Түнге аттанып барамын жарық күннен…
28.08.2015
1934
0

122424_342669854_DSC_0012-256x300Ерғали БАҚАШ

Адасу

Түннің жарық іздедім келбетінен,

Сынай қарап, досым-ау, кер кетіп ең.

Жанға серік болатын асылымды,

Таба алам ба, білмеймін, жер бетінен.

Жүргенім бе?

Адасып ел ішінде.

Бір алапат тасқын бар өз ішімде,

Бұл өмірге келу мен кету деген,

Шынымды айтсам, сол ұлы сөз үшін бе?..

Ай жарықта жолымды шатастырып,

Мені түнмен жіберді матастырып.

Көре алмайтын біреулер сөз қылыпты,

Жалғандық пен шындықты атастырып.

Түннің шуақ көрген соң ажарынан,

Енді өшпеуге бекіндім назарынан.

Сап түзеген жұлдыздар бірте-бірте,

Ағып жатыр бұйырған ажалынан.

Қос көкжал

Қараша, монтансыма, білем бәрін,

Төргі үйге жайғасыпты кілең дарын.

Ана бір қабақ қарын қозғалмайды,

Жайылған астындағы кілем қалың.

Аз сөйлеп, қол созады кесесіне,

Хатшысы жалпақтайды есесіне.

«Ауылға аң атуға келіп едік,

Кім серік болады екен, көкесіне».

Сөз соңын күтпей бәрі дабырласты,

Бұлардың жыны бәлкім тамырлас-ты.

Бір шалды атқосшы ғып ертіп алды,

Аң-дағы жөншілікке табылмас-ты.

Тек қана қасқыр ату мақсатымен,

Сайланып шыққан екен жақсы атымен.

Қос көкжал оққа ұшты бір мезетте,

Жұмысы жоқ олардың басқасымен…

Жүрегім сұм ойлардан тоқтайтындай,

Заманның өкпек желі соқпайтындай.

Қос көкжал қос көкеме ұқсап кетті,

Күңіреніп мына дала жоқтайтындай.

 2012 жыл

Биыл қыс салмақты еді бастабында,

Өзгеріп шыға келді қас-қағымда.

Көп сырым жасырынып жатыр менің,

Желтоқсан деген айдың ақ қарында…

Көзінде өткен күннің табы қалып,

Бір мүсін тапты халық табынарлық…

Ақ қардан адам жасап ойнайтұғын,

Кешегі бала кезім сағынарлық.

Қайтемін, жоқты бар ғып құрастырып,

Жоғымды табам түбі сұрастырып.

Айналып ескі жылым бір соғады,

Сыйдырмай жіберсек те қыр астырып.

Басады ақты қара күшіменен,

Жеңіс тек бағаланбас түсіменен…

Шаттанып әппақ болып дала жатыр,

Бостандық деген алып құсыменен.

Қоштасу қауышудан қиынырақ,

Тағдырдың керемет қой сыйы бірақ.

Жаңа жыл келсең-дағы жаңалықпен,

Өткен жыл мұңайтасың жиі бірақ….

Түн. Үміт

Қара түн, қара ат мінген жолаушыдай,

Қамалып қалмаса екен жол ашылмай.

Жұлдыздар зеңгір көктен мөлт-мөлт етіп,

Қарайды қара жерге моласындай.

Аспанда той боп жатыр шамасында,

Ол тойдың біз де бармыз арасында.

Өзеуреп сөз бермейді, жазған бала,

Ұғым жоқ ұят деген санасында.

Жұлдыздар құлап жатыр кезегімен,

Білмеймін бұған қайтып төземін мен.

Осы түн аман болсақ ағайындар,

Шын өмір ары қарай сеземін мен.

Соңғы сөз

Санамда сақ-сақ күліп бақталасым,

Дейтіндей маған отқа қақталасың.

Бал ашып тағдырыма не қылайын,

Айырар өмір өзі ақ-қарасын.

  

Арбасса періштеңіз ібіліспен,

Өтеді күндер босқа ілініспен.

Тірлікте одан қашып құтылмайсыз,

Менің де өтті күнім түңіліспен.

Дегенмен, айласы бар құтылатын…

Сенімі жоқтар оған жұтылатын.

Парызды орындау шарт пенделерге,

Періште жанды көкке ұшыратын.

Машаллаһ, қабыл алғын тілегімді,

Жап-жарық нұрға бөлеп түнегімді.

Арманым соңғы сөзді айтып өлу,

Суырып әкетерде жүрегімді.

Түн менің жұбанышым

Түн мені түрткілейді,

Тұншығып қалатындай.

Ақ бұлттар күркірейді,

Тағы да жауатындай.

Тарс жұмып, көзімді ашсам,

Түнектен ораламын.

Тас түйін сөзімді айтсам,

Кебінге оранамын.

Несіне қымсынамын,

Түн менің жұбанышым.

Қол созып ұмсынамын,

Қылпылдап тұрады ішім.

Көрінбес көзге тұнық,

Бар онда ғажайып бір.

Құнықсаң түнге құнық,

Ықылас азайып тұр.

Түн деген қара кісі,

Қара атын қамшылайды.

Ақша бұлт жыламсырап,

Көз жасы тамшылайды.

Тазару

Түнге аттанып барамын жарық күннен,

Жоғымды іздеп табамын ғаріп түннен.

Өтірік пен өсектің ауылынан,

Шынымды айтсам, көрместей жалықтым мен.

Бір сапарға аттандым, азабы көп.

Қалмайын деп енді елдің мазағы боп…

Түсінуім мүмкін ғой, мына өмірді,

Көшпендінің ең соңғы қазағы боп.

Адал жолдас кезігер жолда маған,

Өкпе-назын Тәңірге жолдамаған…

Мына дүние быт-шыт боп кетер еді,

Жан болмаса шындықты қолдамаған.

Көңіл-көктем, күз-жеңге, жаз-аруды,

Ақпан-көкем қоймады сазаруды.

Дүниенің шолғанша төрт бұрышын,

Ойламаймыз біз неге тазаруды?

Түн осылай…

Тымық түнге сіңіп кетсем, буланып,

Өз мұңыма өзім ғана уланып.

Рахаттанып жатар едім шынымен,

Бірақ мені кетті дерсің… қуланып.

Ішімде өлген армандарым түске еніп,

Ту сыртымнан айбат шекті тістеніп.

Ат шалдырып, түнге бұрдым бетімді,

Кеше ғана кетсем-дағы түстеніп.

Түн осылай тартып кетті тереңге,

Жырымды оқып, қол соқтырдым кереңге!

Жұлдыздардың көптігінен не пайда,

Түспеген соң шұғыласы төменге.

Құшағына ап, қара түнді аймалап,

Ай барады көк жүзінен тайғанап.

Жұлдыз біткен жиналыпты бір жерге,

Ақ бұлттарды жібермек боп майдалап.

Түнге сыйлап, ойын, шаттық күлкіні,

Бұл жалғаннан ғайып болам бір күні.

Сонда менің буға айналып өр рухым,

Жер астынан білінеді бүлкілі.

***

Иек сүйеп мына түнге дұғалы,

Жүрегімнің елең етіп құлағы.

Көктен түскен бір періште жер бетін,

Аралап жүр, қайда оның тұрағы…

Кім біледі?..

Әй, білеміз тұрағын,

Қояр мүмкін бізге қиын сұрағын.

Алдар көсе секілденген біреулер,

Алдап кетер, керең қылып құлағын.

Бәрі мүмкін алданған жұрт қуласар,

Азар болса, бір-екі күн шуласар.

Ақылдылар ақылды боп тумаған,

Бұл сөзімді естігендер туласар.

Мейлі өздері біледі ғой қалғанын,

Мойындадық бұл өмірдің жалғанын.

Ұмытуға болмайды еш бірақ та,

Көрші ағайдың «өмір» деп ән салғанын.

Есік қағып келді біреу азанмен,

Кім мұңайса соның мұңын жазам мен.

Періште екен, әдейі іздеп келіпті,

Мешіттегі айқайлаған саз әнмен.

sunset-298850_640

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір