Миллионер қайыршы
24.08.2018
1831
0

Оскар УАЙЛЬД


Қолынан іс келмесе, жігітке көрікті келбет пен сымбатты түр-тұлғаның пайдасы шамалы. Өмір осы қағиданы Хуги Эрзкайнға жақсылап ұқтырды. Келбеті келісті Хуги қандай кәсіпті қолға алса да, шаруасын дөңгелете алмай-ақ қойды. Сауданың түр-түрімен айналысып көрсе де, тәжірбиелі кәсіпкерлермен бәсекелесе алмады. Марқұм әкесі оған мұраға екі-ақ нәрсе қалдырған еді: қылышы және «Шығанақ соғысының тарихы» атты кітабы. Біріншісін Хуги бөлмесіне қабырғаға іліп қойса, ал екіншісін кітап сөресіне орналастырған болатын. Әкеден мұраға басқа ештеңе қалған жоқ. Сөйтіп, Хуги кәрі апасы бір жылға беретін 200 фунтпен* ептеп күнелтіп жүрді.


Ақша табуға ебі жоқ сымбатты әрі сері жігіт Хуги Лаура Мэртон есім­ді бір аруға өлердей ғашық еді. Лаура да оны сүйетін. Екеуі Лон­дондағы жұрт қызыға да қыз­ғана қарайтын жарасымды жұп бо­латын. Бірақ қыздың Үндіс­тан­­да әскери қызметте болған қарт әкесі екеуінің үйленуі үшін Ху­гиға бір шарт қойды. «Балам, он мың фунт ақша тауып, Лау­ра­ны асырай алатыныңды дәлелде. Қы­зымды саған содан кейін ғана бе­р­емін», – деген еді қарт офи­цер.
Хуги бір күні таңертең Алан Трэ­вор атты суретші досының үйі­не барды. Хуги Аланды сурет өне­рінің майталман шебері бол­ғаны үшін сыйласа, ал суретші Ху­гиді екіжүзділік пен жасан­ды­лық­тан ада, ақкөңіл болмысы үшін құрметтейтін. Екі дос бір-бі­рімен туған бауырлардай жақын бо­лып кеткен-ді. Хуги суретшінің үйі­не кіріп келгенде, ол жұмыс үс­тінде еді. Қайыршының бей­не­сін салып жатқан Алан суретін тәмамдауға таяп қалған-ды. Бөлменің бұрышында тұрған кәрі қайыршының әжімді жүзі Хугиға шаршаңқы әрі солғын көрінді. Бір иығына қырық жамау шек­пе­ні ілінген, аяқ киімі жыртық, үсті-басы алба-жұлба бақытсыз міс­кінді Хуги аяп кетті. Мүсәпір ті­ленші бір қолымен таяғына сүйе­ніп, екінші қолымен жұрт ақ­ша салсын деп тозығы жеткен қал­пағын ұстап тұр екен.
– Сурет салуға тамаша кейіп­кер тауыпсың! – деді Хуги досы­мен қол берісіп амандасып жа­тып, таңданысын жасыра алмай.
– Тамаша кейіпкер?! – деп бар даусымен ышқына айқайлап жі­берді Алан Трэвор, – Мен де со­лай ойлаймын. Мұндай қайыр­шыны күнде кездестіре бермей­сің. Бүгін жолым болды! Шіркін, бұ­дан Рэмброндт қандай туынды жа­сар еді!
– Байғұс қария! Тұрпаты нет­кен аянышты?.. Алайда тілен­ші­нің аянышты түрі оның табысы емес пе? – деп сұрады Хуги.
– Әлбетте, – деп жауап берді су­ретші, – сен жүзі бал-бұл жай­на­ған қайыршыға садақа берер ме едің?!
– Осылай суретін салғызған адам­ға қанша төлейсің? – деді Хуги бір ыңғайлы орынға жай­ғас­қан соң.
– Сағатына бір шиллинг.**
– Ал суретің үшін өзің қанша табасың?
– О-о, мұндай сурет үшін 2000 фунт аламын.
– Табысың жақсы екен. Ме­нің­ше, кейіпкеріңмен де бөлісу ке­рексің. Өйткені, ол да сен сияқ­ты ауыр жұмыс істейді ғой, – деді Хуги күліп.
– Әй, қайдам. Бір орында тұру­дың несі қиын?! Ал суретші туын­дысы ойындағыдай шығу үшін сабырын түгесіп, жүйкесін жұ­қартып бітеді. Хуги, мен негізі жұ­мысымды әлі бітірген жоқпын. Сон­дықтан ойымды бөлмей, ты­ныш отыр.
Үнсіз өткен аз ғана уақыттан соң, бөлмеге қызметші кіріп, Алан Трэворға жолығуға рама жа­саушы келіп тұрғанын айтты.
Суретші бөлмеден шығып бара жатып:
– Хуги, кетіп қалма. Мен көп бө­гелмеймін, – деді.
Алан шығып кеткен соң, қайыр­­шы сәл де болса отырып де­малуға мүмкіндік алды. Оның тым аянышты түрі Хугиды қанша ақшасы бар екенін білу үшін, әмия­нын қарауға мәжбүр етті. Бір фунт, бірнеше пенниі ғана бар екен. «Егер мұны берсем, ал­да­ғы 1-2 апта ақшасыз жүремін. Бі­рақ ақшаға менен гөрі ол әлде­қай­да мұқтаж сияқты» деп ой­ла­ған Хуги тиын-тебенін тіленшінің қалпағына салды. Қария орны­нан ыршып түсті. Сәл ғана күлім­сі­реп: «Рахмет сізге, мырза! Үл­кен рахмет» – деді. Осы уақытта бөл­меге Алан кіріп келді де, іс­те­ген ісінен ыңғайсызданып қалған Хуги досымен қош айтысып, шы­ғып кет­ті.
Соңғы ақшасын қайыр­шы­ның қалпағына тастап, қоғамдық көлікке төлейтін тиын-тебені бол­май, үйіне жаяу қайтқан Хуги сол күнді Лаурамен бірге өткізді. Бол­ған жайды естіген Лаура бұл­қан-талқан боп ашуланды.
Кешқұрым Хуги суретші до­сы­мен тағы жолықты.
– Суретің ойдағыдай шықты ма? – деп сұрады Хуги.
– Иә, ойдағыдай шықты, ра­ма­ға да салып қойдым. Айтпақ­шы, әлгі қария сен туралы жақсы ойда қалыпты. Менен сен жайлы мәлімет сұрады. Мен оған сенің кім екеніңді, қайда тұратыныңды, қандай армандарың бар екенін түгел айтып бердім.
– Алан-ау, шын айтып тұрсың ба? Байғұс қария енді менің жо­лым­ды тосатын болды ғой. Оған мен қандай жақсылық істей ала­мын? Үйде көнетоз киімдерім бар еді. Соларды берсем, алар ма екен?
– Маған өзінің алба-жұлба киім­дерін киген кездегі бейнесі ұнай­ды. Егер киімі бүтін болса, мен оның суретін ешқашан сал­мас едім. Әйтсе де, сенің ұсы­ны­сыңды оған жеткізейін.
– Алан, – деді Хуги салмақты үнмен, – сені мұнша мейірімсіз деп ойламап едім.
– Суретшінің жұмысы – көр­ге­нін бейнелеу. Көргенінің көсе­гесін көгерту оның міндеті емес. Сен одан да маған Лаураның жағ­дайын айт. Әлгі қария Лаура жө­нінде де білгісі келетіндігін бай­қатты.
– Оған Лаура жөнінде де айт­тың ба?!
– Иә, Лаура жөнінде де, қатал әкесінің шарты туралы да, он мың фунт жайлы да айттым.
– Сен кәрі қайыршыға менің же­ке өмірім туралы бүкіл мәлі­мет­ті айтқаның не?! – деп айқай­лап жіберді Хуги.
– Қайран, досым-ау, – деді Алан Трэвор жымиып, – сен кәрі қайыр­шы деп тұрған адам шын­ды­ғында Еуропадағы ең бай адам­­­дардың бірі. Ол бүкіл Лон­дон­ды сатып алса да, банктегі ақ­шасы таусылмас еді. Әлемдегі бар­лық астаналарда үйі бар, ал­тын ыдыспен тамақ ішетін адам ғой ол.
– Сен не айтып кеттің?! – деді Хуги түкке түсінбей.
– Рас айтамын. Бүгін менің үйім­нен көрген қарияң Барон Хауз­берг болатын. Екеуміз жақсы доспыз. Ол үнемі менің суретте­рім­ді сатып алып жүреді. Бір ай бұ­рын «менің қайыршы бейне­сін­дегі суретімді салып бер» деп өтініш жасады. Мен келістім. Қайыршының киімінде ол әдет­тегіден ерекше көрінді маған.
– Барон Хаузберг! О, Құ­дайым-ау! Мен оған бүгін садақа бер­дім ғой! – деді Хуги қатты таң­данып.
– Садақа бердім дейді! – Алан ішек-сілесі қата күлді.
– Оның кім екенін маған бір­ден айтқаныңда, мен мұндай ақы­мақтық жасамас едім, – деді Хуги ренішін жасыра алмай.
– Сендей кербез де сері жігітті қайыршыларға садақа береді деп ойламап едім. Оның үстіне, Хауз­берг мырза қайыршы кейпінде болғандықтан, есімі аталған­ды­ғын қаламас деп ойладым, – деді Алан.
– Мені ақымақ деп ойлап қал­­­ған шығар? – деді Хуги күйі­ніп.
– Жоқ, олай емес. Ол саған ри­за болып қалды. Әрі ұзақ уақыт өз-өзіне күлумен болды. Сен ту­ралы сонша сұрауының мәнісін ен­ді ұқтым. Сен берген ақшаны ол келесі жолыққанға дейін сақ­тап қоймақшы. Сонымен қатар, бұл жайды басынан кешкен қы­зықты бір оқиға ретінде әрдайым айтып жүрмек.
– Мен жолы болмайтын бір сор­лымын. Қолымнан келетіні – төсекке жатып ұйықтау ғана. Се­нен сұрайтыным, Алан, бұл жағ­дайды ешкімге айта көрме. Әйт­песе, ұяттан жұрт көзіне кө­ріне алмаспын.
– Жоға, бұл сенің жаныңның жайсаңдығы мен жомарттығыңды көр­сетеді.
Осындай әңгімеден соң көңіл­сіз Хуги үйіне қайтты.
Келесі күні таңертең таңғы асын ішіп отырған Хугидің үйіне Густав Наудин есімді адам келді. Оны Барон Хаузберг жіберіпті. «Ке­шегі қылығым үшін кешірім сұ­рауымды талап ететін шығар» деп ойлады Хуги. Алтын көзіл­ді­рік­ті, шашы бурыл тартқан мыр­за:
– Маған Эрзкайн мырзамен сөй­лесу мәртебесі бұйырар ма екен? – деп сұрады.
Хуги іздеген адамы алдында тұрғанын айтты.
– Мені Барон Хаузберг жі­бер­ді, – дей беріп еді, Хуги қона­ғы­ның сөзін бөліп:
– Кешегі ісіме қатты қынжы­ла­­­тынымды Хаузберг мырзаға ай­та барыңыз, – деді жұлып ал­ғандай.
– Хаузберг мырза мына хатты сіз­ге әкеліп беруімді тапсырды, – деді Густав Наудин күлімсіреп.
Хаттың сыртында былай деп жа­зылыпты: «Хуги Эрзкайн мен Лау­ра Мэртонның үйлену тойына кә­рі қайыршыдан сыйлық». Ал ішін­де он мың фунтқа чек бар еді…

*Британия ақшасы
**ескі Британия ақшасы, бір фунт­та 20 шиллинг бар

Ағылшын тілінен тәржімалаған
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір