«ЖАСТҰЛПАРЛЫҚТАРДЫҢ» ҚАНАТЫ ТАЛМАСЫН!
24.08.2018
1304
0

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ


(«Жас тұлпар» қосымшасына арнау сөз)

Алпысыншы жылдардың аласапыранында советтік идеологияның озбырлығына қарсы Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев, Қорлан Рахымбекова, Клара Ашықбаева, Мақаш Тәтімов, Жәмилә Аухадиева, Сара Тыныштығұлова, Роза Жаппарова, Амангелді Сембин, Серік Байкенов, Жеңіс Өмірбеков, Қалқаман Тілеуханов, т.б. қазақтың өршіл рухты, алдыңғы қатарлы ұл-қыздары жұдырықтай жұмылды. «Қызыл империяның» астанасы – Мәскеудің қақ төрінде орын теуіп, аз уақыт ішінде Одақтың түкпір-түкпіріне тараған «Жас тұлпар» жасырын ұйымын құрды. Оның белортасында мен де жүрдім. Ұйым мүшесі, композитор Нұрғиса Тілендиев «Жас тұлпар» әнін жазды, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов сынды қаламгерлер де қалыс қалған жоқ. Сөйтіп, мүшелікке қабылданғандардың бас-аяғы 1438-ге жетті. Бұл – Отанға, ұлтқа, елге, жерге, тілге, дінге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа араша болғысы келген жастардың үні еді. Біз тарихымызды танып, тегімізді насихаттағымыз келді. Ұйым 1963 жылдың қараша айында құрылып, 1964-1965 жылдары қарқынды жұмыс істеді. Биыл «Жас тұлпарға» 55 жыл!

Басты міндет – жастарды ояту, та­рихты түгендеу, жастарға, әсіресе, ауыл жастарына қамқор болу, Мәс­кеудегі (кейін өзге қалалар да қо­сыл­ды) жастардың оқуына кө­мек­тесу, Қазақстандағы төл тіліміздің ролін күшейту, жұртымыздан тыс жер­дегі қандастардың (КСРО ау­ма­ғындағы) қам-қарекетімен танысу, оларға Қазақстан жөнінде мейлінше көп мағлұмат (мәдениет, әдебиет, эко­номика, саясат, т.б.) беріп отыру бо­латын. Біз түбі бодандықтың бор­дай тозып, қауіп-қатердің қара бұл­ты сейіліп, бостандықтың таңы аға­рып ататынына қатты сендік. Со­вет өкіметі бәрімізді тамырсыз ағаш­тай тарихымыздан ажырат­қы­сы келді. Сол кезде қазақ мектептері жа­былып, Семей полигонында яд­ро­лық жарылыстар басталып, Қазақстанның бес бірдей облысын қам­тыған тың өлкесі құрылған-ды. Алай­да, Алаштың озық ойлы оғлан­дары мұндай қиянатқа төзе алмады. «Жастұлпарлықтардың» 3 түстен құрал­ған (қара, қызыл, көк) туына тұл­­пардың суреті таңбаланды. Әуел­­гіде, әдеби, мәдени үйірме есе­бін­де жұмысын бастаған бұл ұйым­ның дабысы Қазақстанға да жетті. Жиындарда өлең оқып, тарих жай­лы толғанып, ұлт мәселесі тура­сын­дағы ойымызды ортаға салатынбыз. Елі­міздің әр өңірінде бұл ұйымның бө­лімшелері ашыла бастады. Мә­се­лен, Қарағандыда «Жас қазақ», Қос­танайда «Жас түлек», Гурьевте «Ұш­қын», Целиноградта «Тың тұл­пар», «Оян, қазақ», Семейде «Тай­шұ­бар», Павлодарда «Жас ұлан», Ал­матыда «Сарыарқа», Шымкентте «Адыр қасқырлары» дегендей. Бел­сенділер үй-үйді, ауыл-ауылды ара­лап, көкірегі хат қариялармен тіл­десіп, құнды мәліметтер жинады. Ал­дымызда үлкен қауіп күтіп тұр­ғанын терең түйсінсек те, жастық жа­лын мен ұлтым деп соққан жүрек бар­лығымызды алға жетеледі. Бұл күн­­де сол «Жас тұлпардың» мүше­ле­рі ел ағаларына айналды.
Қазақ үшін аспандағы күндей бол­ған алаштықтардан соң ұзақ жыл­ға созылған үнсіздік пен ша­ра­сыздық түндігін «жастұлпарлықтар» түрді. Өліара шақта алғашқы болып солар атқа қонып, атой салды. Асы­лын­да, әлемді қару да, билік те емес, шындықты көксеген көкөрім жас­тардың ерік-жігері өзгерте ала­ды. Қазақтың, қазақтың ғана емес, астамшылықтың кесірінен Совет өкі­меті талайдың мойнына ноқта сал­ған тұста, «Жас тұлпар» жалпақ жұрт­қа үміт отын жақты. Жылдар бойы қапаста қалып қарлыққан қа­зақ үні зиялы өрен көкірегінде жаң­ғыра шығып, жаһанға жайылды. Ен­ді, міне, дәл осы атпен «Қазақ әде­биеті» газеті жастар шығар­ма­шылығына арналған қосымша ашып­ты. Ахаң – Ахмет Байтұр­сын­ұлы ғасыр бұрын: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деген-ді. Осы сөз әуелгі миссиясынан әсте алыс­таған жоқ. Қағазға түскен хат­тың тарих сөресіне жайғасары анық. Өйткені, идеология мен кү­рес құралы – газет. Бұрын ел ұғы­мын­дағы белгілер тасқа бәдізделсе, га­зетте қасиетті сөздер сақталған. Сөз – киелі ұғым. Ал, әдебиет – ұлт­тың болмыс-бітімін, таным-тү­сі­нігін, табиғатын ұрпақтан-ұрпақ­қа аманаттар құндылық. Кезінде ха­лықты біріктіруге күш салып, оның көкірегіне ізгілік пен ұлт­шыл­дық ұрығын себуге сеп болған «Жас тұлпардың» жолы кейінгілерге бұйырсын деп тілейік! Жастарда жа­лын, күш-қуат, тың ой, жасам­паз­дық, жаңашылдық пен сергектік бар. Ең ұлы істердің көбі жас кезде іс­телетіні тегін емес. Өткен мен бү­гіннің арасын жалғайтын алтын кө­пір – мәдениет, ғылым, өнер, оның ішінде сөз өнері! «Қазақ әде­биеті» секілді әруақты басылымның игі бастамасы құтты болғай! Ұлтты ұш­паққа шығарып, жер-жаһанға қазақтың әдебиетін, мәдениетін, өнерін танытудың ұзақ та абыройлы сапарында «жастұлпарлықтардың» қанаты талмасын!
Менің «Арғымақ» деген өлеңім Қадыр Мырза-әлидің аударуында әйгілі болғанын білесіздер. Бұл өлең­ді кейін Әбіш Кекілбаев та, Ұлық­бек Есдәулет те тәржімалады. «Жастұлпарлық» өрендердің рухын бір сілікіндірер деген оймен сол «Ар­ғымаққа» қайыра «ер салу­ды» құп көрдім.

Арғымақ

Қыпшақтардың ой-хой,
құба жондары-ай,
Жер тарпыған
тұлпарын айт, тұлпарын!
Шар айнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға
Сүртіп мүйіз ұлтанын.
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім
Шапшып-ақ тұр,
Оны қалай басамын.
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып
көк жалынға
Нөкер болып артымда ақ
шаң топтансын.
Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,
Шабайықшы шаң қондырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл
тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш
ұрып бетіне.

(Әбіш Кекілбайұлының аудармасы)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір