Ертіс-Баян өлкесіне саяхат
24.08.2018
2178
0

(Сұрмерген әкіммен сұхбат)

– Ассалаумағалейкум, Болат Жұмабекұлы! Уақыт бөліп, сұх­бат­­қа келісім бергеніңізге көп рах­мет!
– Уағалейкумассалам! Ертіс­тің төріне хош келдіңіз!
– Таяуда осы өңірге Елбасы ар­найы сапармен келіп, эконо­ми­ка саласына, әлеуметтік сала­ға, ру­ха­ният жағына өте жоғары баға бер­ді. Бұл үлкен еңбектің же­місі. Құттықтаймын! Деген­мен, мен әдеби газеттен келген­дік­тен руха­ният пен әдебиет жа­ғына басым­дық берсек…
– Келістік!
– Жақында Павлодар облы­сын­да «Ұлы дала» этно фестивалі өтті. Республика, облыс, қала кө­­­ле­мінде әр жерде қолға алын­ған осы аттас шаралардан сіз­дер­дікі не­сімен өзгеше?
– Өзгешелікті еліміздің әр түк­­піріндегі осындай іс-ша­ра­ларға қатысып, көріп жүрген өздеріңіз бізден көрі тез бай­қай­сыздар ғой. Біздегі «Ұлы дала» этно фестивалінің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды қайта жаң­ғырту. Өзіңіз көрдіңіз, қан­шама киіз үй тіктік, алтыбақан, ұлттық ойындар, салт-дәстүрді на­сихаттау, қазақтың көші, шашу, тағысын тағылар. Ата-баба­лары­мыздан қалған асыл мұраны то­лық қамтуға барымызды салдық. Күл­лі жұрт өте зор ықыласпен қа­былдады. Бұл біздің халықтың түп тамырынан, салт-дәстүрінен қол үзбегенінің бір дәлелі.
Павлодарлықтар үшін биыл­ғы «Ұлы дала» этно фестивалінің орны мүлде ерекше! Оған басты се­беп, осы өңірде туып-өсіп, кейін күллі қазақтың мақта­ны­шы­на айналған айбозым тұлға­лар­дың мерейтойы! Абыз ақса­қа­лымыз – Бұхар жыраудың 350 жыл­дығы өтті! Мұса Шорманұлы­ның 200 жылдығы осы қыркүйек айында кең көлемде аталып өт­пек! Көзі тірісінде-ақ аңызға ай­­­налып кеткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы! Ән­нен мәңгі өлмес мұра қал­дырған Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы! «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн бол­ған» Сұлтанмахмұт Торайғыров­тың 125 жылдығы да биылға тұс­па-тұс келіп отыр! Міне, бір өзі бір елге тұтқа болатын осын­дай бес жампоздың мерейлі той­ла­ры өңірімізді асқақ рухқа бөлеп тұр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш! Фестивальде осы арыстарымызды тағы бір ұлықтауды жөн көріп, киіз үйлерден бес ауыл тігіп, сол ауылдарды аталарымыздың аты­мен атадық!
– Былтыр да осы фестивальге куә болғам. Қазақтың көші, тікұшақ­тан төгілген шашу, ұлттық құн­дылықтарды насихаттау жағы ерек­ше есте қалды. Халықаралық дең­гейде өтті. Ал, шынайы өмірде Пав­лодар облысында ұлттық салт-дәстүрдің, қазақ өнерінің на­сихаты, даму қарқыны қандай?
– Дәл осы жерұйық мекенде біз­дің ата-бабаларымыз қыс қыс­тап, асау Ертісті жағалай қо­ныс­танған. Адамға жайлы, малға па­на құнарлы өлкенің қадір-қа­сиетін көшпелі жұрт ғасырлар бұ­рын түсініп, парықтай білген! Сол Ұлы дала – қаһарлы үні жар­ты әлемді тітіренткен жауынгер ата-бабаларымыздың бізге қал­дыр­ған асыл мұрасы! Ұлы дала – жер тарпыған тұлпарларының тұяғы төрткүл дүниені сілкінткен ба­тырлықтың бізге жеткен жар­қын бейнесі! Дәл осы өлкеде Абы­лай хан үш жүздің басын қос­ты. Олжабай, Жасыбай, Баян ба­тырлар бастаған қазақ қолы Ер­тіс, Баянды жоңғарлардан та­зартты! Ал, сондай жерде қазақ өне­рі, салт-дәстүрі ақсауы мүм­кін бе? Өзіңіз де көріп жүрсіз, об­лысымыз жылдан жылға қа­за­қы­ланып келе жатыр. Ештеңе бір­ден бола салмайды. Дегенмен, бай­қаған адамға осы фестиваль­дің өзі көп дерек береді. Облыс­тық аяда қалып қоймай, Өзбек­стан, Қыр­ғызстан, Түркіменстан, Тә­жік­­стан, Ресей, Қытай, Моң­ғо­­лия елдерінен қонақтар ша­қыр­­дық. Аға мен ініні, туыс пен туыс­ты табыстырып, игі істің ба­­сында жүрген Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы төрағасының бірін­ші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков бас болып, шетел­дер­­дегі қандастарымыз да арнайы келді. Мәселен, былтыр Жаяу Мұ­саның «Құм жылан» атты күйі 300 домбырашының қатысуымен еліміз бойынша тұңғыш рет бізде орындалды. Осының бәрі бұл өл­кенің өр рухынан хабар берсе ке­рек.
– Хош, осымен этно фести­валь­ді түйін­дейік. Бұдан басқа да ру­хани жаң­ғыру бағытында об­лыс­та қан­дай істер атқарылып жа­тыр? Ең ай­тулыларына ғана тоқ­тал­саңыз…
– «Тіл керуені» атты фес­ти­валь өткізу ойда бар. Оған об­лыс­тың этномәдени бірлестіктері, ұл­ты қазақ емес мұғалімдер мен оқу­шылар қатысады. Фестиваль қа­зақ тілін оқытумен ғана шек­телмей, сонымен қатар қазақ хал­­қының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсету алаңы бол­мақ.
Оқулықтарды қазақ тіліне аудару мақсатында ЖОО-дар оқы­тушы-ғалымдарынан жұмыс то­бы құрылды. Осы арнайы жо­баны іске асыру және алға бас­тыру мақсатында өңірде тұрақты жә­не жүйелі түрде іс-шаралар іс­ке асырылып жатыр. Сәуір айын­да жаңа аударылған 18 кі­тап­тың тұсаукесері өтті.
Жоғарыда аты аталған тұл­ға­ларға арналған халықаралық ғы­лыми-практикалық конфе­рен­ция өтті. 15 қыркүйек күні Бая­науыл ауданы Теңдік ауылында қа­зақтың ағартушы, этнографы Мұ­са Шорманұлының 200 жыл­дық мерейтойын атап өтпекпіз. Қазір Мұса бабамызға арналған ке­сене бой көтеруде.
1-маусымнан бастап облыс ор­талығының төменгі жаға­лауын­да арнайы стационарлық сахна орнатылып, тұрғындардың мәдени, рухани дамуына серпін бе­ретін «Ертіс Promenade» жоба­сы іске асты.
Ауылдық кітапханаларды жаң­ғыртып, заман талабына сай жаб­дықтап, «коворкинг-орта­лық­тарын» ашу бойынша жүйелі жұ­мыстар жасалып жатыр. Атап айт­сақ, 1-қазанға дейін, әр қала мен ауданның 13 ауылдық кі­тап­ханасы жаңғыртылып, 20-дан ас­там «коворкинг-орталықтар» ашу жоспарланып отыр.
Белгілі кинорежиссер, актер, жер­лесіміз Шәкен Аймановтың ең­бегін насихаттау барысында Пав­лодарда алғаш рет «Ертіс Cinema» Халықаралық кино­фес­тивалі өткізілді. 20 елден 200-ден астам ұсыныс түсті. Жұртшылық Ресей, Франция, Болгария, Үн­дістан және т.б. елдердің киносын та­машалады. Бұл фестиваль қа­зақтандық мәдени өмірінде зор ма­ғыналы іс-шара болды.
Осының бәрі өзіндік ұлттық мә­дени-генетикалық кодты сақ­тауға бағытталып отыр.
2018 жылдың басты жоба­сы­ның бірі – «Рухани жаңғыру» ка­би­неттерінің ашылуы. Басты мақ­сат – құндылықтарды, дәс­түр­ді, тарихты, өлкені насихат­тай­­тын іс-шаралар өткізу. Пав­ло­дар мемлекеттік педагогикалық уни­верситетімен бірлесіп ХІХ ға­сырдың тарихи тұлғасы Сұл­тан­бет Сұлтанның тарихи ордасы қай­та қалпына келтірілді. Қазір ке­шенде археологиялық зерттеу ор­талығы жұмыс істеп жатыр. Об­лыстан шыққан 100 тарихи тұл­ға туралы танымдық кітаптар, өл­кетану, тұлғатану бағыттары бойынша ғылыми моногра­фия­лар жарыққа шығару, ғылыми-тә­жірибелік конференциялар өт­кізу, сакралды орындарды зерт­теу және абаттандыру жұ­мыс­тары белсенді түрде атқа­ры­лып жатыр.
Жергілікті туризмді дамыту мақ­сатында «Ертіс думаны» іс-ша­расы, Ертіс өзені бойымен ке­­­­мелер шеруі, «Туризм PVL-2017» өңірлік көр­месі, қолөнер туын­дыларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Қазақстанның қасиетті жер­лері» жобасы бойынша облыстан 78 объекті іріктеліп, бесеуі рес­пуб­ликалық тізбеге кірді. Олар: Мә­шһүр Жүсіп Көпейұлының ке­сенесі, Исабек Ишанның кесе­несі, Қоңыр әулие үңгірі, Ақкөл–Жайылма қалашығы, Жасыбай батырдың монументі. 36 нысан облыстық тізбеге енді. Бәрін «Қа­зақстанның киелі жерлері» кіта­бы­на кіргіздік. Қазір соларды қор­шау және көріктендіру жұ­мы­сы басталып кетті.
«Жаһандағы заманауи қа­зақ­стан­дық мәдениет» жобасы бойын­ша былтыр Естай атын­да­ғы мәдениет сарайында му­зы­кант-скрипкашы, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Жұмат Шаниннің шөбересі, Нью-Йорк қаласынан – Арман Мырзағалиев және Италиядан дирижер, белгілі маэстро, импрессарио Леонардо Куад­рини, Иса Байзақов атын­дағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрімен бірге концерт берді. Сол кезде маэстро Леонардо Куадрини біздің сим­фо­ниялық оркестрді Италияға гаст­рольдік іс-сапарға арнайы ша­қырды. 2017 жылдың 18 жел­тоқ­саны мен 2018 жылдың 10 қаң­тары аралығында Иса Бай­за­қов атындағы облыстық фи­лар­монияның симфониялық ор­кест­рі Италияның 7 қаласында, 22 гастрольдік концертпен барып өнер көрсетіп келді. Жоспарда өнер ұжымдарының Өзбекстан, Египет, Біріккен Араб Әмір­лік­те­рі елдеріне гастрольдері тұр.
– Павлодар облысы десе, орыс­танып кеткен деп көп айтады. Оған өзім келіспеймін. Жиі келіп тұрам, ірі-ірі іс-шаралардың бәрі қа­зақ тілінде өтеді. Оған ренжіп жат­қан өзге ұлт өкілдерін де көрген емес­пін. Әсіресе сіз келгелі мем­ле­кеттік тілдің қолдану аясы, ұлттық құн­дылықтарға деген құрмет тіпті ұл­ғая түсті. Көктемде ашылып, қа­ра күзге дейін тұратын қаланың ор­тасындағы этно ауыл соның бір дә­лелі. Әлде маған солай көріне ме?
– Ертіс-Баян өңірі ежелден-ақ қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрдің мекені болған. Ата салтын қадірлеп, ұлттық құн­дылықтарымызды берік ұстау қазіргі ұрпаққа да парыз деп ой­лаймын. Жалпы қаламызда бұған дейін де дәстүрлі түрде орталық саябақта «Қымызмұрындық», «Сабатой» шараларын, жігерлі, бойында ұлттық рухы бар жас­тарымыз Ертістің жағалауында «Асық Party», «Домбыра Party» ұйым­дастырып жүрді. Соңғы кезде облыстық «Сарыарқа са­ма­лы» газетінің ұйымдастыруы­мен «Асық Party» жобасы облыстық деңгейге шықты. Қазіргі уақытта аймағымызда ұлттық ойындар бойынша өткізіліп жатқан «Ұлы Дала рухы» біріншілігі де облыс­тың ұлттық салт-дәстүрді жоғары қойғанының айғағы.
Өңірімізде тұрып жатқан түр­лі ұлт өкілдері мемлекеттік тілді оқып үйренуге зор ықылас та­ны­тып жатыр. Республика көле­мін­де өткізілетін, ана тіліміздің қол­­дану аясын кеңейтуге бағыт­тал­ған өзге ұлт өкілдерінің ара­сын­дағы «Абай оқулары», «Мем­лекеттік тіл – менің тілім» сияқты байқауларда облысымыздың на­мысын қорғаған Марина Саха­ро­ва, Наталья Муштаева, Марина Хар­чук секілді жүлдегерлер мен жеңімпаздар бар. Облыстық тіл­дерді дамыту басқармасының ұйым­дастыруымен жыл сайын жаз­ғы уақытта «Тіл керуені» жо­басы аудандар мен ауылдарды аралап, өзге ұлт өкілдерінің киіз үйдің ішінде қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, қа­зақ тілін оқуына мүмкіндік жа­сайды. Оған жеті жастағы баладан жет­пістегі қарияларға дейін бел­сенді қатысып, тіл үйреніп жүр. Об­лыста ғана емес, республика кө­лемінде танымал тіл маманы Кин­жикова Шолпан Доқтұр­бай­қызы осы жобаға ұйытқы болып, тіпті көзі нашар көретін азамат­тар­дың өзіне ана тілімізді «Брай­ль» шрифті арқылы үйретіп ж­атыр.
– Қазір жер-жерде, әсіресе Өс­­­­кемен, Көкшетау өңірлерінде ауыл, аудан, көше аттарын қа­зақ­шалау қарқынды жүріп жатыр. Сіздер де былтыр Ленин көшесін Ас­тана деп, биыл ең ірі Кутузов кө­шесін Тәуелсіздік деп өзгерт­тіңіздер. Осы бастама жалғасын та­ба ма? Кезекте қандай ауыл, ау­дан, көшелер тұр?
– Облыс бойынша соңғы үш жыл­дың ішінде идеологиялық тұр­ғыда ескірген 432 көше, 9 ел­ді­ мекен, 2 ауданның атауы өз­гер­тіл­ді. Бұл жұмыстардың барлығы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Үкіметінің тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатыр. Әри­не, бұл біздің көп этностар шо­ғырланған өңіріміз үшін үлкен же­тістік. Әйтсе де облысымыздың әсі­ресе Железин, Успен, Те­рең­көл, Павлодар аудандарында өз­гертуді қажет ететін атаулар же­тер­лік. Сондықтан қолданыстағы заң­намалық актілерді негізге ала оты­рып пәрменді жұмыстар ал­да­ғы уақытта өз жалғасын та­ба­тын болады.
Өзіңіз де естіген боларсыз, жа­қында ғана Елбасы Качир ауда­нын Тереңкөл, Лебяжі ауда­нын Аққулы деп өзгерту жөнін­де­гі Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін осы аттас аудан орта­лық­та­рының атаулары да тиісінше Те­рең­көл, Аққулы деп өзгерген еді.
Дәл қазіргі уақытта Баянауыл ау­данының үш елді мекенін қайта атау бойынша жұмыстар жүр­гі­зілу­де. Нақтырақ тоқталар бол­сам, алдағы өтетін облыстық мәс­лихаттың кезекті сессиясында Баянауыл ауданына қарасты Тең­дік ауылы «Мұса Шорман ауы­лы», Қараащы ауылы «Қаныш Сәт­баев ауылы», Жаңажол ауылы «Мәшһүр Жүсіп ауылы» деп қай­та атау мәселесі қаралуда. Осын­дай ірі тұлғаларымыздың есімін өздерінің кіндік қаны тамған ел­ді мекендерге беру ұрпақ үшін мән-мағынасы зор дүние деп білемін.
– Әдеби газеттен келген соң әде­биетті сөз етпеу сын ғой. Кітап, га­зет-журнал оқуға уақыт бола ма?
– Әрине, жұмысқа байла­ныс­ты оқуға уақыт көп бола бермейді. Де­генмен де, өзіміздің өңірлік га­зеттер «Сарыарқа самалы», «Звез­да Прииртышья», аймағымыздың әдеби өмірінен мағлұмат беретін «Ақбеттау», «Найзатас» жур­нал­дарындағы жарияланымдарды қа­рап шығамын. «Қазақ әде­бие­тін» де назардан тыс қалдырмауға тырысам. Сондай-ақ, отандық және әлемдік әдебиет классик­те­рінің шығармаларын қолым бос уақытта оқып тұрғанды жақсы кө­ремін. Халқымыз «Жақсы кі­тап – жан азығы» деген ғой.
– Ш.Айманов, К.Кенжетаев, Қ.Бекхожин, М.Әлімбаев сынды тұлғалардың ізін басқан мәдениет, әдебиет өкілдеріне, жалпы, өнерге қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
– Ертіс-Баян өңірі өнер мен әде­биеттің ұясы. Бұл ұя­дан ұшқан әр майталманның әде­биет – өнер әлемінде өзіндік қы­­ры, ізі бар. Бұл жерді ғы­лым, мәдениет және өнер қыз­меткерлерінің Отаны деуге бо­лады. Мұнда Қ.Сәтбаев, Г.По­та­нин, О.Марғұлан, С.Торайғыров, Ш.Шөкин, Ж.Шанин, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Д.Әбілев, Ш.Ай­манов, Жаяу Мұса, И.Бай­за­қов, С.Дөнентаев сынды танымал қай­раткерлер туған. Осы атақты тұл­ғалардың ізін басқан мә­де­ниет, өнер, әдебиет салаларында та­лантты, дарынды адамдар аз емес.
Аймағымызда екі әдеби және та­рихи әдеби-танымдық журнал шы­ғады. Журнал бетінде облыс ақын-жазушыларының, әде­биет­тің жас өкілдерінің шығармалары тұ­рақ­ты жарияланып тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігінде – 12 павлодарлық ав­­­­тор бар. Көптеген ақын-жазу­шы­­ларымыз халықаралық сайыс­тар­ға, жобаларға қатысып жүлде алып жүр. Жыл сайын облысы­мыз­ға танымал ақын-жазушы­лар­дың шығармалары кітап бо­лып басылып шығып, сандық үл­гілері жер-жерде бірге таралуда. Бел­гілі қаламгерлермен аудан, об­лыс деңгейінде кездесулер, поэ­зия күндері өтіп тұрады. Жас ақын-жазушылардың да шы­ғар­машылықтары турасында түрлі бей­небаяндар түсіріліп, интернет желілері арқылы республика кө­лемінде насихатталып жатыр. Өңіріміздің әрбір әнші, ақыны мен жазушысы кез келген ірі шараларға қатысып, өнерлерін көрсетуге мүмкіндіктері бар. Шіл­де айында Бұқар жырау атын­дағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Астанада өңіріміздің әдебиет және өнер майталмандарына ар­нал­ған көрмелер ұйым­дас­ты­ры­лып, астаналықтарға жақыннан таныс­тырылды. Бұл үрдіс әлі де жал­ғаса бермек. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында мә­дениет саласында ірі жобалар іс­ке асырылып, шығармашылық кеңес ұйымдастырылып, өлке­мізде кітап басу, жас ақын-жазу­шы­ларды, суретшілерді, әнші­лер­ді қолдау жұмыстары бас­­­тал­ды. Кеңеске белгілі ақын-жазу­шы­лар, суретшілер, мәдениет, өнер қыз­меткерлері, журналистер, ға­­­лымдар кіреді.
Халық шығармашылығына да көп көңіл бөлінеді. Тұрақты түр­де концерттер, фестивальдер, кон­курстар өткізіліп тұрады. Жас та­ланттарды іріктеу мақсатымен 2018 жылы «Ертіс Star» жобасы іске қосылды. Жыл бойы облыс­тың алыс ауылдарында өнер көр­сетті. Бұл мәдениетіміздің, өне­рі­міздің дамуына үлкен үлес қо­сатын жоба. Осының жалғасы бо­лып «Өрлеу», «Өнер айдыны», «Ру­ханият ошағы» жобалары бас­талды. Жоба аясында ауылдық жер­лерде мәдени ошақтар құры­лып, күрделі жөндеуден өтеді, ауылдарда стационарлық сах­на­лар орнатылды. Кітапханалар жаң­ғыртылып, коворкинг-ор­талықтар ашылды. Қазір облыс бойынша 20-дан астам кітапхана жаңа форматта жұмыс істеп тұр.
– Қазақты оқ пен оттан аман алып қалған талай тау тұлға ба­тыр­ларымыз бар. Солардың бірі, Мағ­жан ақын жырлаған – Баян ба­тыр сіздің арғы атаңыз дейді. Осы­ған кеңірек тоқтала кетсеңіз…
– Тәтіқара жырау өзінің бір тол­­­ғауында «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын Сары менен Баянды айт Уақтағы» деген ғой. Ағалы-інілі қос батыр аты аңызға ай­налған, батырлық жырлардың кейіпкерлері әкелі-балалы Көк­ше мен Қосай ерлердің ұрпағы де­лініп келді. Бәріміз де қарға та­мырлы қазақпыз ғой. Бір ата­ның баласы болған соң, бәрі­міз­дің де ағайын-туыс екендігіміз дау­сыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Елі­міз көгеріп, көктей берсін!
– Қонақтан бұйымтай сұрай­тын халықпыз. Бұйымтайыңыз болса, айтыңыз!
– Екі бұйымтай бар. Бірі, «Қа­зақ әдебиеті» газетінің осы өңірдегі таралымына қолғабыс қылсаңыз.
– Жақсы. Міндетті түрде кө­мек­тесеміз. Мейрам Мұхам­мед­ра­хымұлына табыстаймын. Енді екін­шісін тыңдайық.
– Екіншісі, өзіңізбен күнде жо­лы­ғудың сәті түсе бермейді. Есте­лік­ке суретке түсейік!

P.S.: 
Павлодар облысында жиі болам. Табиғаты көркем, адам­дары ақжарқын. Облыс басшысы да сөзі мен ісіне мығым жан екен. Сәттілік серік болсын!

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР
Алматы – Павлодар


Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс әкімдері арасында тапаншадан оқ ату сайысы өтіп, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бірінші орын
иеленді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір