Бір емес, төрт ғасырға сөзің кетті…

0
36 қаралды

«Аспанда Ай мен Күн, төменде жер, арасында адамзат барда», Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ есім-сойы өшпейді. Өзі айтпақшы, «ғалымның хаты да, жақсының аты да» Алаш ұранды қазақтың Бұқары! Алаш ақылы мен ойының, ерлігі мен елдігінің, ізгілігі мен махаббатының, осыларға суғарылған ұлы рухының алтын арқауындай. Үш жарым ғасыр өтті, Бұқар мұрасы әлі өміршең. Неге? Ақыл, ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісімен. Бұдан былай да маңызы арта береді. Өйткені, жырау өсиеті – адамзат ақыл-ойының тұма бастауындай. Әу баста адам болып туған екенсің, адам болып өту – парызың. Адамдық пен ел болудың алғышарты, озық үлгісі де осы «Көмекей әулиеңізде» тұр. Осындай өнегелі тұлғаның мерейтойын дүркіретіп өткізбесе, елдігімізге сын болар еді. Алла алқап, аруақ жебегені шығар, баба тойы абыроймен биік деңгейде өтті. Елдіктің ерен тойы деп тарқасты ел.

Қарағанды облысына қарасты Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылы мен Бабай ауылының арасына салқар көш құлады бұл күні (18 тамыз 2018 жыл). Туғанына 350 жыл толып жатқан әулиенің өзі айтпақшы, «бас аяғы бай бо­лып, бәсеке дәурен сүрген жұрт­тың» салтанатты көші. Әуелі Ботақара кентіндегі баба ескерт­кішіне гүл шоқтары қойылып, Дал­ба тауының бауырындағы Бұ­қар кесенесіне тәуап етіліп, құран оқылды. Онда Қара­ған­ды облысының әкімі Ерлан Қо­ша­нов, сырттан келген басқа да қо­нақ­тар қатысты. Той жырау рухына тағзым етуден басталды.
Көліктен түскен беттегі алғаш­қы болжамымыз бойынша тігілген үй саны жүзге жуықтайды-ау дес­тік. Халық саны қисапсыз көп. Кө­ліктердің өзі иін тіресіп кетті. Үсті-үстіне келіп жатыр. Астана, Ал­маты, Маңғыстау, Кереку (Пав­­ло­дар), күллі қазақ даласынан бар қонақтар. Ығы-жығы. Жастар әр жерде алтыбақан теуіп жатса, мы­на жерде балалар асық ойнап жа­тыр. Ана жерде балуандар күресі басталса, әрідегі бәйге алаңы жа­ғын­да жігіттер аударыспақта күш сынап, көкпар тартуда. Жақсы мен жайсаң, мырза мен паң, бай мен кедей – бәрі осында. Бұқардай ұлттың ұлы рухын ұлықтауға жиы­лып отыр.
Аспан астындағы алып сахна, алды толған халық, сеңдей сы­ғылы­сады. Жүргізуші жұптың амандық-саулық сөзінен соң сах­нада қысқа ғана көрініс қойылды. Бұқардан ақыл сұраған Абылай хан, Қабан­бай, Бөгенбай батырлар арасындағы кеңес. «Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайтын қалың қалмақ. Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағ­дарған Алаш енді қайда бармақ?» (Мағжан). Осындай алмағайып заманда жол тауып, жөн сілтеген Бұқар жырау бейнесі сомдалған шағын қойы­лым­нан кейін Прези­дент Нұрсұл­тан Назарбаевтың Құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүл­шара Наушақызы Әбдіхалы­қова оқыды:

«Қымбатты отандастар!
Баршаңызды тарихымызда өш­пес із қалдырған абыз бабамыз Бұ­қар жырау Қалқаманұлының туға­нына 350 жыл толуы құрметіне арналған мерейтой салтанатының ашылуы­мен құттықтаймын!
Бұқар жырау – халық тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау жылдарда уәжді сөзімен де, ерлікті дәріптеген отты жырларымен де елді ұйытып, халқымызды өз бас­шы­сының төңірегіне тығыз топ­тасуға, ата мекенімізді жатжерлік басқын­шы­лардан қорғауға үнін қоса білген үлкен қайраткер тұлға.
Оның өткір де отты жырлары­ның төркінінде қазақтың біртұтас ұлт, қуатты ел болуын аңсаған ұлы арманы жатты. Жыраудың тарихи тұлғасы, өмірі мен шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты қым­бат та қастерлі болса, келе­шекте де солай болып қала беретіні сөзсіз.
Біз – ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған бақытты ұрпақпыз. Сондықтан Бұқар жырау мұра еткен ел тағдыры, ұлт бірлігі мәселесі халқымыз үшін әрдайым өзек­ті болып қала береді. Бүгінгі үлкен салтанат та осындай игі мақ­сат орайында өткізіліп отыр.
Мен мерейтой іс-шараларының барынша мазмұнды да, ғибратты өтуіне тілектеспін.
Ұлы бабамыздың арманы болған бүгінгі Тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін!» делінген Елбасы хатына Гүл­шара Наушақызы өзінің де жүрек­­жарды лебізін жалғады: «Өр­ке­ниетті ел өз тарихымен, мәде­ние­тімен, тұлғаларымен белгілі болады деп әрдайым айтып жүр. Сондай тұлға­лардың бірі – Бұқар жырау. Бұқар жырау өзінің отыз сегіз тол­ғауымен, бір мың екі жүзден астам жолдан тұратын шығармаларын ұрпаққа қалдырып кетті. Екіншіден, жаңа осында көрініс тапқандай, саңлақ саясаткер, елді тұрақ­ты­лыққа, бірлікке шақырған үлкен тұлға. Соңын­да бізге қалдырған мұ­ра­сы Мәң­гілік Ел болып қалуымызға үлкен ықпал етеді».
Иә, мұндай мәңгі өлмес сөз қал­дыр­ған тұлғалардың өсиетін үлгі тұтқан ел де мәңгі өмір сүруі тиіс. Бола­шақ ұрпақ баба толғауларын байыптап өссе, жарады», – деді.
Мемлекеттік хатшыдан соң сөз ұштаған облыс әкімі Ерлан Қоша­нов: «Жай ғана той емес, бұл – ұлы той. Күллі қазақ даласына ортақ той. Ұлы адамдардың арманы да ұлы болады. Бұқар жырау кесенесінде екі ауыз сөз жазылған. «Ел иесі құт болса, Халқы ала болмайды» деген. Иә, бабамыз елінің азаттығы мен бірлігін, тұтас­ты­ғын аңсап өтті. Бүгін біз баба тілек­тері орындалған, қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған бейбіт заманда өмір сүру­деміз. Біз Бұқарды тек ақын, жырау ретінде ғана қабылдамауымыз керек. Ол хандар заманында Парламенттің, Сыртқы істер министрлігінің функциясын атқарған. Дана тұлға, көреген кө­сем. Біз кемеңгерге арнал­ған осын­дай шаралар арқылы жас­тарды отан­шылдыққа тәрбиелейміз. Елбасының бастамасымен Тәуелсіз Қазақстан алдына үлкен мақсат қойып келеді. «Мәңгілік Ел» деген. Соған бастай­тын алтын арқау да Бұқар толғаула­рын­да болса керек. Той құтты бол­сын!», – деді.
Ұлы рухқа, ұлттың арына ай­налған кемеңгердің тойына ке­ліп, баяндама жасап, сөз сөйлеген белгілі адамдар жетерлік. Күн ыси бастады. Көрермен жұрт­тың дегбірі кетіп, көлеңке іздеп киіз үйлерге тарап кететіндей кө­рі­ніп еді. Мың­даған адам тап­жыл­май отырып сол білімділер сөзін тыңдады.
Бұқар Бұқар болғалы қайда? Тұл­ғалық қыры ашылып болған жоқ. Жырау мұралары, ақыл-ойы тіршілік тоқтамай өшпейтін болса, оның атын дәріптеп, бағасын беру де сонша уақыт толастамайды. «Бұл тойдың Бұқар жырауға қажеті жоқ. Ол кісі заманында әлемді дүбірлетіп өтті. Ендігі жерде той ұрпақтарға қажет. Не үшін керек? Қателеспеу үшін керек. Қазақтың жауы кеше де болған, қазір де бар, ертең де бола­ды. Сондықтан, сақтық керек. Сол сақтық философиясын бізге осы Бұқар бабамыз қалдырып кеткен. Кеше ғана 125 жылдығы тойланған Сұлтанмахмұт Торайғы­ров: «Ілгері басқан ұлттың тарихи қателігін ілгерілейін деп тұрған ел, мемлекет қайт­аласа, отқа түскен көбелекпен бірдей» деді. Бұқар жырау жер мен ел егіз дейді. Жер мен ел егіз болған­да ғана берекесі кіріп, мәңгілік ел болады» деді академик Ғарифолла Есім.
Парламент мәжілісінің депу­таты, әнші Бекболат Тілеуханов болса, «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп бастады Бұқар. «Екінші тілек тілеңіз, Әзәзіл, пасық, залымның, Тіліне еріп, азбасқа» деді. Осы нәрсе өзінің ак­туалділігін жойды ма? Жоқ, жойған жоқ. Ғаламторды қараңыз, елдікке ши жүгірткен пасық, залым қашан да болған. Әр нәрсенің қадірін білмеу деген қашаннан адамзатпен бірге жасап келеді. Осыны ақыл қылып айтты, тыңдамасақ – бізге сын. «Үшінші тілек тілеңіз, Үшкіл­сіз көйлек кимеске» деп, өміршең­дік­ке ұмтылуды айтты. «Төртінші тілек тілеңіз, Төрде төсек тартып жатпасқа» деді. Дүниеде масылдық­тан жаман нәрсе жоқ. Жәрдемақы­мен күн көріп, елге масыл болған­нан гөрі, бір тамшы болсын еліңе, жеріңе пайда келтіруді айтты. Бұқа­ра мен биліктің арасын байланыс­тырған ұлы көпірдің қызметін ат­қар­ды. Бұқар атқарған қызмет әрдайым жадымызда болуы тиіс. Бұқара мен билік арасы жараспаса, елдік ешқашан ұзаққа бармақ емес. Сондықтан, баба тойына біз қымыз ішіп, қарын сипауға келген жоқпыз. Осы сөздерді үлгі тұтуға келдік, ағайын» деп, Бекболат Қанайұлы Бұ­қардың бір толғауын қайырғанда, ел арқаланып сала берді.
Маңғыстау облыстық мәслиха­ты­ның хатшысы Серікбай Тұрымов Маңғыстау жұртының сәлемін ала келіпті. Керекуден делегация келіп, үй тігіпті. Жыраудың ұрпағы, ше­жі­реші, «Алтынторы шежіресі» кітабының авторы Ғалымтай Бақ­тиярұлы сөз сөйледі.
Осыншама ұлағатты тыңдап төр­де маңдайлары жарқырап, қазақ­тың батырлары мен ақындары отырды. Түркіден шыққан тұңғыш ғарышкер, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ақындар – Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлы­бай, Жүрсін Ерман, Серік Ақ­сұң­қар­ұлы, Бауыржан Жа­қып, қазақ көсемсөзінің көш­бас­шылары Нұр­төре Жүсіп, Шәм­шиддин Пәттеев, жыршы Алмас Алматов, тағы басқа қас­қалар мен жайсаңдар жүр. Ақын, айтыстың ақтаңгері Аман­жол Әлтаевтың арнауына ел тына қа­лып, құлақ тосқандай еді. Ортаға Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әр­кенов, Дулат Ақанов, Медет Осатай сынды әншілер шығып, қазақтың классикалық әндерін шырқады. Белгілі айтыскер Дидар Қамиев Бұқар жырау толғауын жыршылық сарында нақыштады. Қазақ эстрада жұлдыздарын Роза Рымбаева бас­тап келіпті. Тәжікстанның «Хай­рулло Да­до­боев» фольклорлық ансамблі, Тәттім­бет атындағы қазақ ұлттық аспаптарының академиялық ор­кестрі, сондай-ақ, Қ.Байжанов атын­дағы концерттік бірлестіктің әншілері мен Қарағанды облысы­ның барлық аудандарынан келген әртістер өнерлерін ел алдында көр­сетті. Бұл уақта балуандар күресі, асық ойыны, көкпар, аударыспақ та қызып жатты.
Сүмбіле туғаннан кейін сарша тамыздағы ауа-райы құбылып сала беруші еді ғой. Жоқ, бұл жолы Та­би­ғат-Ананың өзі баба рухына ұрпақтары көрсеткен ұлы құрметтің салтанатына ықыласы ауып, тамыл­жып тұрды. Басты көрермен де, басты тыңдарман да – Табиғат-Ананың өзі.
Нұра ауданы тіккен ақ шаңқан үйдің ауласында қазақ батыры Тоқтар Әубәкіровке ұшыраса кеткенбіз. Елімен етене жүретін қалпын сақтаған Алаш қыраны бұқара халық ортасында жүр. Тойдан алған әсерімен бөлісіп:
– Соңғы бірнеше жылда ұлы тұлғаларға шынайы құрмет көрсете білген Қарағандының даңқы аспан­дап тұр. Өткен жылы Қаз дауысты Қазыбек бабаның, биыл Бұқар жырау мерейтойын өткіздік. За­м­а­ны бір, тағдырлары тамырлас тұл­ға­лар болғанымен екі той бір-біріне мүлде ұқсамайтын мазмұнда өтті. Екеуі де жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды. Ел азаматта­рына, облыс басшыларына ризашылығымды білдіремін. Қазыбек би – өз бабам, Бұқар жырау – нағашым (күлді). Сондықтан, мен де тойдың қонағы болып, төрде отырмай, қызмет жасауға тиіспін. Бұл тойдың ырду-дырдуы емес, мазмұны – маңызды, ұлағаты – өміршең. Жастар ерекше рухтанып жүр. Мен соны көріп қуанып тұрмын, – деді.
Түс ауа қазақ күресінен ақтық сында белдесті балуандар. 66 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдеге Абылайхан Шаратов пен Қазыбек Қабдығали таласты. Абылайхан дзюдодан ұлттық құраманың сапын­да. Әлемдік додаларда елдің атын шығарып жүрген балуан. Қар­сыласы Қазыбек те осал емес екен. Екеуі де Бұқар жырау ауданынан, боз кілем үстінде әдемі өнер көрсет­ті. Бірін-бірі ала алмай, біраз арбас­ты. Белдесудің орта тұсына келген­де, Абылайхан Қазыбекті бір жақ жауырынымен қырынан түсіріп, жарты жеңіске жетті. Сөйтіп, сәл ғана басым түскен Абылай жеңіс тұғырынан көрініп, автокөлік («Тойота Камри-55») мінді. Қазы­бек Қабдығали, Заңғар Марат болса, ІІ, ІІІ орынды жеңіп алды.
Ал, 90 келі салмақта қазақ күре­сі­нен сынға түскендер арасынан ІІІ орын Мейрамбек Жаңабайға, ІІ орын Аян Құрманбайға, бірінші орын Ерқанат Молдағұловқа бұйырды. Қарсылас шыдатпаған Ерқанат балуан да шетелдік авто­көлік тізгіндеп қайтты.
Түскі астан соң күрестің ақтық сынын тамашалап болған ел бірден той ауылдан атшабар алаңға жөңкілді. Жазбаның бас жағында қозыкөш жерде дегенбіз. Бұл уа­қыт­та аударыспақ, көкпардан жеңім­паздар анықталғанды. Асық ойыны орталықта жалғасып жатқан. Көкпардан бас жүлдені Абай ауданының командасы жеңіп алды. Ұлттық ат спортының бұл түрінен ІІ орын Бұқар жырау ауда­нына, ІІІ орын Шет ауданына тиді. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Көкпардың бас жүлдесі – 500 мың теңге. Ал, аударыспақтан нұралық азамат Жанболат Тайжанов жеңім­паз деп танылды.
21 шақырым қашықтықты ең­сер­ген топ бәйгеге 20 ат шапты. Дәмелі деген жүйріктер Астана, Алматы, Қырғызстан, Ресейден келіпті. Атам қазақ намысты қолдан берген бе, салымыз суға кеткен жоқ. Бәй­ге­нің бәрі елде қалды. Топ бәйгеде қарағандылық Нұрлан Зейнул­линнің сәйгүлігі үшінші болып өтті. Алматылық Әлинұр Назарбаевтың жүйрігі екінші өтіп, иесіне квад­ра­цикл мінгізді. Бірінші келген тұл­пар иесі, Алматы облысы, Талғар ауданының азаматы Мейір­хан Бұлғыновқа Астанадан бір бөлмелі пәтер кілті табысталды. «Ат мұратқа жеткізеді» деген сөз маңы­зын жоймапты әлі.
31 шақырымға ұзаған Аламанға 27 ат шапты. Ауыздықпен алысқан тұлпарлар шеңберді он рет айналды. Мәреге үш ат бір-бірімен құйрық шайнасып, құйысқан тістестіріп өте шыққанда, даланы қиқу кернеп кетті. Сөйтіп, аламаннан қара үзіп келген қарағандылық Нұрлыбек Мұхамедияровтың тұлпары иесіне «Тойота-Прадо» автокөлігінің тізгінін ұстатты. Екінші өткен Бұқар жырау ауданының тұлпары. Иесі – Серік Түлкібаев. Алматылық Мейірхан Бұлғыновтың бағы үстем, аламанда да бәйгелі болып, аты үшінші келді. 31 шақырымға жө­нел­ген 27 аттың бес-алтауы ғана шауып өтті он айналымды. Атқұмар азаматтың көбінің көкейінде Қостанайдың бараны қалды. Айтпақшы, асық атудан үшінші орын – Әділхан Төлегеновке (Бұқар жырау), екінші орын – Нұрсұлтан Кәкеновке (Шет ауданы), бірінші орын – Айсұлтан Боранбайға (Шет ауданы) бұйырды. Ойыншылар 2003 жылы туған балалардан баста­лып таңдалыпты.
Кернейдің керегесін рух кер­неп, түндігін мерекелік отшашу желпіді. Ымырт үйіріле басталған гала-концерт дүбірі мүлгіген дала­ны сергектік құшағына алып кет­кен. Далба мен Баян арасы тұтасып кеткен. Той дүбірі Ертісті ендей өтіп, Алтай асып бара жатты.
Ақиқатын айтқанда, Бұқардың тойы шын мәніндегі бұқара тойы болды. Ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы мен меймандар ықы­ласынан осыны таныдық. Ұлы той, ұлан-асыр асын Бұқарекеңнің өзі­мен аяқтауға тура келеді: «Іңкәрі­лер алшаңдап, Ас пен тойға келген жұрт­тың» қызығы тарқа­масын!

Ерсін МҰСАБЕК,
Жәнібек ӘЛИМАН

Қарағанды


Бауыржан ЖАҚЫП

Бір емес төрт ғасырға даңқың жетті

Көрініп тұрушы еді жұтаң далам,
Бұл күнде осынау жерге құт орнаған,
Бір емес, төрт ғасырға сөзің кетті,
Атыңнан айналайын, Бұқар бабам.

Бір кезде Абылайдың сүйеуі едің,
Көмекей әулиесің, киелі едің,
Домбыра-далам болса, күмбірлеген
Сен оның сол заманғы тиегі едің.

Түбіне батырса да қалың айдын,
Толқындар болып күнде жамыраймын.
Бірі еді Бұқар бабам сөзіменен,
Ақ туын көтерген хан Абылайдың.

Әр үйге Бұқар баба баптап қонған,
Ал егер ашуланса, аптап болған.
Бір ауыз сөзіменен бар қазақты
Орыспен шатасудан сақтап қалған.
Жібекті жүн етеді түте алмаған
Адамды айуан етер күте алмаған.
Өмірдің бәрін көріп біліп кетті,
Атыңнан айналайын, Бұқар бабам.

Атыңды асыл баба ән етейін,
Болашақ гүлденетін дән етейін.
Өмірдің мағынасын түсіндіріп,
Сөз болып сөйлеп берші, көмекейім.

Қашанда сүйенетін кием едің,
Тайқымас домбырамның тиегі едің.
Аумалы-төкпелі бір заман болса
Сен едің алдымдағы сүйенерім.

Көрініп тұрушы еді жұтаң далам,
Бұл күнде осынау жерге құт орнаған,
Бір емес төрт ғасырға сөзің кетті,
Атыңнан айналайын, Бұқар бабам.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.