біріге отырып, талай жорық жасағаны белгілі. Осы жауынгер, ержүрек халықтың атымен олар жағалауын мекендеген ұлы көл де Каспий деп аталған.

Дүйсен Жүнісов
Талдықорған қаласы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 10.10.2021 | 23:41

Күшті айтылған бәрін көп оқып түсініп алдым❤👍👍👍👍👍👌👌🤙

Аноним 10.10.2021 | 23:42

Дүйсен Жүнісов👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір