Қара өліммен» күрескен қазақ қызы
24.08.2018
1570
0

Күлжахан ӘМІРБЕКОВА,
обаға қарсы күрескен
алғашқы қазақ қызы:


Күлжахан Әмірбекова – Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесін 35 жыл басқарған алғашқы қазақ қызы. «Қара өлім» деп те аталатын аса қауіпті індетпен ұзақ уақыт аянбай күресу денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймапты. Әйтсе де, күні кеше ғана сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның санасы ояу, сезімі сергек. Мерзімді басылымдарды үзбей оқиды. Абайдың барлық өлеңін жатқа біледі.


– Күлжахан апа, өзіңіз бірталай жыл басқарған Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесі қай кезде құрылды?
–1948 жылы Балқаш ауданы Көкөзек аулының халқы шетінен қырыла бастайды. Неден өліп жат­қандарын ешкім білмейді. Содан Мәскеуден мамандар келіп тексе­ріп, осында сексеуілдің ара­сын­да жү­ретін құм тышқан­да­рының оба­мен ауыратынын, яғни бұл жер – обаның табиғи ошағы екенін анықтайды. Шұғыл шаралар қолға алынады. Алайда обаны тоқтатпақ болып келген дәрігерлердің бәрі ауру жұқтырып, қайтыс болады. Сол уақытта КСРО-ны басқарып тұрған И.В.Сталин: «Халқы аз, құм­ды, шағын жер екен. Тікұшақ­пен төбесінен ұшып өтіп, жанар­май шашып, өртеп жіберу керек. Әйтпесе оба жан-жаққа тарап ке­теді», – дейді. Сонда Николай Ни­колаевич Жуков-Вережников дейтін мәскеулік микробиолог-иммунолог ғалым азаматтық һәм батылдық танытып, Сталиннен өзін сонда жіберуін сұрайды. Өрт­тей өршіп тұрған обаны тоқтатқан – міне, осы кісі. Өкініштісі, ерлік­пен пара-пар бұл ісі жайлы өте аз жазылады. Өзім кейін Бақанас өл­кетану мұражайына суретін қойдырттым.
Әлгінде айтқан жағдайдан кейін, 1950 жылы 1 қаңтарда Бақа­нас обаға қарсы күрес бөлімшесі ашылады.
– Оба індетіне қарсы күрескен алғашқы қазақ қызы екеніңізді көп­тің бірі білсе, бірі білмейді. Осынау қиын да қауіпті еңбек жолыңыз қа­лай басталған еді?
–Мен 1938 жылы Қытай же­рін­де дүниеге келдім. Атам Кәрі­бай зұлмат жылдары қуғын-сүр­гін­ге ұшырағасын әкем 1932 жылы бауырларымен Қытайға өтіп кет­кен. 1943 жылы соғыс жүріп жат­қан­да елге оралады. Алайда бас­шы­лар кезінде Қытайға өтіп кет­кені үшін туған өлкесі На­рын­қолда қалдырмай, Еңбекшіқазақ ауданына жер аударады. Әкем 1946 жылы, анам 1951 жылы қайтыс бол­ды. Жетім қалған маған анам­ның құрбысы, Күләйім дейтін көрші апа қамқор болды. Балалық шағым Еңбекшіқазақ ауданының Қайрат деген ауылында өтті. Осын­дағы төртжылдық мектепте, әрі қарай Ақшидегі жетіжылдық мектеп-интернатта оқыдым. Со­сын Қаракемердегі онжылдық мек­теп-интернатты «өте жақсы» бағамен аяқтап, 1958 жылы Алма­ты­дағы Қазақ Мемлекеттік ме­ди­циналық институтының сани­тар­лық-гигиеналық факультетіне оқуға түстім. 1964 жылы оқу орнын бітіріп, сол жылдың тамыз айында Қазақ КСР Денсаулық сақтау ми­нис­трлігінің жолдамасымен Мәс­кеуден басқарылатын Бақанас обаға қарсы күрес бөлімшесіне жіберілдім. Дәрігер-бактериолог болу үшін алты ай маманданудан өту керек екен. 1964 жылдың 1 қыр­күйегінен 1965 жылдың нау­ры­зына дейін Алматыдағы Ор­та­азиялық ғылыми зерттеу Обаға қар­сы күрес институтында қосым­ша білім алдым. Бақанасқа орал­ғасын басшылық мені Талды­қор­ған облысы Ақсу ауданындағы «Люкқұм» эпидотрядының басты­ғы қызметімен екі жарым айға қырға іссапарға жіберді. Келсем, басшылық мені 1965 жылдың 12 маусымынан бөлімшенің бастығы етіп тағайындап қойыпты. Менен бұрын, менің кезімде болған бастықтар да, дәрігерлер де тек орыс ұлтынан және ер-азаматтар еді. Өйткені бөлімшеміз жартылай әскери тәртіппен жұмыс істейтін. Мен келгесін бұрынғы бөлімше бастығы Н.Куница мен бакзерт­хана меңгерушісі Г.Куница басқа жаққа ауысып кетіп қалды. Бақа­нас сияқты жол да, су да, жарық та, газ да, телефон да жоқ жерге қандай дәрігер тұрақтасын? Мұнда штат бойынша 60 адам жұмыс істейді екен. Оның 4-еуі – дәрігер, 4-еуі – зоолог. Сол 60 адамның үшеуі ғана қазақ. Қалғандары – неміс және орыс ұлтының өкіл­дері. Мен төртінші қазақ және оба дертімен күрескен алғашқы қазақ қызы болдым. Бөлімше бастығы ғана емес, бакзертхана меңгерушісі де, дәрігер-бактериолог та болып жұмыс істеуіме тура келді. Себебі жаңадан қабылданған екі дәрігер Иркутскіге мамандануға жіберілді. Сонымен бөлімшені 35 жыл бас­қа­рып, 1998 жылы зейнетке шық­тым.
– Әлі де аяғынан қаз тұра қой­маған бөлімшенің жұмысын бір ізге салу, басқару жас қыз үшін қиынға соқпады ма?
– Ол кезде ауылдың тұрғын үй­лері де, зертхана да, өзге ғи­ма­рат­тар да ескі болатын. Жол жоқ болғасын құрылыс материалдарын жеткізудің өзі қиын. Сол себепті ғимараттардың барлығы ескі ағаш­­тар мен саман кірпіштен салын­ған. Зертхананың төбесінен ұдайы су тамшылап тұрады. Бак­териялық бокс өте шағын бөлмеде (3х3) орналасқан. Онда 37 градуста қызып тұрған төрт термостатпен жұмыс істейміз. Әрқайсының астында екі-екіден керосин шам үздіксіз жанып тұрады. Аядай ғана бокста 8 керосин шамның көк түтініне обаның микробын өлтіре­тін лизол дейтін дезинфекциялық құралдың иісі қосылып, адам төзгісіз жағдай қалыптасатын. Амал жоқ, сол бөлмеде 7-8 сағат жұмыс істеуге тура келетін. Өйт­кені басқа дәрігер-бактериолог жоқ. Тексеретін материал өте көп. Оның үстіне, сол материалдардан кү­ніне обаның 10-15 микробы табылатын. Әрі қарайғы шаруа тіп­тен көп. Күндіз терезеден түсе­тін жарықпен бәріне үлгеруге тырысатынбыз. Оның үстіне, су да, электр жарығы да, газ да жоқ болғандықтан барлық жұмыс қол­мен істеледі (сексеуіл тасу, көмір түсіру, от жағу т.б.). Ауылда кешкі сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін дви­жок­пен жарық беретін. Соны пай­даланып, кешке әкімшілік жұмыс­тармен айналысатынбыз. Ты­­ным­сыз да қажырлы еңбектің ар­қа­сында бөлімшеміздің мате­риал­­дық жағдайын да, қызмет­кер­лердің тұрмыс жағдайын да бірте-бірте жақсартып алдық. Сосын білім деңгейі жоғары, білікті мамандар шоғырланған біздің бөлімше өзі деңгейлес бөлімшелер ара­сында «үлгі» деп ерекше ата­латын.
– Өзіңіз басқарған 35 жылдың ішін­де обаға шалдыққандар болды ма?
– 1948-1949 жылдары Балқаш ауданындағы талайдың өмірін жалмаған оба қырғынынан кейін 1989 жылы осы індетке тағы бір адам шалдықты. Бұл жердегі оба ошағы өте қауіпті, ауру тез тарала­ты­нына қарамастан жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап-ақ келген едік. Әр жылдың 5 мамырынан бастап қырда 12 зоотоп құрылып, онда 120-ға жуық адам жұмыс істейтін. Топ мүшелері Балқаш, Күрті аудандарының ай­мағын түгел тексеретін. Жұмыс қолы жетіспейтіндіктен Талды­қор­ған, Текелі қалаларынан, Бақанас аулынан жұмыссыз жүр­ген адамдарды жұмысқа алатын­быз. Сондай тышқан аулаушылар­дың бірі – Текелі қаласынан келген 53 жастағы Сорокин деген кісі 31 мамыр күні түстен кейін өкпе обасына шалдығу қаупімен өзіміздің «МИ-2» тікұшағымен Бақанасқа жеткізілді. Әуежайдан жеке көлігімізбен бөлімшеге әкелді. Оба диагнозы клиникалық белгілеріне қарамастан бак­те­рио­ло­гиялық анализден оба микробы табылғаннан кейін ғана қойылады. Диагноз 1 маусым күні түнгі сағат 3-те қойылды. Оның үстіне, Со­рокин бұрын туберкулезбен ауырыпты, өкпесі өте әлсіз. Дереу жеке бокста өкпе обасынан ем­деу­ге кірістік. Ал оның маңында болған 23 адамның бәрі изоляторға жатқызылып, профилактикалық ем қабылдауға кірісті. Олар – науқаспен бірге жұмыс істегендер, оны тікұшақпен Бақанасқа жет­кіз­ген ұшқыштар, әуежайдан бө­лімшеге әкелген көлік жүргізушісі, қақ­паны ашып, ішке кіргізген күзетші, емдеуші дәрігерлер, көлік аулаға кіргенде сол жерде болған, жүргізушімен сөйлескен, Талды­қор­ғаннан келген басшылар. Таң­ер­тең сағат 7-де облысқа, ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарладық. Сөйтіп, ауданда төтенше жағдай жарияланып, індетке қарсы комиссия құрылды. Мен өкпе обасы ауруы ошағының бастығы болып тағайындалдым. Аудан көлемінде мұнда адамдар­дың белгілі мақсатсыз кіріп-шы­ғуына шектеу қойылды. Бұл іс милиция бөліміне жүктелді. Тиісті қызметкерлердің өз жұмысына, берілген тапсырмаларға ерекше жауапкершілікпен қарап, оларды мүлтіксіз орындауларының арқа­сында обаны ауыздықтадық. Сорокиннің құлан таза айығуы өте сирек кездесетін жағдай болды. Ол кезде өкпе обасына шалдыққан адам тірі қалмайтын. Оның үстіне, науқаспен бетпе-бет жолығып, араласқан 23 адамның бірде-біреуі ауырмай аман қалды. Сорокин әбден жазылып, оба микробынан толық тазарғасын бір айға со­зыл­ған карантин аяқталды. Сосын Сорокинді аудандық ауруханаға жатқызып, он күндей ағзасын қуаттандыратын ем-дом жасап, үйіне қайтардық. Бұл біз үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен жеңіс­пен тең болды.
– Кейін Сорокинді көре ал­ды­ңыз ба?
– Өзім көрген жоқпын, бірақ кейін 2-3 рет бөлімшеге келіп, ме­нің фамилиямды атап, қайта-қай­та алғысын айтып кетіпті. «Сап-сау», – дейді сонда көргендер.
– Аса қатерлі індетпен сан жыл­дар талмай күресу денсаулығыңызға әсер етпей қоймады ма?
– Мен 37 жасымда инсульт алғанмын. Сосын қан қысымым жиі көтеріледі. Отыз бес жыл әлгін­де айтып өткен лизол дейтін өте күшті, иісімен дем алғанда зиянды заттары сыртқа шықпай, ағзада жинала беретін дезинфек­циялық құралмен жұмыс істедім. Соның салдарынан пневмосклероз ауруына шалдықтым. Ұстамалы сәттерде ауа жетпей тұншығып қаламын. Балаларым 2-3 ай сайын ауруханаға жатқызып, емдетіп тұрады. Ал менімен бірге жұмыс істеген ер дәрігерлердің көбінің өкпесін лизол жеп қойып, ерте қайтыс болды.
– Осындай жанкешті еңбегіңіз, нәтижелі еңбегіңіз жоғарғы бас­шы­лық тарапынан қалай бағаланды?
– Сорокинді емдеп жазғаннан кейін, сол жылдың күзінде Мәс­кеу­ден комиссия келіп, мені Со­циа­­листік Еңбек Ері атағына ұсы­натын боп кеткен. Өйткені өкпе обасына шалдыққан науқас­ты КСРО бойынша емдеп жазған біз ғана болатынбыз. 1990 жылы қайта құру басталған соң, Мәс­кеу­мен арамыз үзіліп қалды. Бөлім­шеміз Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына көшті. Содан бәрі аяқсыз қалды. Өз әкімшілігіміз мені Қазақс­тан­ның еңбек сіңірген қызметкері атағына екі рет ұсынған, екеуінде де бермеді. Ондай атақ алу үшін өндіріс нәтижесі керек екен. Мен жоғары нәтижемен мақтана­тын­дай диқан не фабрика-зауыт жұмысшысы емеспін. Бізде адам­дардың еңбегін осылай санмен бағалайтыны өкінішті. Алайда ешкімге өкпем жоқ, өзге атақ­та­рым жетерлік. Мен – өмірде де, еңбекте де бағы жанған адаммын.

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір